Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Бас баған > Ауызашар сөзі “ифтарға” ауыспасын десек…

Ауызашар сөзі “ифтарға” ауыспасын десек…

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз-хатшысы Нұржан Есенжолов таяуда әлеуметтік жеке парақшасында Nurzhan Yessenzholov  «Осы ифтар деген сөзге неге әуес болып барамыз? Әдемі “ауызашар” деген сөзіміз бар емес пе?» деген сауал жолдады. Бұл талай жанның көкейін сыздатып жүрген сұрақ болса керек, пост астында пікірлер топырлапты. Біз де ойландық. Ойландық та осы пост түрткі болған ойларды қағазға түсіруге бекіндік.

Жаратушы иеміз қазақ халқына табиғи байлығы мол, байтақ жер беруімен бірге ерекше қарым-қабілет те сыйлаған. Сол қарым-қабілетті бұрынғы бабаларымыз бен ағаларымыз ел мүддесіне бағыттай білгендіктен қазіргі кең байтақ жеріміз сақталып, ұрпағының игілігіне айналып отыр. Ендігі мәселенің үлкені осы Ұлы даламызды, ұлы дала төсінде Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан мемлекетімізді келер ұрпақтың қолына табыстау. Тарқатып айтсақ бірқыдыру әңгіме. Осы жерден тоқтай қалып, негізгі тақырыбымызға көшейік.

«Отан – отбасынан басталады» десек, сол отбасындағы тәрбиенің жемісі міндетті түрде мемлекеттік құрылысқа не оң, не теріс әсерін тигізеді. Тәрбиелі бала мен тәрбиесіз баланың қоғамдағы орыны секілді. Сондықтан, қазір әр қазақтың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ол – заман екпіні әкеліп жатқан түрлі ұығымдарға байыппен қарау, зерделей білу. Мәселен, дін өте күрделі әрі нәзік мәселе. Соған қарамастан көбіміз одан-бұдан «құрап алған» болмашы білімімізбен пікір айтуға, жөн сілтеуге бейілміз. Діннің негізгі мақсаты – адам баласының ар-ұжданын тәрбиелеу, яғни, иманын көтеру. Дін тақырыбын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған, талай еңбектер жазған Шәкәрім Құдайбердіұлы «Шыннан өзге құдай жоқ» деп, ислам қағидаттарының бүкіл арнасы әділеттілікке келіп тірелетінін дәлелдей отырып, «Ар-ұждан» филосифиясын ұсынған.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында асыл дініміз ислам тағылымы бір ізбен түсіндірілмегендіктен түрлі мәселелер орын алды. Сырттан оқып келген имамдарымыз дінмен бірге сол оқып келген ортаның мәдениетін (әсіресе, араб мәдениетін) қоса дәріптеді. Бір түрлі сақал қою, қара матамен оранып жүру, қысқа балақты шалбар кию, тіпті, қайтыс болған адамды күнбе-күн жерлеу оқиғалары орын алды. Дұрыс нәрсені теріс қабылдау мен дұрыс түсінбеудің салқыны осал болмайтыны белгілі. Сондықтан, айтушылар тындаушы алдындағы жауапкершілігін толық сезінуі тиіс. Күнәнің үлкені – өзіңнен бұрын өзгенің адасуына себепші болу екен. Ата-ана адасса соңындағы ұрпағы қоса адасады, уағызшы адасса бір қауым ел дүдамал күй кешеді.

Осы орайда мына бір ойды тарқатып айта кетсем. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. хадисінде «үш нәрсеге асық» деген уәж бар; мәйітті жерлеуге, қарызды қайтаруға, қызды ұзатуға асығу. Керемет айтылған кемел нәрсені кері түсінсек не болғанымыз. Мысалы, қызды ұзатуға асыққаның жөні осы екен деп, балиғат жасына толған бетте шашынан сүйреп біреуге апарып бермейсің ғой. Бірақ, біздің ақылман бабаларымыз пайғамбар сүннетін ерте бастан шешіп қойған. Қызды атастырып қою институты арқылы көптеген проблеманы жөргегінде тұншықтырған. Мәйітті жерлеуге асықтырудың мазмұны – қандай жағдайда қайтыс болса да мәйіттен вирус тарауы мүмкін, соны сақтандырса керек. Атам қазақ, барлық сақтық шараларын ескере отырып, мәйітке аса құрметпен қараған, етжақын туыстарының соңғы сапарға үлгеруін, көңілдерінде күдік (күдік – реніштің басы) қалмауын басшылыққа алған. Сол себепті, босағасында екі түнеткен. Біздің қазақ, мәйітті жерлеуден бұрын топырақ салуды «топырақ бұйыртуды» алдыға шығарған. Ал, қарызды қайтаруға асықтырудың мәні тіптен керемет. Қарыз келіскен уақытта қайтарылуы көптеген араздық, реніш, талас-тартыстың алдын алмақ. Қарыздың қайтарылмауы екінші біреудің көз жасына немесе өшпенділігіне айналмасына кім кепіл. Бірақ, сол «қызды ұзатуға», «мәйітті жерлеуге» асығатындар қарызды қайтаруға қаншалықты асығып жүргенін кім білсін… Бұл жерде қарыз жалпы мағынада айтылуы да ықтимал. Оның ішіне материалдық қарыз да, материалдық емес те қарыз енуі мүмкін.

Иә, сөзіміздің басын Тәңір иеміздің қазаққа кең жер, керемет қарым-қабілет бергендігінен бастап едік. Бұрынғылардан мысал келтірдік, ал бүгінгілер сол қарым-қыбілетті қалай пайдаланып жүрміз? Қазаққа таңылып жүрген «жаман атақтың» бірі – еліктегіш халық. Еліктегіштік жалпы жаман қасиет емес, белгілі бір қажеттілікті үйренуге, меңгеруге ұмтылу. Оның жаман болатыны «шегінен асырып жіберуде» (Абай), яғни, асыра сілтеу де. Шегінен асырып жіберудің бір мысалы – кезіндегі орыс тілінің қажеттілігін, «орыс тілінсіз болашақ жоқ деген» деңгейге дейін көтеріп жіберуде жатыр. Соның салдары қанша мыңдаған бауырларымыздың өз ана тілін ұмытып кетуіне, өзге танымның өніміне айналуына әкеліп соқты. Одан туындаған, туындап жатқан мәселелер де жетіп-артылады.

Еліктеуде ешкімге дес бермейтіндер кезінде шала-пұла орысшасын кез-келген жерге тықпалай беретін еді. Сондайларға күйінген халық «Жаман қазақ орыс болам деп әуре» деген нақыл да шығарған. Елдің жанына батқаны олардың орысша сөйлегендігінен бұрын не нәрседе асыра сілтейтіндіктері еді. Сол секілді кей ағайындардың ауызашарға тілі келмей «ифтар» деп арабшалағандарына жол болсын. Кезінде «Жаман қазақ орыс болам деп әуре» деген жұрт енді «Жаман қазақ араб бола алмай әуре» деп жүрмесе болғаны.

Бәрінен бұрын, ессіз еліктеуден, өз қазынасын бақырға, өзгенікін алтынға балайтын көрсоқырлықтан аман болайық.

 

Қайрат Зекенұлы, журналист. Семей.

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation