Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Сандар сөйлейді

Сандар сөйлейді

Бүгінде көп алдында «көлгірсіп», «көсемсіп» сөз алсақ, «статистикаға сүйенсек» деген сөз тіркесін жиі қолданамыз. Мұның өзі аса бір даралығымыз бен даналығымызды көрсететін сыңайлы. Сандар сиқыры түсіне білгенге, түйсігіне тоқығанға үлкен ғылым. Сөз арасында күнделікті болмаса да ара-тұра өзге сөздерімізге жылы ілесетін бұл ұғым бүгініміз бен болашағымызды көрсетсе керек.

Қазақстан статистикасының тарихы тереңнен бастау алады. Тереңіне бармай-ақ, алғашқы Қазақстан мемлекеті – Қазақстан хандығы жайындағы статистикалық деректергетоқталар болсақ, ол құрыла бастағанда (1459 жылы) қазіргі Жамбыл облысының аумағындағы Шу, Талас өзендерінің сағасында 200 мың адам болған. Халықтың саны XV ғасырдың соңына таман бір миллионға жетіпті. РСФСР құрамында Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасы құрылған бетте (1920 жылдың 26-шы тамызы) Қазақ АССР-ының Үкіметі 1920 жылдың 8-ші қарашасындағы қаулысымен «Қазақ АССР-ындағы мемлекеттік статистика туралы ережені» бекітті, іле АССР статистикалық басқармасын құрды. Сонымен, 1920 жылдың 8-ші қарашасы Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні болып ұйғарылды.

Кез-келген елдің даму бағдарын айқындауда, сол секілді серпінді қадамдарды жоспарлағанда статистика саласының маңызды орын алатыны белгілі. Сондықтан, мемлекеттік статистиканы сапалы жүзеге асыруға көп нәрсе байлаулы болатыны да рас. Бұл сала бүгінгі болып жатқан оқиғалардың дерегін сараптау үшін ғана емес, келешекке болжам жасауға, елімізге қандай бағытпен жүруі қажеттігін айқындауға да аса қажет. Оның үстіне, Қазақстан ұзақ мерзімді жоспарларды, бесжылдық шараларды жүзеге асыруды қолға алып келеді. Әсіресе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында статистика саласының атқарар жүгі өте ауыр. Онсыз болашақ индустрияландыруды сапалы жүзеге асыру, өндіріс ошақтарын дұрыс орналастырып, оны кадрмен қамту әсте мүмкін болмас еді. Сонымен қатар, статистика саласының ең негізгі міндеті – халықтың жағдайын жақсартуға қатысты қандай іс-шаралар жасалуы тиістігін айқындап көрсету. Ал, қолда нақты деректер болмаса мемлекеттің даму жолын да, халықтың жағдайын да айқындау мүмкін емес. Сондықтан да, болашағын көбірек ойлаған билік ең әуелі статистика саласына баса мән беруді қолға алады. Аудандық статистика басқармасы да сандар тізбегі арқылы өңіріміздің келбетін қалыптастырып отыр. Аудандық статистика басқармасының басшысы Үміт Солтанаева:

– Баянауыл ауданының статистика басқармасы аудандағы экономикалық және әлеуметтік процестерді жан-жақты және объективті зерттеу, қорытындылау және талдау жұмыстарын жүргізеді. Әдістемелік және нұсқамалық материалдарды пайдалана отырып, статистикалық көрсеткіштердің жеделдігін, сапасын, дұрыстығы мен толықтығын қамтамасыз ету міндетін атқарады, – дейді.

Қазіргі таңда респондентер үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған. Респондент дегеніміз – мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына алғашқы статистикалық деректерді тапсыратын заңды және жеке тұлғалар.

– Респонденттердің басым көпшілігі статистикалық есептерін он-лайн режимінде тапсыруда. Ол үшін әрбір респондент интернет желісі мен электронды цифрлық қол (ЭЦП) арқылы, stat.gov.kz  сайтында өзінің жеке кабинетіне кіріп, барлық статистикалық есептер туралы толық мағлұмат алады. Бұл жүйеде есеп тапсыру өте қолайлы. Уақыт, қаржы және еңбек ресурстары үнемделеді. Мұның мақсаты респонденттерге артылған жүктемені төмендету болып табылады. Сонымен қатар, статистикалық есептерді уақытында тапсырмаған жағдайда, 2015 жылдың 1-ші  қаңтарынан бастап  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 497- бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту құқығы белгіленген. Қол жеткізілген жетістіктердің бірі – бүгінгі күні әр шаруашылық бойынша есепке алудың электронды түрде жүргізілуі. Үй шаруашылығы мүшелерінің тізімі, тұрғын үй жағдайлары, шаруашылықтың жеке меншіктегі мал басы және өзге де мәліметтер енгізіледі. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға сәйкес бұл процесті жүргізу кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің құзыретіне жатады. Әкімшілік деректердің толықтығына, анықтығына және уақытылығына жауапты болып табылады, – дейді Үміт Бибосынқызы.

Статистикалық деректерді пайдаланушылар stat.gov.kz/pavlodar cайтында өздеріне қажетті барлық ресми статистикалық ақпараттарды әр сала бойынша таба алады. Атап айтсақ, 2017 жылғы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы журналы (мұрағат 2009 жылдан бастап), ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы, инвестиция және құрылыс статистикасы және өзге де салалар бойынша ақпараттар орналастырылған сайт өңір тынысынан хабардар етеді.

Жалпы қоғамдық сананы қалыптастыруда статистиканың маңызды рөлін бағалағанымыз абзал. Статистика – қоғамда болып жатқанның бәрін іс жүзінде жарқырата көрсететін қоғам айнасы. Фактілері – тұжырымды айғақтар. Статистика саласының қаптаған анықтамалығының бәрін бір сөзге сыйғызуға әбден болады. Яғни, статистика дегеніміз – сандық деректер, қызмет сипаты, білімнің айрықша саласы. Оның негізгі қызметі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдауға қажетті, сұратылған тұжырымды ақпаратпен қамсыздандыру.

Тобықтай түйіндейтін болсақ, статистика арқылы көп мәселенің байыбына баруға болады. Ең бастысы, осы сала арқылы бүгінгі қазақтың  қандай күй кешіп отырғанын да көз алдыға елестетер едік. Мәселен, қазақ халқының өлім-жітімі, тууынан бастап, мемлекет құраушы ұлттың тұрмыстық деңгейі, жастардың қылмыстық істері, олардың арасында кеңінен тараған аурулар түрін қазіргі статистикадан табуға әбден мүмкін. Тәуелсіздік қазаққа не берді деген сауалды да осы статистика арқылы білуге болар еді. Бір   сөзбен айтқанда, қазақтардың меншігінде қанша жер, қанша малы бар, қаншасы жұмыссыз екенін біліп отырудың өзі көп жайтты аңғартатыны сөзсіз. Сондықтан да, кім-кім де болса статистика органдарына дейін «әншейін статистика үшін» емес «сапалы статистика үшін» жұмыс істеуі еліміз үшін қажет.

Әлия ТАУКЕНОВА.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation