Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Бас баған > Тінібай қажы

Тінібай қажы

Тiнiбай Кәукенов, ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында Қазақстанда товар-ақша қатынасы дамып, қанат жая бастаған кезеңде Семей өңiрiнде, қазақ арасында алғаш саудамен айналысып, 2-шi гильдi көпес атағын алған iрi саудагер, бай. Руы – уақ, Көкен болысының старшинасы. Сонымен бiрге Семей көпестері қоғамына мүшелікке қабылданып, мещанин атанған қазақ. Ол уақытта мещандардың отбасы мүшелері де түгелдей осы атаққа ие болған. Мұндай атақ патшалық Ресейде 1785 жылдан ресми түрде қолданыла бастаған. Мещандар құрамын әлеуметтік тап ретінде ұсақ буржуазия өкілдері құраған. Олар көпестер қауымдастығына мүшелік жарна, ал қала бюджетіне алым-салықтар төлеп тұрған. Сондай-ақ мүдделері заң жүзінде қорғалып, мещан екендіктерін айғақтайтын арнайы төлқұжаттар берілген. Және де бұл мещандық атақ әкеден балаға мұрагерлікке қалдырылған. 1897 жылғы Ресейдегі халық санағы бойынша мещандар саны 13386,4 мыңға жетіп, ең ықпалды әлеуметтік топ болып саналған.

Тiнiбай Семей өңiрiнен Меккеге барып қайтқан алғашқы қажылардың бiрi. Оның қажы екенi 1888 жылы жазылған Семейдегi  N7 жамиғи мешiттiң имам-хатибi Ахметуәли Мунасыповтың қолжазбасында айтылады. Бұл ескi қолжазбаға осы мақаланың соңында нақты тоқталатын боламыз.

Белгілі тарихшы-ғалым Амантай Исин «Семейдегі мұсылман тарихнамасы: Ахмет-Уәли әс-Семей-Пулати» атты зерттеу еңбегінде:

«Ахмет-Уәли – Шығыс Қазақстанның көрнекті діни қайраткері. Семей тарихын сөз еткен шығармасында, өзі қызмет атқарған жетінші мешіт тарихына қатысты Ахмет-Уәли өз өмірінің кейбір тұстарынан хабардар қылады. Әкесі Ғалидің қазасынан екі айдан соң туған туа жетімнің анасы  Айша Мұсақызы екенін атайды. Табиғи алғырлығы мен білімге құштарлығы ерте білініп, жас бала әуелі Семейдегі Төртінші мешіт имамы Ризаетдин хазрет Уәлидұлы медресесінде оқып, ислами білімін 1851 жылдан тағы он екі жыл Бұхарада жалғастырып, жетіледі.  1863 жылы Семейдегі Жетінші мешіт имамы Фазлолла Ныгметоллаұлы қайтыс болған соң, мешіт қауымы Ахмет-Уәлиді Бұхарадан имам болуға шақыртады.

Бұхаралық ұстаздарының рұқсатын алып, Ахмет-Уәли Ресей патшалығындағы Орынбар мүфтиятының орталығы Өфе (Уфа) қаласына барып, емтихан тапсырады.  Империядағы сол орталықтың хафиздері Ахмет-Уәлиден емтихан алғанда «Сіз ахундыққа лайық екенсіз» деп,  ахунд, мүдәріс, хатиб, имам дәрежелерін береді. Сөйтіп, Ахмет-Уәли 1864 жылы Семейдегі Жетінші мешітке ахунд, мүдәріс, хатиб және имам болып тағайындалады. Өмірінің соңына дейін дін саласында абыройлы қызметін атқарып, көптеген дарынды дін қайраткерлерін даярлап шығуға өзінің үлкен үлесін қосады.

Шәкірттерінен көзі тірісінде Тінібай Кәукенұлы салдырған Алтыншы мешітте (кейін Алаш – Жаңасемейдегі Екінші мешіт) қазақ Ахметжан Алтайбайұлы имам болған. «Тоқал мешіт» атанған Бірінші сарт мешітінде Ахмет-Уәлиден дәріс алған Ғинаятолла молла жарлықсыз (ресми емес) имам болған. Ахметжан қари молла Мүсілімұлы  Момынжан бай немересі «Боқаш мешіті» атанған  Екінші сарт мешітінде имам болды. Басқа бір шәкірттері де мешіттерді басқарған: Өскеменде Жүсіп Ғибадоллаұлы Танабаев, Жеменейде (Зайсанда) Уәлиолла Әнуаров имам болған. Олардың есімдері де Ахмет-Уәли шығармасында аталады.

Ахмет-Уәли (орыс құжаттарында – Ахмет-Валий Мунасыпов) екі рет қажылыққа барған адам. Бірінші рет 1887 жылы барған. 1901 жылы екінші рет қажылыққа шығып, Меккеге барар жолда, Одесса қаласында 68 жасында қайтыс болады. Бұл деректі ғылым жолындағы ізбасары Құрбанғали Халид келтірген», [«Абай» журналы, №4, 2014] – деген тың деректер береді.

Реті келгенде айтуымыз керек, ұлы Абайдың өзі бас болып қатысуымен 1885 жылы Қарамола сьезінде қабылданған «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері» деп аталатын 73 баптан тұратын тұңғыш құқықтық құжаттың 28-бабында: «Адам мүшесі мертіксе, үкімі шариғат бойынша айтылады. Шариғат айыруының қателігі болмасын деп сұраймыз. Бұл сөзді айырмаққа тапсырылса екен, Семейдегі Ахмед Уәли Мұнасиф ұлына һәм Өскемен молдасы Мырзағали Ғаббас ұлына. Олардың айырып берген Шариғаты осы ережеге тіркеліп жазылса екен», – деген сілтеменің жасалуына қарағанда, Ахметуәли Мунасыпов, шын мәнінде, шариғатқа жүйрік, дуалы ауыз көрнекті дін иесі болғанын көреміз.

Тiнiбай өзi өмiр сүрген сол кездiң өзiнде-ақ орыс патшасының жоғары лауазымды шенеунiктерi А.Трофимов, барон А.Е. Врангель мен әйгілі орыс жазушысы Ф. Достоевский, қазақтың тұңғыш ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов, семейлік өлкетанушы Иван Земляницынның назарына iлiнiп, олардың ресми ақпарларында, естелiктерi мен ғылыми зерттеу еңбектерiнде, мақалаларында жазылып қалған зиялы адам. Мысалы, Тiнiбай туралы алғашқы деректi патша өкiметiнiң ерекше тапсырманы орындаушы шенеунiгi А.Трофимовтың 1839 жылдың 22 тамызында Батыс Сiбiр губернаторына жолдаған “Доклад о состоянии киргиз кочующих, выше города Семипалатинска” деген ресми құпия ақпарынан кездестiремiз. Онда қазақ арасында саудамен айналысатындардың әлi де аз екенi, бiрақсоған қарамастан Семейдiң бiр бай қазағы Тiнiбай Кәукеновтың қырда сауда жасап, өзiне жеткiлiктi капитал жинағаны айтылады. Және де оның қалада жекеменшік үй салып алғаны, 1839 жылдан бастап 3-шi гильдi көпестiктiң есебiнде тұратыны сөз болады.

1854 жылы Семей алғаш облыс болып құрылып, оған Санкт-Петербургтен прокурорлық қызметке жаңадан тағайындалып келген барон А.Е. Врангель өзінің кейінде жарық көрген “Воспоминания о Ф.М.Достоевском в Сибири в 1854-56 гг.” атты еңбегiнде әйгілі орыс жазушысымен таныстығы жайлы айта отырып, әкелi-балалы Семей байлары Тiнiбай мен Меңдiбай туралы  ерекше жылы лебiз бiлдiредi. Ол Федор Достоевскиймен бірге Тiнiбайдыңүйiнде қонақта болған  жайды: “Наши приятели богачи Мендибай и Тинибай (я сохранил их рисунки-портреты) рады были принять нас, особенно их молодые жены. Нас поили свежим кумысом, угощали бараньим, твердым, как камень, сыром, пловом с бараниной и колбасой из копченого мяса молоденького жеребенка” деп сипаттайды.

Айтпақшы, барон Александр Егорович  Врангель осы естелігінде әкелі-балалы Тінібай мен Меңдібай Кәукеновтерден басқа Семейде тұратын 3-ші гильдиялы көпес, лақаб аты Боқаш, шын есімі Миркурбан Аупов туралы да деректер береді (Кейбір әдеби дереккөздерде ташкенттік саудагер есімі Боқаш Аупбаев болып жазылып жүр). Бұл семейлік көпестің сауда керуенімен 1858-1859 жылдары әскери поручик шеңіндегі 23 жасар Шоқан Уәлиханов патша үкіметінің құпия тапсырмасы бойынша Әлімбай деген саудагер атын жамылып Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Қашғар қаласына барып қайтқан еді. Өз заманында патша өкіметі сауда керуендерін осылайша құпия барлау қызметіне жиі пайдаланып отырған.

Міне, осы Қашғар сапары барысындағы шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлихановтың күнделiк дәптерiнен де Тiнiбай есiмiн бiрнеше рет кездестiруге болады. Ол өз күнделiгiне: “28 июль – Тiнiбайдың керуенi келе жатқан хабар алдым. Приказчигi – Боранбай. 2 август–Тiнiбайдың керуенi келдi. Қойларын айдап әкелдi” деген т.б. жазулар қалдырған.

Демек, бұдан Тінібайдың өз кезінде қырдағы қалың қазақ арасындаұсақ-түйек сауда жасап қана қоймай, сонау бір шеті Ресейдің ішкі Ірбіт, Нижегород, Түмен, Тобыл, екінші шеті көршілес Қытайдың батысындағы Шәуешек, Құлжа сияқты қалалардағы ірі сауда базарларына түйе керуендерін жөнелтіп отырғанын көреміз. Бай дегенде, жалғыз Тiнiбай ғана емес, оның ұлдары да ақшаны судай сапырған алпауыт саудагерлерболған. Мәселен, Тiнiбайдың үлкен ұлы Меңдiбайдың байлығы туралы ел iшiнде мынадай қызықты әңгiме айтылады. Бiрде Меңдiбай қаладағы атақты орыс байымен бәстесiп, өзара байлығын салыстырып, екеуi ақшамен самаурын жағып, шай қайнатқан. Сонда осы Меңдiбай жеңiп шығыпты дейдi.

Тінібай әулетінің Қытаймен арадағы сауда-айырбас жұмыстарын жүргізуіне қатысты «1850 г., 3 мая. Ведомость Кокбектинского окружного приказа о прохождении купеческих караванов через Кокбектинский внешний округ за январскую треть» атты ресми құжатта: «Сын Семипалатинского 2-й гильдии купца Тенибая Каукенова, Курбангали Тенибаев, с товарами Российского изделия из Семипалатинска, на 35 верблюдах, товару на сумму 65000 руб. ассигнациями, работников 15 человек, из киргиз Уваковской волости, караван осматривал Дужан (заседатель окружного Приказа) 20 апреля 1850 г., караван отбыл 20 апреля в Байджигитовскую волость без прикрытия, медицинскому осмотру подвержены не были» [ЦГА РК, фонд-374, опись-01, дело-2312], – деп жазылған.

Бұл сауда рыноктарына,Тінібай тәрізді беделді бай-көпестер тек патшалық Ресейдің сыртқы сауда департаменті бекіткен 16 тармақтан тұратын сауда ережесінің бірінші тармағындағы: «к производству торга с Кульджею и Чугучаком допускаются российские купцы 1-й, 2-й и 3-й гильдии. На купцов 3 гильдии сие право распространяется в виде особой, временной меры на пять лет…» деген арнайы рұқсаты бойынша барып қана сауда жасай алған. Мәселен, сол уақытта Семейде жалпы саны жүзге жуық Орта Азиялық сарт-татар саудагерлеріне қоса, қазақтың Д. Әбласов, Қартабай Іргебаев, Бажал Донғұлбаев, Х. Шреков, Амалдық Өтенов, Д. Байзақов, Жоламан Жандарбеков,Ноғайбай Қожанов және орыс көпестері Кузнецов пен Месниковтың Бөкен, Алан атты қызметшілері [ЦДНИ ВКО. Торговые связи Семипалатинсого Прииртышья (XVIII– начало XX вв.). Сборник документов. – Семей, 2004. Стр.-129, 25, 245] Қытаймен арада сауда-саттық жұмыстарымен айналысқан.

Барон Врангель секiлдi жоғары лауазымды патша шенеунiгiнiң Ф.М. Достоевский есiмiн ауызға ала отырып, әкелi-балалы қазақ байлары Тiнiбай мен Меңдiбай туралы “наши приятели, богачи Мендыбай и Тинибай”, “мы охотно приняли приглашение наших друзей-киргизов Тенибая и Мендыбая” деп айтып, жандарына жақын тартуы, көп жайды аңғартса керек. Бiрiншiден, бұл Тiнiбай мен Меңдiбайдыңөз заманында беделi биiк, өте iрi бай, мәрт адамдар болғанын байқатады. Екiншiден, Федор Достоевский мен Шоқан Уәлиханов секілді ұлы тұлғалардың арасында адами тұрғыда ерекше сыйластық пен достықтың болғанынбiлемiз. Ал оның барон Врангель берген қанжарды өзінің сүйiктi досы Шоқанға сыйға тартқаны да есiмiзде. Олай болса, Достоевскийдiң Шоқанды Семейдiңатақты бай көпестерi Тiнiбай және оның баласы Меңдiбаймен таныстырғанына, тiптi керек десеңiз, олардың үйiнде бiрге қонақта болғанына да ешқандай күмән жоқ. Семейдiң көнекөз қарттарының әңгімесіне және кейбір әдеби-ғылыми деректерге қарағанда, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов өзiнiң Қашғарияға жиһангерлік, ал аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы мен оның немере інісі дарынды ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы Меккеге қажылық сапарларына осы Тiнiбай үйiнен дәм  татып, Тiнiбай мешiтiнде ғибадат етiп аттанғаны жайлы айтылады.

Тiнiбай Кәукеновты, жалпы Семейдiң сол жақ, қазiргi Жаңасемей қаласы бөлiгiне, тура Қара Ертiстiң жағасына қазақтан шыққан алғашқы дәулетті көпестердің бірі болып ағаштан биiк еңселi үй тұрғызып, сауда орындарын ашқан, сөйтіп Тiнiбай слободкасы атты елдi мекеннiң тұңғыш iргетасын қалаған және онда өз қаражатына мешiт-медресе салдырған, мұсылманша бала оқытқызып,халқын имандылыққа уағыздаған тарихи тұлға ретінде де жоғары бағалауымыз керек.

Біріншіден, сол заманда ақ патшаның арнайы Ертістің оң жағалауына он шақырымдай жерге қазақтарды қоныстандырмау туралы жарлығы болды. Сондықтан да жергілікті халыққа Ертістің оң жағынан өздеріне баспана салып, шаруашылық жүргізуге мүлде рұқсат берілмеді. ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында сауда-товар қатынастарының тереңдеп дамуына байланысты жергілікті халықтың ағаштан үй, сауда қоймаларын тұрғызуына тек патша өкіметінің сеніміне кірген Көкен болысының старшинасы Тінібай Кәукенов пен Терістаңбалы болысының биі әрі старшинасы Жоламан Жандарбеков тәрізді санаулы адамдар ғана ие болды.Семейлiк өлкетанушы Иван Земляницынның 1871 жылы “Семипалатинские областные ведомости” газетiнде жарияланған «Семьпалат» мақаласында Ертістің сол жағалауына Тінібай Кәукеновтың 1826 жылы, ал Жоламан Жандарбековтың 1829 жылы үлкен ағаш үйлер мен  асхана, монша, сауда қамбаларын, сондай-ақ кейінде 1830-1840 жылдары мешіт-медреселерін салдырғаны туралы құнды деректер айтылады.Ал енді жоғарыда әңгіме болған Ахметуәли Мунасыповтың қолжазбасында Жоламан мешіті 1827 жылы салынды деп жазылады.

Қазіргі Жаңасемей,бұрынғы Алаш қаласының ежелгi қалыптасу тарихы, міне дәл осы Тiнiбай және Жоламан слободкалары деп аталатын қазақы шағын елдi мекендерден бастау алатынынерекше атап айтуымыз керек. Оның кейінде Алаш атануы, негізінен Алашорда қайраткерлерінің қызметімен тікелей байланысты болып келеді.  1917 жылдың 6 наурызындағы Семей облыстық қазақ комитетінің шешімі бойынша бұл қала Алаш деп аталады. Содан, 1927 жылдың 15 қыркүйегіндегі Семей облыстық халық депутаттары кеңестері атқару комитетінің шешімімен Жаңасемей болып өзгертілгенше он жылдай уақыт өмір сүреді. 1918-1920 жылдары Семейдің Алаш қаласы бөлігіндегіӘбдірахмен Жүсіпов пен Қаражан Үкібаев сынды байлардың мектепке жалға берген үлкен ағаш үйлерінде Алашорда үкіметі мен Семей уездік Земствосы, Алашорда соты, «Сарыарқа» газетінің кеңселері орналасып, қызмет жасады.

Әу баста Тінібай және Жоламан есімдерімен аталған бұл елді мекендер, шын мәнінде тәуелсіздік жолында күрескен Алаш зиялыларының рухани ордасы болды. Оған бір дәлел, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедқанов «Ұлы ұстаз, қамқоршы аға» мақаласында  кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовты еске ала отырып, әкесі Мұхамедханның үйінде Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қазақ зиялылары жиі бас қосып, мәслихат құратын еді дейді. Алаш тілегінде болған «Тінібай» медресесінің ұстазы Мұхамедхан Сейітқұлов (Қайым Мұхамедқановтың әкесі) 1937 жылдың 24 қарашасында Семейдегі мұсылман діни ұйымдары антисоветтік тобының белсенді мүшесі болды деген айыптаумен қамауға алынып, сол жылдың 2 желтоқсанында атылып кетті.1919 жылы Семейде көрнекті педагог-ағартушы Мәннан Тұрғанбаевтың белсене атсалысуымен алғашқы Алаш мектептері де осы Тінібай слободкасында ашылып, жұмыс істеді.

Екіншіден, ХIХ ғасырдың басында ұлан-ғайыр қазақ жеріне патшалық Ресейдің ішкергі аймақтарынан жаппай қоныс аударған қарашекпендерге қоса діни миссионерлер де қаптап келе бастады. Орыс православиелік шіркеуінің Қасиетті Синодының жарлығымен 1829 жылы Сібір халықтарын шоқындыру мақсатында арнайы Алтай миссиясы ашылды. Кейінде ол өз діни қызмет аясын кеңейтіп, Алтайды мекендеген қазақтар арасында 1871 жылы Қосағаш миссиясын ашты. Сөйтіп, діни миссионерлер Семей жеріне қарай аяқ басты. 1882 жылы Қасиетті Синод Семей миссиясын ашып, оған басшы етіп священник Филарет Синьковскийді тағайындады. Ал кейінде 1894 жылы Ертістің сол жағалауындағы қалың қазақ арасына Қырғыз миссиясының шіркеуін әкеп салды. Міне, осындай аумалы-төкпелі қиын кезеңде өз қаражатына арнайы мешіт-медреселер салығызып, қазақтың мұсылмандығын сақтап қалған жаңағы Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбеков сынды зиялы азаматтар болды.

Тінібай мен Жоламанның мешіт-медреселерді де сан қилы ауыртпалықтарды бастан өткерді.1820 жылдардың аяғында қарапайым ғибадат үйін (молитвенный дом) ашуға жергілікті патша әкімдерінен әрең дегенде рұқсат алған олар кейінде мешіт салуға байланысты түрлі қиындықтар мен кедергілерге душар болғаны байқалады. Мәселен, Жоламан мешітінің салыну тарихына қатысты мына бір ресми құжатта: «Киргизский старшина Джоламан Джандарбеков показал, что нынешнею весною, после вскрытия льду, он начал строить мечеть, но не окончил ее совершенно (не покрыл крышею), по случаю запрещения городничим, который приезжал летом за реку и взял с него подписку, чтоб более не производили построек.

…назад четыре года просил от графа Бенкендорфа об отводе ему земли для построения мечети и вследствие сего в 1839 г. Томским землемером отведена ему земля…» [ЦГА РК, ф. 64 и 478, оп. 01, д. 938 и 1], – деп жазылған. Ақыр соңында Тінібай Кәукенов 1834 жылы, ал Жоламан Жандарбеков 1841 жылыөз мешіттерін толықтай салып бітірген.

Өкінішке орай, кеңес өкіметінің жаппай дін өкілдерін қудалап, мешіт-медреселер мен шіркеулерді жабу, қиратып бүлдіру кезінде, 1930 жылдың наурыз айында Жоламан мешіті белгісіз жағдайда өртеніп кетті. Ал Тінібай мешіті болса, ел басына төніп келген соғыс қауіпіне байланысты 1940 жылы әскери комиссариаттың қарамағына өтіп, сұрапыл майдан кезінде мұнда қызыләскерлерге киім тігетін шеберхана жұмыс жасады. Сол уақытта мешіт мұнарасы қиратылып алынды. Соғыстан кейінгі жылдары жергілікті билікке Жаңасемей қаласы тұрғындарының сан мәрте жазған арыз-өтініштерінен соң ғана барып, Тінібай мешіті қайтарылып берілді. Алайда, 1960 жылы Ертістің сол жағалауындағы мешітке тақау жерден «Речной вокзал» салынған кезде Тінібай медресесі бұзылып тасталды.

Әңгіменің реті келгенде айта кетейік, бұл мешіттің мұсылман қауымы арасында беделінің тез арада өсіп, үлкен сүйіспеншілікке бөленуіне сол уақыттағы оның имам-хатибіАхметсафа Қалдыбаевтың сіңірген еңбегі аса зор болды. Ол жас кезінде Бұхара мен Самарқандтың жоғары діни оқу орындарынан терең білім алған сауатты дінбасы ғана емес, жергілікті кеңестік-партия басшыларымен ортақ тіл табыса білетін саясаткер де еді. Соның нәтижесінде, мемлекет қаржысы есебінен Тінібай мешітіне күрделі жөндеулер жүргізіліп, айналасы тұтастай қоршалды, бұрынғы қиратылған мұнарасы қалпына келтірілді. 1958 жылдың маусым айында алғаш ресми рұқсатпен бүкіл Кеңестер Одағы бойынша Қазақстан діни басқармасы атынан Сауд Арабиясына Меккеге қажылыққа барған үш адамның бірі  осы Ахметсафа Қалдыбаев болды.

Бүгінде сол Тiнiбай мешiтiнiң қабырғасындағы темiр қаңылтырға, оны «1836 жылы салынды» деп жазылып, iлiнiп қойылған. Соңғы деректiң қашан және қайдан алынғаны белгiсiз. Осы орайда Тiнiбай есiмiнiң кейбiр деректерде,мәселен, А.Трофимовтың ресми құпия ақпарында Тенебай Кевкенев немесе барон Врангельдің естелігінде Тыныбай Каукин, Тенибай Каулин деп кездесетiнi, тiптi Семейдегi мешiтiнiң қабырғасына ұзақ уақыт бойына «Тыныбай Қойкенұлы» деп жазылып келгені туралы айта кеткен орынды секiлдi. Сол сияқты Тiнiбайдың үлкен ұлдарының есiмдерi де бiр деректерде Меңдiбай және Құрбанғали деп берiлсе, ендi бiрiнде Меңлiбай, Құрманғали деп жазылып жүр.

Бұл арада ең дұрысы Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” романындағы кiсi аттарының берілуі жайына жүгiнуiмiз керек секілді. Мысалы, мұндағы оның Тiнiбек деген бүркеншек есiмiне қарап, Тыныбай емес, Тiнiбай деп жазылуы тиiс. 2003 жылы Алматының“ҚазГЗУ” баспасынан шыққан Әбдiкәрiм Мұхамедсыдықұлының “Уақ ұрпағының шежiресi” атты кiтабында Тiнiбайдың ата-тегiн: «Қосай, одан Кәукен, Дәукен, Жақсыбай. Ал Кәукеннен Тiнiбай, Меңлiбай» деп таратады. Демек, Тiнiбайдың әкесiнiң аты бiз айтып жүргендей Қойкен емес, Кәукен болуы керек. Олай болса, оның есiмi толықтай Тiнiбай Кәукенұлы болып дұрыс жазылғаны жөн.

Әрине, бұл кiтапта Тiнiбайдың Меңдiбайдан басқа ұл-қыздарыныңесімдері толықтай аталмаған екен, яғни бiлместiктен шежiре-кестеге кiрмей қалған. Мысалы, Тiнiбай 1842 жылы 28 тамызда шекаралық басқарманың бастығы полковник Фалецкийдiң атына жазған өтiнiшiнде, өзінің 1839 жылдан бастап 3-шi гильдi көпестiктiң есебiнде уақытша тұрғанын айта келiп, өзiне қоса отбасындағы алты адамды: әйелi Айгүл Күйгенованы, ұлдары Меңдiбай, Құрбанғали, Темiрғали және қыздары Меңке, Мекенжанды Семей көпестерi әулетiне қабылдауды сұрайды. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк мұрағатында сақталған «Дело о причислении старшины Уваковской волости Каукенова в купеческое сословие гор. Семипалатинска» [ЦГА РК, ф-374, оп.-01, д-1155] деген папкiдегi ресми құжаттарға қарағанда, сол жылы Тiнiбайдың бұл өтiнiшi қанағаттандырылып, отбасымен түгелдей 3-шi гильдi көпестiкке қабылданған. Бұдан кейiнгi жылдары да Тiнiбай отбасының сауда iсi табысты жүрiп, 1850 жылдың желтоқсанында ол ұлдарымен бiрге 2-шi гильдi көпестер [В. Кашляк. Семипалатинск: три века истории, Новосибирск-2002, стр-279] деген төлқұжатқа ие болған.

Тiнiбай Кәукеновты,жалпы Семей өңіріндегі қазақтың бетке ұстар үлкен тұлғаларының бірі десек еш қателеспейміз. Ол кез-келген орыс-татар саударгерлерімен үзеңгi қағыстырып, тең дәрежеде сөйлесе алатын биік бедел иесi атанып қана қоймай, әрi қала мен қырға ықпалын бiрдей жүргiзiп тұрған әккi саясатшы да болды. Мәселен, даланың азулы бай-шонжары, аға сұлтан Құнанбаймен арадағы сарсүйек құдалығының өзі неге тұрады?.. Қырдан Құнанбай мен Алшынбайдай тірегін тапса, қаланың саудасын уысында ұстайтынын жақсы білген.

Тiнiбай қажының саудамен байланысты тіршілік тынысын тап басып тани бiлетiн сұңғылалығын, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов “Абай жолы” роман-эпопеясындағы аға сұлтан Құнанбаймен арадағы құдалығына байланысты айтылатын шағын эпизодта былайша суреттеп береді. Онда: “…Семейдiң үлкен саудагерi Тiнiбек бай Қарқаралыға келдi. Көп жәшiкке тең-тең ғып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терiсiн бiр өзi баурап, жиып алғызбаққа келiптi.

Тiнiбек Құнанбай мен Алшынбайды ел-елдiң iшiндегi өз саудасына керек, мықты тiрек санайтын. Несиеге бұл берiп, қойын-торпақ, торпағын өгiз ғып, қызыл елтiрiсiн құнан қой ғып елден жиып алу үшiн, бұл саудагер сол елдiң жуандарына сүйенбекке керек. Тартып та, қорқытып та алып беретiн солар. Құнанбайға осы ретпен бейiмдеуден басқа, былтыр Семейде Тiнiбек құда болайық, жақындасайық деп те бiр қолқа салған.

Ол кезде Құнанбай қаланың саудагерiне қыз берудi намыс көрдi. Жұрттың: «Аталы жерге бермедi, бұлға бердi» деген өсегi болар деп те қорықты. Жарытып жауап бермей, құр дәмелендiрiп қана кеткен.

Қазiр ақшадан қысылған Құнанбайға Тiнiбек сол сөзiн қайта салды. Алшынбай араға жүрiп, екi жағын құда қылды. Құнанбай Мәкiш деген қызын Тiнiбектiң баласына атастыратын болды» дейді. Сондай-ақ романдағы әккі саясаткер Тiнiбай бейнесi (образы) Омбыдағы абақтыдан, яғни ағайынның жалған жала, арызынан елге аман-есен босап келгендегi Құнанбайдыңөз аузынан: «Осы жолы құдайдан соңғы қуатым құдаларым болды. Адал достықты, шын бейiлдi солардан көрдiм. Атап айтқанда: Алшынбай мен Тiнiбек» деп айтылған ризалық сөздерімен айшықталып, сомдала түседi. Сонымен бiрге романда 1874 жылы Құнанбай қажылыққа аттанарда, күнi-түнi үйiнде қонақ етiп күтiп, оны ұзақ сапарға жас Абаймен бiрге елдiң шетiне дейiн ерекше сән-салтанатпен шығарып салған, тағы да осы Тiнiбай болғаны айтылады.Демек, бұдан билігі бұқара халыққа жүріп тұрған Құнанбай мен Алшынбайдай қазақтың аса iрi ақсүйектерiне, би-шонжарларына арқа сүйеген Тiнiбай, шынында да осал адам болмағанын аңғарамыз.

Бүгiнде Тiнiбай қажының бүкiл Жетiсуға атағы жайылған, барша қазаққа әйгiлi Маман баймен құда болғаны туралы да тың деректер айтылуда. Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламентiнiңэкс-депутаты Жекен Қалиұлы 1999 жылы Алматыдағы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Мамания мектебi” атты кiтабында: “Қазақ даласында бiрiншi болып барлық жанұясымен “II гильдалы көпес” (саудагер) деген ақ патшаның мөрi басылған куәлiгiн алған, Құнанбаймен құда болған, Абаймен туыс Мәкiш деген қызын Меңдiбай деген баласына әперген. Үйiнен Шоқан, Абай, Достоевский сияєты алыптар дәм татып, әңгiме-дүкен құрған. “Ергенектi Уақ” Тыныбай Кәукенұлы – миллионер. Тыныбай орта жүз Найманның Маманымен де құда болған. Қапал қаласында салынған бес мешiттiң бiрiн – осы Тыныбай салдырған. Тыныбай мешiтi әлi де бар, қазiр асхана қызметiн атқарады” дейдi.

Тiнiбай туралы тың деректер демекшi, соның бірі – жоғарыда айтқан Семейдегi  N7 жамиғи мешiттiң имам-хатибi Ахметуәли Мунасыповтың ескi қолжазбасыболып табылды. Арап қарпiмен татарша жазылған бұл қолжазбаның көшiрмесiн Семей қаласының тұрғыны Рақип Тураев ақсақалдан алған едік. Ол осы қолжазбаның көшiрмесiн 1990 жылдары Ташкенттегi бiр мешiтте имам болып қызмет атқарған Рифхат Сайдиев деген туысынан алып келiптi.

Қолжазба 1888 жылы Семейде жазылған, автор өзi туралы алғашқы Алланың атына айтылған мадақ, дұғадан кейiн “Семейполаттағы N7 жамиғи мешiттiң имам-хатибi және мүдәррис, ахун молдасы Ахметуәли Семейполати ибн әли ибн Мунасип ибн Оразмухаммед Қазани, Ұлытауи өзiмнiң құлағым естiген, бiлгенiмдi әңгiме қыламын” деп таныстырады. Жалпы қолжазбаның мазмұны туралы қысқаша айтар болсақ, мұнда негiзiнен Семей қаласының және ондағы мешiттердiң тарихы сөз болады. Ал соның iшiнде Тiнiбай қажы туралы былай деп баяндалады:

«N6 мешiт 1829 жылы алғаш ағаштан мұнарасыз болып салынды, оны салдырушы Тiнiбай Кәукенұлы бай қазақ тайпасынан, бұл махаллада (қалашықта) барлығы қазақ халқы болған, барлығы 150 шақты үй бар. Мешiтке молда Ахметжан Алтайбайұлы, қазақ ұлтынан, Семейполат шаһарында үлкен молда болып, Сәлiмгерей мүфти заманында Уфада емтихан тапсырып, указбен имам болды.

Мешiт жанында медресе салынған, мектеп ашылып, бала оқытқан. Машғұл (занятый) мектеп болған. Бұл мешiт салынғаннан берi (1887 ж. дейiн) үш имам, әуелi Бабажан есiмдi қазає молдасы, екiншiсi Нығметжан есiмдi молда, Уфа уезiнен едi, үшiншi имам, молда Ахметжан Алтайбайұлы қызмет iстедi. Бұл мешiттi салдырған Тiнiбай Кәукенов қажы едi, өте жомарт бай едi. Жолаушыларға, мүсәпiрлерге көмек жасайтын, қонақжай болатын. Жомарттығымен мәшһүр болды. Және дәулетi өте көп едi. Ақыр өмiрiне дейiн дәулеттi тұрды. 98 жасында 1887 жылы қайтыс болды. Алла рахым етсiн. Әумин!

Мирасқорлар қалған жоқ. Бiрнеше ұлдары өзiнен бұрын қайтыс болған. Тек қана бiр кәрi қыз қалған. Оның бiр пасық, бейнамаз бұзық ерi бар, Ибрахим Нүркенұлы. Қалған малдарын сол пасық Ибрахим алған. Бiрақ (Тiнiбай) қайтыс болған соң, мал азайған. Бұрынғы уақытқа қарағанда, марқұм Тiнiбай қажы сау кезiнде, хаир және ихсан (қайыр-садақа, қамқорлық) жасап, бәрiн өз орнымен жұмсаған. Өзiнiң мешiт жанындағы үйiн, жақсы ғимараттарын, қора-жайын, қамбасын мешiтке уақип қылып, қайтыс болды. Құдай қабыл етсiн. Әумин!».

Тінібай Кәукеновтың 1887 жылы өмірден өткеніне тағы бір мынадай дерек дәлел болады.  1894 жылдың 29 қаңтарындағы «Семипалатинские областные ведомости» газетінің №5 санында жарияланған «О вызове наследников» деген шағын хабарландыруда: «Мировой судья Семипалатинского уезда, на основании 1401 ст. Уст. Гражд. Суд. И 1239 ст. X т. 1 ч. Св. Зак. Гражд. изд. 1887 года, вызывает в срок, установленный 1241 ст. X т. 1 ч., наследников к имуществу, оставшемуся после смерти Семипалатинского мещанина Тенибая Каукенева» – деп беріліпті.Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда Семей мещаны Тінібай Кәукенов қайтыс болғаннан кейінгі 1887 жылы шығарылған сот шешімін басшылыққа алған Семей уезі мировой судьясы оның дүние-мүлкіне мұрагерлерін шақыратыны туралы айтылады. Қысқасы, бұл шағын хабарландыру жоғарыдағы Ахметуәли Мұнасыповтың қолжазбасындағы Тінібай туралы «…Ақыр өмiрiне дейiн дәулеттi тұрды. 98 жасында 1887 жылы қайтыс болды. Мирасқорлар қалған жоқ. Бiрнеше ұлдары өзiнен бұрын қайтыс болған. Тек қана бiр кәрi қыз қалған…» – деп айтылатын деректерді айғақтай түседі.

Сонда, аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев 1885 жылы тамыз айында 81 жасында өмiрден өтсе, ал оның туған құдасы, Семейдiң бай саудагерi Тiнiбай Кәукенов одан кейін екi жылдан соң 1887 жылы 98 жасында көз жұмыпты. Шамамен Тiнiбай Кәукенов 1789 жылы туған болып отыр. Құнанбайдан 15 жас үлкен екен. Осыорайда Тiнiбай мешiтiнiң қай жылы салынғаны жайлы да мынадай бiр ойды ашық білдіруге болады. Тінібай мешiті, жаңағы қолжазбада айтылғандай, әуелгі кезде – 1829 жылы ағаштан мұнарасыз болып салынып, одан кейiнде 1834 немесе 1836 жылдары оған биiк ағаш мұнара орнатылып, толықтай жаңартылып жөнделгенге ұқсайды. Себебі, семейлік өлкетанушы Иван Земляницынның«Семьпалат» мақаласында «А у Тыныбая  один дом при нем особая баня, молитвенный дом (мечеть, построена в 1834 году, в 1858 году приход ее состоял из 145 муж. и 137 жен.) и азиатское училище»деп жазуында, осындай бiр сыр бар секiлдi.

Қалай десекте, Тiнiбай қажы Семейде алғаш мешiт-медресе ашып, халқын имандылыққа, бiлiм мен өнерге тәрбиелеуге ұмтылған бай саудагер, меценат, зиялы азамат болған. Ал оның құдасы аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев болса 1845 жылы Ескі тамда мектеп ашып, орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалімдікке ұстайды, 1851 жылы Қарқаралыда мешіт салдырған.

Тiнiбай қажы тәрiздi сол замандағы Алшынбай би, аға сұлтан Құнанбай, Тана мырза Тілемісұлы сынды асыл тектi тұлғалардың қай-қайсын алып қарамайық, бәрiнiң ойлағаны бiр қазақтың қамы болды.Мысалы, Семей губернесіне қарасты Көкпекті округының зиялы азаматы Тана мырза Тілемісұлы туралы орыстың белгілі өлкетанушы-ғалымы Б.Г. Герасимов 1914 жылы жарияланған «Первые оседлые засельщики Көпектинского округа» атты мақаласында: «В 1847 г. Управитель Назар-Муруновской волости Тана Тлемысов на свои средства выстроил от Приказа, мечеть из соснового лесу и пригласил соседних чалаказаков селиться около мечети. Чалаказаки приняли предложение управителя и выстроили на Букони 6 деревянных избушек и 2 дома. Желая упрочить возникающую оседлость. Тлемысов кроме мечети построил еще училище и дом для муллы. Школа была построена из сырцового кирпича…», – деп жазады.

Қазақ жеріне бойлай енiп, шұрайлы өлкесiнен ойып орын алып жатқан қарашекпендер мен өз дiнiне шоқындырып, мойын ұсындыруға ұмтылған миссионерлердің қам-харакеті, оларды алаңдатпай қоймады. Ұлт бiрлiгiн, ел тұтастығын сақтап қалудың бiр жолы – мешiт пен медресе, мектеп ашып, бала оқытуда, имандылыққа тәрбиелеуде, сол арқылы өркениетті жұрттардың қатарына жетуде деп ұқты. Бiлiмдi әрi мәдениеттi жастардыңелдiгiмiздi сақтап қалатынына сенiмдерi мол болды.

Семей өлкесінің тарихында өзіндік үлкен із қалдырған мұндай ұлағатты тұлғалардың есiмдерi ешқашан да ұлт жадынан ұмыт қалмауы тиiс.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation