Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > 28 маусым: Журналист болудың сыры мен жыры

28 маусым: Журналист болудың сыры мен жыры

ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Осыдан біраз жыл бұрын Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бөлім меңгеруші едім. Түс әлетіне қарай жұмыс бөлмеме елуді еңсеріп қалған жігіт ағасы мен жүзін жел қаққан, талдырмаш бойжеткен кірді.
— Е, қарындасым, амансың ба? Өзіңнің есіміңе сырттай қанықпын,— деп өзін емін-еркін ұстаған отағасына алдымда тұрған орындықтардың бірін ұсындым. Ұсынған орындықты дыр еткізіп өзіне тартып жайғасқан ол:
— Біреуден алда, біреуден кейін дегендей, мына сіңілің биыл мектепі бітірген. Енді журналист болсам дегенді айтады. Оған білетіндер мерзімді баспасөз бетін көрген материалдары болуы керек деген сөзді айтады. Саған мына өйтіп-бүйтіп жазғанын әкеліп едік. Соны газеттеріңізге жылдамдатып шығарып берсеңіздер. Емтихан берер уақыты таяп қалды,— деп жылдамдата сөйлеп, алдыма қолдан-қолға тиіп, болмаса қалтада жүріп әбден умаждалған бір парақ қағазды тастай берді.
Жасыратыны жоқ, бір күнгі жазған шимай-шатпағымен журналистика бөліміне түсемін деп отырған сіңіліме іштей көңілім толмай қарасам да, жазғанына көз жүгірттім.
Ол осыдан екі-үш ай бұрынғы (өзі мектеп қабырғасында жүргендегі) мектепте өткен тәрбиелік шара жөнінде жазыпты. Жазыпты демекші, айбақ-сайбақ етіп, қалай болса солай жазыла салған бір беттік «мақаласымақтың» ішінен адамдардың аты-жөндерінен өзге ештеңе таба алмадым. Іле:
— Ағай, балаңыздың мына мақаласын газетке басуға жарамайды. Біріншіден, өзек болған оқиғаның уақыты өтіп кеткен. Екіншіден, адамдардың аты-жөнінен басқа ешқандай ақпарат көріп тұрған жоқпын. Үшіншіден, әріп қателері өріп жүр, өте сауатсыз жазылған. Төртіншіден, журналист болам деген адамның осы мамандыққа табиғи бейімі болуы керек. Мұнда оның бірі де байқалмайды,— деп өзімдік ой- пікірімді білдіріп болғаным сол еді:
— Түу, қарындасым-ай, қазақпыз ғой. Көп сөзді қайтесіз. Өзің былай бірдеңе-сірдеңе қылып жібермейсің бе. Бұл жазғаны жарамаса, өзіңнің көп мақалаңның бірінің астына мына сіңіліңнің аты-жөнін жаза сал, нең кетіп барады. Еңбегіңізді жемейміз,— дейді беті бүлк етпестен. Көзін қадап, әлгі «ағам» менен жауап күтіп отыр.
Қапелемде сөз таппай қалған басым сәлден соң ойымды жинақтап: «Буынсыз жерге пышақ ұрып қайтесіз, балаңыз ертерек қамдануы керек еді»— деп, сабырлы қалпымды сақтап, алдымдағы қағазын ысыра бердім…
Әлгілер кеткен соң мен еңсені езген қалың ойдың құшағында қалдым. Жадыма өткен күндер оралды.
Ретін тауып мақтанып қалайын дегенім емес, мен мақала жазуды 6-шы сыныптан бастадым. Алғаш рет республикалық «Қазақстан пионеріне» шыққан тырнақалды мақаламды көргенде қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздаған. Ал бұл мақала менің бірінен соң бірін жазып, жөнелткен бес мақаламның ішінен «топ жарып» шыққан «ең мықты» дегені болатын. Із-түзсіз кеткен қалған төрт мақалаға жауапты кейін алғанмын.
Сондағы айтпағым-қолға түскен мақалалардың бәрін бірдей газет бетіне жариялай бермейтінін сол кездің өзінде-ақ түсініп қалғанмын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қазақстан пионері» газеті редакциясындағы журналистер әрбір хаттың соңында автор барын ескеріп, жазған дүние жарамсыз болса да жауап жазып жіберетін.
Қазір байқап отырсам, журналист болсам деген кейбір жастар сол оқуға құжат тапсыратын уақытта бір-ақ жанталасады. Жан ұшырып бір түнде айбақтатып (оны көшіріп жазуға да ерінетіндер бар) «бірдеңелерді» құрап, таң ата редакцияға жетіп, жазғаны жарасын-жарамасын «шығарып беріңіздер» деп өтініп, журналист аға-тәтелерінің мазасын алады. Бұл, бұл ма жазғаның «бәлен» десең, бәлеге қалғаның.
Кейде оларға көмегіңді беріп, жазған дүниесі ойыңнан шықпай тұрса да алып қалып, өңдеп, жөндеп, қайтадан жазып, жарыққа щығарып жатамыз. Бұл еңбегімізді мақала иесі дұрыс түсініп жатса, жөн ғой. Жоқ, кейбірі әлгіндей шалағай жазылған материалдарын тағы да әкеліп тұрады. Рас, біреулерге өкпелеп, көпке топырақ шашуға болмайды. Бір-екі дүниесі жарыққа шыққан соң талаптанып, жап-жақсы жазып, қалыптасып кететіндер бар. Бірақ олар ілуде біреу.
Кейде журналистика мамандығынан хабары жоқ, қолынан жазу келмейтін, тек оның атына қызығып, тәуекел етіп жүрген түлектерді кездестіргенде еріксіз қынжыламын. Меніңше, журналист боламын деген жастың бойында табиғи бейімділік болуға тиісті. Ондай жандар жазса болды «теңізді тамшысынан» татып білгендей, сөз бастауынан байқауға болады.
Мұндай олқылықтар болашақ тіл мамандарынан да кездеседі.
Бірде редакцияға филология факультетінің бір студенті мақала әкеліп берді. Әлгіні қолға алсам, қалай болса солай жазылған. Іштей жазғанын екінші рет пысықтаса болар еді деп ренжіңкіреп қалдым. Автор онда мектепте ұзақ жыл еңбек еткен бір ұстаз туралы жазыпты. Дәлірек айтқанда, әлгі кісінің өмірбаянын тек тәптіштеп, жіпке тізген моншақтай етіп жазып шыққан.
Екі-үш күннен кейін мақала иесі келді. Әлгіндей кемшіліктерін жұқалап айтып көріп едім, ол сөз арасында сол жазып отырған адамымен әлі тілдеспегенін, тек қолда бар дерекке сүйеніп, жазғанын айтып салды. Өз айыбын түсінген болар деген бауырым бір кезде «бұл мақаланы шығаруға өзіңіз қолдау көрсетпейсіз бе» деп қынжыла сөйледі.
Сонда қалай, негізі де жоқ мақаланы бірдеңе етіп жарыққа шығару ма? Сөйтіп оны да, оқырманды да алдауым керек пе? Әлде ол бауырымның бұл ісі өзінің аты-жөнін баспасөз бетінде көрсету үшін құр қызығушылықтан туған әрекет пе?
Филология факультетінің III- курсында оқып жүрген жастың жазған дүниесінде белгілі бір бағыты, айтар ойы, көтерген жүгі, титтей де болсын дәні болуға тиісті. Ертең одан қандай маман шықпақ? Филолог дегенің әрбір сөздің парқын аңғарып,салмағын саралай білген жөн.
Ойды ой қозғайды. Рас, журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде кездейсоқ келген жастар болған. Бірде университетте шығатын газетке “1 мамыр” мерекесіне арналған мақала қажет болды. Ойымда ештеңе жоқ, әлгі құрбыма бір-екі мақала жазып беруін өтіндім. Бір күн, екі күн, бір апта өтті. Оқта-текте «мақалаң әзір ме?» деп сұрап қоямын. «Жазамын ғой» деп ол жайбарақат жауап береді. Арада екі апта өтіп, мерекеге екі-ақ күн қалды дегенде, «мақалаң әзір ме?» десем «Түу, Жүке-ай (мені солай атайтын) бір-ақ сөйлемнен басқа ештеңе жаза алмай отырмын»,— деп алдындағы қағазын маған ұсына берді. Көз жүгіртсем, «Май келді…» деген сөзден басқа түк те жоқ.
– Бұның қалай құрбым-ау, жаза алмай отырсың ба, әлде жазғың келмей ме?— дегенмін. Ол аз-кем ойлана отырып «шынымды айтсам мен мақала жаза алмаймын, әкем осы оқуды бірдеңе қылып бітіріп алсаң бір жақсы жерге орналастырамын деген. Сөйтсем мұнда оқу да, жазу да оңай емес екен»,— деп өз құпиясын ашқан. Кейде қысылғанда ол журналист болу оңай емес екенін, оған адамның бойына туа біткен негіз болу керектігін арасында айтып қойып отыратын.
Бірінші курсты бітіріп, аудандық газеттерге барып тәжірибеден өтіп келген соң астанада әлгі құрбым екеуіміз қайта қауыштық. Сонда әңгімемізге тәжірибе барысы өзек болып, мен құрбымнан «сен газетке қандай мақала жаздың?» деп сұрағанмын. Өзі де ақ көңіл, аңғал замандасым «мен қой тұратын үйлерді көріп, соны жаздым» демесі бар ма?
Жадыма осындайда ең сүйікті оқытушым болған профессор марқұм Тауман Амандосов ағайымның: «Журналист маманында ең бастысы-жазу қабілеті болуы керек. Жазу жай ғана нәрсе емес, ол сол адамның білімінің, ой-өрісінің қорытындысы.
Журналист-етікші емес. Ол жаза да, ойлай да білетін, керек жерде ұшқыш та, дәрігер де, мұғалім де, жұмысшы да болып кететін жан»— деген ұлағатты қағидалары оралады.
Енді менің аталмыш мамандық жөніндегі ойымды осыдан артық жеткіземін деуім бос сөз болар. Журналист болам деген талапкер осы қағидаға қарап, ой қорытар деген үміттемін.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=829025313955420&id=100005438776692

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation