Сейсенбі, Шілде 17, 2018
Негізгі > Бас баған > Т.Омар: «Тіл мәдениеті  – маңызды мәселе»

Т.Омар: «Тіл мәдениеті  – маңызды мәселе»

Мемлекеттік тілдің ахуалы жөнінде аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Соған қарамастан, тіліміздің әлі де қоғамдық өміріміздің әр саласындағы қызметі тұрақты  нормаға сай қолданыс құралы бола алмай отырғандығы жасырын емес. Бұл жөнінен ұлтжанды азамат, ұлттық рухты биік ұстанған, санасы сергек тұлғамыздың бірі, талай жылдар Шығыс Қазақстан өңірінде сот қызметі саласында төрағалық қызметте қажырлы еңбек атқарған, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, Тарбағатай ауданы, Шаған оба ауылы тумасы, қазір құрметті зейнеткерлік демалыстағы құрметті сот ардагері, Астана қаласының іргесіндегі Жібекжолы ауылының тұрғыны Талғат Әбілмәшұлы Омар ағамыз сұхбат берген еді.  Талғат ағамыз қоғамдағы жайттарды елеусіз қалдырмай өзіндік ой-пікірін білдіре білген бойындағы ұлтжанды, адамгершілік қасиетімен ерекшеленген жанның бірі десем артық айтпағаным. Сонымен қатар қазақтың қазанаты десе ішкен асын жерге қойған ұлттық сана-сезімі, рухани болмысы да тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жылқыны пір тұтатындығына да көз жеткіздік. Бір сөзбен пайымдағанда Талғат ағамыз  жылқы түлігін төресіндей көретіні, сондай біздің түйгендігіміз ағамыздың  жылқы мінезді, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырған қасиеті де ерекше.

  • Талғат Әбілмәшұлы, өзіңізді толғандырып жүрген мемелекеттік тілдің мәселесі туралы ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз?

Тіл қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Мені толғандыратын мәселенің бірі өз ана тіліміздің қолданыстағы қызметі. Солай бола тұрса да, ұзақ жылдар бойы теперіш көріп келген ана тіліміз қоғамдық өмірде қолданысқа енгенімен, бірақ, бүгінгі күн өлшемімен алғанда қоғамның көптеген салаларында  ақсап  тұр. Тілдің әмбебаптығына тоқталсақ, мемлекеттік тіл орыс тілінің аударма нұсқасы түрінде қалыптасу үдерісінде. Не әр жердің диалектілік терминдермен де қолданыста. Нәтижесінде мемлекеттік тіл ақпарат өндірудің тіліне айнала алмауда, оның үстіне толыққанды тұтыну тілі бола алмауда.

Бізді ойланыдырып жүрген нәрсе бұл еліміздің Тәуелсіздік алғанан бергі жасалып жатқан дүние. Елдің тәуелсіздік деген ұғым ең бірінші оның шекарасы одан кейін оның азаматтығы, одан кейін мемлекеттік тілі.

Тіл жөнінде келетін болсақ, 30 жылдай уақыт болсада мемлекеттік тілдің алға басқан ғұмыры жақсы болмай тұр. Өйткені мына тілді ең бірінші қазақтың грамматикасын жасаған Ахмет Байтұрсынов болса, одан кейін Кеңес одағында және осы уақытта қолданып жүрген граматика  Сәрсен Аманжоловтың еңбегі. Осы еңбекті ешкім өзгертуге құқығы жоқ. Өйткені, мемлекетік заңның Конституция ата заң деп аталатын болса, Сәрсен Аманжоловтың жасаған грамматикасын сол конституция деп қабылдау керек. Оны бұзған адам ол қылмыскер. Тілге қарсы қылмыскер, бұл мемлекеттік тіл сондықтан мемлекетке қарсы жасалған қастандық деп ойлау керек. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының да саны артты. Өкінішке орай біздің қазақ азаматтарының өзі граматикалық тілді тек қана көшедегі емес ресми телеарналардағы кейбір бұқаралық ақпараттық құралдарда бұзушылық көп. Мен өзің таң қалам олар орта мектепте қазақ тілін оқымаған ба деп. Мысалы үшін бір-ақ мәселе осы күнде телеарнада айтылатын «бүгінгі таңда»деген сөз «таң» деген ол әлі күн шықпай атып келе жатқан алау ал олар бүгінгі таңда деп кешке жақын түскі уақытта айтады яғни «бүгінгі уақытта», «бүгінгі күні» қазіргі уақытта деген нәрселер бар ғой кешкі уақытта. Мысалы Қызылорда жақта таңғы уақытты «азанда» деп айтады ол азанда деген молданың азан шақыратын уақыты. Ол ешқандай күннің уақытын білдірмейді. Азаншының азан шақыратын уақытын айтады. Енді осыны қолдануға бола ма «таңғы» деп.  Азанмен қазақтың түсінік ұғымын бұзамыз. Әсіресе қазақтың тілін және үйреніп жүрген адамдарды шатастырамыз. Ол өте қауіпті дүние.

Екіншіден баспа құралдарында «ерекше» деген ұғым бар. Ерекше адам, ерекше көрініс деген ерекше уақыт деген түсініктер бар. Ерекше дегендегі «ше» деген қосымшаны алып тастайды да «ерек» деп жүр. «ерек бала», «ерек әйел»  бұл түсініксіз нәрсе ғой ерек емес ерік болса жарайды.

«еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп жүр. «егесі»деп, оңтүстік жақтарда тұрмыстық жағдайда қолдана беретін болу керек. «Иесі» ғой «егесі» емес. Егес деген «төбелес» дегенді білдіреді. Қазақтың салты бойынша (заңы десек те болады) ер адам үй ішінің асырап бағушысы, қамқоршысы, иесі деп есептеледі. Тіпті шағын мемлекеттің билеушісі десек те болады. Демек, «еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегеннен гөрі мен «еркек үйдің иесі» деген дұрыс болар деп түйіндеймін.

Одан кейін мына телеарналарда көп қолданатын мемлекеттік басшыларының кездесуінде пікір алмасу «пікірлесу» деген сөздің орнына «пікір талас» болды дейді. Талас деген ұғым ол бүтін дүниені талап алу. Таластың өзінде талау деген сөз тұр. Яғни, бұл талау ғой бір бүкіл дүниені бұзып алу. Екі елдің басшылары кездесіп жататын болса, оны пікірталасты дейді. Ол жерде екеуі төбелескен жоқ, пікір алмасты немесе пікірлесті, мысалы ортақ бір мәмлеге келді деп қолдануы тиіс.

Яғни, бұл кісілердің сөз қорында мына қазақтың бай тілін қайшылыққа алып барады. Негізгі айтатын нәрсе бұл ұлттың тілі кім көрінгеннің ермек ойыны емес, бұл дұрыс қолданатын тәртіппен қолданатын болуы тиіс. Мысалы Францияда мемелекеттік тілі франуз тілін қадағалайтын тіл полициясы бар. Егерде бір француз тілін өзгертіп қолданатын болса, ауызекі сөйлеуде де бұзатын болса, ресми жерлерде жариялайтын болса сол адамды әкімшілік жауапқа тартады екен. Бізде бұл тілді бұрмалаулар орын алып жатады.

Кей жерлерде диалектілік тіл қолданысқа кіріп кеткен алып тастаудың қажеті жоқ деген қате пікірлерде баршылық. Диалект деген термин тілде жалпыхалықтық сипат алмаған белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығы. Диалектілік түсініктерді кіргізе берсек не ауқымын кеңейте беріп қолданыста айта берсек адасамыз. Әр өңірдің өзінің сөз қолданысы диалектілік ерекшеліктері болады. Батыстың, шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің, қандастарымыздың айта берсек әр өңір, мекен, ауылдың диалектілік ерекшеліктері бар. Әдеби тіл мен диалектілердің қарым – қатынасы жайында сөз болғанда, негізінен, екі мәселе ескеріледі. Бірінші, әдеби тіл мен диалектілердің бір-біріне тигізетін әсері, әдеби тіл де диалектизмдерді пайдалану жайы; Бұл мәселелерге тоқтамас бұрын алдын ала бір ескерілетін нәрсе – осылардың қай-қайсысы да қазақ тіл білім інде толық бірыңғай пікірге келіп, ғылыми негізде түбегейлі шешілген мәселелер емес. Бірсыпыра уақыттан бері айтылып, әлі де піків таласы аясынан аса алмай жүр. Жергілікті халық тілінің байлығын пайдалануда бізде осы күнге дейін әр түрлі пікірде жүрген жайлар жоқ емес. Кейбір салада бір сөздің айтылуын бір жақты түсініп, кейде жалпы халықтық баламалары бола тұрса да, жергілікті сөздер мен грамматикалық тұлғаларды жиі қолданады.

Мәселен, бүкіл халық қолданып, әдеби тілде әбден қалыптасып кеткен жоғарыда айтып өткендей бүгінгі күн, қазіргі уақытта  т.б. сөздердің орнына бұл таң деген сөздерді қолданудың қажеті жоқ. Әдеби тіл қалыптасқан тілдік нормалардың тұрақтану, сөйлеу, жазу үстінде олардың қатаң сақталуын талап ететін ескерсек, сөз қолданудағы мұнай тұрақсыздыққа жол беруге болмайды. Қазақ тілі говорларында әдеби тілдің кәдесіне жарайтыны да жарамайтыны да бар. Говор дегеннің өзі жергілікті диалектілерінің шағын аймақты ғана қамтитын бір бөлігі ғана. Яғни бір-екі аудан ғана көлемінде жерді қамтитын сөздер. Керісінше, әдеби тілді шұбарлайтын, оның дамуына, нормалануына,  бір қалыпқа түсуіне,  кедергі келтіретін элементтер де бар. Бұл дегеніңіз говор белгілі бір аймақ шеңберінде ғана қолданылып, кейін халықтың жиі-жиі қолдануы нәтижесінде диалектілік лексика тар шеңберден шығып, тілдің әдеби деңгейіне дейін көтерілген. Жалпыхалықтық қолданыс дәрежесіне жеткен сияқты сөздеріміз аз емес.Сонымен қатар паразит сөздер. Паразит не жаргон сөздер деген ешқандай мазмұны жоқ. Адамның өзі әдетке айналдырып қоса беретін сөздер. Мысалы оған бүгінгі күні әуес әсіресе жастар «ағашка», «апашка». Енді осындай диалект, говор, паразит сөздерді қолданып тұрған адамыңыз сіз жақтың өкілі болса, ол түсінеді, сіздің не айтып тұрғаныңызды. Енді ол басқа жақтың өкілі болса, бұндай диалектілік қолданысты естімеген адам адам болса, ойыңызды түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан осы жағына да сақ болу керек. Әсіресе содан кейін мынау жастардың сөйлесу әдебінде сөздердің аяғын жұтып қою көбейіп бара жатыр. Юрта қойдық, қазақы үй қойдық деп жатады бұл да дұрыс емес. Кигіз үй тіктік десе дұрыс болар.

Ал телеарналардың тілі өз алдына бөлек әңгіме. Қазіргі кезде өз ана  тілімізде сауатты сөйлеуде, сөзді қадірлеуде бірден-бір жоғарғы орын алатын ең алдымен ақпарат тарататын теледидар, радио, мәдени орындар театр, балабақша, мектеп екені мәлім. Мектепте оқытқандай қазақ тілі ережелері бойынша, сингармонизм заңы бар. Ілгерінді ықпал, кейінді ықпал арқылы алдыңғы, соңғы әріптерге байланысты буынның оқылуы жұмсарады. Өкінішке қарай, қазақ тілінің әуезділігін беретін үндестік заңы бүгінгі күні кейбір радио мен телеарна тілшілеріне қатысы жоқ сияқты. Тікелей эфирде халықпен бағдарлама не құттықтаулар болмасын жүргізіп жатқан радионың жас қызметкерлері сөйлеу мәдениетін өрескел бұзып жатады. Бос сөзбен қалжыңдап бос уақыт өткізетін сөз саптауларында естіп жүрміз. Ерсі естілетін сөздермен араластырып, ана тіліміздің қаншама сөз қоры барын ескере отырып, қарапайым мәдениетті сөйлеуде  деңгейлерін түсіріп жатқандығын байқамайтын да шығар бәлкім. Бұл оның тәрбиесіздігінде не бүгінгі заман ағымына еліктеу, даралану, жұлдыз болуға сайып тұрғандай. Тікелей эфирден айтылған сөз үлкен аудиторияға арналған. Радио тілі негізі нағыз ауызекі тіл. Ол барынша қарапайым және қысқа әрі түсінікті болуы тиіс. Қиындатып, ақылгөйсіп, орысша не бүгінгі жаргон сөздерді сөйлейтін жүргізуші ешкімді де қызықтырмайды. Ол сол телеарнаның қызметші екенін ұмытып та кетеді.

Сөздердің жазылуы мен айтылуы бірдей бола бермейді. Сөйлеу кезінде немесе дауыстап оқу кезінде сөздер бір-бірімен үндесіп, үйлесіп жатады. Біздің өнер адамдары да тілді қолдануда ақсап қалатын сәттері де болады. Сұлу сөз, актердің сәні, ішкі жан дүниесі, сөзді сіңіріп, ішкі сезімнің үні етіп айта білуі де  әркімге берілмеген қасиет. Яғни бұл сахна тілі десем де болады. Халық деген көрермен бәрін байқап отырады. Тұрсынбек Қабатов сахнада орыстың  «маладец» деген сөзін көп қолданады. Күлдіремін деп тілді бүлдіріп жатқаны ғой. Орнына «жарайсың», «жақсы азамат» десе де болады. Сахнада мұндай ұсақ жайттар деп қарамай ескеру керек. Сонымен қатар телеарналардағы жүргізушілердің өзі ана тілінде сөйлеп жатқанымен диалектілік сөздерді қолданады.  Телеарна бағдарламалардың  кейбір жүргізушілердің сөз саптауынан осындай жайттарды естіп қалдым. Бүгінгі күні бәрі болмаса да бірі өнер саласында не әнші, жұлдыздардың жүргізуші болып жатқанына куә болып жүрміз. Ал олардың кәсіби маман жүргізуші қызметі орнында бағдарламаларды жүргізгенде көрермен ретінде көп көңілім толмайды. Өйткені қарапайым ана тілінде қалыпты нормада айтылатын сөздерге бұрмалаушылық не сол өз қолданысындағы сөздерді жиі қолдануы. Барлығына топырақ шашпаймыз, алайда орын алып жатқаны баршылық. Сондай-ақ басқа тілден енген сөздер, аударма тілінің мағынасы да мәселе. Мысалы орыстың «легкий» сөзі аудармада «жеңіл» десек те адамның ағзасы «өкпе» деген түсінікте қолданады. Орыс тілін үйреніп жүрген адам үшін түсініксіз болады. Толық мағынасын сөз тіркестерімен байланыстырғанда  жағдайда ғана түсінікті болады.

Аударма тілге келсек жарнама тілі мүлдем ақсап жатыр. Көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қате жазулар, қисынсыз аудармалар, сөз қолданысында орын алған жайттарға куә боламыз. Жарнамалардың қазақ тіліне аударылуы жағы өте әлсіз. Көбі мағыналық жағынан сәйкестігі былай тұрсын, жалпы алғанда қате жазылады. Әрине, бұған кінәлі – жарнама беруші тарап пен аудармашылар. «Жарнама туралы» заңы бойынша, жарнама қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады. Бірақ жарнама мәтінін бiр тiлден екiншi тiлге аударғанда оның негiзгi мағынасы бұрмаланбауы тиiс. Қазақтың көрікті, әуезді, өткір тіліміз барында ауызекі тіл болмасын, аударма болмасын бай тіліміздің қадірін білмей жатқандығымыз өкінішті.   Халқымызда бір аталы сөз бар «Сөзді тіліңе билетпе, ақылға билет». Тілді жаңадан үйреніп жүрген жандарға әсіресе бүлдіршіндер отбасында айтылған, үйреткен сөздерге үйреніп солай екен деп нормаға сай емес сөз қолданып кетеді. Ең алдымен отбасында басталуы шарт. Ұлтымыздың мәдениетін көрсететініміз де осы ана тілімізді дұрыс қолдануымызда.

 

  • Талғат аға, ана тіліміздің мәселесі жайлы ашық пікіріңіз айтып отырсыз. Жалпы, сіз ұлттық құндылық дегенді қалай пайымдайсыз?

Талғат Әбілмәшұлы: Құндылық дегеніміз жеке тұлғаның  таным-түсінігіне, көзқарасына байланысты әр түрлі сипатта болмақ. Қоғамда «Отбасылық құндылық» «Рухани құндылықтар», «Материалдық құндылықтар», «Мәңгілік құндылықтар» сынды ұғымдар қалыптасқан. Мен үшін бүгінгі тақырыпқа сай ең басты құндылық ана тіліміз. Барлығының бастауы да ана тілімізден басталады. Мысалы намыс, тектілік, батырлық, отаншылдық та ұлы ұғым. Батыс ғұн империясының аты аңызға айналған әйгілі билеушісі, адамзат тарихында өзіндік орыны бар тарихи ірі тұлға өз заманының аса күшті қолбасшысы болған тарихта  Аттила деген атпен белгілі батырымыз Римге барған уақытында айтқан сөздері, оның жылқымен тектестігін тани келе, түркілердің үні, жылқының оқырануы,  жылқымен жаны бірге деген түсінікке келтірген. Тарихтың жүрегі уақыт. «Қыраннан ептілік, тұлпардан тектілік кетпеу керек»,  – деген аталы сөз бар. Қыраннан ептілік, тұлпардан тектілік кететін болса қасиет болмайды.

Біз қолымызда бар бойымызда бар құндылығымызды жоғалтсақ қасиеттен де арыламыз. Материалдық құндылық пен рухани  құндылық қатар жүруі тиіс. Материалдық құндылық қалып, рухани құндылық озып кететін болса қоғамның болашағына зиян келтіреді. Қазіргі рухани жаңғыру дейміз, менің пікірімдегі осы рухани жаңғыру, құндылықтың негізі де өз ана тіліміз. Елбасының бастамасымен қолға алынып жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жақсы бастама. Біз оны қолдаймыз. Латын әліпбиіне көшпесек тіліміз дамымайды. Мынау Ресейдің кез келген басшысы мектепке келгенде ең алдымен сұрайтыны орыс тілінен қандай баға аласың? деп сұрайды. Бізде есеп сұраймыз. Бұл дегеніңіз материалдық құндылық рухани құндылықтың алдында тұр. Кеселдің бәрі осында. Осы аталған екі құндылықтың өзі домбыраның қос ішегіндей үндестігінде, қатар болуы шарт. «Мейірімділік патшасының  әмірі жойылған кезінде зұлымдылық таққа отырады»,- дейді. Бұл дегеніңіз түсінік. Түсінік жоғалған кезінде зұлымдық орын алады деген сөз. Әр ұлт өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін қызғыштай қорғамаса жойылып кетеді. Еліктеушілік деген жақсы, бірақ ол дарақылыққа апармауы керек. Өскелең жастар әсіресе еліктеуге бейім келеді. Жаңа дүниемен жаңа сөздерге, жаңа дәстүрге елеңдеп заманнан сәннен қалғысы келмей, қалай шырмауға түсіп қалғандарын да білмей қалады. Құндылық атаулыға бұл жерде орын да болмай қалады.

Өзін тәрбиелей алмаған тәрбиеші бола алмайды.  Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, ынтымақ, бейбітшілік пен тыныштық болса, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық. Жат ағымдардың белең алуын алдын алу өзі түптеп келгенде тәлім-тәрбие, ортаның рөлі. Бұл осы айтып отырған құндылық атаулыны жоятын да жат ағымдар. Отбасының тәрбиесі ерекше орын алады. Жастардың жоғарыда тілге тиек етіп өткенімдей заман ағымына қарай өзге ұлттың мәдениетіне, әуеніне, сәніне еліктеуінің өзі қаншама құндылығымызға өз кесірін тигізеді.

Осыдан үш жыл бұрын академик Төрегелді Шарманұлы ағамыз  «Құндылықтар құлдырауы» деген тамаша мақаласында біз­дің қоғамымыздың белгі­лі бір бө­лігінің атаққа, табыну­шы­лыққа, өз үс­тем­дігін көрсетуге, даңқ­құ­марлыққа, дүріл­деген мерейтойлар өткізуге және т.б. ұмтылуы жайында жазды. Ия, қоғамда бай болса сол адам құнды, рухани байлығынан тағы материалдық құндылығы артып тұрғанымен, бұл уақытша дүние. Байлық деген рухани құндылықта. Ол мәңгілік. Заманында Оразбаймен Абайдың айырмашылығы Оразбай бай болды, Абай рухани бай болғандығында. Оразбайдың ұрпағы да оның кім болғанын білмейді. Ұрпақтарының өзі Абайдың ұрпағымыз дейді. Оразбайдың байлығы еріген қар іспетті. Біз осы рухани құндылығымызды қорғауымыз керек. Қорғамаған ұлт жоғалып кетеді. Бұл деген тағы айтарым тілімізбен салт-дәстүріміздің жоғалуында. Біз көріп қолмен ұстағанды құндылық дейміз. Бұл қате пікір. Дала философиясында құт деген ұғым бар. Біреудің құты итінде, отбасында, шаңырағында, жылқысында, т.б. болады. Мен үшін құт – жылқы. Астана іргесінде тұрсам да жылқы ұстап отырмын. Мен жылқыдан энергия аламын.

Сөз соңында айтарым, жалпы қоғам, зиялы қауым, жастар үшін сауатты жазу қандай міндет болса, дұрыс, таза сөйлеу де сондай міндет. Таза сөйлей білу де мәдениет,  тәрбиенің бір саласы. Айтайын деген ойдың мағынасын бөліп-жармай жеткізе білу де қасиет. Өзімізге қажетті  қасиеттің бәрі ана тілімізде жатыр. Алайда, өмір жалғаса берер, бірақ өскелең ұрпақ өзге елдің шылауында кетіп, өзге жұрттың мәдениетіне еліктеп, заман ағымына еріп мағынасыз әуенді тыңдап ана тіліміздің жоғалуына жол берілмесін деген ой. Жастарға намыс отын жағатын, жүрегіңе жылылық ұялататын, елге, жерге деген патриоттық сезімін оятып, қалыптастыратын да ана тіліміз. Сөздің қадірін кетірмей, ана тіліміздің қадірін кетірмейік. Қазақ тіліне ең алдымен қазақтың өзі жанашыр болуы тиіс.  Барлығымыздың  азаматтық борышымыз, қасиетті парызымыз деп түсінейік.

Талғат Әбілмәшұлы, берген сұқпатыңызға алғысымызды білдіреміз. Сіздей ұлтжанды, тіл жанашыры тұлғаларымыз көп болсын. Әңгімеңізге рақмет!

Дидар НҰРЖІГІТ, Өскемен.

P.S.Өмірдерек:

Олай болса, ең алдымен Талғат Әбілмәшұлы ағамыздың қысқаша өмірбаянына тоқталып өтсек. Талғат ағамыз 1952 жылы 15 қазанда Тарбағатай ауданы, Шілікті ауылы маңында Шілікті даласының шығыс шегінде орналасқан қазіргі Шаған оба қорымы аталып кеткен жерде қытаймен шекаралас Сауыр тауының бөктеріндегі бұрыңғы Шағаноба деген кішігірім ауылда дүниеге келген. 1966 жылдан бастап Қабанбай ауылында тұрды. 1970 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін совхозда мал дәрігері болып қызмет атқарған. Әкесінің қасында кіші мал дәрігері болып жұмыс істеп жүріп, осы жылдың күзінде әскер қатарына алынады. Еңбек кітапшасындағы мамандығы «Фельдшер» деп көрсетілген жазба бойынша Мәскеу қаласындағы №7576 әскери бөлімге адам дәрігері ретінде түседі. Осы бөлімге Украина елінен алдыртылған екі азамат та мал дәрігері болып, адам дәрігерін сұратқан медиктердің бастары қатады. Қорғаныс Министрлігінен бір адамға рұқсат алып, арнайы дәрігерлік оқу орнына жіберу үшін үшеуін сынақтан өткергенде Талғат ағамыз ғана өтіп, Латвия Республикасындағы әскери оқу орнына жіберіліп, 8 айлық әскери соғыс уақытына бейімделген оқуды үздік аяқтап, сержант атағын алды. Мәскеу қаласындағы №7576 әскери бөлімге фельдшер болып оралып, қызмет атқарған екен.

1972 жылы әскерден оралып, ауылға келіп оқу басталғанша фермаға есепші болып жұмыс атқарған. 1973 жылдың күзінде комсомолдық жолдамамен Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін салатын құрылыс мекемесіне келіп жұмыс атқарып, 1974 жылы С.М.Киров атындағы КазМУ заң факультетінің кешкі бөліміне студент болып қабылданады. Күндіз Алматы қаласындағы жаңадан құрылған жасанды бүйрек бөлімшесінде негізгі мамандығы бойынша радиактивтік химиялық уланудан тазарту негізінде «№ 1 жедел жәрдем клиникалық ауруханасында» дәрігерлік мамандығы бойынша қызмет атқарған.

Оқу бітірген соң 1980-1982 жылдары ШҚО, Катонқарағай ауданы прокурорының көмекшісі, одан аудандық прокуратураның тергеушісі болып қызмет етіп, СССР-дің бас прокуратурасының (Гдильян мен Ивановтың тергеу тобы) жүргізген атақты «Өзбек ісі» бойынша қылмыстарға байланысты 1984 жылы тергеуші (Сароконың тобында) болып, Самарқанд облысын тексеруге қатысқан. 1982-1987 жылдары Зайсан ауданының халық сотына сайлау арқылы соттың төрағасы қызметін атқарды. 12 жылға осы ауданда абыройлы қызмет атқарып, 1998 жылдың желтоқсан айынан бастап жылдан 2002 жылға дейін Ұлан ауданында сот төрағасында қызмет атқарған. 2002 жылы қазан айында Шығыс Қазақстан облыстық соттың судьясы болып тағайындалған. 2006 жылдан бастап бұрыңғы Таврия ауданында 2010 жылдың тамыз айына дейін сот төрағасы қызметте болды. 2010 жылдың тамыз айынан бастап 2015 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін  жылдары  Тарбағатай ауданында қызметін мінсіз атқарды. Абыройлы атқарған  қажырлы еңбегінің арқасында талай марапаттаулармен ел алғысына бөлене білді.

2010 жылы ШҚО бойынша сот төрағаларының арасында жасырын дауыс арқылы өткен жыл байқауында «Ең үздік төраға» ноимнациясын иеленді. ҚР судьялар Одағының «Үш би» төсбелгісіне ие болған, «ҚР Конституциясына-10, 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған. Ұлан ауданында сот төрағалық қызметін атқарып жүрген уақытында 3 жыл Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьялар Одағының филиалының төрағасы қызметінде қоса атқарған. Құдай қосқан қосағы Бақыт Аденқызы екеуі-бір ұл, үш қыз тәрбилеп өсірген ұлағатты ата-ана. Бақыт Аденқызы талай жыл есепші қызмет атқарған. Балалары әр салада қызмет істейді, 13 жастағы немересі Нұртөре Дубайда өткен «Қазақ Хандығының 550 жылдығына» арналған мерекелік концертте Құрманғазы атындағы Ұлттық аспаптар оркестірімен бірге «Сарыарқа» күйін орындаған.

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation