Жексенбі, Ақпан 25, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > РУХАНИЯТ ЖҮЙЕЛІ САЯСАТҚА ЗӘРУ  

РУХАНИЯТ ЖҮЙЕЛІ САЯСАТҚА ЗӘРУ  

 

Қоғамдық құрылым төңкеріліп түскенде тұтас қоғам да, жеке адам да   өзгеріссіз қала алмайды. Осылайша тәуелсіздіктің екі тізгін, бір шылбыры қолымызға тиген 1991 жылдары қазақ халқы ой-санасының ескіден арылу үрдісі басталып-ақ кетті. Бірақ, әйбәт үрдіс кібіртік құяң қимылмен, әлі күнге жалғасуда. Оның өзіндік себептері көп. Енді «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында рухты өсіру және ұлттық кодты сақтап қалу – қалың жұртшылық асыға күткен заңды құбылыс. Оған қуанып, көзайым болудамыз. Рухани өрісте жүйелі саясат қажеттігі де содан туады.

Жүйелі саясат жайынан бұрын «Құлдық санадан елдік санаға қайтсек өтеміз?» деген сұрақ төңірегінде ой-пікір бөлісейін.

Ол үшін ономастика мәселесі – жер-су, елді мекен, көше аттарын өзгерту науқанын жетер жеріне жеткенше пәрменді жүргізген жөн. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар жер-жерде тұнып-ақ тұр. Еліміздегі президенттік басқару жүйесі ескі атаудан заңдық тұрғыдан тұтас Қазақстан бойынша жүйелі түрде құтылуға мүмкіндік береді. Осынау ономастика мәселесі және күн тәртібіне таяуда шыққан латын қарпіне көшу –  ғылымда отарсыздандыру (деколонизация) делінетін көшелі науқанның сыртқы қалыбы, формасы.

Жә, оның ішкі мазмұны не хәлде, көңілді көншітерлік пе?

Халықтың бос қалған ес-ақыл, ой-санасын тіл, діл, тарих жөнімен соны сапада толтыруға мүмкіндік мол. Бірақ әзірге жағдай мәз емес, неге десеңіз, отбасы мен қоғамда әлеуметтік індеттер (ажырасу, ұрлық-қарлық) қаулап, өршіп кетті. Ауыл хәлі анау (миллиондаған жұмыссыздар тағдыры, халықтың санын көбейту мен жан дүние күйзелісі ауылмен бірге шешілмек, әйтпесе жоқ). Қос проблема қоғамды буындырып тұрғанда телеэкранда даңғазаның, ойын-сауық, ду-думанның көптігі біртүрлі көрінеді. Бүлік пен қанды оқиғаны жер-көктен жинап, теріп масаттанатымыз да қызық. Бойға жұқпас жалаң дерек, жағымпаз тоғышарлық, сыпыра мақтан көлдей, ал қара халықтың мұңын мұңдау, жоғын жоқтау тулақтай. Олқы-оғашты көрсек те көрмегендей, бұл қалай деп түсінбесек те түсінген кісідей бас шұлғып жүре беру әдетін таптық. Кейде көршіміз Ресейдің телеканалдарын көріп, сүйсінесің де қызығасың. Үлгі аларлығы, олар «Орыс әлемі» атты идеясын іске асыру қамында қаржыны аямай төгіп-ақ жатыр. Жылына жүздеген жаңа фильмдер шығаруы соның айғағы. Екінші, шешендері шынды шын деуден үрікпей де, тартынбай да, айтарын басқа ұрып, көзге шұқып айта алады. Бізде дуалы ауыз ақсақал, ойлы жастар, жүздеген жазушы, философ ғалымдар қоғамдық сананы толтыруға, адам мінезін көркейтуге араласпай үнсіз қалды. Неге? Өйткені, ой еңбегі құнсыз және сынау, сын айту деген мүлдем жоқ.

Әсіресе, провинциялық БАҚ-тарға қарның ашады, өз бетінше қарекет жасасақ-ау деген ниет те жоқ. «Құда да разы, құдағи да тыныш» боп отыра беруге әбден ет үйреткен.  Жергілікті газет, мейлі телеарна болсын, күнделікті жаңалықты айтады да қояды. Болды, бітті. Шектен тыс жалтақ,  қорғаншақ, кейде бір ауыз көңіл тұщынар сөз естімей, уақытың зая кетеді. Мәселен, «Айтары бар» деген хабарлардан айтары жоқ кісілер, жанды сөз ілеуде біреу ғана. Айтары жоқ дегенім, сылдыр сөзбен уақыт өткізіп, «эфирді толтыру». Ой-пырай, оның үстіне ол хабарлардың басына не соңына «Ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша» деп титрге атойлата жазып қоятыны бар. Бұл не, «Қазақстан – демократиялы (халықтық) ел» деген Ата Заңдағы бапты елемегендік пе әлде ойыншық көргендері ме? Білмеймін. Білетінім, өңкей шарасыздық – жоғары жаққа жалтақтап тек дайын дүниелерді көшіре беру. Желге ұшқан қайран қаржы…

Татулық пен береке-бірлікке не жетсін. Бірақ, жар қабағында тұрған жанға еркелік жараспайтыны секілді, ұлттық санасы мен рухани көші әлі бір арнаған түспеген біздің елге енжарлық өте қауып. Даналық шет қалғаны жанға батады. Жүрекке жылы сөз иесі жазушы я ақсақал түгілі, Фараби, Ясауи, Абай, Шәкәрімге де есік тарс жабылғалы қашан. Ойбой, оздық, қарыштап кеттік деп тыраштан, мейлі, шапалақ ұр, адамның болмысы, қоғамның мінез-құлқы бәз-баяғы. Біз пенделікпен асығамыз, бірақ Алла әмірін өзгертпейді. Солай, бауырлар!

Сөйтіп, кешегі төртінші билік, бүгінгі күні қуыршақ. Бітеу жара көптігі содан. Ақпарат құралдары «бұқаралық» деген атына сай қалың бұқараға қызмет жасасын да. Әділет, рақым билікке онша қажеті жоқ нәрсе, бірақ қалың бұқараға ауадай қажет. Әділет пен рақым деп шырылдайтыны – өз мүддесін қорғаудан өзге жол жоқ. Абай: «Ғадәлет пен мархабат – көп азығы» дейді.  Провинциялық БАҚ-н оңалту бір ғана Семейге тән мәселе емес, кең байтақ Қазақстанға ортақ проблема. Олай дейтініміз, рухани жаңғыру мен мемлекет идеологиясын жүзеге асыруда орталық ақпарат құралдарынан көрі өңірлік ақпарат құралдарының алатын орыны ерекше екенін ескермей келеміз. Жоғары жақтағылар үшін орталық басылымдар бірінші кезекте тұрса, аймақтардағы тұрғындар жергілікті басылымдарды өздеріне жақын тұтады. Ал, ол басылымдар ресми ақпараттар мен билік жұмыстарын құрғақ баяндауға бейімделіп алғандықтан, оқырман мен көрермен тұщынар нәрселер некен-саяқ.

Енді жаңа бағыт, жүйелі саясат керек деген басты тақырыпқа келейін.

Қазіргі таңда ұлттық код (өзек) деп шабылып жүргеніміз – қазақты қазақ ұлты ретінде сақтап қалу мұраты. Ол үшін индустрияландыру деген жері аз, халқы көп елдер бағытынан бас тартып, бетті ауылға түзеу қажет! Индустриясыз ел жоқ, бірақ ол құр еліктеушілік болмасын, ауыл шаруашылығын көтеруге бейімделсін, сол бағытта дамысын, соған қызмет қылсын (Голландия, Израиль және т.б. елдерде сияқты). Қазақ көсегесі ауылсыз-ақ көгереді деген бекер сөз. Себебі, теңізге итінген елдер алдымен кеме жасау өнерін үйренгені сияқты Сары Даланы игеру – қазаққа міндет, тіпті ай асты әлем алдындағы міндеті. Әйтпесе, жалпақ тілмен айтқанда, киесі ұрады. Ірі реформа, әсіресе, білім беру мен ғылым саласы, жаңа айтқан қазақтықты сақтау мен даланы игеруді көздеп жасалсын. Сонда ғана жұмсалып жатқан орасан қаржы бекер мал шашпақ болмай, өзін өзі толықтай ақтамақ. Бұдан бөлек, аталмыш алыс стратегиялық  бағыт – тән асырау қарекетінен асып, жұртшылықтың жан сарайы гүлденуінің, ұлттық код пен менталитеті сақталуының кепіліне айналмақ.

Тәубә, қоғамның даму діңгегі – адам деп мойындай бастадық. Бірақ оның төркіні неде, яғни адами капиталды қайтсек зорайтамыз? Прогресс озығы болу – адамға арман емес, тіпті күшті өмірің де қызықсыз. Әр ұрпақ, әр адам ең алдымен жан жылуына зәру. Кірсіз ақыл, мінсіз сөз иесі Шәкәрім:

Хақиқатты дәл көруге,

Көз керек қой ойлырақ.

Бас көзімен сенделуге,

Бізге рұхсат жоқ, шырақ! –

дейді. Кемеңгер бұл жерде хақиқат деп, жан көретін көз деп жақсы менен жаманды айыра білуді айтқан. Адам жанына керегі–ар, тазалық, ал тәнін асырау екінші кезекте. Мәңгі құндылық – адамдықта екенін ғұлама:

Кісіге адамшылық неге керек?

Адамдық – өзге айуаннан артық, демек!

Ит талаған төбеттен қалай дейсің,

Аямай әл келгенін жұлып жемек.

Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,

Артылған жерің қайсы онан бөлек.

…Жалмағанша, жәрдемің тигізсеңші,

Жығылған, жылағанға болып көмек, –

деуімен жеткізеді. Бүгінгі біздің өмірді көріп, сақтандырып  отырған сияқты.

Айнала жүдеу-жадау тұрмыс, тақыр кедейшілік,  бірақ халықтың көңілі емен жарқын болған кешегі заман әлі есімізде. Аш-жалаңаш емеспіз, апыр-ай, неге қара басты? Себебі, қоғамдық ес-ақыл, ой-сана кенжелеп қалды. Ертелі-кеш мал-екеш малға да аян қарынның қамы, ақыл-есті тәтті фальшпен алдап, арбауға ұрындық. Бұрынғылар былай деген: «Жаманға жалынудан, жақсыға табынудан сақтасын!». «Жылуы жоқ бойының, Жылмиғаны неткені? …Қулық емес, бұл бір дерт, Тұрлауы жоқ құбылған». Егер Абай арамызға тіріліп келсе, осылай дер ме еді, кім білсін.

Иә, кісілік, оның соңынан бақыт сезімі де, ақырын-ақырын адам жүрегінен алыстап кетіп барады. Кісіге керегі жан жылуы кеміп, рух әлсіреп, есесіне «шайтан өрмек құрып» қатігез-қараулық, тойымсыз жемқорлық арамшөптей басты. Аға буын біздер осыған алаңдаулымыз. Әрине, ойын-сауық, кино-концерт, сондай-ақ, саясат, экономика да керек. Бірақ, өлшеуі болсын, өлшеуінен асса жарамайды.  Интернет пен айфон заманы қазір, бұрынғыдай газет пен көк жәшікке тірелгені шамалы десеңіз, «тағыны жетіп қайырған» сөз бен сезімнің құдіреті ол өріске де жетсін. Ең бастысы, түбірлі идеология, жүйелі саясаткерек, сонда алынбас қамал қалмасы анық.

Қоғамда әділет, рақым өз өзінен өсіп, өнбейді. «Мен не деймін, домбырам не дейді» болмай, халық пен БАҚ біте қайнаса игі. Рас, орталық медиа құрылымдар көптің сұранысын өтеуге ұмтылып, тырысып-ақ бағуда. Тақырып түрлентіп, еркін сұхбат дами түсті. Бірақ, бұл тұрғыдан қалалық БАҚ тар баяғы тары шоқыған сорлы тауық қалпында. Сең қозғалмаққа не керек дегенге айтар ағалық кеңесім мынау: бар әліңше мәңгі құндылық – әділет, мейірім салтанат құруына көмек ет! Жаңаға жүйрік пен ескіге жорғаны бірдей көр. Адами тәлім-тәрбие, арлылыққа күш сал, даналар қашық бол деп қақсаған қылық-мінезді (мақтаншақ, жағымпаздық, бекер малшашпақ, т.б.) сына, түйре. Міне, сонда «Иең де сүйеді» (Абай).

Сонымен, күллі мәдени-идеологиялық қондырғы, алдымен жергілікті БАҚ оңалсын. Көптің келешекке сенімі артса, ұлттық кодымыз сақталса, өскелең ұрпақ адамгершілік тәрбие алса, шіркін.Идеология жүретін рельсті өзгерту қажеттігі міне осы талаптардан туады.

Ендеше жабыла ізденейік, Абай сілтеген тура жолға түсейік, ағайын!

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

Семей қаласы.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation