Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > 1 ақпан – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРАМАЛ КҮНІ

1 ақпан – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРАМАЛ КҮНІ

1-ақпан – халықаралық орамал күні. Бұл күні әлемнің көптеген қыз-келіншектері бір күн бойы орамал тағып жүріп, мұсылман әпке-сіңлілеріне қолдау көрсетеді. Бұл күнді атап өту идеясын Назма Кхан атты мұсылман қызы ұсынған. Ол Бангледеште дүниеге келіп, 11 жасында ата-анасымен Америкаға қоныс аударған екен. Назма мектепте орамал таққан жалғыз қыз болатын. Оны сыныптастары «Бэтмен», «Ниндзия» деп мазақтаса, Нью-Йоркке университетке түскеннен кейін де орамалға байланысты талай кедергіге ұшырайды. Сонда ештеңеге мойымаған қайсар қыз орамал сататын интернет-дүкен ашады. Сайт мұсылман қыздарына орамалдың түр-түрін ұсынатын еді. Интернет-дүкен ашылғаннан кейін жан-жақтағы мұсылман қыздардан хаттар келе бастайды. Олардың негізгі бөлігі бастарындағы орамалдарына байланысты қоғамнан шеттету көріп жүр еді. Міне, осы кезде Назма: «Қоржыныма көптеген хаттар түскеннен кейін әлемдегі барлық мұсылман қыздарына бірден көмек қолын созғым келді. Солай халықаралық орамал тағу күнін атап өту идеясы туды. Егер әлемнің барша қыз-келіншектерін бір күн орамал тағуға шақыра алсам, мүмкін бізге деген көзқарас та өзгеріп қалар», – деп, аталған мерекені атап өту бастамасын көтерді. Ең кереметі, бұл бастаманы қолдаушылардың саны өте көп болды. Назманың фейсбукте ашқан парақшасына  әлемнің 67 мемлекетінен қыз-келіншектер жазып, қолдауға әзірліктерін айтты. Ал биыл дәл осы күні Назма орамал таққан қыздардың санын миллионға жеткізуді ниет етіп отыр.

Суретте Назма Кхан

Орамал – Алланың әйел затына бұйырған парызы. Орамал – әйелдің қорғанышы, ар-ұятының күзетшісі. Сондықтан да орамал таққан қыз қоғамнан шеттету көрмей, керісінше, еңсесін тіктеп жүруі керек. Орамал мұсылман қыздарына ғана тән дүние емес. Ол барлық дінде де бар:

Иудаизмде орамал – жоғары мәртебенің белгісі

Доктор Брэйердің айтуынша, иудаизм дінінде орамал тек ар-ұяттың белгісі ғана емес, қоғамдағы жоғары мәртебенің, тектіліктің, байлықтың да символы болған. Бұл дінде кей орта таптың әйелдері өздерін жоғары мәртебеде көрсету үшін орамал тағып алады екен. Ал еврейлер жеңілтек әйелдерге орамал тағуға тіпті, тыйым салыпты. Өйткені, орамал оның қоғамдағы статусын ғана көрсетіп қоймай, ақ адал арына кір түспегенінің де дәлелі екен.

 

Еврейлер әйелдің шариғатқа сай киімін «цниут» деп атайды. Еврей діндары – раввин М.Файнштейннің айтуынша, әйел затының көйлегінің етегі тізеден асуы керек, қолының шынтағы көрінбеуі керек. Иудаизм дінінің әйелдерден осылай киінуді талап етуінің бірнеше себебі бар. Егер қыз жабық киінбесе, еврейдің негізгі қасиетті кітабына қарсы келген болады. Екіншіден, жанында ашық киінген әйел заты бар еркекке Тәуратты оқуға да, құлшылық жасауға да болмайды. Үшіншіден, талапқа сай киінген қыз ер адамды жаман ойға итермелемейді деп есептеледі. Тіпті, еврей әйеліне бөтен еркектің қолын алуға да болмайды.

Бүгінгі еврей қыздары 

Христиан дініндегі орамал – күйеуге бағынудың көрінісі

Христиан дінінде әйелдерге орамалдың міндеттігі жөнінде Павел апостол бекіткен болатын. Ол: «Барлық христиан еркегіне Христос басшы, ал әйелдерге күйеуі басшылық жасайды. Христостың өзі Құдайға бағынады. Әйел күйеуіне бағынатынының белгісі ретінде орамал тағуы керек», – деді. Ал әулие Тертуллиан өзінің «Қыздарға орамал тағудың міндеттігі туралы» атты атақты трактатында: «Жас қыздар! Сендер көшеде, шіркеуде, бөтен еркектердің жанында орамал тағасыңдар. Өз бауырларыңның жанында да неге тақпасқа?» – деп жазған болатын. Католиктер де шіркеуге кірген әйел затының басында орамал болуын қатаң талап етеді. Кейбір аманит, менонит секілді христиан конфессиялары бүгінге дейін әйелдеріне орамал таққызады.

Православ христиан қыздары

Христиандықтардың ұғымынша, әйелдердің басын жауып, шашын жасыруы Құдайға, одан кейін еріне бағыныштылығын білдіреді. Күні бүгінге дейін христиан «монахиняларының» бастарынан орамалдарын тастамай, құлшылық жасап жүргенін көзіміз көріп жүр.

Исламдағы орамал – әйелдің ар-ұятының күзетшісі

Ислам діні қыз-келіншектерге орамал тағып, ұятты жерлерін бөгде көзден жасыруды парыз етті. Алла тағала «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Орамалдарыңды жағаларыңның ойығын жабатындай етіп, тағыңдар», – деген болатын. Міне, Ислам дінінің негізі қаланған сонау VII ғасырдан бері мұсылман қыз-келіншектері ар-ұяттарының қорғаушысына айналған орамалдарынан ажыраған емес. Бірақ неге екенін, ғылым-білім дамыған, адамзаттың ақыл-ойы жаңа биікке көтерілген ХХІ ғасырда орамалға деген қарсылық мәдениеттің орталығы саналатын Еуропаның кей мемлекеттерінде қысымға ұшырап жатыр. Мұсылман қыздарын орамалмен мектепке кіргізбеу, жұмысқа алмау, қоғамда шеттету оқиғалары жиі тіркелуде. Мұның бәрі қоғамның азғындап, қыздардың жариялылыққа ұмтылуынан болар. Әйтпесе қай дінді алып қарасақ та, әйел затының жабық киінуін, басынан орамалын тастамауын талап ететінінен көзі ашық, көкірегі ояу жанның барлығы хабардар деп ойлаймыз.

Қазақтың мұсылман қыздары

Ал орамалдың қандай формада болуы тиістігі жөнінде Құранда нақты жазылмаған. Бұл туралы белгілі ғалым, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің «Күдікпен күрес» кітабында: «Әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез-келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін,  сәнді әрі өзіне жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам діні қарсы емес. Сауд арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылмандарға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай әрі өмір сүрген жерінің климатына ыңғайлы етіп таңдай алады. Мысалы, қазақ жерінің әр өңіріне тән әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне қарай кимешек үлгілері тігілген. Ата-бабаларымыз «ғұрпымызда орамал тағу жоқ» деп, Құран қағидасына қарсы шықпаған. Керісінше, оны ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісіне айналдыра білген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдеріне әрі заман талабы мен ұлттық түсінігімізге сай әр түрлі киім үлгілерін тігуге неге болмасын? Осылай істер болсақ, бәлкім, орамал тағып, ұзын киім кию – ананың, мынаның ұлттық киімі дегендей таяз түсініктерден арылар едік», – деп жазады.

Яғни, ХХІ ғасыр қыз-келіншектері заманына, қоғамына сай, түрлі-түсті, әртүрлі әшекейлермен безендірілген, небір сәнді үлгіде тігілген орамалдарды өз талғамына сай кие алады.

islam.kz

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation