Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Бас баған > Қ.Болысов: Ауызбірліктің алмайтын қамалы жоқ

Қ.Болысов: Ауызбірліктің алмайтын қамалы жоқ

Өткен айда Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері Комитеті, дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлының қатысуымен қайырымдылық мекемелердің жиыны өтті. Осы кездесуде, «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Болысов Қалинұр Қасықбайұлы төмендегідей мәліметтерді ортаға салыпты. Өз істерін мемлекет мүддесіне сай ұштастырып келе жатқан қайырымдылық мекемелерінің іс-қимылдарынан хабардар беретін деректі жайды жұрт назарына ұсынып көрелік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп біздің алдағы уақытқа тән іс-әрекеттерімізге тура жолды нұсқап берген-ді. Шынымен де, ертеңгі болашағымыз жас буынға не үлгі, не өнеге көрсетеміз. Егер біз болашақта дамыған, әрі бәсекеге қабылетті ұлттар қатарында қаламыз  десек, кіндік тамырымыздың нәр алар бастауы, мөлдір тұнығымыз,  ата дәстүрімізді  әуелі өзіміздің салт – санамызда жаңғыртып, оны одан әрі болашақ ұрпақтың жадына, бүгінгі жеткіншектерімізбен жастарымызға отбасылық құндылықтардың темірқазығы ретінде терең сіңіре білуіміз  өте маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Тәрбие тал бесіктен басталады, яғни  «ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» дейді халық даналығы. Бүгінгі өскелең ұрпақтың тұлғалық қалыптасу барысында оның отбасында, қоғамдық ортада не көргені, не естігені, нені жасағаны, немесе жасамағаны оның болашағына зор ықпал етерін баршамыз да білеміз. Алдыңғы толқын ағалар ретінде біздің мойнымыздағы азаматтық парызымызбен тарих алдындағы зор жауапкершілігімізді сезінер болсақ, сонау ықылым заманнан атадан балаға мирас болып  келе жатқан, қойнауы кенге, өрісі малға толы ұлан-байтақ даламызға мұрагер болып қалатын ертеңгі ұрпақтың кескін-келбетінің қандай болмағын қалаймыз? Әрине, көргіміз келетіні ұлтарақтай жеріне де,  қылтиып өскен  шөбіне де, өзені, көлі, суына да, орман-тоғай нуына да қиянат жасамастан, өз кезегінде келесі буынға  тапсырып бере алатын, аманат жүгінің батпандай салмағынан белі қайыспай, «Толағайдай тау көтерер» тұлға.   Әрине, барды ұқсатып базар қылатын, жоғымызды жоқтап, мұңымызды мұңдайтын, елдің көсегесін көгертетін  біліміне  білігі сай азамат. Шаршы топтан суырылып шығып  сөз бастай білетін, ел басына күн туса басын бәйгеге тігіп қол бастай білетін, ақиқатқа тура жол бастай  білетін саясатта сарабдал, көшбасшы, белсенді жастар.

Біз тәрбиелеп жатқан ұрпақтарымыздың бойынан өзін және отбасын, отанымыз – Қазақстанды сүйіп, оның болашақта мәңгілік елге айналуын армандап, соған лайықты өзінің үлесін қоса білетін тұлғаны көргіміз келсе, Отанды сүю иманнан екенін естен шығармағанымыз абзал.  Бірақ бұл жерде  олардың имандылық  әліппесін кімнен  қалай үйренеді,   қай жерде, қандай білім алады, бағыт-бағдары дұрыс па деген сұрақтардың туындауы да, әлбетте  орынды.   Сол себепті де қарапайым халықтың ата-ана ретінде көңілінде дүдамал болып  жүрген маңызды мәселеленің бастысы да  сол ұрпағының болашақ тағдыры.   Қәзіргі уақытта  ғаламторды кезіп жүрген  адамды тура жолдан адастырып, іштен шығар жау қылып шығаратын қаскүнем сайттар толып жатыр. Соның арғы жағында жасырынып отырып өздерінің сұрқия саясатын насихаттайтын  қараниетті топтардың жастарға өз  ықпалын жүргізу үшін небір құйтырқы әрекеттерге баратыны да белгілі. Олардың түпкі мақсаттары ұлттық санамызды бұғаттап, сенімімізге селкеу түсіру. Ұрпақтарымызды адамзаттың рухани құндылықтарымен бірге тұтаса келіп бізге жеткен халқымыздың салт-дәстүріне қарсы қоюға итермелеу. Еліміздің бірлігіне сына қағып, бір-бірімізге айдап салып бүлік шығару.   Жан-жақтан анталап келіп жатқан осындай деструктивті  жат ағымдардың жастарымызды уысына түсіріп алып кету қауіпінің орын алуына көз жұмып, бей-жай  қарауға болмайды.  Аллаға шүкір, тұрмыс-тіршілігіміз түзеліп, көпшілік ішер ас, бір киер киімін уайым жасамайтын деңгейге жетті. Ендігі алаңдаушылық өскелең ұрпақтың ертең, сан тарау шытырман жолдардың  ішінен қайсысын  таңдайды деген сұрақ. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтып кеткендей,  «біреулер тоңып секіріп жүргенде, біреулердің тойып секіріп», барлық пен байлықты көтере алмай, ешкіммен санасқысы келмей, тек менікі жөнге салып көкірек керіп жүрсе, енді бірі азды қанағат тұтпай, жетпесе тартып алмаққа әрекет жасап, заңсыз жолмен тезірек дүние жинамаққа ұмтылуда. Тағысын тағылыр.

Отбасы құндылықтары деген түсінік, рухани жұтаңдыққа ұшырап материалдық байлыққа ұмтылудың көлеңкесінен шыға алмай, ер-азаматтарымыздың жауапкершілікті толық сезінбеуінен қыздарымыз жесір, сәбилеріміз  тірі жетім болып қалуына етіміз үйреніп бара жатқаны да  жақсылықтың нышаны емес. Азаматтық неке деген желеумен некесіз өмірге келген бейкүнә сәбилеріміз әртүрлі жағдайда тастанды болып жатуы,  әрбір қазақ азаматының ары мен намысына үлкен сын болып табылуы тиіс.  Өкінішке орай статистикалық деректерде  біздің елдің тек суицидттің өзінен әлем елдері арасында алдыңғы төртінші орынды иеленіп тұруы бүгінгі күні осындай ахуалдың алаңдатар тұстарының аз емес екендігінен хабар береді.  2016 жылғы мәліметке жүгінсек, тек бір жылда  1756 өз-өзіне қол салу жағдайлары орын алған. Соның ішінде тек 700 ден астам дәйектің ғана нақты себептері анықталған. Олардың басым көпшілігі  жалғыздықтан, тұрмыстық ауыртпашылыққа шыдамаудан, ата-аналарымен, туыстарымен тіл табыса алмай керексіз сезіну сияқты жағдайлардан осындай өз-өзіне қол жұмсауға барған.  Ал қыздарымыздың кәмелет жасына жетпей жүкті болып қалуы жағынан  Батыс Еуропа елдерінің өзінен оза шауып, оларды екі-үш есе артқа тастап кетіппіз.  Тағы да статистикалық деректерге жүгінер болсақ, тек  соңғы бес жылдың ішінде 33,051 осындай жүктілік жайлы дәйектер тіркелген, соның ішінде мектеп қабырғасында жүрген  15-18 жас аралығындағы  9906 қыздарымыз жасанды түсік жасатқан. Осы тәрізді  жағымсыз жағдаяттардың орын алу себебі неде?   Біздердің ата-бабаларымыз ешқандай да бір түрмесіз, қамқорсыз қалған жетім-жесірсіз, даланың әділ заңы үстемдік құрған қоғамды қалыптастыра алғанда, сондай өрмінезді, намысты  халықтың  бүгінгі   ұрпақтары  неліктен  осындай азғындықтарға  душар болдық? Осылай жалғаса берсе еліміздің ертеңі не болмақ? Біз еркіндік алып, егемен болдық, енді елімізді көркейтсек дегендегі күткен үмітіміз қандай  еді? Осы кеткен  кемшіліктеріміздің орнын толтырып, алдағы уақытта шынайы азаматтық қоғам қалыптастырудағы  біздің ендігі  жасайтын әрекеттеріміз қандай болмақ?   Біз де   өз тарапымыздан келешек ұрпақ алдындағы алдындағы борышымызды сезіне отырып, осы уақытқа дейін не жасай алдық және келешекте не жасай аламыз деген заңды сұрақттар төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы  мақаласындағы «ұлтымыздың рухани жаңғыруындағы қоғамдық ұйымдардың рөлінің де аса  маңызды екенін»  ескере келе, еліміздің барлық аймақтарына таралып,  қайырымдылық негізде қызмет жасайтын мекемелердің басын қосып отырған «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығының тарапынан атқарылып жатқан қызметтері жайында бірер ауыз сөз қозғамақпыз. Өздеріңізге белгілі, енді ғана егемендік алып  елдігімізді құрмаққа әрекет жасап  жатқан шақта бізге достық ниетпен қол ұшын созған жанашырларымызбен қатар, жеріміздің қойнауындағы мол байлығымызға көз сүзіп, «бөліп ал да, билей бер» ұстанымымен ел-халықтың береке-бірлігіне жік салу мақсатын көздеген жат пиғылды топтар да өз мақсаттарына жету үшін түрлі-түрлі миссионерлік ағымдарды алып келді. Осындай сәтте келешек ұрпақ алдындағы зор жауапкершіліктің салмағын сезініп, бүгінгі біздің бірқатар жетістіктерімізге жол ашып берген алдыңғы буын ағаларымызбен апаларымыздың еңбегін ескере кетуді жөн санап, олардың сол уақыттағы ерлікке парапар  тыңнан жол тапқан еңбегін атап өткенді жөн көрдік.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  рухани шөліркеп отырған халқымыздың мұқтаждығына сай, болашақ ұрпаққа  шынайы таза жолды көрсетіп беру үшін, қалың көпшіліктің көкейіндегі көңіл-күйін дәл болжаған сарабдал саясатымен бағытымызды анықтап берді. Сол кезеңде Ақмола қаласының әкімі лауазымында қызмет атқарған Амангелді Бөлекпаев ағамыз 1992 жылы шілде айының 24-і күні, №473-3-2/9шығыс хатымен,  Ақмолалық бір топ  ақсақалдарымыздың ұрпақ тағдырына алаңдаушылық білдіріп  жасаған өтініштерін жерде қалдырмай әрекет жасап,  біздің тәуелсіздігімізді ең алғашқы болып мойындаған бауырлас Түркия мемлекетінің  жергілікті үкіметі  өкілдеріне     оқытушы мамандар мен оқулық кітаптар жағынан көмек сұрап  ресми хат жазады (№1 көшірме ). Сонымен бірге ел ағалары ретінде  Ақмола мешіті кеңес алқасының төрағасы Қамидолла Исқақұлымен, құрамында Рыскелді, Тәңірберген ақсақалдарымыз бар,  Ақмола мешіті атынан да хат дайындап ( №2 көшірме) қоса жолдайды. Сұраныс қанағаттандырылып Түркия өкіметінің өкілдері арнайы оқулық кітаптармен  көмек көрсетіп, Стамбул қаласының тұрғыны,  қандасымыз Абдулла Кезер атты қазақ азаматын  маман ретінде Қазақстанға арнайы жібереді. Осылай 1992 жылы қыркүйек айының 1-інен бастап, Ақмола қаласы әкімінің қолдауымен және Ақмола мешіті кеңес алқасы төрағасы Қамидолла Исқақұлы бастаған ақсақалдардың атсалысуымен,  қазақ балаларынан құралған алғашқы шәкірттерге өз ана тілімізде имандылық негізде тәлім-тәрбие беру  қызметтері  басталған. 1993 жылы қаңтар айының 5-і күні, сол кезеңде  Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған  Светлана Жалмағамбетова апамыз, 1992 жылы 1-қыркүйекте ашылған курста   оқушылар санының көбейгенін және сұраныстың артуына байланысты Абдулла Кезер ұстаздың үлгере алмай жатқанын баяндап, Түркиядағы мекеме өкілі, кезіндегі Түркия парламентінің депутаты Али Ақ мырзаға тағы да қосымша оқытушы мамандар сұрап хат жібереді (№3 көшірме).  Өтініш қабылданып,  жәрдем ретінде тағы да бірқатар қосымша мамандар жіберіледі. Осылайша жергілікті басшылықтың, елге еңбегі сіңген, халқына шын жанашыр болып қызмет жасаған азаматтарымыздың қолдауымен, атқарушы органдардың ресми түрде шақырған оқытушы мамандары   мекемелеріміздің  қызметінің алғашқы баспалдағының дұрыс қаланып қалыптасуына, бүгінгі деңгейдегі даму үрдісіне  жетуімізге себепкер болған еді. Бауырлас елден жәрдемге келген ағайындарымыз әлеуметтік маңызы зор қайырымдылық істердің барлық қыр- сырын тігісін жатқызып егжей-тегжейлі үйретіп,  тиісті міндеттерін атқарып болғасын, аманат арқалап өз елдеріне қайтты. Осындай бастаманың нәтижесінде алған   білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдаған бірқатар өз түлектеріміз және өзіміздің елдің жанашыр азаматтары, қазіргі уақытта еліміздің түкпір түкпірінде  қайырымдылық мекемелерінің  құрылтайшылары және басқарушылары болып отыр.  Бүгінгі таңда  «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына кіретін еліміздің барлық өңірлерінде таралған қайырымдылық мекемелеріміздің саны алпыстан асты.  Мекемелеріміз коммерциялық емес санатта құрылғандықтан қандай да бір материалдық құндылықтарды көбейтуді мақсат етіп қоймаған. Қаржыландыру көзі отандық демеушілеріміздің қаржылай және мүліктік жәрдемі болып табылады. Қайырымдылық мекемелеріміз бүгінгі күні  мектеп жасындағы балаларға, орта деңгейлі оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ата-бабаларымыздың жолы, салт-дәстүрлеріне сай тәрбие жұмысымен айналысады.   Осы мақсатта негізінен  Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардағы, облыс орталықтарындағы  алдыңғы қатарлы мектептерде, лицейлер мен  гимназияларда, орта және жоғары оқу орындарында  алыс, шалғай ауыл балаларының келіп білім алуына мүмкіндік туғызудамыз. Сол үшін халықтың тығыз орналасқан үлкен қалаларда оларға тұрақты жататын орын және күнделікті ас-ауқатын беріп отыратын осындай қайырымдылық мекемелер қызметтері ұйымдастырылған.  Мекемелеріміз әлеуметтік жағынан әртекті топтарға жататын отбасылардан   қабылданған   мектеп жасындағы балаларға және жоғары оқу орындарындағы студент жастарға сапалы білім,  саналы тәрбие алуларына мүмкіндік жасап жатыр. Осы істің басы қасында мекемелеріміздің тәрбиеленушілері болып қабылданып, осы жүйеде оқып-жетіліп, тәлім тәрбие алған ер азаматтарымызбен қыздарымыз  қызмет жасауда.    Осындай қоғамның қажеттілігіне қызмет жасап жатқан қайырымдылық мекемелердің қалыптасып, аяғынан тұрып кетуіне қаржылай да, қол жәрдемімен де көмек беріп, жанашыр болып жүрген ел азаматтары көптеп саналады.  Сонымен қатар күнделікті қажеттіліктерімізді өтеуде қарапайым тұрғындардың, жеке кәсіпкерлердің, сауда нүктелеріндегі, базарлардағы бөлшек саудамен айналысып жүрген көпшіліктің көрсетіп жүрген көмектері орасан зор. Жақсыны көрмекке дегендей, біздің мекемелеріміздің тәрбиеленушілерімен кездесуге келіп,  құрметті қонақтары болып кеткен мемлекет қайраткерлерімен, лауазымды тұлғадағы ел азаматтарының бірқатарын , соның ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Абай қайырымдылық мекемесінде қонақта болып, тәрбиеленуші шәкіртерімізбен бірге естелік суретке түскенін атап өту біз үшін үлкен абырой. Сол сияқты Иманғали Тасмағамбетов, Даниял Ахметов, Мұхтар Құл-Мұхамед, Ералы Тоғжанов, Қайрат Лама Шариф, Мұхтар Алтынбаев,  Асхат Күзеков, Ислам Әбішев, Нұрлан Әбдіров, Ерлан Барлыбаев, Берік Дюсембинов, Бердібек Сапарбаев тәрізді алдыңғы толқын ағаларымызбен  Светлана Жалмағамбетова, Гүлшара Әбдіхалықова, Оразкүл Асанғазы, Гүлжан Қарағұсова, Зағипа Балиева, Бірғаным Әйтімова сияқты бірқатар апа-әпкелеріміз  арнайы ат басын бұрып келіп,  тәрбиеленуші шәкіртерімізге  арнап жасақталған санитарлық талаптарға сай кең,  жарық әрі жайлы жатақханаларды аралап, жақын танысып кеткенін олардың ел болашағына деген шынайы жанашырлығының куәсі деуге болады.  Тәрбиеленушілерімізді  үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, апталық ас мәзірінің жас ерекшеліктеріне қарай  денсаулықты нығайтуға  қажетті дәрумендермен және минералдармен қамтылған теңгерімді тағамдарды құрайтындығын,  гигиеналық талаптарға сай қажетті құрал-саймандармен және жеке оқшаулау (изолятор) бөлігімен жабдықталған медициналық кабинеттің, жуынатын бөлмелер, себезгілік кабиналар, айнадай таза дәретханалар үшін арнайы жеке бөлмелер бөлінгенін өз көздерімен көріп, ризашылықтарын білдірді. Күнделікті  оқу-тәрбие жұмыстары барысына келсек мекемедегі сыныптар  замануи талаптарға сай электрондық құралдармен қамтамасыз етілген. Шәкірттеріміздің  оқу үлгерімдерінің жетістіктерін тоқсан сайын тест тапсыру арқылы жіті қадағалап отырамыз. Тоқсан қорытындысы бойынша жеткен жетістіктерімізбен, кеткен кемшіліктерімізді саралап, алдағы мерзімге  қажетті іс-шараларды жоспарлаймыз. Соның нәтижесі болар, мектеп шәкірттері де, студент жастар да өз  орталарында білім жағынан да, қоғамдық белсенділігі жағынан да көзге түсіп, дүбірлі додаларда жүлделі орындарға ие болуда.  Соның дәлелі, биылғы ҰБТ тапсырудан  Алматы қаласындағы «Алатау» қайырымдылық мекемесінің шәкірттері Өмірзақ Мұхтарахмет-130 бал, Ибрагимов Әліби-129 бал, Тұрсынбек Бейбарыс-116 бал, Өскемен қаласындағы «Алтай» қайырымдылық мекемесінің шәкірттері Ерзат Өркен-123 бал, Ерболат Шешен-109 бал, Адал Ержанат-101бал, Шымкент қаласындағы «Атакент» қайырымдылық мекемесінің шәкірті Ахатов Артықжан -109 бал иеленіп еңбектері ақталды. Олардың мүмкіндігінше өз қабылеттерін шыңдап қалалық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жеңімпаз атануына толықтай жағдай жасалған еді. Спорт саласындағы жетістіктерімізден ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Майемеровтың жүлдесі үшін өткізілген  Қазақ күресінен Республикалық чемпионатта бірінші орынды жеңіп алған біздің тәрбиеленуші шәкіртіміз, қазіргі уақытта ІІМ қызметкері Дәулетхан Қосмағамбеттің  «Қостанай» қайырымдылық мекемесінде тәрбие алғанын мақтанышпен айта аламыз. Сондай өз қатарының алды болып жүрген осы «Сауран» қайырымдылық мекемесіндегі жастардың өзін-өзі басқару комитетінің президенті,  Әл Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық Университетінің биология және биотехнология факультетінің түлегі, бүгінгі күні магистрант Шүйіншіәлі Абай Серікұлы тәрізді, болашағынан зор үміт күттіретін бір ғана азаматтың жеткен жетістігін санамалап шықсақ, біздің түлектеріміздің деңгейінің қаншалықты екенін өздеріңіз бағамдай берерсіздер. Сонымен бірге осы тектес түектер жетістігінен көптеген мысал келтіруге болады.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласындағы « Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп анықталып берілген басты  бағыттар, яғни 1. Бәсекелестікке қабылеттілік, 2. Білімнің салтанат құруы, 3. Прагматизм, 4. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, 5. Ұлттық бірегейлікті сақтау, 6. Сананың ашықтығы тәрізді мәселер біздің мекемелердегі жүргізілетін тәрбие жұмыстарының негізгі және осы айтылғанның  барлығы да біздің күнделікті әс-әрекеттеріміздің нәтижесінде  көрініс тауып жатқанын өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар.  Осылайша «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығынан рухани танымдық,  патриоттық  тәрбие алып шыққан   түлектеріміз түгелдей дерлік еліміздің өркендеуіне, қоғамымыздың гүлденуіне өздерінің қомақты үлестерін қосуда.  Әртүрлі салада қызметтерін адал атқарып, отбасылық құндылықтарға аса мән беретін жарасымды жанұя құрып, еліміздің әртүрлі өндіріс ошақтарының тіректеріне айналуда. Атап өтер болсақ бүгінгі күні шамамен, білім саласында 340, мәдениет саласында 100, заң саласында 93, денсаулық сақтау саласында 162, құрылыс саласында 433, көлік және коммуникация саласында 165, коммуналдық қызметте 111, байланыс саласында 69, ауыл шаруашылық саласында 300, жиһаз жасау кәсібінде 136, жеке кәсіпкерлік саласында 956 –дан  аса  түлектеріміз еңбек етіп ел экономикасының дамуына белсенді араласуда.  Тағы да атап өтерлігі олардың  біршамасы топжарып шығып, жаһандық бәсекелестікте де өз білімдерімен біліктіліктерін жетілдіріп,  алдыңғы қатарлы бірқатар, АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Азия елдерінде, Ресей Федерациясында ел абыройын арттырып еңбек жасауда. Біздің ұстанымымыз зайырлы мемлекетіміздің мәңгілік елге айналуына атсалысатын патриоттық сезімдері дамыған, руханияттың жоғары деңгейіне қол жеткізген, осы жолда қайратымен  қажыры, сырбаздығымен сыпайылығы қатар жүретін жандары жайсаң жігіттерді және ибасы мен инабаты мол, арымен абыройын сақтай білетін, отбасының ұйытқысы болып,  болашақта бесік тербетер бойжеткендерді дайындау. Жастарымыздың ешқандай да бір еліктеушіліктің әсеріне берілмейтіндей иммунитеттерін нығайтып,  халыққа қызмет жасайтын нағыз ұлтжанды азаматтар ретінде тәрбиелеп шығару.

Осы уақытқа дейінгі мәліметтерге сүйенер болсақ, «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы құрамына кіретін қайырымдылық мекемелерден тәрбие алып шыққан түлектер қандай да бір қоғамға қауіп төндіріп, зиян келтіретін  қылмыс істерде, террористік әрекеттерде, радикалды топтарда, оппозициялық бағыттағы саяси екпінділіктерде көзге түспеген. Қандай да бір жағымсыз қылықтармен әуес болып,күдік туғызып, сенімсіздікке жетелейтін  бұзақылық әрекеттерге қатысты көрінеу заңбұзушылық фактілерінде орын алмаған. Керісінше, толеранттықпен бірлікті, бейбітшілікті дәріптейтін, сабырлық сақтап қарапайым халықпен етене араласатын, тұрақтылық тұғырының нығайуына белсене атсалысып азаматтық позициясын нық ұстанатын елжанды топ өкілдерінің қатарында біздің тәрбиеміздің нәрімен сусындаған жастар өкілдері көптеп саналады. Қорыта келгенде, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың еліміздегі жүргізіліп жатқан салиқалы саясатының әрдайым қолдаушысы да қорғаушысы да, іске асырылып жатқан реформалардың белсенді атсалысушысы да, біздің қайырымдылық мекемелер, олардың қызметкерлері, тәрбиеленіп жатқан шәкірттеріміз екенін толық жауапкершілікпен айта аламыз.  Әрине, осы қамтылып отырған аз топ жалпы еліміздегі жастардың ішіндегі теңіздің тамшысындай ғана аз мөлшері. Әлі қаншама жастарымыз, соның ішінде мектеп жасындағы жасөспірімдеріміз жоғарыда көрсетілгендей, түрлі арандатушылықтың салдарынан қоғамның сынына ұшырап, ата-ана, туған-туысқандарының көздеріне күйік болып жүр. Қаншама отбасы шаңырақ шаттығының сәніне бөлену орнына керісінше күйзеліске түсуде.

Біздің мақсат – халқымыздың рухани жұтаңдыққа ұшырауының  нақты себептерін анықтай келе, оның алдын алу шараларын қарастыру және осы тығырықтан шығаратын жолдарын сарапқа салу. Біздің мекемелердің  жинақтаған оңды тәжірибесін елдің игілігі үшін   әлеуметтік маңызы зор жүк арқалаған жоба ретінде ұсына отырып,  қоғамдық  келісім аясында жүргізілетін іс-шараларда болашаққа пайдасы тиетін өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі қызметтерімізді одан әрі дамытуға  заң аясында болып жатқан өзгерістерге сай бірігіп ақылдасып әрекет жасауға шақыру. Бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыратын  болашағымыздың бағдаршамы  ретінде өзімізге тән ұлттық ерекшеліктерімізді ұлықтап, атадан балаға мирас болып жеткен баға жетпес құндылықтарымызды дәріптей білсек, ауызбіршіліктің алмайтын қамалы жоқ.

                     24 қараша 2017 жыл,  Алматы қаласы.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation