Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Тарих > Кітап – мазмұнымен бағалы

Кітап – мазмұнымен бағалы

Арғы-бергі тарихтағы ақыл-ойдың көрнекті корифейлері – кітап әлемін мәңгілік мұра санаған. Қымбат қазыналар қатарына қосқан.

Ғұлама Ә.Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын асыл ұстаз» деген-ді.

Кітаптың құдірет-киесін бәрі де мойындайды. Өмір-тұрмыста үлгі – өнеге етеді. Жан азығы санайды.

Ұзақ жылдар бойы жинақталған кітапқа толы сөрелерге көзің түскенде, олардың мазмұн-мағынасы ғана емес, авторлары мен шығарушылары, сонымен қатар бұл кітаптардың жазылу тарихы, басынан кешкен тағдыры мен сан қилы жағдайлары да кітаптың өзі сияқты  адамды ойландырып, толғандырады, қызықтырады. Олардың әрқайсысы   сіздің кітап сөреңізге қалай келгенін, қашан және кімнен тап болғанын еске түсіреді.

Кітаптар – бұл сансыз сағаттардың жиынтығы, кітап жазу жолында жұмсалған әрі іздеуге кеткен көптеген еңбек нәтижесі, уақыттардың ұлы жемісі, кеңістік пен уақыттың, өткен мен болашақтың арақатынасын жалғап жеткен өшпес тарихаттың куәгері, әр түрлі қалалар, мен елді мекендер, әр қилы адамдар жайлы ақиқат пен жалғанның аражігін ашып, уақыт сынына төтеп беріп, шынайы төрелегін беретін сырлы шежірелер қоймасы.

«Жақсының аты өлмейді, хакімнің жазған хаты өлмейді» дегендей сандаған сағаттар мен жылдарды артқа қалдырып мына жалғанды, кеше менен бүгінді, бүгін менен келешекті жалғастыратын кітап атаулыдағы даналық ойлар адам жүрегінің ең нәзік  шектерін қозғамай тұра алмайды.

Бірақ адамда жүректен басқа ақыл, ой-сана мен білім бар, ескі болсын мейлі жаңа болсын кітап шешімінің ықпалымен болатын даму бар.

Кітап – сенімді дос, болашаққа бағдаршы, ақыл-ойға тірек көмекші.

Кітаптың құдіретті киесі де, мәдени-рухани, көркемдік-эстетикалық қуаты да осында болып табылады.

«Қазақтың жазушысы, ғалымы Тұрсын Жұртбайға, Ғарифолла Есімнен ізгі ниеттен ұсынылған – 16.04.1999 жылы» деп автор қолтаңбасын  қалдырған кітаптың аты «Сана болмысы», 1998 жылы «Ғылым» баспасынан  шығыпты.

Бұл белгілі ғалым, философ Ғарифолла Есімнің томтама еңбегінің бесінші кітабы.

«Қазақ Республикасы» – деген атпен жаңа тарихқа енгелі міне, сегізінші жылға кетті» – деген алғашқы сөйлемінің өзі ойымызды әр тарапқа шарлатып алып кете берді. Оның себебі де жоқ емес, біріншіден, тәуелсіздік тарихынан басталып-ақ

Еліміз «Қазақ Республикасы» емес, Қазақстан Республикасы аталып жүр. Әр түрлі мерзімді басылым беттерінде еліміздің атауын ұлықтауда Қазақ сөзіне – стан қосымшасының жалғанып жүргені туралы сан түрлі пікір-таластар қозғалып жүргендігін көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман жақсы білетіндігі өтірік емес. Осыдан кейін   философ, ғалым  Ғарифолла Есімнің қолданысындағы «Қазақ Республикасы» көңіліме қона  кеткенін жасырмаймын.

«Тарих оқиғалар тізбегі емес, ол сана, ол ұрпақтардың нақтылы ғұмыры, ол әр заманда өмір сүрген жандардың үміті, махаббаты, ерлігі, қайғылы күндері» – деген екен қаламгер.

«Адамзаттың тарихынан өзімізге тиесілі кеңістікте қалыптасып келе жатқан тәуелсіздік, еркіндік санасына келсек, осы бастан өткен жылдар қазақтар және қазақстандықтар үшін жеңіл оқиға еместігін бүгінгі күн тәжірибесі анықтап беріп отыр. Санамызда ондаған жылдар ішіндегі қалыптасқан идеологиялық түсініктер ғасырлар бойы қанымызға сіңген дәстүрлі ұғымдарды төңкеріп тастауға шама-шарқы жетіп қалғанына  таң қалмасаң да, мойындауға тура келуде. Бұны, сірә ұрпақтар алмасуынан аңғаруға болады. Әрбір ұрпақ өз санасы, өмірлік тәжірибесімен келіп кетуде. Кеңес заманында туып-өскен үш ұрпақ легін аңғарып отырмыз. Енді тәуелсіз Қазақстан жағдайында әлеуметтік өмірге төртінші ұрпақ араласпақ. Үміт осы төртінші ұрпақта. Бұлар өз харакетін  христиандық жыл санау бойынша жаңа ғасырдан бастамақ. Демек, оларға айтар ақыл жоқ, себебі біз өткінші жиырмасыншы ғасыр өкіліміз, тек кеңесіміз ғана бар»

…Заман туралы сөз айту әрі қиын, әрі жауапты іс…

…Алайда, өз заманың туралы ойланбасаң онда тірлігіңнің мәні не болмақ? Кешегі бүгінге жетіп, бүгіннен болашақ басталса, біз соның қай қалтарысында тұрмыз, заман Тағдыр ма, әлде ол адамдар белсенділігімен анықталмақ па?

…Абай ХХ ғасырдың басында «Замана, шаруа, мінез күнде өзгереді» – деген еді, рас ғасыр аяғында осы үшеуі де түбегейлі өзгеріске түсті. Заман болмысының өзгергені соншама, бүгінде адамдар оның бет-бейнесін тани алмай қапалануда…

…Қазіргі заманда шаруа мен қоса мінез өзгерген. Өзгерген шаруамыздың мәнісін нарық және нарықтық қатынастар деп жүрміз, ал мінез дегенде біз ел мінезін айтып отырмыз. Ұлттың мінезі қалыптасып үлгермеген қазақ жұрты тоталитарлық совет дәуірінде бір ізге, бір қалыпқа түсіп үлгеріп те қалған болатын. Совет заманы адамдарды айтқанға көнгіштікке, қарсы пікір айтпаушылыққа дағдыландырған. Бір партия бастаған мемлекеттің жағдайы осылай болатыны белгілі…

Осындай «ауасыз кеңістікте» адамдар мінезі ұсақталып, тұрмыс, тіршілік көлеміндегі істерден аспаушылық байқалады.

Танымал ғалым, көрнекті көсем сөз шебері Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде қазақ халқының басынан кешкен ұлт-азаттық қозғалысын, Отан қорғау тарихын, оның кезеңдерін, халқымыздың ел бастаған көсемдерін, қол бастаған батырларын сөз етеді. Тәуелсіздік жолында оянған ұлттық сана, Отан, тәуелсіздік үшін болған ата-бабаларымыздың қанды жорықтары, дабылды, дауылды азаттық күрес жолдары, ел бостандығы, бірлік жолы, ұлтжандылық дәстүрлері кітаптың негізгі арқауына айналған.

Оқырман ретінде аталмыш кітапты қолыма алғанда оқуға ынтамды аударған басты мәселе тағы да – Қазақ Елі атауына қатысты ойлар еді.

«Қаншама елдің ардагер перзенттері осы тәуелсіздіктің өзі емес, тек сәулесі үшін қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Тәуелсіздік емес-ау, сол Ресей империясының құрамды бөлегі – территориялық автономия алудың өзіне қанағат еткен бір ғана алаштың реформаторлар ұрпағының тағдыры не болды?

Тереңнен ойлап, тебірене толғансаң – халқымыздың барша тарихы осы тәуелсіздік үшін, елдік үшін, халықтың бас бостандығы үшін күрес.

Қазақ жері – Отанымыз. Ал халқымыз Ресейге тәуелді болған шақта ол өгей Отанға ие болды, тоқалдан туған баладай, «ұлы ағаның» «кіші інісі» болды. Жатқа бағынды, өгей әкеге табынды ол. Сүйтіп ғасырлар бойы бас еркіндігінен айырылды, қанаты қайырылды.

Меніңше, адамдар алда көптеген жүздеген, мыңдаған жылдар өмір сүреді. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті де солай болады деп ойлаймын.

«Халықтың тарихи санасын ояту біздің парызымыз. Бірақ, біз осы бағытта халықтан тым ұзап, асығыс кетіп бара жатқан сияқтымыз. Өткенімізді архив қоймаларынан іздеп, саралап алмай, көсемсөздің кейбір ұшқырларының соңына еріп, зерттеу жұмысын ат-үсті жүргізіп отырғанымызды жасыруды орынсыз деп санаймын. »

Тәуелсіздіктің тағы бір саласы – рухани тәуелсіздік. Ғасырлар бойы отаршыларға табынып үйренген халық үрейден жаңа-жаңа ес жиғандай. Ата-баба салтын, ата-баба даңқын еске алып, ата-баба жолын іздеген халық. Есеңгіреп қалған ел қалың ұйқыдан жаңа оянғандай тарихын таразылап, ескірген жолдың, өшкен сүрлеудің, атойлаған жорықтың, жоғалып кеткен салтын, ұмыт бола бастаған тілін, ділін, дінін жаңғырта бастады. Әрине, бұл да оңайлықпен келіп жатқан іс емес».

Тарихшы ғалым М.Қозыбаев еңбегінің құндылығы – заман мен қоғам, ел мен жер тарихына нақты баға беріп, орынды ойларын ашық жазып, ел-жұрт алдындағы парызы мен  жауапкершілігінің үдесінен шыға білгендігімен ерекшеленеді.

Уақыт төрелігіне төтеп бере алатын, өз заманының сырын да шынын да  шынайы білдіре білген кітаптың бірі осы болар деген ойға келдім.

Дәуренбек Әубәкір «Өлеңнен өрдім поэма, арқаннан естім тәсілді» немесе «Инновация инновации рознь» деп метафораланған атауынан-ақ аңғарылып тұрғандай, кітаптың іші де бірден оқырманның қызығушылығын тудырары анық. Ең әуелі еңбектің сыртқы мұқабасының безендірілуі өзгеше ойға жетелейді. Теңізді қақ жарып келе жатқан кемеге Қазақстан атауы беріліпті. Желкенінде еліміздің байрағы мен қанатын жайып күнге беттеп бара жатқан қыран, одан төменіректе Астана деген жазу бар. Кітапты қолыма алдым да ойға қалдым. «Не… жайлы, қалай… «өлеңнен өрдім поэма» деген сөз жақсы екен, ұнады, қалай болса да қазақы бедер, ал «арқаннан естім тәсілді» деген атауы көңіліме онша қонымды болмағанымен оқығаннан кейін қатты риза болдым. Міне кітап! Міне ой мен толғам. Міне көзқарас!

Кітаптың «Ұлттық идеяны қалыптастырудың алғышарттары» деп аталатын тараушасында: Жасыратыны жоқ, қалыптаса бастаған мемлекеттік құрылымды әзірге «ұлттық  мемлекет» деп айтуға келмейді. «Қазақстан Республикасы» бола берсін – бұл көпұлтты құралымның рәсімдік атауы, ал, бірақ мемлекеттік құрылым ретінде ол «Қазақ мемлекеті» – «Қазақ Елі» деп айтылуға һәм құзырлануға тиіс. Өйткені, көпұлтты республика болғанымызбен, титулдық ұлт – қазақ ұлты. Бұл жағдаятты Қазақстандағы басқа барша ұлт-ұлыс өкілдері мойындауда және халықаралық деңгейде де бұл құзырлы шешімді түсіністікпен қабылдары хақ. Ал, бұл шешімнен қалғандары туындайды, мәселен осы күнге дейін толық шешімін таппаған, содан – ушығып  тұрған мемлекеттік тіл мәселесі. Бүгін оған немқұрайлы қарауға болмайды. Тіл білімі ғалымдарының бұлтартпас дәлелдеуімен айғақталған дәйегіне сүйенсек, қазақ тілінің түбірлі сөз қоры орыс тіліндегіден 10 есе артық, ағылшындағыдан – 12 есе басымырақ.

Мемлекеттік тіл жағдайы әйтеуір бір түзеледі – деп бейғамдықпен жүре беруіміз дұрыс болмайды. Әркім намысқа мініп, өзінің жанұясы, қызмет аясында егемендік пен тәуелсіздіктің ар жағында рух азаттығы, мәдениет пен тіл құдіреті жатқанын әсте естен шығармауы абзал! Тіптен ұлттық идеология парасатының басты көрінісі қазақ өзі ғана қазақ болып қалмай, қасында жүрген басқа жерлес, тамырлас ұлт пен ұлыстардың өкілдерін – Қазақстанның өзіндей азаматтарын қазақ қылуға еріктендіруі шарт. Бұл біздер үшін мәртебелі борыш…

Халықаралық саясат жүргізу мәдениеті дегеніміз – біздерді сол шет елдерде көне Түркілік дүниенің құзырлы ізбасары ретінде танытуды білдірсе керек. … «Тарлан» сыйлығын иемденген Александр Гаркавец дәлелдеп бергендей, Жібек жолының бүкіл өнебойында 5-6 ғасыр көне қыпшақ тілі іскерлік тіл рөлін атқарған екен. Немесе, бақандай 30 жыл Мысырды билеген Бейбарыс-сұлтан бабамыз түркі тілін ресми түрде әскери тіл қылған екен, сол үрдіс ол өмірден озғаннан кейін, ғасырлар бойына мәртебесін жоғалтпай сақтаған көрінеді. Сонда, сол ұлы тілдердің мирасқоры – қазақ тілі өз Елімізде Мемлекеттік мәртебені ұстай алмайды дегенге кім сенеді?! Ұстата алмай жүрміз – десек, азаматтарымызға, ең алдымен өзіміздің орыс тілді қаракөздерімізге төл тілімізді ұстарта алмай жүрміз– міне, сол ащы да болса шындық.

Ертерек жарыққа шыққанына қарамай бұл кітаптар мен пікірлерді қайта «сөйлеткім» келгені – олардағы бүгінгі қоғамға ауадай қажет қазына ойлар, парасатты пайымдар. Ойландырды…

Аталмыш кітаптарда ұлттық мұрат пен руханият құндылықтары, қазақ өркениеті мен тәуелсіздік тағылымдары, елдік мүдде мен адамдық іс – әрекеттер, озық дәстүр мен өнегелі салттар әдеби – тарихи, ғылыми – танымдық тұрғыдан басым бағыттарға, салмақты мәнге ие болған.

«Өнер алды – қызыл тіл» деп ұлы Абай айтқандай, өнер атаулының ұлысы – сөз өнерінің адам өміріне, адам тәрбиесіне ықпалы аса зор екендігі әуел бастан түсінікті. Ал, рухани қуаты мол кітаптар – қазақ қоғамының бағдаршысы болса игі!..

            Еркегүл Арыққарақызы,

«Отырар кітапханасы» Ғылыми Орталығының

ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.

 

 

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation