Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Бас баған > «Ақбілек кешенді мемориалы» орнатылса игі

«Ақбілек кешенді мемориалы» орнатылса игі

Елбасы өзінің ұлттық манифест саналатын  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында  былай дейді: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі». Ол мақалада тағы да: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. 

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдар тағы бар. Әйгілі Мұхтар Әуезовтің «Менің ұс­т­а­зым – Аймауытов!» деуі  оның һас талан­тына бас иіп, ұлы суреткерлігіне біл­дірілген әділ баға екені ақиқат. Бүгінгі қазақ әдебиетiн алаш рухына қапысыз суарған жазушы Жүсіпбек Ай­мауытовтың күллі түркінің атажұрты саналатын Алтайдың айнамкөзі – Марқаның көлін классикалық «Ақбілек» романында «Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі…»  деп тамсана суреттеп жазатыны дәл бүгін әр қазақ  оқырманының есінде болса керек. Алты алаштың айбоз жазушысы  «Ақбілек» романын жазғанда басты кейіпкер бейнесіне қазақ қызы  – ана образын алуы да тегін емес. Ұлт тәрбиесі де, ұлт болашағы да Ананың қолында екені әлмисақтан аян. Жазушының ана образын бүкіл түркі елінің түп атасы тараған, түрікшіл Мағжан ақын  айтатын анасындай қастерлі «Алтын бесік Алтайда» туған етіп суреттеуінде де тұңғиық сыр тұнып жатыр. Ертеңгі күні жалпы қазақ қана емес, адам баласы атаулыға адамдық іс-әрекетімен тәнті етер әлемдік Ақбілек образын үлкен махаббатпен жырлаған сұңғыла суреткердің  «Мамырбайдың Ақбілегі,  Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдыратып, былдыратып, ақ көйлегін көлеңдетіп…» деп қазақы бейнелеуі де орынды.  Алтайдай тұнық, Алтайдай сұлу, Алтайдай биік, Алтайдай қасиетті мекеннің қойнында ақ қайыңдай тербеліп, ақ биенің саумалындай таза өскен сұлудың арына ата жауы дақ түсірсе де, Ақбілек дұш­паны­нан да биік болып, зау биіктегі мөл­дір Марқакөліне – тұтас түркі елінің лай­лан­баған тұнығына тәнін шомыла тазаланып,  жауынан көтеріп қалған сәбиін де шомылдырып, екеуі де анадан жаңа туғандай тазарып отырады. «…суы балдай Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, жас түлегі, ана болған, көп әйелден дана болған…».

Сөйтіп романда адамдық табиғи сезім мен адами сананы Марқадай биікке көтерген Қазақ қызы – Ақбілек ананың дана символына айналады. Аймауытовтай сұрапыл суреткер қайғысы мен қасіреті, қуанышы мен сүйін­­ші  Шолоховтың  Аксиниясынан да асып түсетін және одан әлде қайда бұрын жазылған, әлемдік әдебиетте қайталанбас Ақбілектей  әйелдің образы сонау 1925-1926 жылдары төте жазумен хатқа түсіп, 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналында жарияланғаны белгілі. Көне көздердің айтуынша, Жүсіпбек басын ақиық шалған Алтайдың ақжем биіктерінен бас алатын ерке Ертістен Күршім өңіріне пароммен өтісімен, қазіргі Қаратоғай ауылына төніп тұрған Қарасеңгір тауы ішіндегі Қарекем шатымен биікке атпен көтеріледі екен. Қазір ол шат «Торғай сайы» деп аталады. Алаштың айбоз жазушысы осы тау арасында өзі бұрыннан таныс Құнапиямен кездеседі. Оның қайын атасы болыс керей Ысқақпен жүздеседі. Алтайды салт атпен аралап, кеше ғана  ел ішінде болып өткен аласапыран  ақ пен қызылдың лаңы жайында кеңі­нен құлағдар болады.  Осылайша Жүсекең Қалғұты мен Бөкен­бай бойындағы қалың қазақтың тыныс-тіршілігімен жақын танысады. Төбесі ақ қарлы атақты Сарытау биігін, Әкімбай кезеңі, Салқыншоқы, Итқырылған, Қаражал, Ереймен тау шоқы-жалдарын табанымен басып, жайлаудың самырсын шайыры сіңген саф ауасын жұтып, жасыл орманын еркінше аралап, ой-санасын дүр сілкіндірген Ақбілек әңгімесіне қанығады… Жайлауға көшкен елге қосылады. Бүкіл күнгей Алтайды еркін­ше аралап, Марқакөлге дейін барады. Қазір де  Қаратоғайдан әрі қарай, Мар­қакөл бағытындағы бөкен тұмсықтан Бөкенбай тауын қарабауырлай бауырлаған асфальт жолдың  бойында Ақбілек қыздың атақонысының ізі бар… Дәл осы маңда «Қазақтың тұңғыш клас­си­­калық  романист-жазушысы Жүсіп­бек Аймауытовтың атақты «Ақбілек» рома­­нының бас кейіпкері туып, өмір сүрген» атты әдеби-мемориал болуы тиіс. Біріншіден, бұл біздің ұлттық  мәдени мұрамыздың нағыз бір насихаты болар еді. Екіншіден, бұл да туризмнің көзге айқын шалынар, алыстан Алтай өңірі мен аңызға айналған Марқакөл-Ақбілек тандемі өзіне менмұндалай шақыратын символдық салиқалы кешен  болатыны ақиқат! Енді нақты ұсынысқа келсек. Халқы­мыздың ерге адал жар, сенімді серік болар қыз баланың сымбаты мен келбеті, мінезі мен ақылы, тәрбиесі мен өнегесіне орай дәстүрлі талғам-өлшемі бар.  «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» дегенде,  текті қыздың белгісін отбасындағы тәлімнен із­де­ген. Осы тұрғыдан алғанда,  Ақбілек – бү­гін­гі қазақ қыздарына өзінің ажары ғана емес, ақылымен, алғырлығымен, ақжарқын мі­незімен, іскерлігімен, қайраткерлігімен, өзге де адамдық қасиеттерімен тәуелсіз заман­ға лайық атаулы символ болары сөзсіз. Бұл – басты қағидат. Естеріңізде болса, С.Мұ­қановтың «Ботагөз» романы сол уақыт­та жаңа заман жаршысы етіп наси­хат­тал­ға­ны, кеңестік кезеңнің символы болғаны анық. Екіншіден, жазушының өзі Кереку-Баян­ауылда туып, Күршім-Марқакөл жерін­дегі оқиғаларды негізге алып, руханиятта теңдесі жоқ  асыл дүниесін Шымкентте жазуы да қазақ жерінің қадір-қасиетіне куә емес пе?! Үшіншіден, бұл бүгінгі заманда үлкен күшке ие болып келе жатқан туризм индус­триясына түрткі болар айрықша салмақты дүние. Соңғы мәселе. Бұл мемориал қай жер­де орналасуы тиіс? Сөзсіз, бұған ең қолай­лы жер: Күршім мен Марқакөл жақтан тоғы­сатын, оңтүстік жағынан Зайсан ауданынан келіп түйісетін тоғыз жолдың торабы – қазіргі Қалжыр ауылы орналасқан тұс. Жолаушы атаулы айналып өте алмас ұзын жолдың үсті. Қиялай алмас қиысы. Оған талас болмауы тиіс. Ал «Ақбілектің» прототипі саналатын Алтай өңіріне әйгілі, сол сұмдық ғасыр басында қазақтан тұңғыш болыс болған аяулы Дариға қыз – Дариға болыстың туып-өскен отаны. Болыстық үйін тіккен Шығанши  ауылы да осы тұсқа тиіп тұр, таяқ тастам жер. Бұл ұсыныс-жоба – Елбасының жоғары­дағы мақаласында айтылған  «Қазақстан­ның қасиетті рухани құндылық­тары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» жобасына да сай келер еді. Президент тағы да осы орайда «Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс» деп атап өткені тағы бір ескерту. Әлбетте, «Ақбілек кешенді мемориалы» – еліміз тәуелсіздік алуының арқасында ғана жүзеге асатын құбылыс. Бұл ұсынысымызды елім деген Елбасынан бастап,  жергілікті жер мен ел билігін уысында ұстаған облыс әкімі де, арқалы азамат  Мәдениет және спорт министрі де қолдайтынына зор үміттіміз!

Асқар АЛТАЙ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лаураты, Халықаралық Франц Кафка атындағы алтын медальдың иегері,

Сайлау ТӨЛЕУОВ, журналист

“Егемен Қазақстан”

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation