Сейсенбі, Сәуір 24, 2018
Негізгі > Бас баған > Әкімшілік заңнама ізгіленуімен құнды 

Әкімшілік заңнама ізгіленуімен құнды 

Әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға бағытталған қадамдар қандай нәтиже бермек? Соттарға жүктеме азайтылып, айыпұлдың абсолюттік белгілі мөлшері әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік бере ме? Бұл өзгерістердің барлығы да әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алуға және елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған ба? Осы сауалдар төңірегінде Семей қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотының білікті судьясы Ғибрат Әлханұлы Валиевпен сұхбаттасқан едік.

 

– Қоғамның құқықтық ұстанымдары қолданыстағы Кодексті одан әрі жетілдіру қажеттігін айқындайтынын ескерсек, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама өзгерістер мен толықтыруларға жиі ұшырайтыны жасырын емес. Ендеше, әңгімемізді осы реформалардың маңыздылығынан бастасақ…

– 2015 жылы Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке әкімшілік-деликтік заңнаманың тиімділігін арттыру туралы мәселені қарауды жүктеген еді. Осыған қоса, мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында да әкімшілік заңнаманы ізгілендіру қажеттілігін атап өтті. Осы тұрғыда Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының ерекше өзектілігі бар. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне енгізіліп отырған өзгерістер аталған Кодекстің жазалау шараларын жеңілдетуге, алдын алу функциясын арттыруға және адам құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс қаншалықты өзгеріске ұшырады?

– ӘҚБтК-нің 335-бабы өзгертілді және 28 жаңа бапқа толықтырылды. Жалпы, әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған 345 құрам бойынша санкциялар жеңілдетілді, 157-ден астам әкімшілік құрам бойынша айыппұлдардың мөлшерлері төмендетілді, 38 құрам бойынша ескерту жасау жазасын қолдану институты кеңейтілді, сондай-ақ жеңілдету мақсатында 30 құрам бойынша жаза түрлері қайта қаралды.

– Әкімшілік жаза түрлерінің қаншалықты ізгіленгенін сөз етсеңіз…

– Кодекске енгізілген жаңа өзгерістер әкімшілік жаза түрлерінің мүмкіндігінше ізгілендірілгенімен ерекшеленеді. Мәселен, ендігі жерде жеке тұлғаларға салынатын айыппұлдың мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болады. Ал, бұған дейін ол 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болатын. Әрине, бұл құқықбұзушының әрекетін құптағандық емес, дегенмен, айыппұл көлемінің тым көптігі қоғамда өзге қылмыстардың белең алуына себеп болуы әбден мүмкін.

Бұл ретте 50-бап та өзгеріске ұшырады емес пе?

– Иә, 50-бапта, яғни әкімшілік қамаққа алу жазасы да ізгілендіру бағытында өзгерді. Айталық, бұрынғы жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастан асқан еркектерге қосымша 14 жасқа дейінгі балаларды жалғыз тәрбилеуші ер азаматтармен де толықты. Мұны мемлекеттің жасөспірім балалары бар отбасыларға жасалған қамқорлығы деп түсінуге болады.

– Құқық бұзушының құқығына қатысты қандай өзгерістер орын алды?

– Бұл өзгеріс кодекстің 744-бабында көрініс берді. Құқық бұзушы өзіне қатысты іс бойынша хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтарды мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге және егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға; iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуы бойынша бұрын да құқы бар болатын.

Ендігі жерде ол әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы жасау барысында заң бұзушылықтар, яғни істің деректері мен жағдайларына сәйкес келмейтін мәліметтердің көрсетілуі мен айыппұл қажеттілігі туралы нұсқамамен іс бойынша қаулыға шағым жасау құқықтарымен толықтырылды.

– Көпшілікті жол жүру ережесіне, дәлірек айтқанда, айыппұлдарға қатысты өзгерістер көбірек қызықтыратыны анық…

– Иә, айыппұл көлеміне қатысты көп өзгеріс болды. Яғни жаңа өзгерістер мен толықтыруларға сай жол ережесін бұзған азаматтарға қатысты құқықбұзушылықтың 22 түрі бойынша айыппұлдар көлемі төмендетілді. Ендігі жерде, көлігін міндетті сақтандырмаған жүргізушіге бұрынғыдай 20 АЕК емес, 10 АЕК көлемінде айыпұл салынады. Ал, мүгедектерге арналған тұраққа тұрақтаған құқық бұзушыларға деген айыппұл көлемі 50-ден 10 АЕК-ке, яғни 120250 теңгеден 24050 теңгеге дейін төмендетілді. Сол секілді, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылар тарапынан жол ережесі бұзылған жағдайда бұрынғыдай 5 емес, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Көлік жылдамдығын асырғанды ұнататындар үшін де жағымды жаңалық бар сияқты?!

– Жылдамдықты асырған жағдайда да салынатын айыппұл көлемі төмендеді. Мәселен, бұрын сағатына 10 мен 20 шақырымның аралығында жылдамдық асырғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынса, қазір ол тең жартысына дейін қысқарды. Сондай-ақ, жылдамдықты сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін асырғандарға15-тен 10 АЕК-ке төмендесе, 40 шақырымнан жоғары асырғандарға 30-дың орнына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, құқықбұзушылық әрекетін бір жыл көлемінде екінші рет жасағандарға салынатын айыппұл 40-тан 30 АЕК-ке төмендеді. Бір ескеретін жайт, егер жылдамдықты асыру құқықбұзушылық әрекеті сертификатталған, автоматы түрде жұмыс істейтін арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен жазылған жағдайда құқық бұзушы айыппұлды жеті тәулік ішінде өтесе, оның жартысын ғана төлеуге берілетін құқық сақталып қалады.

– Айыпұл көлемінің төмендетілуі әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік бере ме?

Әрине, бұрынғы айыппұл сомасының айтарлықтай болуы құқық бұзушыны жемқорлыққа баруына итермелейтін, себебі үлкен сомадағы айыппұл мөлшерін өтегенше, 5-7 мың теңге беріп құтылу тиімді еді.

Қазіргі таңда әкімшілік құқықбұзушылық үшін ең төменгі айыппұл жазасы 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4810 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, осы енгізілген өзгерістерден кейін жұртшылықтың құқықтық сауаттылығы өсіп, жауапкершіліктері артылуға тиіс деуге болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 Семей қаласындағы мамандандырылған

әкімшілік сотының баспасөз қызметі

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation