Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > Ұлттық КОДТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА музыканың рөлі зор

Ұлттық КОДТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА музыканың рөлі зор

«Әннің де естісі бар, есері бар» – деп Абай   баға берген қазақ музыкасын  қазіргі таңда  есер әнмен ессіз  күй басқанын сезінген сәтте жүрек жылайды. Иә, біз кез келген елдің музыка саласындағы тамаша туындысын түйсікпен түйсіне  құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсам күш жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаламыз. Музыка жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім қылын дәл басады. Әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайын шуаққа бөлейді.

Менің үлкен ұлым классикалық музыкамен әуестенеді. Музыканы талғаммен тыңдайды және  күйсандықта (бәз біреулер ренжіп жүрер) фортепианода ойнаған сәтте  көп қабатты үйдің асты-үстіндегі көршілер тарапынан ескерту емес, керісінше көрген сәтте  ризашылығын білдіріп жатады. Демек, жақсы музыка жан азығы. Ана сүтімен дарыған  ұлттың музыкалық қазынасының бәрі адам жадына ертеден сақталып, құлаққа сіңіп,  бойға дарыған. Бар әуезді жеті нотаға сыйғызған музыка деген керемет осы. Оны асқан талант, шалқар шабыт иесі ғана тудыра алады.  Бізде керсінше әншілердің бәрі сазгер. Бәрі ән шығарғыш. Өздерінің айтуы бойынша алдының 400, артының 40 жуық әндері бар.  Соның нәтижесінде  «Қазақтың отаншылдық жігеріне толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей болады» – деп Р.Роллан таң қалған  әуен бүгінгі таңда әдірам қалған.  Орнын қазақ әуеніндегі  ұлттық кодты ұрлап, той үшін деп өзбек, ұйғыр, түрік әуені негізінде әуен құрастырушылар, одан қалса, азербайжан, молдаван румын, тәжік музыкасынан жеңгетайлық жасап жұлып алған дүниелер басқан. Менің ойыма осы жерде  ғұлама Ғабит Мүсіреповтың  «қолдан жасалған «талант»- біреудің поспортымен жүрген ұры» деген сөзі оралады.    Менің тағы бір таң қалатыным музыкалық білімі жоқ, нотаны шимай деп бағалайтындардың бәрі музыкант. Орыстың музыка майталманы Д.Д.Шостакович: – «Егер сен музыканы түсініп сүйгің келсе – оны ыждағаттықпен тыңдай біл! Кейін сен оны міндетті түрде ұнататын боласың, бірте-бірте өзің белгісіз мезетте қалай үйренгеніңді де сезбей қаласың, жақсыны жаманнан айыра алатын боласың. Осылай етсең сенде тамаша талғам пайда болады» – деген екен.  Міне осындай жақсыны айырып, жаманды пайымдайтын  талғам, талдау  кейінгі жастарда кемшін түсіп жатады. Әрине, мен ән, әуен шығарушылардың бәрін қаралаудан аулақпын. Араларында құлақтан кіріп бойды алар (Абай) талай тамаша әнді дүниеге  әкелген Тұрсынжан Шапай тәрізді таланттар  бар. Оның  физик ретіндегі жеті рет өлшеп барып,  бір-ақ рет кескен  әуендеріне тамсанам,  түйсінем, тұшынам.  Музыка – құдіретті жан тербейтін бесік деп қарастырсақ жан тербер әуен тудыру үшін шалқар шабыт, терең білім қажет  Содан барып келісті, кербез, көкірекке ұялайтын әуезді әуен туады. Тұрсынжан болса  осы үрдістен шыға білген.  Қалғандарын  мен ырықсыз ылқып келген әуен аулаушылар және саналы түрде әуенді бұрмалаушылар деп екіге бөліп қарастырар едім.

Біріншілері: Кез –келген өзіне ұнаған сөзді әуенмен әрлеу сәтінде жадыда сақталған, құлаққа сіңісті бір әуен негізінде  жаңа туындыны дүниеге әкелгендей сезінеді. Себебі үн әлгі әуен тудырғышқа да жат емес. Тек жадыда аздап көмескіленгені болмаса. О баста, тың туынды болып көрінген  әндердің кез келгенінің сөзін әуеннен бөліп алып іштей ыңылдап отырсаң аршылған жұмыртқадай түп нұсқа мен мұңдалап шыға келеді.  Алайда ол әуеннің түп қазығы бұрыннан бар ұлттық әуен екенін пайымдамайды.

Екіншісі: Бәз бір дәстүрлі әннің сарынын немесе ерте жастан санаға сіңіп, сезімнен орын алған қазақ совет компазиторларының әуенін  саналы түрде  сәл өзгертіп , өңдеп оның  ритіміне, темпіне, тактілеріне аздаған өзгеріс енгізіп  «халқым щедевр туды» – деп жарнамалай жөнелетіндер. Баяғыда Қазтуғанның «Қайранда менің Еділім» толғауын тұңғыш орындаған сәтте Бекболат Тілеухан: -«мен компазитор емеспін мына толғауды  қазақтың бір күйінің әуеніне салып орындап берейін» – деген болатын. Өзім шығардым деп көзбояушылыққа салынған жоқ. Мен білетін Бекболаттың бір ерлігі осы.   Көбіміздің  осындай ерлікке баруға дәтіміз жетпей жататыны өкінішті.  Міне осылай қазақтың әншілік өнерінің өнменінен алған көбедей көп әншілердің бәрі қазір  сазгер.   Себебі әнші көп ән аз. Содан барып сұраныс туып таланты барма жоқ па бәрі ән жазады.  Сапасында сарынында шаруалары жоқ. Абайша; «адамды  заман билемектің»- кері осы болар. Болғанның бәрі болмыссыз…..

Мен аса қадірлейтін сегіз қырлы бір сырлы,  сері  Жәнібек Кәрменовтің  тәлімдік, тәрбиелік мәні зор,  өмір философиясының ақиық шыңы іспетті «Жігіттер»  толғауы бар.  Тыңдаған сайын әдебиетші ретінде осы толғаудың тамырының Қазтуған, Доспанбет, Ақтамберді жырау  туындыларымен тамырлас екенін сезінем. Үйқас, ырғақ, сөздік қолданыс, ой толғам бәрі сол заман сарыны.  Маған кейде  (Жансақ болса, Жәкеннің аруағы мен жанашырларынан  алдын ала кешірім өтінем) фольклор танушы, жүрген жерінен ауыз әдебиетінің жақұттарын жинап жүретін  асыл ағамыз бір жерден авторы белгісіз құйма алтындай  осы толғауға тап келіп,  оны өміршен етем деп өз атына телімеді  ме екен деген пендешілік ой келеді.   Өйткені, аталмыш толғау осы заманның  70 жылдарындағы кеңестік идеологиядан, сөз қолдану үрдісінен  бөлек, жігерлі жастың емес, алпысты артқа тастаған абыз ақсақалдың ой толғанысындай көрінеді. Осы жерде ұлағатты ұстазым Қайым Мұхаметхановтың айтқан бір  әңгімесі есіме түседі. Бірде Алматыға барғанда атақты компазитор Ахмет Жұбановтың үйіне бардым.  Құшақ жая қарсы алған ол кісі тамақтан соң залдағы күйсандыққа отырып: – «Қайым, тыңдашы?! Дүниеге жаңа ән келді»- деп «Қарлығаш » әнін ойнап берді.  Ойнақы, ойлы ғажап әуен. Маған ұнады.  Алайда, сарыны құлаққа таныс. Бұрын естіген әуен тәрізді. Іштей ыңылдап отырып

– «Аға-ау мынау халық әні «Маусымжаннан» аумайды ғой. Тек темпі баяу», – деп едім Ақаң жарықтық күліп:

– «Әй сүңғылам-ай байқап қойдың-ау. Енді дымың ішіңде болсын. Жұртқа тарап кетті», – деп менің арқамнан қақты. Мен бұл жерде екі ұлы тұлғаға  топырақ шашудан аулақпын. Екі алып – тұлға қалпында қала бермек. Айтпағым жас әншілер мен музыкамен әуестенушілерге:

–  Ұлт болашағымен байланысты белге байланған сойылдың бір ұшы музыкада екенін ескермек керек. Ұлттық кодтың негізін қалыптастыратында – музыка.  Олай болса  шоу деп шапқылап, той деп тыртыңдауды қойып, өзгенікің өзгертіп болмаса басы бүтін меншіктеуден арылып, тұманың тұнық қайнарындай туындыларды  тудыруға қалыптасуымыз керек. Әйтпесе,  қазақ ұлы халық деп санымызды шапалақтап жүргенде  қазақ  ұры халық деген атты теліп алып жүрмейік. Абай болайық ағайын.

Елубек Оспанов, Семей.

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation