Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Сұхбат > Латынға көшу – ұлтты құртудың ЖЫМЫСҚЫ САЯСАТЫ ма?

Латынға көшу – ұлтты құртудың ЖЫМЫСҚЫ САЯСАТЫ ма?

– Еркін мырза, жуықта президент Назарбаев латынға көшуді 2025 жылға қалдырмай, ертерек көше беру керек деді. Бірақ қоғамда латынға көшудің жақтастары мен қарсыластары әр түрлі пікір айтуда. Осы жайлы сіз не айта аласыз?

– Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағына байланысты болған соң, оған аса үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Мұндайда науқаншылықты, қазақбайшылықты қою керек. Латын әліпбиіне көшуден бұрын, алдымен оның артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап жатқан тәуелсіз сарапшылардан тұратын комиссияның тұжырымын тыңдау қажет деп ойлаймын. Бұл мәселені биліктің нұсқауымен емес, тек тәуелсіз комиссияның шешімімен ғана жүзеге асыру керек. Бүгінде жұмыс істеп жатыр дейтін сол комиссия биліктің айтқанына бас шұлғи беретін жалтақ жағымпаздардан, елбасы айтты екен деп, құрақ ұшып жүгіріп кететін тіл мамандарынан ғана емес, қоғамдағы түрлі саяси топтардан шыққан ұлтжанды, өз-ойларын, пікірлерін жасқанбай ашық айта алатын, ұстанымын қорықпай, табанды түрде қорғай алатын азаматтардан құралуы керек еді.

Ал менің жеке пікіріме келетін болсақ, жалпы биліктің латынға көшеміз дегеніне түбегейлі қарсымын…

– Неге? Көпшілік білікті азаматтар отарсызданудың алды кириллицадан құтылу деп жатқан жоқ па?

– Оның басты себебі – біздің билік латынға көшеміз деп, ұлттың мүддесін емес, қазақтың жауларының мүддесін қорғап отырған сияқты. Әлбетте латынға көшу идеясы жақсы шығар, бірақ билік оны қай мақсатқа қолданбақшы? Бар мәселе осында.

Әр нәрсенің жақсы-жаман жағы болатыны сияқты, латынға көшудің де екі жағы бар. Мысалы, сіз пышақпен нан кесесіз, ал қылмыскердің қолындағы пышақ – ол суық қару, онымен адам өлтіруге болады. Сол сияқты билік кириллицадан латын әліпбиіне қандай мақсатпен көшпекші: ұлттың болашағын ойлап па, жоқ әлде, бұл ұлтты мәңгүрттендіруге бағытталған кезекті саясат па? Сондықтан да латынға көшудің ақ-қарасын анықтамай жатып, оны іске асыруға асықпау керек.

– Дегенмен, елдің жан-жағынан қалыптасқан геосаяси жағдайда, қауіпсіздік шарасына байланысты билік өз ойын ашық айтпай отырған шығар…

– Ондай жалтақтықпен мынадай үлкен іске аяқ басуға тіпті де болмайды! Кез-келген істің басы, ортасы және соңы болады: мысалы, қарапайым үй тұрғызу үшін, оның іргетасы, қабырғасы, шатыры болуы шарт. Егер осы үшеуінің біреуі болмаса, онда үй сала алмайсыз. Сол сияқты латын әліпбиіне көшудің басты шарты – оған мемлекет тұтастай көшуі керек. Онсыз ол – іргетассыз, батпаққа салынған үйге ұқсайды.

Ал біздің биліктің ұсынып отырған латынға көшу саясаты тек қазақтарға ғана қатысты да, басқа ұлттарға бұның қатысы жоқ екен. Бұл дегеніміз – латынға көшсек, орыстар мен басқа ұлттар, орыс тілді қазақтар бұрынғыша кириллица әлемінде жүре береді деген сөз. Сонда латын қарпі қазақтар үшін ғана қажет болып қалатын түрі бар. Төменгі сынып оқушылары латынша оқып-үйренер, ал жоғары сынып оқушылары мен студенттер, үлкен кісілер латынша ежіктеп отырғанша, үйреніп қалған кириллицасын оқиды. Мысалы, мен орыс қарпімен жазылған газет тұрғанда, ешқашан латыншаны мыжып отырмаймын. Сіз де сөйтесіз – латынша оқып, бас қатырмайсыз.

Осылайша, биліктің латынға көшеміз деген саясаты, таза қазақтардың өзін орысша оқуға мәжбүрлейін деп отыр. Бұның арты бүгінге дейін қазақ тілді, орыс тілді болып, екіге бөлініп жүрген қазақтарды одан ары жіктеп, дүбәра ұлт жасауға алып келеді. Ол кезде ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізден айырылып, рухани құндылықтарымызды әспеттейтін миллиондаған кітаптардан, ғылыми еңбектерден қол үземіз. Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын халықтың 30 пайызы орыстар мен басқа ұлттар десек, оған 20–30 пайызға жуық қазақша білмейтін қазақтарды қосыңыз. Бұл – халықтың жартысынан астамы қазақша білмейді деген сөз. Бұған кириллица қарпінде шығатын газеттер жабылған соң, амалсыз орысша оқитын қазақтарды қоссақ, онда халықтың 75–80 пайызы тек орысша оқып, орысша жазатын болады деген сөз. Бұндай жағдайда қазақтар балаларын орыс мектептеріне беретін болады.

Міне, сондықтан латынға көшетін болсақ, тек қазақ тілді қазақтар ғана емес, тұтас ел, мемлекет болып көшу керек. Бұл жерде басқа жол жоқ. Бұны түсінбеген адам не ақымақ, не халық жауы.

– Сонда сіз латынға көшу ұлтқа қарсы жасалынып отырған саясат деп ойлайсыз ба?

– Ия, менің ойымша, бұл жерде кейбіреулер өздерінің жымысқы мақсатын іске асыру үшін, латынды желеулетіп, елбасын да, халықты да шатастырып, ұлтты мәңгүрттендіре беру саясатын тықпалап отыр. Егер біздің биліктің бұған дейін ұлтқа қарсы жасалған көптеген іс-әрекеттері болмағанда, мен бұлай ойламайтын едім. Мысалы үшін, кезіндегі «қазақстандық ұлт» саясатын еске алыңыз немесе биліктің үш тілде оқыту әдісін еңгіземіз деп жатқан реформасына ден қойыңыз. Бұл солақай саясат қазақ балаларының біліміне, болашағына балта шабуды ойлаған халық жауларының іс-әрекеті. Математика, физика, химия, биололгия пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деу – барып тұрған ақымақтық. Ағылшын тілін мандытып білмейтін мұғалім енді математика мен химияны қалай ағылшынша оқытады? Оқу министрлігінің «мұғалімдерді даярлықтан өткізіп жатырмыз» дегенінің бәрі өтірік, бұл көзбояушылық.

Мақұл, біздің мұғалімдер керемет болып ағылшын тілін тез үйреніп алды делік, бірақ сол пәндерді ағылшынша оқып, түсіну үшін, оқушы алдымен ағылшын тілін жақсы білу керек емес пе? Ондай бала қайда? Ол аздай, енді келіп, латыншаны қоспақшы. Дурдом!

Бір қарағанда, бұл қателік сияқты, бірақ бұл қателік емес, бұл қылмыс! Олардың ойы сауатсыз надан ұрпақ тәрбиелеу, ұлттың мүддесін емес, қазақтың жауларының мүддесін қорғау. Латын әліпбиіне көшу де осы жымысқы саясаттың жалғасы болуы мүмкін. Бүгінгі күні ағылшын тілі мамандығы бойынша ЖОО-ын бітіріп шығатын мұғалімдердің жартысынан астамы сол пәнді толық білмей шығады екен. Сол үшін де, латынға көшуден бұрын алдымен толып жатқан жыртықтарымызды жамап алғанымыз абзал шығар. Латынға көшсек, керемет болып кетеміз деп, халықтың назарын мың-сан проблемалардан басқа жаққа аударып, сөзбұйдаға салғанды қою керек.

– Латынға көшу – түркі халықтарының басын біріктіреді, енді бірінің жазғанын екіншісі оқып, түсіне алады дейді өкімет. Бәлкім, бұл түркі әлемін топтастырудың амалы шығар, бұған не айтасыз?

– Өкімет өтірік айтады! Бұл жерде әңгіме тіл жайлы емес, әліпби жайлы болып отыр. Латынша оқуды білген адам, латын әліпбиін қолданатын ұлттардың тілін біледі деген сөз емес. Мысалы сен латынша жазылған түріктің, немістің француздың сөздерін оқи аласың делік, бірақ олардың тілін білмеген соң, ол сөздердің мағынасын түсінбейсің ғой. Көбіміз мектепте ағылшынша оқыдық, әріпін танимыз, ағылшынша кез-келген сөзді оқи аламыз. Бірақ тілін білмеген соң, сөздің мағынасын түсінбеген соң, оны оқығаннан не пайда?!

Сол сияқты «түркі тілдес халықтар – бауырларымыз, олармен жақындасамыз, бірге боламыз» деп, жалаң ұрандата берудің қажеті жоқ. Бірге болудың заманы баяғыда өтіп кеткен. Қазір барлық түркі елдері глобализм жағдайындағы қатаң нарықта өмір сүріп жатыр. Сондықтан да «латын әліпбиіне көшсек, түркі тектес халықтар 200 миллион боламыз, бір-бірімізбен ағайын-туыстай боламыз» деген жалаң сөзді қою керек.

Әлемдік өркениетте кенже қалған мемлекеттерден үйренетін түгі жоқ. Ертең сол түрік бауырларымыз «ИГИЛ»-мен соғысуға көмекке келіңдер десе, не істейміз, барамыз ба? Бір қазақ бармайды. Бір-бірімізге қолдау білдіреміз дегеннің бәрі бос сөз. Понт! Ешкім – ешкіммен тіліне, түріне, әліпбиіне қарап одақтаспайды. Тілі бір, діні бір арабтарды көріп жүрміз ғой: бір-бірімен қырық-пышақ болып соғысып жатқанын.

Біз түркі тектес ұлттар бір-бірімізбен тек мәдени-рухани байланыста болып, алыстан сыйласып жүргеніміз абзал. Ал кіммен жақындасуымыз керек дегенге келетін болсақ, Алаш көсемдері: «Еңбекқор, рухы мықты, салт-дәстүріне берік ұлт қалыптастырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық, мемлекет құруымыз керек», – деп айтып кеткен болатын. «Жапонияны үлгі етіп, сонымен жақындасыңдар, одақтасыңдар», – деп бізге аманат еткен. Бұл ұстаным 100 жыл өтсе де, өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал біз не істеп жүрміз? Құндылықтардың орнын алмастырып алып, адасып, «қуып» жүрміз.

– Дегенмен, латынды қолдаушылар «латынға көшсек, Ресейдің ықпалынан кетеміз» дейді ғой…

– Ойбай-ау, билікте отырғандар бұлай істемек түгілі, осылай айтуға, тіпті бұлай ойлауға қорқады ғой! Осы билікте отырғандар емес пе еді: кеше ғана Еуразиялық одаққа кіріп, орыспен одақ болсақ, өркендеп, гүлденіп, нұрланып кетеміз деп жүрген. Депутаты бар, министрі бар – барлығы қосылып, бұл президенттің идеясы деп, жер-көкке сыйғызбай жарыса мақтап жүрген еді ғой. Енді аяқ астынан не боп қалды: орыстың ықпалыннан кетеміз деп?!

Кезінде Ленин: «Уақытты келгенде, Ресей латын әріпіне көшуі керек» деп айтқан екен. Сол айтпақшы, бізден кейін орыстар латынға көшсе қайтеміз? Біз орыстың ықпалынан қашу үшін тағы бір басқа алфавитке көшеміз бе? Мүмкін кирилицаға қайтіп келерміз? Әлде бабаларымыз 900 жыл жазды ғой деп, араб алфавитіне көшеміз бе?

Егер орыстың ықпалынан шынымен құтылғымыз келсе, алдымен олардың телеарналары мен газеттеріне тосқауыл қояйық. Біз алдымен бүкіл қазақты бір тілді, қазақ тілді етіп алмай, орыстың ықпалынан ешқашан құтыла алмаймыз. Орыс тілді қазақтарға 26 жылда өз ана тілін үйретуге шамасы келмеген билік, оларға латыншаны қалай үйретпекші? Тілі де, санасы да орысқұл болып кеткен оларды орыстың ықпалынан латынға көшу арқылы шығарамыз деу – тіпті де күлкілі. Нағыз ұлтжанды рухы мықты қазақ ешкімнің ықпалында кетпейді. Ол өзінің рухани тәуелсіздігін кез-келген ортада, орыстың да, қытайдың да, ортасында отырып-ақ сақтай алады.

– Қалай десеңіз де, латынға көшетінімізді билік шешіп қойған соң шығар, оны халықтың көпшілігі қолдап жатыр…

– Көпшілік оның қандай жолмен іске асатынын, зардабы қандай болатынын білмегеннен кейін қолдайды да. Бірақ менің ойымша, біз латынға ешқашан көшпейміз. Латынға көшетіндей болып жатсақ, оған өте көп қаржы керек. Тек осы күнге дейін шыққан кітаптардың бір пайызын ғана латынға аударғанның өзіне миллиардтаған доллар қажет. Бір ЭКСПО-ға кеткен қаржыға жүз мыңдаған пәтер салуға болар еді, ал латынға көшуге одан бірнеше есе көп қаржы керек. Ондай ақшаны қайдан аламыз? Ұлттық қордағы болашақ ұрпақтарымызға деп жинаған ақшаны дағдарысты сылтауратып ұрлап бітірді. Енді жұмысшылар мен қызметкерлердің айлығын тауып бере алмай, дүние жүзіннен қайыр сұрап жүрміз.

Қазір күнін әрең көріп жүрген әр қазақтың мойнына 1–2 кредиттен іліп қойды. Сөйте тұра: «Кредитіңді төлей алмасаң, несіне аласың?!» дейді. Халық қайбір жетіскеннен алады дейсің, тапқаны бала-шағасын асырауға жетпегеннен кейін алады да. Сол кредит алғандардың 1,2 миллионы несиесін қайтара алмай жүр екен. Кредитті қайтара алмаудың қандай қиямет екенін оны алғандар түсінеді. Банк күнде сотқа береміз, үйіңді тартып аламыз деп қорқытады. Туған-туысқандарына хабарласып, жүйкеңді тоздырады, күнде ұрыс-керіс. Одан кейін неге қазақтар жүрек ауыруынан өлетіндерден әлемде бірінші орын аламыз, неге суицидтан – өзін-өзі өлтіруден үшінші орын аламыз деп таң қаламыз. Тұрмыс тауқыметін тартып, тапқанын банк тартып алып жатса, өлмегенде қайтеді?!

Осыдан кейін, өз халқын осындай қасіретке душар етіп жатқан өкіметке қалай сенуге болады?! Міне осы және басқа да қордаланып қалған проблемаларды шешіп алмай, халықтың тұрмыс деңгейін азда болса көтермей, латынға көшу дегенді қою керек.

Кейбір «білгіштер» ол проблемалар бітпейді, латынға көше беруіміз керек дейді. Олар алдымен маңызды проблемаларды шешіп алу керек деудің орнына, тоқсан тоғызыншы проблеманы айтып, шатасып жүр. Бұл жағдай үйінде қатты ауырып жатқан науқас адамға дәрігер шақырып, ем жасатудың орнына, мұнда одан да маңызды жұмыс бар, тауық қораны тазалау керек дегенмен бірдей.

Айтпақшы, биліктегілер осыдан 2 жыл бұрын зейнетақы қорын бір жерге жинасақ, керемет болады деп еді. Енді қайтадан бұрынғы қалпына келтірсек, одан да керемет болады екен деп, солай істемекші болып жатыр. Оңбағандар! Сол сияқты мына биліктің латынға көшеміз деп, науқандатып, біраз ақша жеген соң, бұрынғы кирилицамыз керемет екен демесіне кім кепіл!?

– Ал өздері жасап алған дағдарыстан шығамыз деп, қарманып жатқан үкімет пен бүгінгі қоғамда қалыптасқан саяси жағдай жайлы не айтасыз?

– Біздің үкіметің қолынан бір нәрсе келеді дегенге үлкен күмәнім бар. Небір керемет бастамалар көтеріледі де, орындалуына келгенде – нөл! «Барыс боламыз», «Мәңгілік ел» боламыз деді, енді «100 қадам жасасақ – бітті, бізден бақытты ел болмайды» дегеннің сыңайын езіп жүр. Бірақ осылардың біреуінің орындалғанын көрген адам бар ма? Мен кейде бұлардың ақыл-естерінің дұрыстығына күмәнданамын. Оны халқының жартысынан астамы кедейшілікте өмір сүріп жатқанда, ЭКСПО өткізуі, кезінде қысқы олимпиада өткіземіз деп жанталасқанын көргеннен кейін айтамын да.

Билік оппозицияны қудалап, кейбірін соттап, қамап жатқанына мәз. Бірақ өзінің түрлі топас іс-әрекетімен халықтың наразылығын тудырып отыр. Халық аштыққа, кедейшілікке шыдар, бірақ ар-намысын таптаған әділетсіздікке төзбейді. Бұлай бола берсе, халықтың наразылығының арты өшпенділікке ұласуы мүмкін. Бұл – бүкіл оппозициялық күштердің біріккенінен де қауіпті. 1917 жылғы ақпан төңкерісі ашынған, күн көрістен қиналған екі әйелдің нанның кезегінде тұрып, ұрсып қалғанынан шыққанын біздің биліктің біліп жүргені абзал. Билік өзі отырған бұтақты, өзі кесіп отырғанын түсінбейді. Сондықтан да олар, ақшаны шашып латынға көшеміз деп, қазақты жарылқамай-ақ, өздерінің қара бастарының қамын ойлағаны дұрыс болар.

– Сұхбатыңызға рахмет, Еркін мырза! Сіз айтқан дәйектерді құлағына қыстырған билік болса, оны да көретін күнге жетейік…

Сұхбаттасқан –

Талғат ЖАНЫСБАЙ,

журналист

«DAT» №27 (391)  12 шілде 2017 жыл

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation