Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Тарих > Қос елдің шекарасындағы қос қажы зиратына белгі қойылды

Қос елдің шекарасындағы қос қажы зиратына белгі қойылды

«Өткенін ұлықтаған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дегенді біздің бабалар бекер айтпаған. Ұлағатты сөздерді ұғынып өскен ұрпақ өрелі ойға, өнегелі іске бейім тұратынын білген кешегі кемеңгерлеріміз артына қаншама асыл сөз, астарлы ой қалдырып кетті емес пе? Тек қабылдайтын көңіл, зерделейтін зейін болсын деңіз. Ұрпақ зейінді болса ата-бабаның қасиетін, ағайынның қадірін біледі. Не нәрсенің қадірін білген жан жұртына қызмет етуге, елдің кәдесіне жарауға ұмтылады. Өзіне өлмейтін өнеге қалдырып кеткен ата-басын ұмытпауға, қолынан келгенше ұлықтауға тырысады екен.

Біз бұл сөзді таяуда сонау шығыстағы шекарамызда жатқан бабаларының зиратын тауып, басына белгі қойып қайтқан қос азаматтың өнегелі ісіне қатысты айтып отырмыз. Ол азаматтардың есімі семейлік Қайрат Смағұлов пен Жақсылық Жомартов. Екеуінің үшінші атасы ағайынды Лашын, Әлімбай деген кісілер  Тарбағатайдың Хабарасу шекарасындағы Арғанаты деген жерді мекендеп, сол жердегі ағайынның би-болысы болған. Екеуі де 19 ғасыр соңында Меккеге барып қайтқан. Сол себепті де ел екеуінің атын атамай көбінесе «Қос қажы» деп кеткен екен. Арада түрлі заман, аласапыран кезең өтсе де жақсының аты өлмейді дегендей, ел мүддесіне қызмет еткен қос қажының есімдері екі ғасырдан бері ел жадынан өшпепті. Ол жақтағы жұрттың әлі де солай «қос қажы» деп атайтынына былтыр ел аралап қайтқан Жақсылық Жомартов тағы бір көз жеткізіп қайтқан. Ел аузындағы есім одан әрі есте қалдырмақ мақсатта биыл бабалар басына ұрпақтары мәрмар тастан белгі қоюға шешім қабылдапты. Бұл иігілікті істің бастамашысы Қайрат Смағұлов екен. Қос қажының іргелес жерленген зираттары қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай шекарасы сызығының дәл үстінде қалып қойған. Яғни, шекарашылар бақылауында. Екі қажының есімі биыл «Ислам нұры» газетінің 2 маусымдағы №11 санында берліген «1877 – 1913 жылдары Тарбағатайдан қажылыққа барғандар» тізімінде жарияланды. Сөйтіп, таяуда осы екі азамат Семейден 600 шақырымнан астам жол жүріп, Лашын мен Әлімбай қажы бабаларының басына белгі қойып келді. Көлемді мәрмар таста «Бұл жерде Бәйжігіт – Тоғас руынан 19 ғасырда Меккеге барған қос қажы Лашын мен Әлімбай жерленген» деген жазу қашалып жазылған.

Осы орайда айта кетерлік бір жай бар. Ол – мәрмар тастағы жазудың латын әрібімен жазылуында. Осы шешімді қабылдаған Қайрат Қанатұлы мақсатты түрде латын әрібін таңдапты. Оның бұлай істеуінің де өзіндік уәжі болыпты. Мәселен, еліміз таяу жылдары латын графикасына көшеді, бұл белгі тас алдағы ғасырларға баратын ескерткіш. Сол кездің адамдары еркін оқитын болады. Оның үстіне мемлекетіміз тіл мәселсін, латынға көшу бастамасын қозғап жатқан кезде жеке азаматтар да өз тараптарынан белсенділік танытып, тиісінше іс-әрекет жасаулары керек қой. Соның бір мысалы, Қазақстан ұлттық телеарнасы республика бойынша логативтерін тамыздың соңында латын әрібіне ауыстырып үгерді. Ал, Қайрат Қанатұлы латын әрібі туралы шешімін шілде айында қабылдаған еді. Бұл да болсын елдік мәселеге өзіңше іштей атсалысудың белгісі.

Елдік мәселе демекші, елдігіміздің негізгі нышаны тілі мен шекарасы. Белгілі мәселе – шекараға тек қоршау ғана қойылмай ол жаққа ел көптеп қоныстануы керек. Соңғы кездерде еліміздің шекаралық аудандарын қайта қалпына келтіру жиі көтерілуі соның дәлелі. Сонда ғана жұрт сол жерді өзінің атамекені санап, бар қасиетін бойына сіңіреді. Осы тұрғыдан келгенде қос қажының ұрпақтары бабаларын ұлықтау арқылы тіл мен шекара мәселесіне де өз үндерін қосып отыр десек артық айтқандық емес.

Бұл жерде Қайрат Қанатұлының көпті көрген, ел ісіне арасақан тәжірибесі де өз ықпалын тигізгені анық. Қайраттың әкесі Қанат Смағұлұлы кезінде берісі Семей арысы республикаға есімі танылған қоғам қайраткері. Әкеден алған өнеге мен өмірден түйген тәжірибе қашанда жақсы істердің жаршысы болатындығының бір мысалы осы болса керек.

Қ.Зекенұлы, «Жерұйық» порталы.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation