Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > «КӘРІ ҚҰДА» ҚАҺАРЫНА МІНГЕНДЕ ЖАС ӘКІМ ДЕ ҚАРАП ҚАЛМАПТЫ

«КӘРІ ҚҰДА» ҚАҺАРЫНА МІНГЕНДЕ ЖАС ӘКІМ ДЕ ҚАРАП ҚАЛМАПТЫ

«Кәрі  құданың» ақтүтек бораны, саршұнақ аязы атқарушы биліктің қысқы маусымға дайындығын ғана емес, жекелеген адамдардың да қайырымдылығы мен жауапкершілік сынға салатын сәт. Бұл мәселе бұрындар сөз жүзінде айтылып келгенімен биыл Өскемен қаласында өзгеше көрініс тапты. Сынап бағанасы -40 градустан түспеген қақаған аяз кезінде қала басшысы Қуат Тұмабаев бастаған көпшілдік үлгісі көптеген адамдардың адамгершілік қасиеттерін қамшылай түскен екен.  Қуат Мұхитұлының ұйытқы болуымен Өскеменнің 10 аялдамасында «Жылу нүктелері» қызмет көрсеткен. Қала әкімінің халықшыл бастамасын қолдағандар тұрғындар арасынан да табылған. Мәселен, бірқатар көлік жүргізушілер жол тосып тұрған адамдарды барар жерлеріне тегін жеткізіп салып отырған. Бір ғана осы онкүндік аязда өскемендіктер өздерін қай қырынан көрсете білгендігін ретімен айта кеткен артық болмас.

ЖАС ӘКІМНІҢ «ЖЫЛУ НҮКТЕСІ»

Алдын ала болжанған қыс қаһары мінез көрсете бастағанда Өскемен қаласының жас әкімі «Кәрі құда келеді» деп, құр қарап отырмапты. Мұндай қатты аяздарда қоғамдық көліктердің жұмыс кестесі бұзылатындығын білгендіктен жүргіншілердің оңып қалмауына қам жасапты. Нәтижесінде, қала әкімі Қуат Тұмабаевтың бастамасымен қаңтардың қақаған сол күндерінде Өскемендегі 10 аялдаманың жанына 10 жылы автобус қойылған. «Жылыту нүктесі» деген жазуы бар арнайы автобустарда жүргіншілерге кофе-шәй, бауырсақ, тоқаш ұсынылып, тегін қызмет көрсетілген. Сол сәттерде мектептерде сабақ тоқтатылған оқушылар тасымалдауға арналған көліктер осындай «Жылу нүктесіне» жұмылдырылған. Өте сәтті ойластырылғандығын сол бір сын-сағаттар дәлелдеп бергендей.

Аталған жылу нүктелері ұйғарылған Өскемендегі адамдар ең көп жиналатын аялдамалар қатарында: 1.  Ушанов алаңы; 2.  “45-тегі гастроном”; 3.  “Қазақстан”; 4.  “Ивушка”; 5.  Орталық базар; 6.  Әділет үйі; 7.  Өзен вокзалы; 8.  Халифа Алтай мешіті; 9.  Ахмер (әскери қалашық); 10.  ГЭС  бар. Қала әкімдігінің әрекеті әркімдерге ой салса керек, бұл аязды аптада өскемендік бірқатар дүкендер мен дәріханалар есігінде «шай ішіп, жылынып алыңыз. Есігіміз ашық!» деген жазулар да айналасын өзіне шақырып тұрды. Сонымен қатар, жергілікті билік бастамасын қолдау бағытында өңірлік «Altay» телеарнасының қала тұрғындарын ынтымаққа шақыру мақсатында таратқан әлеуметтік роликтері де нәтижесін бергендей.

Көлік жүргізушілер еңбегі де ескерілді

 Өскемендіктер аязды күндері қайырымдылық жасаған адамдар туралы әлеуметтік желілерде бөлісіп отырған. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды тасымалдауға ниетті екендіктерін білдірген көлік жүргізушілер қатары да табылған. Қиын сәттерде айналасына адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, қажет жандарға қол ұшын созған қамқор жандар туралы тұрғындар арасындағы пікір Өскемен әкімі Қуат Тұмабаевтың да назарына ілінген. Қала басшысы дереу көңіл бөліп, ел алғысын арқалаған белсенді азаматтарды арнайы қабылдап, олармен ой бөліскен. Көлік жүргізушілердің адамгершілік ұстанымдарына, осы бір қарапайым еңбектерімен ел бірлігін нығайтуға атсалысып жүргендіктері туралы лебізін жеткізген. «Қамқорлық қамқорлықты оятады» дегендей, қала басшысының бастамасынан негіз алған жанармай құю бекеттері де мүкіндіктерінше бір-бірін қолдау ісіне араласқан. Солардың бірі «ЛНП» жанар-жағармай бекеті басшылығы ұсынған 50 литр бензиннің сертификатын қала әкімі қабылдауында болған көлік жүргізушілерге табыстапты.

«Біз осындай сақылдаған сары аязда қала тұрғындарына ерікті түрде көмек қол ұшын берген кеңпейіл азаматтардың қамқорлығын ескерусіз қалдырмайық деп ұйғардық. Себебі, олар осы бір ғана істерімен айналасына үлкен үлгі көрсете білді. Жеке көліктерімен тұрғындарды үйіне, жұмысына дейін тегін жеткізген. Қаламызда осындай қайырымды жандардың бар екенін мақтан тұтамыз, шаһар тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Мұндай азаматтарды көпшілікке үлгі етуіміз керек», – дейді қала әкімі Қуат Тұмабаев.

Сондай-ақ, қала басшысы «Helios», «Sinooil», «Штиф» сияқты жанармай бекеттерін де «Мейірім-бумеранг добра» акциясындағы игі істерге атсалысуға шақырған.

Осы орайда  аязды күндері адамгершілік танытқандарының арқасында қала басшысының алғысына ие болған жандар есімін де атай кетейік. Олар: Асхат Оқашев, Лия Криволапова, Зарина Ескендірова және Нұрғабыл Сқақов

 Қол үшін созғандар қатары көбейе түскен

«Өскеменде аязды күндері тұрғындарға қамқорлық танытқан жандарды марапаттау жалғасуда және олардың қатарына қоғам белсендісі ретінде тағы да10 алтын жүректі жан қосылды», – деп хабарлайды Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі Facebook парақшасында. Олар: Ноғайбаев Ерболат, Агаркова Валерия, Тлебалдинов Азамат, Баталов Илья, Жалдыбалин Дастан, Қозыбаев Бауыржан, Жуков Станислав, Тернопольская Татьяна,
Жуматаев Ернұр, Мусин Тимур. Қайырымдылық танытқан әрбір белсенді жанға 50 литр бензиннің сертификат табысталыпты.

Бұдан бөлек Өскемен қаласы әкімінің Алғыс хатпен «ЛНП», «NOMAD OIL», «Штиф», «Helios» ЖҚС бекеттері мен «Каравай» нан заводы басшылыларына да марапатталыпты. Оларға дер кезінде «жылыту нүктелерін» жангармай және ыстық тоқаш пен бауырсақпен қамтамасыз етуге атсадысқандары үшін алғыс айтуды қала басшысы өзіне парыз санапты.

Сонымен қатар, қала әкімі Қуат Тұмабаев  Instagram желісінде тұрғындар тарапынан жақсы пікірлер жинаған жол-патруль қызметі экипажының 12 қызметкеріне алғыс хаттар табыстаған екен. Олар полиция лейтенанты: Кудерин Мейір, Ерланов Эльдар, Есімханов Ернар, Ахметжанов Арман, Биекенов Алмас, Ғадылбеков Дидар, Жанұзаков Даурен, Жықбаев Даурен, Мендешов Ерасыл, Тұрабаев Нұрлан, Такиров Олжас, Ануарбекұлы Азамат.

P.S. Мәселе, алған-бергенде емес, жақсының жақсылығын көре білгенде болса керек. Біз де, өз қаламыз Өскеменде осындай игі істердің көз алдымызда өтіп жатқанын естіп білгенде көңіліміз көтеріліп қалды. Байқағанымызды баршамен бөліспекке ойымызды қағазға түсірдік. «Күн жаманы кетеді…» дейді дана халқымыз. Иә, кешегі аязды күндер де өте шықты. Бірақ, артында ел азаматтарының ізгілігі қалды. Ақырған аяз қаһарына мінгенде қайырымды жандар да қарап қалмапты. Сол бір бет қаратпас аязды күндерде өзге де алыс-жақын жолдарда игілікті істер орын алған болар. Деседе, өзімнің көргендерімді, қамқор жандардың қатары көбейе берсін, соларды қолдауға қосқан үлесім болсын деген ниетпен ойымды ортаға салдым.

Назерке Қайролданова,

Өскемен қаласы.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation