Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Бас баған > Қоғамдық сана-2: Ұлттық тәрбие не үшін керек?

Қоғамдық сана-2: Ұлттық тәрбие не үшін керек?

«Дамыған ел болу» жайлы сөз көп. Онан асқан арман жоқ сияқтанады. Бірақ «даму» ұғымын тұрмыс-тіршіліктің жақсаруы деп батысша түсінеміз. Дамудың рухани жағы екінші, үшінші орында, кейде тізімнің соңына әрең ілігеді. «Ойбай, қаржы дағдарысы кеп қалды» дегенде көсемсіп, көсілеміз, ал сана дағдарысы –жоқ сияқты, рух аштығы деген ойыншық құрлы қадірсіз. Жол я көпір салу, жаңа технология енгізу, зауыт тұрғызу сияқты кәдуілгі тірлікті шенеунік аузын толтырып айтады. «Әйтпесе шаң қауып, дамымай қаламыз!», – деп тау көтерген Толағайдай шіреніп, елді бір дүрліктіріп алады (оқушы балалар тегін түстенуге аяған қаржыны мегажоба атаулыға уыстап шашқаны ойда жоқ).   Осы түйсікке, дәлдісі түйсіздікке таң қаламын. Асудан құлап аққан асау өзен сияқты сыртқы прогресс екпіні бізді ғана емес, күллі жер беті тұрғындарын дедектетіп иіріміне алып отыр емес пе (технология төңкерісінен мұхиттағы арал да құр алақан емес). Сондықтан оны «дамыған ел болу» арманына балап, халықты шатастырғанды қашан қояр екенбіз.

Айтпағым, Шығыс, оның ішінде дәстүрлі қазақ танымы басқадай: даму, жетілу санаға, адамның ішкі сарайына қатысты деп біледі. Өйткені, «бас жоғары жаралған, мойын төмен» (Абай), яғни табиғи реттілікте ес-ақыл жоғары, тұрмыс төмен тұрады. Тіршілік жақсарса, ол сана толысуының көрінісі, соның тіркемесі ғана. Бақиға дәулетің, малың керексіз, Тәңіріге пендесі тек жан байлығымен қайтады. Тағы Абай: «Құдайшылық сонда, жүрегіңді таза сақта, Құдай жүрегіңе әрдәйім қарайды» (17-сөз), – дейді.

Міне, ұлттық тәрбие не үшін керек деген сұрақтың жауабы осы арада. Тағы айтсақ, ол – сана мен тұрмыс реттілігін қалпына келтіру тетігі. Өмірдің мағынасын дұрыс түсіну үшін де қажет (Әсілі, ұлттық тәрбие мен адамдық тәрбие бір ұғым. Екеуінің де негізі – «адам бол!» қағидасы. Екеуі де ішкі жан дүние алауын жағады. Қоғамды нәпсі билеуінен тежеп, сақтап отырады).

Қазақ халқы экологияны бұзбай, тұмса табиғатпен үндесе өмір сүрген. Қыстау, жайлау, күзеу жайлап, малды рет-ретімен бағып, жердің тозып кетпеуіне аса мән берген. Арамды қазанға салмаған, артық аң атпаған. Ру басына иманды, ел-жұрттың қамын ойлаған адамды сайлаған. Жер аударуды  абақтыдан да ауыр жаза деп білген. Ел ішіндегі дау-дамайды билер әділ шешіп отырған. Ұрпағына «адам бол» және «жаным арымның садағасы» деп тәрбие берген. Міне, нәпсі емес, сана билеген қоғамның көрінісі осы.

Бірақ…отарлық  келді. Сананы тұрмыс  биледі.  Заманға күйледік. Соны көріп Абай: «Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?», – деді. Өткен ғасырда атеистік идеология әңгіртаяқ ойнатты. Осымен, бұзылмаған дәнеңе қалмады.

Не істеу керек? Есті жиып, ұлттық тәрбиені қалпына келтіру керек. «Ақылға сәуле қонбаса», яғни адамдар Құдайдан қорықпаса, «Қайуанша жүріп күнелтпек». Қанағат, рақым ортайғаны, жемқорлық «вирусы» қоғамды жегідей жеп жатқаны соның дәлелі.

Екіншіден, тәрбие ұлттық болуы үшін баланың ең болмағанда он жасқа дейін ана тілінде сусындауы шарт. Қос тіл – қос мәдениет. Әрі де емес, бері де емес бұл хәлді ғылымда маргиналдық дейді. Ол жақсылыққа апармайды.

Сөйтіп, шынайы дамудың құпиясы – тұрмысты сана билеуінде. Қоғамда ашкөз, дүние қуған адамдар көптігі – тұрмыс (жаралыс) билегенінің белгісі. Жаралыс билеген хәлді ғұлама Шәкәрім «Анадан алғаш туғанымда» жырында былайша ұқтырады:

Табылмас анық азат адам,

Жаралыс билер заманды.

Көрсетер мұқтаж, азап саған,

Тартқызар өмір жазаңды (1918).

Бүгінгі қазақ қоғамында не көп, мұқтаж, азап көп. Өлең шумағы соны тап басады.  Жаратушы Құдірет «қайтер екен» деп сынағысы келгендей, қазақ еліне барлық материалдық байлықты үйіп-төгіп беріп отыр. Бізге жетіспей тұрғаны – рух байлығы, яғни барға қанағат, рақым, тазалық. Сондықтан рухани жаңғыру бастамасы науқан емес, сана сұранысы деп біліп, бар күшті салуға тиістіміз. Жаңағы өлеңі соңында Шәкәрім: «Ынсап, мейірім, әділетті, Жаныңдай көріп, жан сақта», -деуімен тығырықтан шығарар,бақытты қылар жолға жөн сілтеген.

Ұлттық тәрбие қайнарын іздеп, алысқа ат айдаудың қажеті шамалы. «Адам болу» ілімінің кемел адам, көркем мінез, үш сүю сынды әлемдік деңгейдегі көмбесі – Абай, Шәкәрімде тұнып тұр. Мәселен,Абайдың   «Өзіңе (ақылың мен қайратыңа) сен!», «Ойла, айттым, адамдық атын жойма!» сынды өсиеттеріескірді деп кім айтар екен.

Кәне, қазақ мешел, жетесіз қалмасын деп мейірімді Тәңірінің берген зор сыйы – қос дананың мұрасын жата-жастана оқып, санаға шөктіре алдық па?  Қайдағы?! Ешкімге керексіз. Асыл мұраны зерттеп-зерделеу және насихаттау терең тоқырауда. Айталық, Абайдың жинағы 1995 жылдан, Шәкәрімдікі 1988 жылдан бері жарық көрмегені естіген құлақтан ұят. Дамыған ел болуды тек материалдық тұрғыда күйттеп жүргеніміздің тамшыдай айғағы бұл.

Қорытып айтқанда, ұлтжандылық – ізгілікті қасиет, ал ұлттық тәрбие – қазақ болып қалудың кепілі. Заман сұранысына айналып отырғаны содан.

 

Еркіндік хақында бірер сөз

Баяғыда саяси экономикадан дәріс оқыған профессор аузынан: «АҚШ деген 50-ден астам штаты бар құрама ел. Әрбірі өз заңымен өмір сүреді. Мемлекеттің өмір сүру формасы броундық (бейберекет) қозғалысты еске салады», – деген ақпаратты естіген біздер, студент қауымы: «Пәлі, бұл хаос жайлаған, әне-міне құритын ел», – дескеніміз есімде. Ол күнде санамызға шөгірдей қадалған сталиндік синдром күшті еді. Ол бойынша даму шарты – вертикальды билік, орталықтанған жүйе және темірдей тәртіп болатын.

Бақсақ, даму кілтипаны керісінше еркіндікте, яки жаңағы броундық қозғалыста екен. Ғұлама ойшыл Шәкәрім: «Ақылға еркін ой керек, Матаудан ойды азат қыл» дейді. Иә, азаттық пен құлдық бір емес, құл мен еркін адамның еңбегі тең емес. Екі жүйе жарысында Совет Одағы күйреп тынды. Азат ойды  ғасырлар бойы ноқталап, адымын аштырмаған ислам әлемі  сорлап қалды. Бүгінгі уақыт тұғырынан  осының бәрін көріп-біліп отырмыз.

Елімізде халыққа көп жағдай жасалынып-ақ жатыр, бірақ ноқталы хәлде. Таңдау, ойлау еркінен айырылған бұқара бақытсыз, отқа да, суға да түсуі мүмкін жас баладай қорғансыз, ал қылған еңбегі өнімсіз.  Айталық, қанша тілді білу әркімнің өз қалауы емес пе. Екі тіл аздай, үшінші тіл күштеп енгізілгені несі? Еркіндік болса, үкімет пен әкімшіліктің басқаруына жеңіл, бұқараның көңіл-күйі де көтеріліп, белсенділігі артады. Бізде мемлекетшіл сана ортайған, патриоттық рух сұйық. Сондықтан, саяси еркіндік белгілі дәрежеде қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Әйтсе де, ең болмағанда ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайтын уақыт жетті. Ауыл, аудан әкімдері шаруасын өздері жоспарлап, оның іске асуына халық алдына жауапкер болсын. Осы шолақ еркіндіктің өзі де біраз жерге апарары сөзсіз.

Түйін сөз

Қазақ өмірінің қай қырына қарасаң да, проблема(демография, тіл, дін, экология, ауыл хәлі, кедейшілік, ұлтсыздану, жантық мінез т.б.) самсап тұр. Соны жырдай қылған мақала телегей теңіз. Көбісі мелшиген жартасқа соққан толқын құрлы әсерсіз, әйтсе де айтып-жаза беруге міндеткерміз.

Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың жақсы жаз келмей ме, көк тұман айыққан соң, жарқырап күн шықпай ма. Сол сияқты әлеумет құбылыстар да ауысып отырады. Бірақ өзгеріс табиғатта сияқты өздігінен емес, көпшіліктің қарекет қылуымен келеді. Сондықтан қазақ елі жаңаруына көп болып қолғабыс қылайық, жұртым.

…Еліміз табиғат байлығын тең бөлісетін қанағатшыл, бірін бірі бауырым деп сүйетін қайырымды да жомарт тұрғындар мекеніне айналсын! Халықтың ынтасын оятатын биік мақсат, шексіз бақыт сезіміне бөлейтін асқақ арман осы сияқты.

Асан Омаров,

тәуелсіз сарапшы.

Семей қаласы.

 

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation