Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > Шығыс өңірдегі алғашқы мешіттің орыны табылды

Шығыс өңірдегі алғашқы мешіттің орыны табылды

Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» кітабында: «Әбілпейіз сыбан еліндегі Байқара би аулына келіп қоныстанды. Шыңғыс тауының етегін мекен жайлау етіп, қос өзен бойына салған мешітінің негізі (фундаменті) 1860 жылға дейін бар болған. Имамы Аюб қожа ишан болып оның әулеті бүгіндері мұрын елі ішінде. «Ханым патша мешіті» дейтін Қызылшілік деген жерде орны бар»[1,114].(Тауарих хамса. 114 бет)  деп жазады. Осы дерек негізінде Құрбанғали имам айтып отырған Әбілпейіз ханның кім екеніне тоқтала отырып, оның мешітті қай уақытта салдырғанын мөлшерлеп шығаруға болады.

Әбілмәмбет ұлы Әбілпейіз – Қазақ хандығының XVIII ғасырдағы қарама-қайшылығы мен ұрыс-жорықтары мол кезеңіндегі көрнекті  мемлекет және қоғам қайраткері, Жоңғария мемлекеті құлағаннан кейін қазақтардың шығыс өңірге қоныстануын бастаған ұлыс билеушісі.

Әбілпейіздің көзін көрген орыс офицері И.Андреевтің жазбаларында «1782 жылы Әбілпейіз сұлтан Семипалат бекінісінен 300 шақырым қашықтықтағы Шыңғыстау ішіндегі өз қыстауында отырды. Ол бұл жерді 40 жылдан бері тұрақты мекендеп келеді» [2,57] көрсетілген. Әбілпейіздің 1783 жылы дүниеден өткендігін де осы И.Андреевтің: «1784 жылы ақпанда Әбілпейіз сұлтанның жылдығына қытай императорының бұйрығы бойынша Пекиннен 2 офицер, 50 мұңғұл, 50 қалмақ, 6 манчжурдан құралған делегацияны басқарып амбан келді» [2,59] деген дерегі арқылы нақтылауға болады.

Сонда Әбілпейіз бұл жерге 1740-45 жылдар аралығында келген болып шығады. Бұл қазақ қалмақ арасындағы аса қатты шиеленісті оқиғаларға толы уақыт болатын. 1741 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен қазақ даласына кезекті рет жойқын жорық жасап, қазақтың болашақ ханы Абылайды тұтқынға алады. Қазақтың сол кездегі ханы Әбілмәмбет жоңғарларға қаз дауысты Қазыбек бастаған үлкен елшілік жіберіп, кіші ұлы Әбілпейізді кепілдікке беріп, Абылайды тұтқыннан босатып алады. Қалдан Сереннің басқа да шарттарын толық орындап, ендігі уақытта бейбітшілікте болуға келісім жасасады. Бұл – тарихта «Қандыжап шарты» деген атпен қалған бейбітшілік туралы келісім болатын[3,38].

Екі жылдан соң қалмақтарға Барақ сұлтанның баласы Шығай аманатқа жіберіліп Әбілпейіз қайтарылады. Жалпы, орталық азия елдерінде қауіпсіздік кепілі ретінде ел билеушілерінің бірінің баласын, немесе етжақын туысын бір-бірінен аманат түрінде алу ертеден бар дәстүр. Аманатқа берілетін бала балиғатқа толмаған әрі жасы сегізден кіші де болмауы керек. Балиғат жасы ер бала үшін – 13 жас (он үш отау иесі) [4,292].

Қазақ пен қалмақ арасындағы сол кездердегі негізгі шекара шығыста Аягөз өзені, солтүстік шығыста Шар өзені бойымен өткен. Бірде жауласып, бірде келісім жасап татуласып жататын көшпелі халықтар арасындағы шекара да өзгеріп тұратын. Жауласқан жылдары бір-бірінен қашық кетіп,  араларында үлкен аумақ бос қалатын болса, бейбітшілік кезінде жақындасып, жайылымға байланысты шекаралық аймақтарға қатар қона да берген. Орыс деректеріндегі «…наймандардың көп бөлігі жоңғарлармен аралас көшіп-қонады» [5,136] дегені осындай тату тұрған кездегі, яғни 1743-1745 жылдары болатын. Мұндай құбылысты «в 1744 г. началась инфильтрация казахов в джунгарские пределы» [5,136]  деп, ғалым В.А.Мойсеев дәл ғылыми анықтама берген.

Жасы әлі балиғатқа толмаған Әбілпейіздің наймандарға билеуші болып келуі тура осы кезге дәл келеді. Бұны Құрбанғали Халидтің Әбілпейізді сыбан Ботақара, мұрын Боранбай, қыржы Қыстаубай, қожамбет Сырымбет, байсиық Толыбай билер Әбілмәмбет ханнан сұрап әкелді деп жазғандары мен төмендегі тарихи жер атаулары да қуаттап тұрғандай.

Қарқаралы жақтан шығып, Шыңғысты бауырлай Аягөзге қарай баратын ескі керуен жолының «Хан жолы» аталу себебі Әбілпейіздің найман еліне төре болып алғаш келгендегі жолы болғандықтан болуы керек. Осы өңірдегі Ханкелді аталатын жер атауы да осы нұсқаны бекіте түскендей. Әбілмәмбет хан тұратын қазақ елінің астанасы – Түркістаннан шығып шығысқа қарай кететін негізгі сауда жолдары Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды жағалай отырып, Жетісу арқылы өтеді. Шыңғыстауға келу үшін де Балқаш көлінің шығыс жағымен айналатын осы жол сәл алыстау  болса да, бекет болатын елді мекендері жиі, жер бедері мен табиғаты қолайлы жол. Бірақ, қазақтың оңтүстіктегі қалалары мен Жетісу жоңғарлардың қолында болғандықтан, қанша бейбітшілік орнады дегенмен қалың қалмақты қақ жарып Әбілпейізді бұл жолмен әкеле алмайды. Сонда Әбілпейіз Түркістаннан Шыңғыстауға Сарыарқаның оңтүстігін жағалай, Қарқаралының үстін басып келуі әбден мүмкін. Жолдың ең төтесі де, қисындысы да осы болады. Шөл және шөлейтті болып келетін елсіздеу, суы тапшылау  жерлердің үстінен  өткенімен бұл жол көшіп үйренген қазақтарға аса көп қиындық келтіре қоймайды[3,35].

Келісімнен кейінгі 1744  жылы қазақтар мен қалмақтар  бір-бірімен сауда жасап, араласа қонып, тұтқын алмасып, ара қатынасы бейбіт жағдайға түсті. Абылай сұлтан мен Қалдан Серен тығыз байланыс жасап тұрды. 1745 жылдың 10 қаңтарында Өскемен бекінісінде  ұранхайлық қалмақ Карна дегеннің: «қазақтар мен қалмақтар қазір бір бірімен тату, Абылай сұлтан өз халқынан алым жинап, қалмақ билеушісі Қалдан Серенге жіберіп тұрады. Ол Шар-Құрбан өзенінің бойында көшіп-қонады. Ал, Абылай сұлтанға Қалдан Серен астық жібереді» (5;137) деп берген түсініктемесі сақталған.

Әбілпейіздің қаракерейден тарайтын байыс ұрпақтарының ішіне келуі 1743-1744 жылдар деп шамалауға болады. Әбілпейіздің әкелінуі туралы аңызды Құрбанғалидың мына бір деректері де қуаттап тұр: «…бала әлі балиғатқа жетпеген жас екен, ғұрып бойынша бесік керті (атастырылған қалыңдығы) Бөкей ханның қарындасы, Әбілқайыр ұлы Нұралының қызы Патшайымды бірге ұзатып әкеткен. Әбіл файз сыбан еліндегі Байқара би аулына келіп қоныстанады» (1;114). Осы деректерден Әбілпейіздің 1743-1744 жылдары, 11-12 жасар бала кезінде, Шыңғыстау-Ақшатаудағы өмірлік қонысы болған жерге келгендігі анықталады.

Дін исламның тірегінің бірі саналатын Түркістанда туып-өскен хан баласы далалық жағдайға келгенде мұсылмандық парызын тастап кетпейді ғой. Сондықтан Әбілпейіздің жаңа қонысы Шыңғыстауда дала жағдайына бейімделген мешіт тұрғызуы заңдылық. Оның үстіне шекаралық аймаққа елдің рухани ұстанымын айғақтайтын айшықты белгі ретінде мешіт салудың сол кездегі жағдайға байланысты саяси мәні де зор болатын. Өйткені, бұл өлкені бірнеше ғасыр бойына иеленген кезде жоңғар мемлекеті өз діндері буддаға табыну орны – ламаистік монастырьлердің бірнешеуін салып тастаған болатын. Солардың ішінде бізге белгілісі – Ұлан ауданындағы Аблаинкит (1654 ж. салынған), Семейдің орнында болған Доржинкит (17 ғасыр), Қалжыр өзенінің төменгі ағысында Бошукты-хан-кит, Ақжар маңындағы Әмірсана жамбылы және т.б. монастырьлер. Бұдан басқа да көптеген көшпелі будда монастрьлері болған[6,86]. Олардың көпшілігінің орнындағы қирандылары осы уақытқа дейін сақталған.

Әбілпейіз салған мешіт туралы жазбаша дерек  болғанымен, оның нақты орны белгісіз қалып келе жатқан-ды. ХVІІІ ғасырда салынған мешіттің орнын анықтау үшін өлке тарихына асқан қызығушылықпен қарайтын Айбек Каримовтың бастауымен биылғы күздің бір сәтті күні Шыңғыстауға сапарға шыққан болатынбыз. Абай ауданының аумағында орналасқан Әбілпейіз (жергілікті халық Әлпейіс деп те атай береді) өзенінің бойындағы Әбілпейіздің зиратын көп адамдар біледі екен. Қасқабұлақ ауылында тұратын ауданның құрметті азаматы Амантай Мұқатаев Әбілпейіздің зиратының қайда екенін қолмен қойғандай айтып берді. Сонымен бірге «ол жерде Ханның ішкі құрылысы ғана жерленген, сүйегі Түркістанда» деп Әбілпейіздің тарихын да жақсы білетіндігін аңғартты.

Қазіргі кезде Әбілпейіз өзенінің бойын жаз жайлауы етіп отырған Бөпеғазы Амангелдиев деген кәсіпкер азамат жолбасшы болып өзінің жайлауындағы Әбілпейіз зиратына бастап алып барды. Зират өзеннің сол жағындағы кішірек төбенің оңтүстік беткейінде орналасыпты. Шикі кірпіштен қаланған аумақты зираттың орны ғана қалған. Ғасырлар бойғы жауын-шашын мен жиі соғатын жел өз дегенін жасаған екен. Бір жақ қабырғасында қаланған кірпіштерден биіктігі бір метрдей ғана қалыпты, қалғаны үгітіліп жер болып кеткен.

Осы жерде тастан қаланған мешіт болғандығы туралы жол бастаған жергілікті азаматтардан сұрастырғанымызда, олар мешіт жайлы ештеңе естімегендерін айтты. Әбілпейіздің зираты төбенің басына емес, беткейіне салынған, ал төбенің басында да ескі зиратқа ұқсайтын қорым тастар байқалды. «Төреден жоғары кімді қойды екен, әлде тіпті көнеден келе жатқан қорым ба?» деген оймен төбе басына шықтық. Міне, ғажап! Біз іздеген мешіттің орны осы болып шықты, қабырғалары 4-5 метр болатын шаршы қоршау, құбылаға қараған есігінің орны да ап-айқын білініп тұр. Қоршаудың іші теп-тегіс, қабір орны жоқ. Қабырғасына қаланған тастар құлап, шашылыңқырап кеткенімен негізгі пішіні бұзылмаған қалпы. Оның үстіне мешітті биік, көрнекі жерге тұрғызатыны белгілі.

Мешіттің көлемінің шағын, құрылысының қарапайым болуына қарағанда, Әбілпейіздің алғаш келген кезінде асығыстау салынған болуы керек. Бұл мөлшері 1745-1750 жылдар шамасы болады. Содан кейінгі кезде Жоңғарияның ішкі қақтығыстары мен құлауы, Қытай билігінің ықпалының артуы, қалмақтан босаған жаңа қоныстарды басып қалу сияқты жаугершілік замандағы күрделі үрдістер кезінде мешітті жаңалауға мүмкіндік те болмаған тәрізді. Бұл мешіттің «Ханым патша мешіті» деп аталуы Әбілпейіздің бәйбішесі Нұралы ханның қызы Патшайымның атына байланысты болса керек. Кезінде осы жерде ханның үлкен әйелі отырғандықтан «Ханым Патшайым» аталуы да мүмкін.(Әбілпейіздің төрт әйелі болған)

Әбілпейіз дүниеден өткен соң ұрпақтары арасында болған келіспеушіліктен, Қытай үкіметінен «уан» атағын алған Ханқожа  Зайсан жаққа қарай көшіп кеткендігін де Андреев жазып кеткен болатын. Бел баласы Бопының ұрпақтары да Аягөзге қарай жылжып қонған соң мешіт қараусыз қалып қойған сияқты.

Елбасының «Болашаққа бағдар; Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «туған жер» бағдарламасы аясында қолда  барымызды  жаңғыртудың тағы бір мүмкіндігі келген сияқты, яғни Әбілпейіз  мешітін қалпына келтіруді қолға алса болар еді. Ғимараттың архитектуралық бейнесін шығару үшін сол заманда көшпелі елдің рухани қажетін өтейтін Арқадағы басқа мешіттер туралы мағлұматтарды зерттеу қажет. Шағын мешіттің төбесін көшпелі жұрт шаңырақ көтеріп күмбездеп, киізбен жабуы да мүмкін ғой. Діни аңыздарға қарағанда алғашқы мешіт VІІ-ғасырдың бірінші ширегінде Мәдине қаласының жанындағы Құба деген елді мекенде салынған. Төбесі пальма ағашының жапырақтарымен жабылған төрт бұрышты үй болған екен[7,19]. Діни сауаты мол бабаларымыз бұдан хабардар болар. Олай болса мешіт төбесін далалық жағдайдың мүмкіндігіне қарай киізбен жабуы әбден мүмкін.

Әбілпейіз салған бұл мешітті бәлкім, шарты түрде ғана Шығыс өңірдегі алғашқы мешіт деп атауға болатын шығар. Өйткені, еліміздің шығыс өңірінде мешіттер салу ісі негізінен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталды деп есептелінеді. Қазіргі кезде  бізге белгілі мешіттердің көне дегендерінің өзі ХІХ ғасырдан арыға бармайды. Семей қаласында қазақтан шыққан кәсіпкер байлар алғашқы мешіттерді салды. Атап айтқанда, ІІ-гильдия көпесі Тінібай Кәукенов 1834 жылы, терістаңбалы руының старшыны, кәсіпкер бай  Жоламан Жандарбеков 1841 жылы Ертістің сол жағалауында сәулетті мешіттер тұрғызды.

Ресей үкіметінің отарлау саясаты мен христиан миссионерлерінің белсенді әрекеттерінен қауіптенген ел жақсылары қазақ жұртының өзіндік ұлттық келбетін сақтап қалу үшін барынша күресіп бақты. Кенесары Қасымұлы сияқты қарулы көтеріліске шығып, патша жасақтарымен тіресіп көргендердің бірі Сыбанқұл Ханқожин болды. Бірақ, қазақтың ықпалды адамдарының бір бөлігі алып империяға қарумен қарсы шығудан нәтиже шықпайтындығын терең ұғынып, елді сақтаудың басқа жолдарын қарастырды. Қазақтың кешегі ел ұстаған билерінің сарқытындай болған Құспек сұлтан, Құнанбай қажы, Тана мырза сияқты заман ағымын түсіне білгендер ұлтты сақтаудың бірден бір жолы  – мұсылмандық қалыпты бекемдеу деп таныды. Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезде 1851 жылы Қарқаралыда мешіт салдырды. Көкпекті округінің белді адамы би Тана Тілемісұлы Көкпекті мен Бөкен өзендерінің бойында бірнеше мешіт медреселер салдырған екен. Сондай-ақ татар байлары да бірнеше мешіттер салуға мұрындық болды.

Әбілпейіз мешіті жоғарыда аталған діни ғимараттардан кемі бір ғасыр шамасында бұрын салынған. Солай бола тұрса да біздің өңірде жоңғарлардан әлдеқайда бұрынғы қимақ заманында мешіттер салынған болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығара алмаймыз.

Қимақтар VІІ ғасырда Ертіс өзені алқабымен Алтай тауының солтүстігін мекендеген халық. ІХ-ХІ ғасырларда Қимақтар күшейіп, белді елге айналды. Олар көк тәңіріне, жер-су киелеріне, отқа, аруақтарға, Ертіс өзеніне сиынған. Тас мүсіндер орнатып, оларға табынған. Қимақтардың енді бір бөлігі манихей дінін ұстанған. Кейінірек қимақтардың алдыңғы саптағы, оқымысты азаматтары арасында Ислам діні тарайды. Осы мұсылман қимақтардан шыққан Жанах Хақанұлы әл-Қимақи (ХІ ғ) деген ғалым қимақтар хақында кітап та жазған екен.(8,70) Әл-Идриси (1100-1166) өз еңбектерінде Шығыс Қазақстаннан шыққан осы мұсылман ғалым бабамыздың бізге жетпеген кітаптарынан пайдаланғанын жазады[8,70]. Мұсылман діні тараған жерде мешіт болуы заңдылық. Сондықтан Семей қаласының орнында болған «тас мешіттер» туралы және басқа да деректерді жоққа шығаруға болмайды.

Мұхаметбек Асылбеков,

өлкетанушы. Семей

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса. –Алматы. 1992.
  2. Андреев И.Г. Описание Средней Орды Киргиз-кайсаков. –Павлодар, 2006.
  3. Каримов М. Асылбеков М. Әбілпейіз. –Қарағанды. -2014.
  4. Омари Ж. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. –Астана. 2011.
  5. Мойсеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (ХҮІІ-ХҮІІІвв.) –Алма-Ата.1991.
  6. Шығыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы. -2014 ж.
  7. Қазақ совет энциклопедиясы. 8-том. -Алматы. -1976 ж. 664 б.
  8. Бұлұтай М.Ж. Ата-баба діні. Түріктер неге мұсылман болды? –Алматы. 2000. -504 б.

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation