Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Бас баған > Елбасы елді алыпқашпа сөздерден сақ болуға шақырды

Елбасы елді алыпқашпа сөздерден сақ болуға шақырды

Ең басты қажеттіліктің бірі – елдің ертеңгі күнге деген сенімі. Ол біздің елімізде бар және орнықты қалыптасқан.  Днгенмен, «Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады» дегендей, түрлі ақпарат көздеріндегі экономикалық болжамдардың ел ішінде түрліше құбылып сала беретіні бар. Осы алаңдаушылықты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің өткендегі кезекті кеңейтілген отырысында дөп басты. Мемлекет басшысы елдегі жағдайды егжей-тегжейлі біліп отырғанын айтып, ертеңгі күннің басты бағыттарын қолмен қойғандай айтты. Ұлт көшбасшысы бұл жолы да атқарушы жүйеге ғана емес, барша жұртқа қажетті бағыт-бағдар нұсқады.

Назар аударуға тура келген нәрсенің бірі – көпшілік қауымның  алыпқашпа әңгімегелерге бейімдігі. Ел арасындағы ала-құлалықты тудыратын фактордың бірі – керкеті-керексіз түрлі ақпараттардың әсіре көптігі. Ұшқырлықтан ұшқалақтығы басым кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің таусылып бітпейтін «әлқисалары» қарапайым жұрттың назарын өздеріне аудара қоюға тіптен құмар. Біткен істі сынауға, бтпеген іске болжам жасауға тіптен шебер.  Олардың дұрыс-бұрыстығын талғауға, ақ-қарасын қорытуға көпшілік қауымның шама-шарқы жете бермейді. Содан келіп, «естіген құлақта жазық жоқтың» ізімен бір әңгіме екінші әңгімеге ұласады. Әлдебір нәрсенің бас жағын естісе болды, аяқ жағын өздері құрап алатын қауым да аз емес біздің ортамызда. Оның соңы алты қырдың астындағы қаржы дағдарысын босағаңа тақап қоюға дейін барады.  Бейсауат әңгімелердің көбінесе қоғамның дәл осындай әр нәрсеге сенгіш, әркімге ергіш бөлігіне үйірсек келеді. Осы бір иірімдерге де Назарбаевтың назар аударып отыратынына тағы бір куә болдық.

Елбасының халыққа қарата айтқан сөзінде «Алыпқашпа деректерге ден қоймай, тек ресми ақпараттарға ғана жүгіну керектігіне» саламақ сала айтты. Бұл баса көңіл бөлетін, аса мән беретін жағдай. Кімге болмасын осындай жағдай төңірегінде кеңірек  ойланып, тереңірек толғанған артық емес. Ресми мәліметке жүгіну дегеніміз – мемлекеттік құрылымдардың еңбегін бағалау, олар таратқан ақпараттарға илану, жоба-жоспарларына сеніммен қарау, қолдау білдіру. Сонда ғана ол адамның бойында Отанына деген сүйіспеншілік, Мемлекетіне деген құрмет басым болмақ. Құрметтің ең үлкені – сенім! Ел мен Елбасы арасындағы сол сенім талай қиын-қыстау күрделі кезеңдерден күре жол тауып, әркез мемлекетіміздің мәртебесін биіктетіп келеді. Тәуелсіздігіміздің қабырғасы қатайып, буыны бекіген шақта, бағаны биіктеп, тамыры тереңдеген тұста Мемлекет басшысы айтқандай: «Алаңдауға еш негіз жоқ».

Олай дейтініміз, барлық бағытта шикізатты өндіру, өңдеу, экспорттау нақты жүйеленіп, оның өркендеуіне ұдайы көңіл де, қажетті қаржы да бөлініп келеді. Өндіріс пен өнеркәсіпті заманауи деңгейге көтеріп, халықаралық нарықтағы бәсекеге лайықтау мақсатында индустрияны үдетуге негізделген бағдарлама бірінші бесжылдығын сәтті аяқтады. Екінші бесжылдығында еңсерілуі керек белестер белгілі. Ауылшаруашылық саласын қаржыландыру мәселесі де еңсеріле түсуде. Мал және жер өнімдерінің саны мен сапасын арттыру мақсатында берілетін субцидиялар мен жеңілдетілген несиелер жеткілікті қарастырылуда. Әлеуметтік мәселелер әуелден мемлекеттің тікелей қамқорлығына өткен. Барлық экономикалық көрсеткіштер мен қол жеткізген табыстар нәтижесі тайға таңба басқандай жарияланып жатыр.

Сонда, қалғаны не? Ендігі қалғаны ертеңгі күнге деген сеніммен еңбек ету. Мемлекетіңе арқа сүйей отырып, көздеген мақсатқа жету жолында жұмыла іске кірісу. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» ұйымшылдығын барлық ортада орнықтыра түсу. Межеленген биіктерді бағындыруға әркім барынша үлес қосуы және өзіне тиесілі жауапкершілікті сезіне білсін. Бұл қоғамның жүйелі дамуына тікелей әсер ететін негізгі тетіктердің бірі. Сол үшін жалпы мен жалқының, жалқы мен жалпының арасындағы сабақтастықтың үйлесуіне үнемі зер салып отыру қажет.

Билік пен қоғам арасындағы сабақтастықтың үйлесімді өрістеуіне тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, әрбір кәсіпорын, мекеме басшылары мен бизнес, қоғамдық ұйым жетекшілері де мүдделі болғаны абзал. Шағын және орта кәсіпкерліктің мейілінше дамуына жол ашып, тиісінше демеу болып  келе жатқан Мемлекет стратегиясын көшбасшылар өзін қоршаған қауым санасына сіңістіруді ең алдымен азаматтық парызым деп есептегені абзал. Бұл да адам бойындағы отансүйгіштік қасиетінің мөлшеріне байланысты. Кәсіптен нәсіп тауып отырған еліміздегі ұйымдар мен ұжымдарыдың жетістіктерге қол жеткізуі жекелеген іскерлік қабілеттерге байланысты болғанымен, олардың жоба-жоспарларын қаржыландырып отырған мемлекеттік бағдарламалар. Жалпы мен жалқының ортақ байланысын нығайта түсуге осындай себептер негіз бола алады.

«Жерұйық» порталы

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation