Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Тарих > Баймұрат батыр ескерткішіндегі ерекшеліктер

Баймұрат батыр ескерткішіндегі ерекшеліктер

 

Қоғалы көлдер, қом сулар

Қоныстар қонған өкінбес,

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес,

Кілең бұздай кілшейтіп,

Көбелер киген өкінбес,

Жұпарын қардай боратып,

Арулар құшқан өкінбес…

Екі арыстап жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Бетегелі сары арқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес! – деген екен Азаулының Аймәдет Ер Доспанбет ағасы!

Біз бүгін Қазтуғанның, Доспанбеттің, Шалкиіздің, Марқасқаның, Ақтанбердінің жырларын қайсыбіріміз «Алдаспанға» сілтеме жасамай-ақ жатқа соға беретін болдық, заңды құбылыс сияқты. Ал, сол хандық дәуірдегі жыр жауһарлары  қандай қиындықпен табылып, Мұхтар Мағауиндей данышпан ғалымның жарты ғұмыры жанкештілікпен кеткенінің арқасында бізге қайтып оралғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бүкіл ұлттық рухымызды дүр сілкіндірген, қайта түлеткен, шындығында қайта тірілткен құбылыс еді бұл!

Қазақ халқының жалпы түріктік ортақ этнос құрамынан бөлініп,  дербес Орда құрған хандық заманы төрт ғасырға  жетті. Қазақтың өз қолымен  ақ кигізге көтерген ең соңғы ханы – Кенесары. Ең соңғы құлаған ұлыстар Түркістан мен Ташкент. (1865) Әрине Абылай өлген соң (1781) біздің бұла халқымыз, ежелгі жұртымыз отарлық орыс орталығының құрдымына қарай тоқтаусыз жұтыла бастаған еді…

Оғанға дейін ұлттық дербес мемлекеттігіміз үшін, тұтас ұлттың бірлігі үшін , атамекен жер үшін қаншама майдан, қаншама қан төгілді…

Қазақ тарихындағы сан-саққа жүгірген желбуаздықтарды былай ысырып қоя тұрып, шын толғанар болсақ  бір құбылыс қайран қалдырады. Он сегізінші ғасырдағы демографияляқ қырғын – ақтабан шұбырындыдан соң, жиырмасыншы ғасырдағы колхоздастыру кезіндегі ұлы геноцидтен соң, отаршылдық езгісі мемлекеттілікті мүлде күйреткен соң, ұлттың зиялысы мен дегдарларын тұрақты түрде жойып отырған соң,  иесінен айырылған ұлтты «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын қасапханаға тоғытқан соң, орны толмас мәдени шығындардан соң, тың игеруді сылтауратып қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырған соң, сол азғана жұрттың бір бөлігін өз тілінен жеріген мәңгүрттерге айналдырған соң, осының бәрінен соң ұлттық кие күйреп, шығар жол жоқ, тығырыққа тіреліп, қайсыбір түркілік этностардай жойылып кетуге тиіс едік.

Алайда нәтиже басқаша болғанына өзіміз куә болып отырмыз. Қазақтар – ұлы өркениеттердің мұрагерлері, тарихтың сан-сапалақ құз қияларынан өзінің ұлттық қасиеттерін алып шыға алды. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен бірге еселеп жаңғыртуға да кірісті. Оны мынадай шағын мәселеден де көруге болады.

Тоғыз таңбалы найманның бір ұлысы – төртуылдар өздерінің ұранға айналған бабалары Баймұрат батырға ескерткіш қоюды мұрат етіп, береке-бірлік танытып жатқандарын естігенде жүрекке бір жылы шуақ құйылғандай күй кештік… Төртуыл – төрт Төлегетай деп аталатын төрт ұлыстың бірі, ал, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл болса, Шыңғыс ханға дейін жүз жыл өмір сүрген, тарихта «Қарақытай мемлекеті» деп аталатын, территориясы Шығыс Түркістаннан бүгінгі Бұқара, Самарқантқа дейінгі алып алапта құлаш жайған түркі тектестер мемлекеттің негізін салған төрт ұлыстың бірінен саналады…

Қазақтың Ұлы Отан соғысы – қазақ-жоңғар соғысы. Даланың екі көкжал халықтарын бір-біріне айдап салып,  солардың қолдарымен от көсеген кімдер екені де бүгінде мәлім.

Рахымжан Отарбаевтан үзік сыр: «Қырғыздың Талас даласында ұлан-асыр той өтті. Манастың мың жылдық салтанаты. Әлемнің әр түкпірінен қадірлі қонақтар шақырылған. Ортада Манас ордасы. Екі қабатты киіз үй. Жан-жағы самсаған ақ отаулар. Мың қаралы. Қызыл тілі таңдайын күйдірген шешендер бірінен соң бірі сөз оздырып жатты. Өз кезегі келгенде мінбеге қалмақтың айтулы ақыны Давид Кугультинов көтерілген. Дәу бас, тұтас дене, дана дидар.

  • Сіздер, қырғыз бен қазақ халқы, қалмаққа қарыздарсыздар. Барлық

лиро-эпостық жырдағы батырларың бізбен соғысады. Манас та сол. Қалмақ болмаса кіммен соғысар едіңдер? Біз соғыспасақ батырлық жырларың да тумас еді. Манастың 1000 жылдық салтанаты да өтпес еді…

Әңгімесін осындай әзілмен бастаған Давид ақын көсілді дейсіз. Сөз тасқын судай ағып тоқтар емес. Сұңғыла ғой.»

Иә, киіз туырлықты, ағаш керегелі екі халық, түп атасы түркі…

Төртуыл Баймұрат туралы жазу менің қолымнан келмес. Оны Қабдеш ағам бастатқан дәулер-ақ жосылтып берер. Мен осы Баймұрат батырға қойылуға тиіс ескерткіштердің бірінің эскизі туралы өз пікірімді білдіргім келеді. Оның авторы – Нұрбол Қали деген жас талант мүсінші.

Өмір жолымда, тіпті қызмет бабында өнердің осы саласымен бірталай істес боған кездерім болған еді. Эскизді көріп, бейтарап, немқұрайды қала алмадым,  ертіп барған Қара-Бейсен Мұаметжанов, сүйегі төртуыл, Ақбарақ, «Баймұрат батыр» қоғамдық қорын ұйымдастырушы алқаның мүшесі екен.

Мұрат Жанболатовтан бастап Семейден шыққан барлық үлкенді-кішілі мүсіншілер мен олардың еңбектерін білемін деуші едім, Нұрболды білмейді екенмін, кейінгі лектен болды. Орта бойлы, бұйығы, тіпті нәзік жігіт болып көрінді…

Бірден эскиз өзіне тартты. Кәсіби мүсіншінің жұмысы екені бірден

байқалды және өз тақырыбын жете біледі, жұмысынан ұлттық рух аңқып қоя берді.

Бүгінгі күні өткендегі мүсін арқылы бейнеленген  хандарымыз бен батырларымыздың барлығы да ат үстінде бейнеленген, бұл заңды да. Айғыр мінген Абылайлар, тай мінген Қабанбайлар…(Көңіліме сыймай жүрген бір шындықты айта кетейін. Семейдегі теміржол вокзалына қойылған Қабанбай ескерткіші. Астындағы аты қыстан әрең шыққан сарық… өзі қой бағудан қолы босап, әрең атқа қонып қол артынан ерген әлдекім, қатардағы жауынгердің де бейнесін бере алмайтын сүмеңбай… әттең, уақыты жетті, алып тастау керек дейтін бір әкім табылса…) Аттың анатомиясын алдымен қазақтар, әсіресе оның мүсіншілері аса жетік білуі керек. Жылқының анатомиясын білмеу, әсіресе, ұлттық мүсіншіге кешірілмейді. Фольконенің «Мыс салтаттысын» алайық. Аттың мінезі (характері) қимыл-қозғалысы, харакеті үстіндегі иесімен, оның рухымен астасып, тұтастықты (монолит) бүтіндікті паш етіп тұр. Батыр астындағы Нұрболдың жасаған арғымағы бұрын-соңды мен көрген мүсін-аттардың ішіндегі озығы, ерекшесі болып көрінді. Жер баса алмай тыпырлап, ауыздығын қаршылдатып шайнап, езуін жыртқан, арыстандай алшайған арғымақ бейнесі көз алдымызда орнынан қазір ытырынып кетердей көрініс береді, Батырдың астындағы аты да батыр мінезді болу керек. Басқаны былай қойғанда, бүгінгі көкпаршылар астындағы қазанаттарға қараңыз! Иесімен бірге бір денедей үйлескен қозғалыс, шабандоздың  тақымының сәл қозғалысынан оның ойын білетіндей.  Батыр астындағы тұлпар да батырмен бірге соғысады. Батырдың екі қолы да жау жағасында болуы мүмкін, (немесе қаруында) осындайда батырдың үзеңгі үстіндегі қимыл-қазғалысы, тақымы, өкше әрекеті атына бағыт бағдар беріп отырады. Қабдеш Жүмәділов суреттеген Баймұрат астындағы Ардакүрең де солай! Ол дұшпанның астындағы атын шайнайды, тебеді, тарпиды, қысқасы, иесімен бірге соғысады. Нұрболдың жасаған Ардакүреңі де осыған дайын жануар. Мүсіншінің шеберлігіне риза болмасқа шараң жоқ!

Енді ат үстіндегі Баймұрат батыр бейнесіне тоқталайық. Менімше, бұл бейне «Қазақы төлтумалық» дегенге саятын сияқты. Бұл біліктілік жолының тарихи тұғыры берік болса керек. Қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ол осы жерге әлдеқалай отаршылдық немесе басқыншылық жолмен келмеген.  Қазақтың тек-тамыры мейлінше тереңде деп ойлаймын. Оның тек-тамыры алғашқы қазақ хандығы құрылған кезеңмен әсте шектелмейді. Сақ, Ғұн, Көктүрік заманының рухы Қазақ Ордасы заманындағы  алаш бойында шалқып тұрды, жоқ болса бізде жоқ шығар. Нұрбол жасаған Баймұрат батыр бейнесіндегі осы рух оның құстай қалықтаған , сәл шалқалай еркін, сенімді ат үстіндегі  отырысынан-ақ амалсыз  сендіреді, еріксіз мойындатады. Ат үстіндегі шабандоздық өнерде «калмыцкая посадка» деген ұғым бар, бұл жалғыз славяндық қана емес, бүкіл европалық түсінік болса керек. «Кентавр» деген ұғым біздің ата-бабаларымыз туралы европалық түсінік, түркілердің жылқымен біте қайнаса жаралғандығының белгісі деп ойлаймын.

Нұрбол жасаған Баймұрат батырдың ат үстіндегі тұлғасы – нағыз түркілік тұлға. Дене тұрқының (бас пен бөксе аралығы) адамның басқа дене мүшелерінен ұзындау бітісі мүсіншінің түркілік анатомиядан мол хабары барлығын білдірсе, оның ат үстіндегі қимыл-қозғалыс қалпын бейнелеуі шеберлігін айқындай түскендей. Батырдың оң қолындағы шоқпардың тізеге тірелуі – ерекше шешімнің табылуы деп айтуға келеді. Егер ол шоқпармен ұруға бейімделген қозғалысқа құрылса, онда ол наивный, әуесқойлықтың балаң қияли бірдеңесі болып шығар еді. Тізеге тірелген шоқпар бұл бейнеде Баймұрат қолындағы биліктің, сенімділіктің, артындағы елінің, қуаттылығының, молдығының, кеңдігіңің символына айналғандай. Сан үстіндегі сол қол да тұлғаның өрлігін аша түскендей.

Біздің кіндігіміз жеті атамызбен ғана жалғасып жатқан жоқ, ол қазақ даласының рухын жеткізген бабаларымызбен де жалғасып жатыр. Қазақтар ұзақ ғасырлар бойы не діни, не этникалық бірлігінен айныған емес. Қазақтардың өз ұлтына деген баға-байламы шын мәнінде қайран қалдырады. Бір-ақ  мысал келтіре кетейік, бұрынғы СССР кезінде жетпісінші жылдарда,  өз республикасында қазақтардың үлес салмағы бүкіл тұрғындардың үштен біріне жетер-жетпес болған кезі болды. Міне, осындай жағдайдың өзінде қазақтар ұлттық сезімнен айырылған емес. Қазір осы ұлттық сезімнен айырылып бара жатырмыз деп байбалам салушылар арамызда жүр. Мәселе онда емес, сол ұлттың біртектестігін  орнықтыра түсетін  іргелі істерге бет бұруда, оған бүгінгі күннің мазмұнын дарытуда. Ол осындай ұлттық ескерткіштерімізден де өз көрінісін табуы керек деп ойлаймын.

Енді, Нұрбол сомдаған ескерткіштегі ең басты мәселе – Баймұрат батырдың  ер келбеті, яғни бет-бейнесі. Өз ойымды ашып айтайын, ғылыми әдебиеттерде түркілерді бірде моңғол тектес, бірде европа тектес деген пікір қайшылықтары қайшалысады. Біз еуразиялық болғандықтан осы екі типтің екеуі де бідің бойымызда деп ойлаймын. Меніңше, Баймұрат батыр келбеті – нағыз түркілік келбет. Өмірді көрген, ұлтының бар қасыретін жүрегінен өткізген, елдіктің жолында алған бағытынан қайтпайтын, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін көшпендінің өмірлік кредосынан таймайтын сабырлы да байыпты, өз ісін нық білетін салмақты болатөзек келбет. Және индивид, ешкімге ұқсамайтын жеке дара келбет. Сақалы солай екен, тізгіні алай екен, шылбыры былай екен дейтін ұсақ-түйек сыншылар жыртылып-айырылар, оларға да құлақ қойған дұрыс шығар. Ең бастысы – батыр образы шыққан деп ойлаймыз.

Баймұрат бір рудың ғана батыры емес, ол бүкіл қазақ-жоңғар соғысының батыры, білектің ғана батыры емес, жүректің батыры, артындағы елінің иесі, өскелең ұрпағының бүгіні мен келешегін ойлайтын, керек болса, бүгінгінің батыры. Бізде социализмнің қолдан жасалған ерлерін дәріптейтін «батырлар» алеяларын орнатқан аудандар  бар. Ең кереметі, олар тәуелсіздік алғаннан кейін жасалып жүр. Қайсыбір әкім бұндай алеяларды өзінің даңқын асыру үшін жасатады деп ойлаймын.

Ал, Баймұрат батырға арналған ескерткіш екі-үш натура көлемінде жасалса шағын болып, образын ашуға қуаты жетпей қалуы мүмкін. Ол кем дегенде жеті натура, әйтпесе он натура! (Армандауға болмай ма?!) Және шекарадағы Зайсан қаласында емес,  Астанада, қазақ-жоңғар Ұлы Отан соғысының символындай болып тұруы керек деп ойлаймын. Волганың бойындағы «Жеңіс» монументі коплексін көз алдыңызға елестетіңіз! Түбі осындай ұлы монумент Астанаға керек-ақ! Мұндай іспен «қоғамдық қор» емес, мемлекет айналысуы керек, Ұлттық бірлік, ұлттық сана, ұрпақ үшін!

 

                                               Құсмілия  ЖЫРҒАЛ, өнертанушы.

                                                        Семей, қаңтар, 2018ж

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation