Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Бас баған > ДУБОСЕКОВОДАҒЫ МУЗЕЙ дүйім бір дүмпудің тарихы

ДУБОСЕКОВОДАҒЫ МУЗЕЙ дүйім бір дүмпудің тарихы

 

Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі жойқын қантөгісті шайқастардың бірі сол кездегі астанамыз Москва үшін болғаны белгілі. Мақсаттары ортақ, армандары бір көп ұлттың өкілдерінен тұратын совет әскері Москва түбіндегі осы әйгілі тарихи шайқаста неміс-фашист басқыншыларына қатты соққы беріп, алғаш рет үлкен жеңіске жеткеніне биыл 77 жыл толады екен.

Бұл жеңіс – Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыстың бастамасы болғаны баршаға аян. Москваны қасық қаны қалғанша, төсін тосып ерлікпен қорғағандардың қатарында Қазақстанда жасақталған даңқты 316-атқыштар дивизиясының да жауынгерлері болды. Өйткені маусым айының 22-күні Советтер Одағына басып кірген фашистік Германия әскерлері еліміздің еуропалық бөлігін басып алып, қараша айының басында-ақ Москваның іргесіне таяп келген еді. Гитлердің жоспары бойынша Совет әскерін тез арада талқандап, жеңіс тойын 7-қараша, Ұлы Октябрь социалистік революциясы күні ел астанасының жүрегі іспеттес-Кремль, Қызыл алаңда атап өтпекші болғанды. Алайда оның мұндай астамшылық ойына тікелей тосқауыл болған генерал-майор И.В.Панфилов басқарған дивизия болатын. Дивизия құрамында негізінен қазақ, орыс, қырғыз, украин, белорустар соғысты. Олар үшін үлкен сынақ, жойқын бір шайқас қарашаның 16 – күні неміс әскерінің 11- ші танк дивизиясымен арада болған еді. Бұл Москвадан бар болғаны 100 шақырымдай жердегі Волоколамск қаласының маңайы еді.

Бұл жазушы Александр Бектің «Волоколамское шоссе» деген  әйгілі шығармасына арқау болған қазақтың қаhарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлының да сол кезде батальоны ұрыс салған аймақ болатын.

16 – қарашадағы шайқаста, дивизияның 1075-ші атқыштар полкы, 2-ші батальоны, әсіресе, 4- ші ротасының политрук В.Клочковтың басқаруымен 28 панфиловшы таңғажайып ерлік жасап, өз есімдерін мәңгі өшпес даңққа бөледі. Осы ат төбеліндей қазақстандықтар жаудың аждаhадай  төніп келген шынжыр табанды 50 – ге жуық танкысынен жасқанбай төрт сағаттың ішінде оның 18-ын жойып жіберіп, көпшілігі ерлікпен қаза табады. Ең бастысы, олар, осы арадан сыналап Москваға өтпекші болған жау танктеры шабуылына біршама уақыт тосқауыл болып, біздің әскер күш жинап, қайтадан соққы бергенше жағдай жасайды.

Осы жағдайды совет халқы бірінші рет майдандық тілші Василий Коротеевтің 1941 жылдың 28 қарашада шыққан «Мерт болған 28 батырдың өсиеті» мақаласы (28 қараша 1941ж. жарияланған) арқылы білген болатын. Осы хабарлама негізінде 1942 жылдың 22 қаңтарында «Красная Звезда» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі Александр Кривицкийдің «28 батыр туралы» очеркі жарық көреді.Бұдан кейін барып оларды ерліктері бағаланып, КССРО Жоғарғы Советі Президиумның 1942 жылғы 21 шілдесіндегі Указы бойынша 28 гвардияшы-панфиловшыға Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олардың төртеуі: Нарсұтбай Есболатов, Әлиасқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев және Мұсабек Сеңгірбаев – қазақтан шыққан тұңғыш Совет Одағының Батырлары атанды. Мұндай жоғары марапатқа оларды Батыс майданының қолбасшысы соғыста атағы жер жарған маршал Г.К.Жуковтің өзі ұсынған екен. Бір қызығы бес жылғы соғыс барысында осындай жоғары атаққа соншама адам бірінші әрі соңғы рет ғана ұсынылыпты.

1985 жылы Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясының аспирантурасында оқып жүрген кезімде батыр-панфиловшылардың Дубосеково түбегіндегі музейін, мемориалдық кешенін көрудің сәті түскен еді. Сол сапарда көрген жайлар, көңілге түйген ой-пікірлер туралы кезінде қалам тартып, ол баспасөзде жарияланған еді («Семей таңы», 9 қаңтар 1988 жыл).

Таяуда осы мақаланы қарап отырсам, әлі де көкейкестілігін жоймаған сияқты. Тіпті соңғы кезде 28 батыр-панфиловшылардың ерлігі ойдан шығарылған деген лақап тарап, баспасөзде, теледидарда біраз шу орын алған еді. Сондықтан сол кездегі жазбаларымды тағы бір қарап, оларды жаңа деректермен толықтырып баспасөз арқылы тағы бір ұсынғанды жөн санадым.

… Ол кезде мен жатақханада Кубадан келген Мигель Батиста деген аспирант жігітпен бірге тұрдым. Тимирязев академиясында ол заманда 50 астам елдің жастары білім алатын. Осы оқу орнында білім алып жүрген шет мемлекеттерден келген студенттер мен аспиранттар үшін Москвадағы және оның маңайындағы тарихи орындарға арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып тұратын. Бірде Мигельдің «Бізді келесі демалыста Волоколамск ауданындағы 28 батыр-панфиловшылардың музейіне экскурсияға апарады» деген сөзі мені елең еткізді. Мен оған 28 батыр жерлестерім, қазақстандықтар екенін, олардың ерліктері туралы айтып бердім. Мигель менің ол музейде болмағанымды естіп, «автобуста орын болады, бірге барайық» деп ұсыныс жасады.

Сонымен демалыс күн де келіп жетті. Бұл 1985 жылдың сәуір айының соңы болатын. Біз мінген «Икарус» Волоколамск тас жолымен Москваның батыс жағына қарай тартты. Міне, автобус Волоколамск қаласына таяу орналасқан Нелидово деревнясындағы батыр-панфиловшылар музейінің алдына келіп тоқтады. Нелидово деревнясы «Панфиловский» совхозының орталығы екен. Музей 1967 жылы ашылыпты.  Оған негіз болған алғашқы деректерді соғыс кезінде –ақ Нелидово бастауыш мектебінің мұғалимасы К.М.Никитина жинай бастапты.

Экскурсоводымыз музейдің директоры орта жастағы П. Народова деген кісі бізді 316- атқыштар, кейінен 8-ші гвардиялық деп аталған дивизияның тарихымен, музейдің экспозициясымен таныстырды. Әсіресе, политрук В. Клочковтың «Россия кең байтақ, бірақ шегінетін жер жоқ, артымызда – Москва!» деген сөзінен рух алған панфиловшылардың – орыстардың, қазақтардың, украиндар, қырғыздардың тас түйін болып, бекініп, фашистердің 50 танкісімен және бір батальондай автоматшысымен теңдесі жоқ сұрапыл ұрысы туралы айтқан кезде ешкім ол кісінің сөзін бөлмей тыңдап, бөлмеде ерекше тыныштық орнады. Біздің тобымыздағы әр елден – Вьетнам, Болгария, Монголия, Куба, Африка мемлекеттерінен келген қыздар мен жігіттер суретші В.Панфиловтың (бір қызығы, ол генералдың аттасы екен) Дубосеково түбіндегі шайқасты бейнелеген панорамалық суретінің алдынан көпке дейін кете алмады. Генералдың өзі қолданған лупасы мен курвиметры әйнектің астынан орын алыпты. Әр түрлі қару-жарақ үлгілері, танкке қарсы қолданылытын граната, пулемет және т.б. Музей экспонаттарының ішінен халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының да жеке мүліктерін көрдік. Ол кісі дүниеден қайтқаннан кейін ұлы Бақытжан Баукеңнің темекі тартатын қорқорын (мундштук деп жазылыпты – Ө.С.), офицерлік белбеуін (портупей деп жазылған – Ө.С.) музейге жолдапты. Сондай-ақ онда Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің сол бір қиын-қыстау кезде өзі қатарында болған полктің командирі И. В. Карповтың жұбайына жазған хаты да қойылыпты. Сол кезде шыққан, сарғыш тартқан газеттер, көптеген фотосуреттер, қару-жарақтар, нумизматика және т.б. қойылыпты. Бір бөлмеде ілулі тұрған домбыра еріксіз алыстағы ауылды еске түсірді. Оны музейге келген Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенттері тарту етіпті.

Музейден шыққан соң біз Нелидово деревнясы мен Дубосеково разъезі аралығында (екі арасы 1,5 шақырымдай) орналасқан 28 Батырға арналған мемориалдық комплексте болдық. Ол Дубосеково разъезінде болған шайқастың 30 жылдығына орай 1975 жылы ашылыпты. Бұрынғы окоптар қайтадан қалпына келтіріліп, дөңестеу тұсқа қолдарында автоматтар мен граната ұстаған 6 жауынгердің биіктігі 10 метр болатын тастан сомдалған алып мүсіндері орналасыпты (гранит, скульптор. Н.С.Любимов, А.Г.Постол, В.А.Фёдоров, арх. В.Е.Датюк, Ю.Г.Кривущенко, И.И.Степанов, инж. С.П.Хаджибаронов). Олар фашист танкілері шбуыл жасаған жаққа қарап тұр. Арт жақтарында – өздері қасық қаны қалғанша қорғаған Москва. Бұл жер панорамалық тұрғыдан ерекше әсер беретін, архитектуралық-композициялық тұрғыдан алғанда  бірегей керемет ойластырылған орынға айналыпты. Бір кездегі сұрапыл қантөгіс шайқас болған комплекстің маңайы қазір «Панфиловский» совхозының егістік алқабына айналған екен.

Бұдан кейін біз Нелидово деревнясының шығыс жағындағы панфиловшылар жерленген бауырластар зиратына келдік. Сұрапыл тайталас саябырлаған 1942 жылдың көктемінде Қазақстаннан аттанған боздақтардың сүйектерін шайқас даласынан, окоп-шұңқырлардан қазып, жинап алып әскери құрметтің рәсімімен арулап осы жерге көмген екен. Бүгінде бұл қасиетті орынның айналысына түрлі ағаштар егіліп, гүлдермен көмкеріліп ерекше қамқорлыққа алынғаны көрініп тұр. Панфиловшылар ерлігі мен рухына бас июге мұнда еліміздің түкпір-түпкірінен ғана емес, шетелдерден де көптеген адамдар келеді екен.  Осы жерде жауынгерлердің әскери ант қабылдауы, оқушылардың пионерлер қатарына алу дәстүрге айналыпты. Шаңырақ көтеретін жас жұбайлардың да тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюы әдетке айналыпты.

Біз оқушы кезімізден 28 батыр-панфиловшының ерлігі туралы оқулық, кітаптардан оқып, кинодан көріп, үлкендердің айтқанынан естіп-біліп өстік. Олар туралы қаншама мақалалар, әңгімелер, естеліктер жазылды десеңізші. Солай бола тұрса да сол күнгі кездесуден, өз көзімен көргендерден алған әсерімді жеткізу қиын. 28 батырдың ерлігі кімді болса да, толғандырмай қоймайды. Мұндай толғанысты сезімді онда бірге  барған шетелдік әріптестерімнің – әр ұлт, әр мемлекет өкілдерінің көңіл күйлерінен де байқадым. Қайтып келе жатқан бетте кездесуден алған әсерлерімізді көпке дейін ортаға салып, пікірлесіп отырдық. Бұл кездесудің олардың жан дүниесіне қаншалықты әсер еткенін, әркімнің жүрегінде ұмытылмастай болып қалатынын, олардың айтқан сөздері, көңіл-күйлеріне қарап отырып, сол кезде айқын сезінгендей едім.

Сол жолы мен Қазақстаннан екенімді айтып, музейдің директорымен біраз әңгімелестім. Ол кісі музейге біздің респбликамыздан делегациялар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жауынгерлер келіп тұратынын айтты. Сонымен бірге ол қарым-қатынастың мұндай түрінің көбінесе атаулы күндер мен мерекелер қарсаңына дөп келетініне, ал жай күндерде кездесулердің сирейтініне де тоқталды. «Біз Қазақстанның бір бөлшегі сияқтымыз. Сондықтан да арамыздағы байланысымыз тұрақты болып, күннен-күнге нығая беруі керек қой» деген ол кісінің орынды айтқан сөздері әлі есімде.

Кезінде кең-байтақ республикамыздың мектептері мен училище оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері каникул кездерінде еліміздегі батыр қалаларға – Брест қамалына, Ұлы Отан соғысымен байланысты басқа да тарихи орындарға сапарлап баратын. Бірақ, Дубосеково түбіндегі батыр-панфиловшылардың музейі, мемориалдық комплексі сол кезде республикамыздағы туризм саласымен айналысатын ұйымдардың жоспарлы маршруттарына кіргізілмей келгенін жазған едім.

Әрине, ол заман басқа. Бүгінде егемен елміз. Осыған байланысты бүгінгі күнде осы орынға, жауынгер-панфиловшылар қан төккен Мәскеу облысының Волоколамск ауданындағы аталған мұражайдың, біртұтас кешенге айналған жердің жағдайы қандай деңгейде, оған деген көзқарас  қалай қалыптасуда деген сұрақтар мені мазалады. Оған жауап табу үшін, әрине, бүгінде әдетке айналғандай интернет айдынына да көз салдым.

Алайда, мақаламның арқауы болған тақырыпқа тоқталмас бұрын соңғы кезде 28 батыр-панфиловшының ерлігіне көлеңке түсіретін материалдардың, дау-дамайдың белең ала бастауы, көңілге кірбің түсіргені жайлы. Бұл мәселені Ресей мен Қазақстанда ғана емес Германия жағы да талқыға салыпты. Соларды оқи, тыңдай келе  интернет желісінде 2016 жылы жарияланған Ресейдің белгілі тележүргізушісі Д.Дибровтың «Звезда» телеарнасында көрсетілген «Секретная папка» атты бағдарламасында жүргізілген зерттеулер назар аударуға тұрарлық, осындағы деректер мен дәйектер ойға қонымды деген тоқтамға келгендеймін. Аталған бағдарламада, панфиловшылар ерлігіне қатысты күдікті жағдайдың сонау 1948 жылы Орталық комитеттің хатшысы А.А.Ждановқа жолданған КСРО Қарулы күштері Бас әскери прокуроры Н.Афанасьевтің «28 панфиловшылар туралы» анықтама-баяндамасынан бастау алатыны айтылады. Соғыстағы жеңістің 70 жылдығында 2015 жылы Ресейдің мемлекеттік архивы бұл құжатты  жариялайды. Онда А.Кривицкийдің жазғандары жалған, тіпті Дубосеково разьезінде ондай шайқас болмаған деуге дейін барыпты. Бұл құжатты А.Жданов «Құпия» материалдар санатында жаптырып тастауға нұсқау беріпті-мыс. Неміс құжаттарында да 1941 жылғы 16 қарашадағы Дубосеково разъезінде болған ұрыс туралы дерек жоқ екен. Ерлікпен қаза тапты деген батырлардың бірнешеуі тірі қалған және тергеу барысында олардың кейбірі аталған шайқасқа қатыспағанын, ерлік жасамағанын айтса, тіпті А.Кривицкийдің өзі тергеушілерге мен ойдан шығарып едім деп мойындаған дегендей дақпырт пен дабыра. Осындай айыптауларды алға тарта отырып, жүргізуші соғысқа қатысқан адамдарға, оның ішінде, сол кезде дивизияда болған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің лейтенанты, тірі куәгер генерал И.Устиновқа, бірнеше тарихшылар мен өлкетанушыларға сөз беріп, олар құжаттың көп жағдайда жалған деректерге құрастырылғанын дәлелдеп береді. Тіпті, А.Кривицкийдың өзі кейін тарих ғылымдарының докторы, РҒА академигі Г.Куманевқа «… маған тергеушілер өзің жазған шайқастың болмағанын, панфиловшылар ерлігін ойдан шығардым деп жазып бермесең, Колыма не Воркутаға кетесің, ал ол жақтан оралмауыңа біз кепілдік береміз деп қорқытқан соң, жалған еді деп қол қойып беруге тура келді», деп айтып кетіпті. Ал ең бастысы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде  316-атқыштар дивизиясының құрылымдық бөлімшелерінің, шайқас болған күндердегі саяси бөлімге жазған қатынастары сақталыпты. Соның бірі, 1075 полктың комиссары Мұхамедияровтың дивизияның саяси бөлімінің бастығына: «16 және 17 қараша күндері жаумен Ширяево, Нелидово, Петелино … ауданында ұрыс жүргіздік. Бізге қарсы жаудың 60 танкы және жаяу әскер полкы шабуылдады.  Екі күнгі соғыста полктен 400 жауынгер қаза тауып, 100 жараланып, 600 жоғалып кетті. Жау жағынан 800 адам өліп, 15 танкы жойылып, өртенді…» деген сөздерді қарындашпен жазған дәптері.         Сонымен бірге Мұхамедияров сол күндердегі шайқастарда ерлігімен көзге түскен жауынгерлердің тізімін де жазып кеткен екен. Олардың арасында кейін батыр атағына ұсынғандар да болыпты.

Тағы бір өте маңызды деректі бұдан бірнеше жыл бұрын батыс баспасөзі жариялапты. Онда немістің штабта қызмет еткен офицерінің әскери ұрыстардың журналында неміске тән дәлдікпен 16 – күнгі шайқасқа олардың жағынан Дубосеково бағытындағы панфиловшыларға қарсы соғысқа 90 танктың шыққанын жазыпты. Соғыс барысында танктерінің Дубосеково разьезінен өте алмағанын жаудың сұрапыл жанқиярлықпен қарсыласқаны кедергі болды депті.  Ал 4-ші танк тобының командиры Эрих Гютнер өзінің жоғарыға жіберген жазбасында: «316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері ешқандай соғыстың ережесімен соғыспайтын, артқа шегінбейтін, тұтқынға берілмейтін, соншалықты фанатик, өлімнен қорықпайтын жабайы дивизия» деген баға беріпті. Бұдан артық не айтуға болады.

Сөздің тоқетері, Дубосеково түбіндегі шайқастың болғаны айдай анық. Панфиловшы-жауынгерлер ерлігі аңыз емес ақиқат демекпіз.  Ол тіпті неміс жағының деректерінде барын айттық. Тек дүдәмал жағдай: панфиловшылардың саны мен жойылған танк санына келіп тірелетіні байқалады, яғни 28 жауынгер, 18 танкке қатысты цифрлар. Бұған  бағдарлама авторларының уәжі – батырлық танытқандар саны одан да көп, өйткені сол кезде батыр атағына ұсынуда белгілі бір шектеу болған дейді. Ал архивте сақталған рота жауынгерлерінің бір тізімінде рота командиры капитан Гундилович батыр атағына ұсынылған 28 адамның тұсына қарындашпен белгі қойыпты,  не  себепті ол жағы анықталмай қалған, өйткені аталған шайқастан соң көп ұзамай оның өзі қаза тауыпты. Сөйткенмен ол 28 адамды таңдағанда бір күнгі шайқасты басты негіз ретінде алмаған деп болжауға болады. Сонымен бірге жаудың 15 танкы жойылғаны туралы Мұхамедияров жазған құжат бар. Сол алапат шайқастан 4 – ротаны айтпағанда бүкіл полктан 120 адам ғана аман қалған ғой. Түптеп келгенде цифрлардағы аздаған ауытқулар дау–дамайдың басты тұғыры ретінде атақты шайқастың мән-маңызың, тарихи құндылығын, қасиетін түсіретін негіз бола алмайды деп есептеймін.

Енді міне 33 жылдан кейін Дубосеково түбіндегі, Нелидово деревнясындағы музейге интернет арқылы саяхат жасап отырмын. Өзгерген заман. Деректер жеткілікті. 1991 жылдан музей Волоколамск қаласындағы «Волоколам Кремлі» музей-көрмелік кешенінің филиалына айналыпты.
Мекеменің бағыты – мәдени-көпшілік, зерттеушілік болса, барлығы 6 адамның біреуі ғылыми қызметкер екен. Жалпы қордағы 1342 заттың 644 негізгі қорға жатқызылыпты. Қор жыл сайын жаңа экспонаттармен толығуда екен. Музейдің сайтында оның жұмысына жақсы пікір білдіргендер де баршылық көрінеді.

Дубосеково разьезі маңайындағы шайқас болған жердегі мемориалдық кешен орнында интерактивты 3D-технологияға негізделген музей-бункер ашылыпты. Оның экспозициясы тарихи раритетті жәдігерлер мен интерактивты 3D-технологияларды байланыстыра жасақтапты. Мысалы, онда компьютерлік айна арқылы Қызыл әскер жауынгерінің киім-кешегін өз бойыңа шақтап, киіп көруге, соғыс жағдайына сай келетін жолқапшықты жинақтап алуыңа болады екен.

Совет Одағының батыры, генерал-майор И.В.Панфилов қаза тапқан
Гусенево деревнясы да тарихи орындар санатына енгізіліпті.

Аталған музей, мемориалдық кешеннің Қазақстанмен де байланысы үзілмей жалғасын тапқанын байқадық. 2005 жылы 9 мамырда Н.Ә.Назарбаев Нелидоводағы 28 панфиловшы-батырлардың музейіне соғып, бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойып, музейге астанадағы «Бәйтерек» мүсіншесін сыйға тартып, құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырыпты. Онан соң Елбасы Волоколамск қаласындағы Октябрь алаңында генерал-майор И.В.Панфилов пен гвардия полковнигі және панфиловшы-батыр Бауыржан Момышұлының қазақстандық архитекторлар мен мүсіншілердің қоладан құйып орнатылған бюстын ашыпты.  Осы салтанатты шараға батырлардың балалары Майя Панфилова мен Бақытжан Момышұлы да қатысыпты. Осы жерде Нелидово музейінің жаңғырту және мемориалдық кешен аумағын абаттандырып, көріктендіру жұмыстарының да Қазақстан үкіметінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылғанын айту орынды.

2010 жылы Алматыда Ресей, Қытай және Қазақстан қарулы күштерінің делегациясы «Бейбіт миссия-2010» атты террорға қарсы әскери жаттығулар болғанда Дубосеково разьезіндегі жердің топырағы салынған капсуланы Қазақстан жағына салтанантты түрде тапсыру рәсімі өтіпті. Жауынгерлер қаны сіңген қасиетті топырақ Қазақстан қарулы күштерінің Орталық әскери-тарихи музейіне сақталуға беріліпті.

28 панфиловшы-батырлардың ерлігін дәріптейтін жоғарыды аталған тарихи орындарға Москвадағы турагенттіктер экскурсиялар ұйымдастырады екен. Атап айтарлығы, оқушылар үшін автобустармен арнайы маршруттар ашылған. Бұл шараны бірнеше туркомпаниялар мойнына алыпты. Сондықтан бағалары да әртүрлі көрінеді. Негізінен оқушыларға автобуспен баратын тур 9 сағатқа созылады екен. 30-40 оқушыға арналған турдың жалпы бағасы 30300 ден 31200 сом, немесе бір оқушыға 780, 1010 сом. Тіпті 40 адамға 48000 сомды құрайтын ұсыныстар бар екен.

Осындай кездерде тарихта теңдесі жоқ екінші дүниежүзілік соғыстың әкелген қайғы-қасіретін, шайқастарда еліміздің әр ұлт өкілдерінің иық түйістіре жанқиярлықпен Отанымызды қалай қорғағанын, совет халқының – Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің тарихи мән-маңызын тереңірек сезінесің. Отан дегенде майдангер ақын Мұзафар Әлімбаевтың мына сөздері еске түседі. «Отан деген ұғымды құрайтын тармақтар көп. Солардың бірі – шоқы-төбелерің, өзенді өлкең, орман-тоғайың. Отан – алдымен кіндік қаның тамған құтханаң болса, Отан – сол сияқты жау оғы салған жарадан аққан қаныңның сіңген жері». Осы тұрғыдан алғанда, біз үшін сондай тармақтардың бірі – Дубосеково разъезі, дәлірек айтсақ, Нелидовадағы батыр-панфиловшылар жерленген бауырластар зираты мен музей және мемориалдық кешен орналасқан қасиетті топырақ деп ойлаймын.

Өйткені, қазіргі әлемнің әр жерінде соғыс ошақтары тұтанып тұрған заманда, бейбіт өмір сүріп жатқан елімізде 28 батыр-панфиловшылардың қаһармандық даңқы мен ерлігінің өнегелік мәні арта түспесе, әсте кеміген жоқ. Олардың өршіл рухы, отаншылдық өнегесі бүгінгі және болашақ ұрпақтарға мұра болып қала бермек.

Қысқасы, елімізді айтпағанда, жырақтағы Дубосеково түбіндегі кешен де жастарымызға патриоттық, рухани тәрбие беретін қасиетті орындардың бірі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, бұл мәселеге республикамыздағы  тиісті мекеме, ұйымдар назар аударып, Москва арқылы Волоколамск Нелидово-Дубосеково бағыты бойынша арнайы туристік-экскурсиялық жол ашатын кез әбден жетті деп есептеймін.

Өмірзақ Сұлтанов, С.Сейфуллин атындағы

Қазақ агротехникалық университетінің доценты,

С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

Астана               

 

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation