Жұма, Маусым 22, 2018
Негізгі > Бас баған > Шәкәрім де  ҚАРА СӨЗ жазған

Шәкәрім де  ҚАРА СӨЗ жазған

Көрнекті жазушы, белгілі ғалым Мұхтар Мағауин құрастырып, алғы сөзін, түсініктерін  жазған «Шәкәрім» (1988) атты кітапта: «Шәкәрімнің қаламгерлік қызметі тек ақындықпен, аудармашылықпен шектелмейді. Ғұлама еңбегі сан салалы. Оның суреткер ретіндегі мұрасының бір тармағы – проза болса (әйел бостандығы, ескі қазақ аулындағы саяси-әлеуметтік жағдай туралы жазылған «Әділ – Мария» повесі), автор мүлде басқа тұрғыдан көрінетін тағы бір мол арна – тарих пен философия»[1] – деген пайым бар.

Бұл пікірдің жәй айтылмағанын Шәкәрімнің ақындық  туралы  өлеңіндегі «Ғаскерім – өлеңім мен  сөздерім»  деп айтқан ойынан да анық байқауға болады.  Әлбетте,  Шәкәрім  шығармашылығының  басым  көпшілігі – поэзиялық туындылардан  тұратыны  белгілі.  Дегенмен,  ақын  қазақ прозасы дамуына  да елеулі үлес қосқан тұлға.

Оның жазған прозалық шығармаларына тарихи, ғылыми, философиялық еңбектері қазақ шежіресінің тұңғышы «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» трактаттары, «Бәйшешек бақшасы» әңгімелер топтамасы, «Қайғылы роман» деп аталатын еңбегі, «Мәнді сөздер» атты афоризмдер топтамасы, «Шын бақыттың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» және тағы басқа толғамдары кіреді. Бұлардың әрқайсысында өзіндік идеялық – көркемдік салмақ бар, бірде адам болмысын, тағдырын  жан-жақты суреттесе, енді бірде күнделікті өмір құбылыстарының кейбір көріністері, сыр – сипаттары арқылы толғамды ой түйіндеуі кездесіп отырады.

Біздің ойымызша, Шәкәрімнің жазба түрінде қалдырған мұрасы, туындыларының ішінде әлі де болса ғалымдар тарапынан тыңғылықты зерттеліп, өзінің лайықты бағасын алмаған прозалық шығармаларының бірі -қара сөздері. Жалпы, «қара сөздер» дегенде, алдымен аузымызға халқымыздың ұлы перзенті, ойшыл ақыны, хакім Абайдың қара сөздері түседі.

Ол жөнінде М. Әуезов: «1980 жылдан бастап Абай шығармаларында өзі айтқан  қара сөздері жазылып отырған. Соның ішінде бір сөзді «Ғақлия» деп атаған. Бұл сөздер көркем проза емес, философиялық трактат та емес. Оны әдеби жанрлық жағынан ескі грек ойшылдарының өз шәкірттеріне айтқан әңгімелеріне ұқсатуға болар еді. Мұндай қара сөз Толстойда біраз айтылған». «Круг чтения» деген кітабында: «Абай өз заманымен нық байланысты болған адам. Өткенге бой ұрмаған. Сол өлеңдегі пікірін, ойын енді жаңа түр, қара сөз түрімен әңгімелеуге кіріседі. Өлеңдері мен қара сөзіндегі ойлары қатты араласып жатады» – деп жазыпты.

Абайдың қара сөздеріндегі тұжырымдарын нақтылы ұғымдар арқылы қарастырып, ой – түйіндеріне түсінік беретін үлкен еңбек жазған философ, академик  Ғарифолла  Есімнің мына пікіріне назар аударайық. Ғалым: «Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол – сөз жанры, мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтардың ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып әуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы  келген ойларын еркін білдірген. Бірақ Абай ашқан «сөз жанры» өкінішке орай, қазақ мәдениетінде өріс алмады. Сірә, оған кінәлі, Шәкәрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінәлі болған заманда, әрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дәстүрінің жалғасуы мүмкін емес еді» дейді.

Дегенмен, Абай дәстүрін, яғни ол ойлап тапқан сөз жанры – «қара сөздерді» жаңғыртып, жалғастырған адам болған. Біріншіден ол – Шәкәрім. Әрине, Шәкәрімнің қандай заманда өмір сүріп, тағдыры қандай болғаны белгілі. Соған қарамай, Шәкәрім өз ойындағысын айта білген тұлға ғой. Соның бір тарамын ол да Абай сияқты қара сөзбен жеткізуге тырысқан. Әрине, ол ұлы ұстазының деңгейіне жете алмаған. Абайдың әйгілі қырық бес сөзі бізге тайға таңба басқандай сол күйінде жетті. Олар халқымыздың игілігіне жарауда.

Ал, Шәкәрімде ондай көлемді шығармасы болмағанмен, тілге тиек етерлік дүниесі бар деп есептейміз. Осы ойымыздың негізі ретінде сүйенер еңбек – «Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер.Құраст. М. Жармұхамедов, С. Дәуітов,[ А. Құдайбердиев.] – Алматы:  Жазушы, 1988. – 560 бет» [2] атты кітап.

Міне, осы кітаптың үшінші бөлімі Шәкәрімнің прозасы мен қара сөздеріне арналыпты. Бірақ, осы шығармада қара сөздері деп жазылғанмен нақтылы қай еңбектері жаңағы сөз жанрына жататындығы көрсетілмеген. Алайда оны қызығушылық танытқан кез-келген зерделі оқырман да байқай алады деп ойлаймын. Дегенмен, біз соның қайсысын қара сөздерге жатқызуға болады деген мәселеге тоқталмақпыз.

Аталмыш шығармадағы «Кейде күлкілі сөзден де тәлім алуға болады», «Өзімшілдік», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше», «Шын бақыттың айнасы» атты еңбектерімен қатар, «Мәнді сөздер» деп аталатын афоризмдер топтамасын да осы санатқа жатқызған дұрыс деп санаймыз. Оған жауапты Шәкәрім өзінің «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» деген сөзбен басталатын толғамында берген. Тіпті, бұл оның бірінші сөзі деуге келетін дүние сияқты. Шәкәрім «Абай марқұм болған соң содан ғибрат алып, менде адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн деп басымды шытырман-шатақтан ерте босатып алып білім жолына түстім…басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім. Мен солардың бәрін өз мақтаным үшін жазғаным жоқ, мақтан үшін жазылған, айтылған сөздің құны болмайтынын жақсы білемін. Кейінгілер үлгі алып, өнеге үйренсін дедім» дейді.

Осыдан кейін ойшыл ақын, ғұлама ғалым өз ой – толғамын қысқаша болса да беруге тырысқан. Соның ең басты лейтмотиві – адамгершілік хақындағы сөз. Ол барлық адамды адал еңбек ететін жолға салуға үндейді. Еңбек өнерін игеріп, сонымен қоса оқу – білімді жетілдірудің маңыздылығын айтады. Адам бойындағы кездесетін жаман әдеттер – нәпсі, өзімшілдік, мақтан, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рахымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік сияқты қылықтырдан құтылудың жолдарын іздестіріп, дұрыс жолға түсуге шақырады.

Адамның адамгершілік қасиеті кіршіксіз, жоғары болуы үшін «ар білімі» деген білім оқытылуы тиіс деген тұжырым жасайды. Шәкәрімді ұлы тұлға ретінде көрсететін де осы қыры ма деп ойлаймыз. Адамның нәпсілік кеселден айырылып, мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық, арлылыққа тәрбиелеудің мәні зор екендігін ашып береді. Жалпы оның қара сөздері осы жағымен құнды, әрі бүгінгі заманда да ең қажетті мәселелердің қатарында тұр. Ендігі бір көңіл аударуға тұратын мәселе, жоғарыдағы айтқан  «Мәнді сөздерге» байланысты. Аталмыш жинақты шығарушылар оны «афоризмдер» деп атапты, бұл бір жағынан дұрыс та. Бірақ, біздің ойымызша, осы қысқа қайырымдарды екінші жағынан қара сөздер деп те қарастырған дұрыс сияқты. Мысалы, оның «мен зияны тиер деп күдіктенген кісіге жылы жүзбен күле қараймын. Мұным – кішілікпен айтқан өтірік» деген сөзін алайық. Осы қысқа болса да нұсқа тұжырымды талдап, талай ой өрбітуге болары анық.

Жалпы алғанда, жоғарыдағы ақын сөздері Шәкәрімнің ешқашан да дайын жауап беруге тырыспағанына куә болады демекпіз. Ол қиыншылықтар туралы, тұрмыс қиыншылығы жайында ойын білдірген. Ал оны жазылған сөздерін мұқият оқып шыққан көзі қарақты оқырманның өрісі жетеріне кәміл сенімдіміз. Сондықтан Шәкәрімнің жоғарыдағы 26 сөзін қара сөздер қатарына енгізіп, жастарды оқыту барысында айналымға кіргізсек дұрыс болар еді.

Жоғарыда қарастырған қара сөздерге байланысты ой – тұжырымдар түйіні – Абай мен Шәкәрімнің бір таным өрісінде болып, бір бұлақтың нәрінен сусындағанының айқын куәсі демекпіз. Қорыта келгенде айтарымыз, Абайдың қара сөздерінің танымының әдеби көздерін іздегенде дәйекті дерек, дұрыс бағыт алар ұғынықты болар дүниені Шәкәрімнің жоғарыда аталған қара сөздерімен байланыстырсақ, өте орынды болар еді.

                           

Пайдаланылған әдебиет

1 Құдайбердіұлы Шәкәрім. Жолсыз жаза: Өлеңдер мен поэмалар./ Құраст. М.Мағауин. – Алматы: Жалын, 1988. – 256 бет.

2 Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер.Құраст. М. Жармұхамедов, С. Дәуітов,[ А. Құдайбердиев.] – Алматы:  Жазушы, 1988. – 560 бет

Өмірзақ Сұлтанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері

Астана

 «Шәкәрім» журналы, №2 (19) 2013 жыл.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation