Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > Мерғали ИБРАЕВ: Бір ініге базына

Мерғали ИБРАЕВ: Бір ініге базына

Бір ініге базына

Мен сені шыныменен жек көрем бе?!

Жек көрермін бес минут көп дегенде.

Оның өзі – амалым таусылғанда,

Оның өзі – шыдамым жетпегенде.

 

Құдай сүйер қылықжоқ кейде сенде,

Естіп жатам сыртыңнан, көрмесем де.

Тәрбиесіз дегенге дәтім бармас,

Аға сенде, аяулы женге сенде.

 

Жер шұқылап осылай қаламыз ба?!

Бір әзәзіл кірді ғой арамызға.

Сыбап алсам тиеді-ау әкемізге,

Сыбап алсам батады-ау анамызға!

Баласы бар баласың – ағаң үшін,

Адамдықтан аумасын адал ісің.

Көк сиямен мен жазған ақ шындықты,

Қып-қызыл ғып сызбасын қаламұшың…

Мен сені шынымменен жек көрем бе?!

Жек көрермін бес минут – көп дегенде.

Оның өзі – амалым таусылғанда,

Оның өзі – шыдамым жетпегенде!

«Қоян» қыз

Құлдануға, құл болуға қарсымыз,

Бірақ, біздер сұлуларға жалшымыз.

Кілең жігіт ұмтылушы ек көмекке,

Кілем қақса, қақпа алдында көрші қыз.

Сұлу еді, сүйкімді еді, көпке үйір,

Кердендікпен, кербездіктен – жоқ түйір.

Көріп қалсақ көтерістік, жабылып,

Сөмкелерін, сеткілерін – тоқ бүйір.

Тілдескенде бір суынып, бір қызып,

Шығушы еді екі бетке күн жүзіп.

Дүкендерде, шұбатылған кезекте

Жіберуші ек алдымыздан кіргізіп.

Көпке дейін көрінбесе сағынып,

  • Қарындас! – деп хал сұраушы ек, жабылып.

Іздейтінбіз түлдің де бір гүлгүлін

Мерекеде сыйлау үшін сабылып.

ІІ

Ойламайтын өңі түгіл түсінде,

Бір іс болды автобустың ішінде.

Біздің көрші біп-биязы, сызылып,

Отыр екен күлім қаққан пішінде.

Қандай сымбат, қандай ғажап мүсін деп,

Отыр көздер ту сыртынан ішіп-жеп.

Сыпсың сөзі әйелдердің әулекі,

Қалай ғана көлеңкесін түсірмек?!

Кондуктор кеп, сап етті де, ойда жоқ,

Сұрады одан: – Билетіңіз қайда деп?

Қыз үндемей теріс қарап кетіп ед,

Жуан әйел жұлқылады: «Әйда» деп.

  • Ұятсызын қарашы өзін, бір емес, –

Екі емес, жасайтыны кіл егес.

Талай рет «Қояндығын» кешіргем,

Алғашқысы, ең соңғысы бұл емес!

Сұлу жүзі сұп-сұр болып, суынып,

Долылықпен бұлқан-талқан буынып.

Бес тиынға беттің арын төге сап,

Кетті сұлу автобустан қуылып.

Тістеп бармақ, амалым жоқ басқадай,

Тұра бердім төменшіктеп, масқарай!

Бір уыс боп бара жаттым, бүрісіп,

Қытымырдың қолындағы ақшадай…

Жайып едік қарындасқа біз құшақ,

Быт-шыт болды аяулы шақ, ізгі шақ…

Арын сенің төгілмесін алтыным,

Автобустан түсіп қалған қыз құсап!

Көзқарас

Бауырында асау аттың ері кетіп,

Біреулерді құлатып, еңіретіп…,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп…

Қарттық та – сынық келсап, келі-кетік,

Ілгері басқан аяқ кері кетіп,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Біреуге жалғыздықты серік етіп,

Біреуге құр үмітті – сенім етіп.

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Жүргенде әр нәрсеге көңіл етіп,

Үлгермей еш шындыққа көзі жетіп.

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

Аққан уақыт…, бәрін де салар ауға,

Салар ауға, шығарар жағалауға.

Ақиқатын өзі айтар, қарап тұрып,

Асықпаңдар адамдар бағалауға:

Өтіп кеткен уақытқа шара бар ма,

Өтіп кеткен өмірге дауа бар ма,

Өтіп кеткен адамға таба бар ма,

Асықпаңдар, адамзат бағалауға,

Асықпаңдар, өткенді табалауға,

Өтіп кеткен өмірге шара бар ма?!

Қос орындық

Ол рас: көрісуді сағынамыз,

Кездестік кездейсоқта тағы да біз.

Білетін біз туралы елдің көбі,

Қаңқулы жарымы рас, жарымы аңыз.

Содан ба, іліндік жұрт назарына,

Бар болар мүсіркеуі, мазағы да.

Ақ елік, ақ елік-ау, әттеген-ай,

Секілді ақ асжаулық таза мына.

– Ялтадан әкепсің бе базарлық көп,

Кеш болды-ау, бұл бір есте қаларлық леп.

Жаңына жайғасып ем,- аманба – деп,

Арырақ сырғып кеттің “Амандық” деп.

Жылжыдың үш орындық төрге қарай,

“Бер отыр” деген ым мен жөнге балай.

Мен дағы жылжып бердім екі орындық,

Демей-ақ: отырысты өңге қалай.

Көрмедім жүзіңдегі әжіміңді,

Көріндің әрі әсем, әрі мұңды.

Сымбатты сол тұлғаңнан елестеттім,

Сонау бір қыз кәдегі қалыбыңды.

Жиырма жыл өтпегендей арадағы,

Қан шапшып, жүрек ыршып соға ма әлі?!

Сол қыста…, сені күтіп жаурағаннан,

Құрыстап, жауырыным тоңады әлі.

… Бас шайқап, келем әлі өкінумен,

Бу шығып “шолк” – шолақкекіліңнен.

Сеншықтың биік өкше жұқа етікпен,

Мен шықтым студенттік төпілимен.

Албырт ек, бағынатын кезіміз кімге?!

Суықтан дірілдейді сөзіміз мүлде.

Аязды елемедік қырық градус,

Болған сон өзіміз жаз, өзіміз шілде.

Осылай сені күтіп көп тоңғаным,

Сен дағы сылтау айтып, ақталмадың.

– Тоңдың ба? – дегеніңе, әлі есімде,

– Күн онша суық емес – деп қалғаным.

Екеуміз егіз қаздай жарасып ек,

Бірге өскен бір ауылдың баласы ек.

Есімде басыңдағы түбік шәлі,

Есімде көкшіл пальтоң жағасы мех.

… Жүрекке алғаш түскен сызатым ең,

Буылдыр, бұлтты көзбен ұзатып ем.

Қанша жыл өтсе дағы көксе тартпай,

Махаббат қалады екен қыз атымен!

Жүрек жолы

Сүт  ембеген  тұлпарда – болмайды  екпін,

Солықтасам сонарда… сол ғой деп біл!

Жанып түсер тұстарда, жанбай кеттім.

Қанып ішер бұлақтан қанбай кеттім.

 

Талай-талай достарға «хош» дей алмай,

Қоналқаға кідірмей кешке қарай.

Қалды артымда моншақты мол дүние,

Жанарынан жас сығып жас қарағай.

 

Қызығы көп қыздар көп кез болған-ды,

Ебін таппай елжіреп…, сөз болғам-ды.

Бекерге өз қағымнан өзім жеріп,

Кеттім кезіп басқа қыр, басқа орманды.

 

Түндерде жапа-жалғыз қорықтым мен,

(Түс көрсем жақсылыққа жорып кілең).

Дүм тоғай арасынан Арман деген.

Данконың жүрегіне жолықтым мен.

 

Артымда талай қала, қалып қыстақ.

Келемін, жүрек деген жарықты ұстап.

Сол маған адасқанда ақыл қосты,

Сол мені қараңғыдан алып шықпақ!…

 

Ауылдаспен әңгіме

 

Тұрмыстың не бір тәуірін,

Көлденең тартып алдыма.

Тауығыңды айтпа, бауырым,

Тауында қыран қалды ма?!

 

Інгенді айтпа боздаған,

Кетеді қайда қолдағы.

Қойынды айтпа қоздаған,

Қырында киік бар ма әлі?

 

Қоймаймын текке сұрауды,

Көңілде күдік бар мына.

Сиырыңды айтпа бұзаулы,

Сайында сусар қалды ма?!

 

Келіп ем демеп үмітті,

Шыққан жоқ сұлу қырға әлі,

Текеңді айтпа түбітті,

Таутеке таста жүр ме әлі?!

 

Демеймін бәрін мансұқта,

Ағаңның жайын ұқ мына.

«Жигули» маған таңсық па,

Жылқыңнан жүйрік шықты ма?!

 

Мәз болма інім, шайлыққа,

Орманды отқа бұтаса,

Үйдегі байлық – балық па,

Түздегі байлық жұтаса?!

Қарттар туралы ода

Әке еді олар анау қыз, анау ұлға,

Ер еді олар, көп еді әр ауылда.

41-дің жазындай көше босап,

Қарттар сиреп қалыпты-ау, Қарауылда.

 

Кәрілікпен алысып, алқымдасып,

Жүруші еді өзара қауқылдасып,

Бала көрсе бір сипап кекілінен,

Маңдайынан иіскейтін мауқын басып.

 

Шақырысып, қазанда барын жесіп,

Көрсетіп жаңа түскен келінге есік.

Жамбас беріп, бас тартқан тұстасымен,

Жоқ нәрсеге жататын керілдесіп.

 

Керілдесіп қалса да кек сақтамай,

Әдептен аттап өтіп, асқақтамай,

Бірінің бірі демеп қолтығынан,

Тарасатын тату боп бастапқыдай.

 

Жүре алмаса,

Ұмтылсаң, болысқың кеп,

Намыстанып қалатын: «алыс тұр» деп.

Танысатын оп-оңай бөгде шалмен:

  • Керманмен қай жерлерде соғыстың, – деп?!

 

Сол-ақ екен кететін бал жаласып,

Қыза келе шындықтан сәл ғана асып.

Шегінуді білместен төрт жыл бойы,

Шіркін шалдар кететін «алға басып!»

 

Қайран ғұмыр өтсе де көзге ілеспей,

Пәлен жасқа бәлсініп келдім деспей,

Жүретұғын қарттарды көре қалсам,

Сәлем беріп өтуші ем, алдын кеспей.

 

Салмағын қызға салмай, ұлға салмай,

Жатса дағы төсекте бір бас алмай.

Кіріп шығып жүретін өз бетімен,

Көруші едім оларды мың жасардай.

 

Қурайды жазы өтсе күзде бәрі,

Жас келсе атанармыз біз де кәрі.

Әттен дүние, олардай болу қиын,

Қасиетсіз кәрілік кімге дәрі?!

Қасиетсіз кәрілік кімге керек.

Шал болу мен жан болу мүлде бөлек.

Алаң болып жүруші ем олар барда,

Абыз-қарттар ұрса ма бірдеме деп!…

Өткен қыс этюды

Бұғауынан босана алмай бір күштің,

Тым ұзаққа созылғаны-ай, бұл қыстың.

Аспан емес, аспан түстес көгілдір,

Қабағынан қар жауып тұр Шыңғыстың!

 

Түрпідейін түнеріңкі қас-қабақ,

Тау ішінің тіршілігі басқарақ:

Түлкі – жортақ, қоян – қорқақ, қарсақ – сақ,

Арқар – арық, арлан қасқыр – ашқарақ.

 

Сай-саланы басып қалған қар қалың,

Аттай алмас атан түйе қарға адым.

Тас түбінде ажал тапқан түлкіден,

Қопсып жатыр қауырсыны қарғаның.

 

Осылайша өте ме екен жылда қыс,

Қурап, сынып, аласарған ну қамыс.

Нән құлжаның сақалына мұз қатып,

Мәлін жүні ұзарыпты бір қарыс.

 

Айғыз-айғыз көп тұяқтан кіршең қыр,

Көде – мыртық, қияқ – тұқыл, ши – селдір.

Балақ жүні құмалақтан көрінбей,

Қой шетінде арық тоқты бүрсең жүр.

 

Өріс тыныш… Бораны өткен ақпанның,

Наурыз – шуақ қабығында көк талдың.

Күнгей жақта күн қыздырған денесін,

Күтірлейді омыртқасы ақ қардың!

Ойын

Жүрсе қайғы кірпігінді ілдірмей,

Жүрме сен, өтер бәрі бір күндей.

Нан – шындыққа қырыменен пышақтың,

Май – өтірік жағып берсе білдірмей.

 

Жұта салдың – сыйлағаны дедің бе?!

Жарты – шындық, жарты – өтірік кемінде.

Сүрте салдың алақанның сыртымен,

Май – өтірік жұғып қалса ерінге.

 

Айраннан да жұғын қалар ерінде,

Жұғын жаман, жұғын жаман тегінде.

Май – өтірік жылтыраса бетінде,

Сорпаны да кісі қимас төгуге.

Алып шығып ғасыр атты қоймадан,

Өзі жемей мұртын ғана майлаған.

Қасиетті нанға жауып жаласын,

Қасиетсіз түрін қара ойнаған!

Жағып беріп, май – өтірік, күйесін,

Күймес жерде кездейсоқта күйесің.

Сүрінгенде қарқ-қарқ күліп сыртыңнан,

Қолтығыңнан қайдан келіп сүйесін?!..

Майға жауып отырғам жоқ пәлемді,

Ол әншейін өтірікке теңеу-ді.

Қатыра сал, у тамыз да шайына,

Нанға – өтірік жағып бергіш бәлемді.

Жалтармастан жауабын да мен берем,

Қажеті жоқ адвокаттың көлденең.

Май дегені шылғый ғана өтірік,

Сақтаныңдар, сыйлай қалғыш пендеден!

Құс – адам

Ұмытты бізді талайлар,

Ұмыттық біз де талайды.

Артыңда не бар қарайлар,

Алдыңа қара, – арайлы.

 

Қанағат азға ете бер,

Өткенге өкпе жүрмейді.

Әкелер уақыт, әкетер,

Аңқаулау, аусар біздейді.

 

Жастыққа қақпа жабылды,

Енетін жол жоқ қайтадан.

Ақ ұлпа қардың мамығы,

Жұмыртқа – жазды шайқаған.

 

Балапан – толқын ұмсынып,

Жұмыртқа – сеңдер жарылар.

Қайнайды қайта тіршілік,

Жаз өтсе жазың тағы бар;

Күз өтсе, күзің тағы бар,

Қыс өтсе, қысың тағы бар,

Бәрін де пенде сағынар.

 

Жұмыртқасы едік бір жаздың,

Шыққанбыз содан талпынып.

Айтқанын айттық жылдардың,

Алдысы – үміт, арты – ұмыт.

 

Сарыала күзде саңқылдап,

Қорықпай көздің сұсынан.

Жапалақ ұшса жалпылдап,

Жарқ етіп өттік тұсынан.

 

Тіледік тоят кешкіден,

Тұмсықтың ұшы кеберсіп.

Үніміз біздің естіген,

Үндемей қалды кереңсіп.

 

Жалғыздық деген құсадан,

Жарылар болып жүрегі.

Жапанды кезіп құс – адам,

Жалықпай ұшып жүреді…

 

Естілмей жүріп дерегі,

Шығармыз кенет бір тұстан.

Ұяда талас жоқ еді,

Қияда талас қырқысқан…

 

Пайда жоқ өкінгеннен

 

  • Жақсының дәйім жауы мың,

Көрмедік біздер «Мен, сен» деп.

Дүние осы… Бауырым,

Бақыл бол!.. – дедің кемсеңдеп.

 

Өксігі-ай әлсіз ғаріптің,

Ағады көзден жас парлап.

Бағасын ұққан жарық күн,

Бара ма әлде аспандап.

 

… Келгенмен талай ыңғайы,

Ескерте алмай егілгем.

Жылуы сөнген жылмайы,

Қорқушы едім көзіңнен.

 

Сөзімді жерге тастамас,

Деуші едім, қайран жақсы аға.

Арыңды саттың баспа-бас,

Алтынға және ақшаға.

 

Қызыққа тоймай қызынып,

Айықпай және мастықтан.

Тізімнен мүлде сызылып,

Жалаңаш қайттың жастықтан.

 

Не дейін енді…

Көз жұмсаң,

Бір уыс топырақ бұйырар.

Ағайын-туыс жиылар.

Анаңның қасірет көз жасы,

Омырауына барып құйылар,

«Қимасым» деуге қиналып,

Бауырың сонда бұйығар.

 

Босатып босқа көңілді,

Не керек енді өкініп.

Сүйе алмай кеткен өмірді,

Қия алмай жылау – өтірік!

Шуақты күндер

Шуақ күндер шыныменен келсе игі,

Аршып жатыр қалың қардан жел – шиді.

Сонау…, дөңде маңдайынан бу шығып,

Қыстың жүзі қызарғандай тершиді.

 

Улап-шулап қош айтысқан Ақпанға,

Құс үнінен құлақ тұнар шатқалда.

Ризамын, қос қанатты құстарым,

Автограф жазып берген ақ қарға!

 

Күміс табан шана жонып – жолсыздан,

Омбыларды бауырымен нар сызған.

Мықтылардың мығым ізін көргенмін,

Етегіне сүрінгенде әлсіз жан …

 

Жазып-жазып иероглиф – қар сызық,

Ақ борандар жатып қалған жар сүзіп.

Қалың қардан қараңдайды енді-енді,

Тобылғының тоқал басы – қамшылық!

 

P.S.  Жұмбақ жолаушы

(Ақын, сазгер, жазушы, драматург, марқұм Мерғали Ибраев жайындағы сөз)

Мерғали дегеніне жете алмады. Таланты мен күш-қуатының кемшіндігінен, қабілет, қарымының аздығынан емес, ғұмырының аққан жұлдыздай қысқалығынан әрине!

Аяқ астынан келген ажал марқұмды небәрі елу бес жастан аса бергенде алып ұрды. Артынан қуғыншыдай келіп қалған інілері «аһ» ұрды. Алдындағы ағалары «апыр – ай» деп өкіністі.

Осымен бітті. Мерғалидің аты өше бастады.  Мұқағали ақын айтқандай, том-том боп артында қалған шығармалары шаң басқан архивтерге түсті. «Жоғалған өзен» атты қос томдық романы жоғалып кете жаздап, Абай елінің меценат азаматы Медіғат Құтжановтың арқасында орыс қаласы – «Новосібір» баспасынан жарыққа әрең шықты.

Оның өмірден өткеніне де 15 жылдай уақыт болды. Содан бері Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Б. Кенжебаев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері, ақиық ақын,  сазгер, дарынды драматург, жазушы, тарихшы, этнограф Мерғали Ибраевты іздеген, «іздеген» емес – ау, есіне алған бір адам жоқ.

Оны айтасыз, осы жолдардың авторы Т.Жанғалиев жинақтап, баспаға әзірлеп, Астанаға республикалық мәдениет пен  әдебиетті қолдау қорына жолдаған «Жұмбақ жолаушы» атты 10 баспа табақ кітабы – сол бетімен жоғалды.

Тым құрыса, жыл сайын қаптап шығып жататын  қарақорым  кітаптардың санатына да,  арасына  да кірмеді.

«Кей жырдың айғайлаған күші басым,

Кей жырдың іші – Абай, сырты-Қасым.

Өлеңнің көптігіне қуанысып,

Ақынның аздығына қысыласың »  –деп жырлаған

Мерғалидың орнына, өзі айтқандай, өрмекшідей қаптаған «өлеңшілердің» кітаптары дүкендерде иін тіресті.

Көзі  тірі қаламгер өзі үшін болса да «тірлігін» жасар-ау, өлген адам өкпесін кімге айтсын!

Дарынсыз, қабілетсіз адам болса, бұл сөздерді мен де айтпас едім.

Бірақ Мерғали – кешегі Ғафулар мен Қадырлардың, Жұмекендер мен Мұқағалилардың ақ батасын алған, Фариза ақынның әріптесі болып, Шерхан Мұртазаның «шекпенінен» шыққан дарабоз дарын иесі емес пе, еді?

«Өзі жоқтың көзі жоқ» деген міне, осы!

Мерғалидың 70 жасқа толуына орай, артында қалған іні-қарындастары, бала-шағалары бас қосып, бір данасы Астананың архивінде әлі күнге дейін шаң басып жатқан «Жұмбақ жолаушы»  атты  өлеңдер жинағын өз қаражаттарымен жарыққа шығарып отыр.

Мерғалидың өзі де тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан, өмірге келгені де, кеткені де тез, жұмбақ жолаушы сияқты еді. Оның сол жұмбағын өлеңдерін оқып, зерде – зейінімен шешу – оқырман парызы!

Төлеген Жанғалиев, ақын.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation