Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Абайтану-2 > Tоғызқұмалақтың хас шебері

Tоғызқұмалақтың хас шебері

(Жігіт ағасы Абайдың төл қыстауында

Өткерген дәурені жайында)

Ақшоқы ауылы… Саналы ғұмырының ең ұзақ кезеңін Абай осы ауылда өткерген. Өзіңіз де ойлаңыз, онда ұлы ақын отыз қысты қыстаған, ондай өзгедей мекен кәне?! Сырт Шыңғыс – кең жайлау. Көшпенді дәуірде тобықты жұрты жаздың ыстығы басталғанда сол жайлауға жетуге асығатын. Қақаған қыстың ұзақ кештерінде әркім сағына еске алатын, қызығы мол үш ай тез өте шығатын да, күзгі салқын бастала бергенде ел Шыңғыстың Ертіс жақ етегі – бауырға қайта оралатын.  Кезінде сол бауырдағы күзеу, қыстаудың бірі – Ақшоқыға Абайдың бәйбішесі Ділдә ханым жас келін болып түсті. Елсіз, қарсақ жортпас құлаздүздің игеріліп, жайлы қонысқа айналуы – Ділдәнің ерен еңбегі. Бәйбіше осы іске күллі ғұмырын сарп етті. Ақшоқы  мекенін халықтың «үлкен ауыл» деп атағаны содан. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде Абай:

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезінің еш кесегі.

…Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан қапыл қалма, –

дейді. Ақын көбіне-көп өз тәжірибесіне сүйенетінін ескергенде, бұл жерде Ділдә бейнесі, оған деген риза көңілі тұрғанын аңдау қиынға соқпаса керек.

Айта өтері, «Абай жолы» эпопеясында Ақшоқыға Ділдә емес, Әйгерім иелік еткендей суреттелген. Яғни, Мұхаң көбіне-көп Әйгерім бейнесіне екпін түсірген. Мұны көркем шығарма талабы, соның арналы желісіне бейімдеу деп ұқсақ дұрыстық. Шындығында «кіші ауыл» атанған Әйгерім қонысы Бөрілі маңындағы Аралтөбе деген жерде, бұл басы ашық жәйт.

Енді «Қыс айлары Ақшоқыда қалай өткен? Ақын уақытын неге жұмсаған?» деген нақтылы мәселеге тоқталып, оның жауабын іздеп көрейік.

Ақшоқы қыстауында болған оқиғалар әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген әйгілі «Абай жолы» эпопеясының «Биікте» тарауында суреттелген.Онда Абайдың 1887-90 жылдар аралығына келетін  өміріне қанығамыз. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов ақынның ән шығарумен қалай әуестегенін өте-мөте таратып айтқан. Сол сияқты тоғызқұмалақ ойынын апталап, тіпті айлап қызықтағаны тап осы жылдар екенін аңдатқан. Билік айту, дау-шарды шешу сияқты ел жұмысына белсене араласқан Абай да Мұхаң назарында. Мұны бас абайтанушы былайша көркем тілмен жеткізеді: «Осымен қатар, Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп, бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол – ел ішінің дау-шары».

Осылайша Мұхаң қаламы 1887-90 жылдары ақындық қызметіне қоса-қабат ән шығару мен тоғызқұмалақ ойынына құлай әуестенген, сонымен қатар, уақытын билік айтуға жұмсаған Абай бейнесін тірілтіп, көз алдымызға әкеледі.

Ақшоқыда қыс айлары осылайша өткенін көзі көргендердің естеліктері де растап, тиянақтай түседі.

Көкбай: «Билікке келгенде Абайдай әділ де таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын», – десе, мұны Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде былайша қостаған: «Менің әкемнен басқаға разы іздеп жүгінетұғын адамды көргенім жоқ». Абайға 1890 жылға шекті дау-шарға, өзге де таусылмайтын ел іші жұмысына қызу араласуға тура келгеніне ресми дәлел – осы жылдың қыркүйек айында генерал-губернатор барон Таубенің аңшылық мылтықты сыйға тартуы. Мұндай сый-құрмет ерен еңбектің куәсі екені өз өзінен белгілі.

Абай қызықтаған ойын-сауықтар қайсы дегенге қатысты Көкбай: «Абай ауылы қысы-жазы өте қонақшыл, дәйім күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. …Ел елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады», – дейді.

Ненің болса да түбіне жетпей тынбайтын әдетінше Абай, әсіресе, тоғызқұмалақты салынып ойнап, ақыры жете меңгеріп шығады. Бұл жайында Көкбай: «Абай тоғызқұмалақта Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгері қатарында болды», – десе, бала, бозбала шағы сол Ақшоқыда өткен Тұрағұл: «Тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтатұғын» дей келе: «Құмалақта әкемді жеңген адамды көргенім жоқ», – деп бекіте түседі (демек, «Ойға түстім, толғандым» деп басталатын өлеңінде ақынның  «…Көрінгенге қызықтым» деуінің бір себебі осы ойында жатқаны анық).

Бір сөзбен айтқанда,  Ақшоқыда өткен қыс айларындаАбайшығармашылықтан бос уақытын үш нәрсеге (ән шығару, тоғызқұмалақ және билік құру) жұмсағанының куәсі боламыз. Оған эпопея тарауынан және  Көкбай, Тұрағұл естелігінен дәлелдер келтірдік.

Тоғызқұмалақты жақсы білетін адамдар, оны «ойшылдар ойыны» деп атайды. Оныңсебебі, жүрек тазарып, ақыл жетіледі. Ойыншының есте сақтау қабілеті артып, ойлау қабілеті өседі. Оны ойнаған адам өмірден қажетті сабақ алғандай әсерге бөленбекші. Сөйтіп, қазақтың құмалақ ойыны тек көңілді сергітіп қана қоймай, рухани байлыққа жол ашатын спорт түрі. Басқаша айтқанда, адамды биікке жетелейтін интеллектуалдық ойынның бірі.Бұл жайында «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітапта (авторлар – Д.Омаров, Е.Иманбаев) кеңінен сөз етілген екен.

Сонымен, тоғызқұмалақ – еріккеннің ермегі емес, ол жанымыз азық алатын ұлттық ойынымыз. ОныңАбайдың өрлеуіне, жан дүниесі дамуына өзіндік үлес қосқаны даусыз.

Мұхтар Әуезов әйгілі эпопеяның «Биікте» тарауындаәнді ұйып тыңдаған Абайды былайша суреттейді: «Айналасындағы жұртты ұмытып, Абай әсем әнмен ілесіп, ой сезіміне бар ынтасымен берілген еді».  Әнді тыңдау және шығару шағында Абай болмысын әуен, саз құдіреті қаншалықты билеп алған болса, ақын тоғызқұмалаққа да бар ынтасыменберіле, еңсе салып ойнаған. Осыған көз жеткізуге және интеллектуалдық ойын атмосферасын сезіну үшін жаңа аталған тараудан үлкенірек үзіндіні келтіре кетейік:

«…Бұлар Кішкене молда, бағанағы Мұхаметжан екен. Және солардың алдында тоғыз құмалақтың ағашын бір қолына ұстап, тері дорбашадағы тастарын бір қолына алған Көрпебай кіріп келе жатты. Келгеніне үш-төрт күн болса да, Көрпебай Абайға тоғыз құмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі боп алған ойын бар. Кейде таңертеңгі шайдан түстікке шейін ойнағанда, бір ойынды тауыса алмай айырылысатын. Кеше кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойын үзіліп қалған.

Енді Көрпебай «тоғыз құмалақ» ағашын алып кіргенде Абай: «Тағы алаң кірді, қоя тұрайын» деп, Пушкин томының беттерін жауып қойды. Көрпебайға: – Құр, кешегіңнің есесі енді қайтпаса, сен ағалап тұрсың! – деді.

Сары сүйектен істелген жылтыр, жұмыр «құмалақтар» ұядан ұяға тоғыз-тоғыздан сырт-сырт түсіп жатты. Абайдың ұяларын да Көрпебай толтырып жатыр. Мұның қолы ағаш үстінен жүргенде лыпыл қағып, қалқып жүрген сияқтанады. Ұяларға санап түсіріп жатқан тастарды қандай қозғалыспен бөгелместен дәл түсіріп жатқанын байқау қиын.

Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда, әдейі шақыртып алып, жиырма күн, бір айдай табан аудармай ойнап қалатын кісілерінің бірі – Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай».

Мінеки, эпопеядан алынған үзіндіден Абайдың тоғызқұмалақты апталап, тіпті айлап ойнағанына және тобықтының Көрпебай сынды күшті ойыншыларын ұтқан хас шебер болғанына көз жеткіземіз.

Шындық үшін айтайық, 1891 жылдан соңақын өзін алаң еткен шаруа атаулының бәрін де аулақ серпеді. Оның ішінде ән шығару және тоғызқұмалақ ойнау машығынанда біртіндеп бас тартқан. Неге? Оған басты себеп – Абай ағартушылықтан ойшылдық сатыға аяқ басқан болатын. Осы жылы, Мұхаң сөзінше, өмірдің жаңа беліне шықты.«Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңіндеАбай:

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар, –

дегені де бізге осы жайды аңдатады. Ендігі уақыты мен күш-жігері ғақлия мұрасына сарқа жұмсалмақ ниетін бірінші қара сөзінде: «Енді мұнан басқа еш жұмысым жоқ» деуімен Абайдың өзі паш етеді емес пе! Осы тоқтамына сай Абай маңында әнді, дойбы мен тоғызқұмалақты қызықтаған сауықшыл көпшілік толық сейіліп, жанында балалары мен шәкірт болып ерген жастар, яғни іні-достары ғана қалған.

Әрбір әлемдік классиктің саналы ғұмырын өткізген аумақ киелі. Гетенің, Пушкин мен Толстойдың шабытын шалқытқан құдірет – туған жерлері деп саналады. Абайдың поэзиясы туылған және таралған топырақ –  Ақшоқы. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып тарап жатты». Көрдіңіз бе, Мұхаң турасын айтқан. Әрине, тараудың «Биікте» аталғаны да осы себептен.

Шындығында Абай поэзиясының Меккесі Жидебай емес, Ақшоқы! Ақшоқы кезеңіндегі ақын шығармалары «Абай – қазақтың ақындық өнерін шырқау биікке көтерген классик ақын» деуімізге арқатірек дәлел. Сонымен бірге, аталмыш қыстау – тоғызқұмалақтың ордасы болғанын, ол ұлы Абайдың өзі қызықтаған  ұлттық ойынымыз екенін ұмытпай, мақтанышпен айтып жүруге тиістіміз.

 

Асан Омаров,

абайтанушы ғалым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation