Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Ел бірлігі > АСТАНА – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ДА АРМАНЫ ЕДІ

АСТАНА – АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ДА АРМАНЫ ЕДІ

Елбасының ерекше тарихи еңбегінің бірі – ел ордасы Астананы таңдауы. Әлемдік биік өлшемдер тұрғысынан, жалпы Еуразия құрылығын ұштастырып жатқан Қазақстан жерінің геосаяси орналасуы жағынан алып қарағанда, бұл да үлкен батыл тарихи шешім болды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ автономиясының бас қаласы төңірегінде түрлі айтыс-тартыстардың орын алғаны мәлім. Осы астананы таңдау мәселесі Алаш зиялыларының арманы еді десек, ешқандай артық айтпаймыз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов сондай бір жүректің түбіндегі жасырын сырын, ізгі арман-мақсатын 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған әйгілі этнограф ғалым әрі сыйлас жақын досы Г.Н. Потанин туралы мақаласында: «Григорий Николаевич, Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау дейтін»,[8] – деп айтып жазады. Жалпы, 1920 жылдардағы республика астанасын Орынбордан қалың қазақ елі ішіне көшіруге қатысты қызу айтыс-тартыстарда Алаш зиялылары арасында Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, Ә.Байділдин және тағы басқалар бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласын Елордасы болса екен деп ұсыныстар жасаған еді. Бірақ та ол уақытта Елорданы таңдау мәселесі қазақтың еркінде емес, Мәскеудің еншісіндегі қиын іс-тін. Қаймана қазақтың өз астанасын ерікті түрде таңдауы тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ғана барып мүмкін болды. Бұл арада көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің:

«Ел астанасының Орталық Қазақстан, ұлттың уысынан шығып бара жатқан «тың өлкесіне» көшірілуі – ұлыстың болашағы үшін шешуші маңызы бар, ересен  оқиға болатын. Бар тетік – Республика Президентінің қолында тұрған. Атап айту керек, Нұрсұлтан Назарбаев заман талабы, ұлттық мүддеден туындаған, ешқандай да аялды күтпейтін, қазақ халқының болашағын айқындайтын ұлы істі орайымен бастап, сәтімен аяқтады. Елбасының қайырылмас батылдығы, жігер-қайраты, шешімтал өкімі және тежеусіз билігі арқасында ғана жүзеге асқан ғажайып іс.

Бар игілігі қазірдің өзінде айқын аңдала бастады. Ертеңгі күнге ешқандай талас жоқ. Қайтадан көтерілу, бар атырабы өзіне қараған, дамыған, әлуетті, іргелі ел болуымыздың ең негізгі алғышарттарының бірі – осы Бас Орда, бүгінгі және күннен күнге сәулеттеніп келе жатқан астана байтақтың ежелгі Қазақ елі, байырғы атажұрттың қақ ортасы, қолқа-жүрегінде орналасқан ұтымды жағдайына байланысты. Дәл қазіргі кезеңде туған еліміздің өсіп-өркендеуіне, жеріміздің тұтастығына, ұлтымыздың, жат жұрттық ағайын басым көпшілікке жетіп, сыртқы көршіге бейім, шет аймаққа айналып бара жатқан ежелгі қонысын біржола баурап, болашақ ұрпағымыздың құтты ұйығына айналдыруға, пәрменді ғана емес, шешуші ықпал жасайтын ұлағатты іс, қалай айтсаңыз да, қазақ халқының келешек ғасырларға бағытталған мың жылдық ұлттық мұратына қызмет етпек ұлы оқиға…»,[9] – деп айтқан салиқалы пікіріне ешбір артық алып, қосарымыз жоқ.

Шынында, қазір Астана – ерке Есілдің жағасында бой көтерген аса көрікті әсем қалаға ғана емес, бейбітшілік сүйгіш әлем елдері бас қосып, күрделі мәселелерді шешетін айбынды Елордаға айналды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен мұнда екі бірдей беделді халықаралық ұйымның – Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік Ұйымы және Ислам елдері Конференциясының Саммиттері өткізіліп, Астана декларациялары қабылданды. Сонымен қатар Астана дүниежүзілік экономикалық форумдар мен әлем елдерінің діни өкілдерінің жиындары тұрақты түрде өтіп тұратын ірі саяси орталық болып табылады.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында: «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін.

Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел»,[10] – деп мәлім етті. Ал оның Ұлттық рухты асқақтатып биікке көтеретін Ұлы идея екені сөзсіз.

Ұлттық идея демекші, бүгінде көршілес отырған Ресей, Қытай тәрізді алпауыт мемлекеттер әлемдік кеңістікте үстемдік орнатуға ұмтылып, өздерінің алдына мыңжылдық мәдениеті мен тарихы, саяси-экономикалық, ақпараттық, ғарыштық-технологиялық, әскери-техникалық және тағы басқадай тұрғыда болсын ұлттың ұлылығын дәріптеуді басты мақсат етіп қоюда. Мысалы, оған «Руский мир» идеясын ашық қолдаушы Ресей Президенті Владимир Путиннің 2015 жылы өткен 5-інші Бүкіләлемдік отандастар конгресінде «Мы чувствовали вашу солидарность и в период воссоединения Крыма и Севастополя с Россией. Это историческое событие. И, конечно, решительная поддержка наших соотечественников, которые твердо выразили свою волю быть с Россией, поддержать Россию, помогала сплотить нам все российское общество. Это стало важным фактором консолидации российского зарубежья и всего русского мира», – деген мәлімдеме жасауы дәлел болса, ал бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекетінің басшысы Си Цзиньпиннің «Ұлы қытай ұлтын қайта жаңғырту» («Возрождение Великой китайской нации»)  идеясын ұран етіп отырғанын білеміз. Яғни, бұл екі алып көрші мемлекет қазіргі кезде өздерінің ұлы Қытай немесе ұлы Ресей империясы деген ұлы державалық амбицияларын осындай ұлттық идеологиялармен жүзеге асыруда. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» бағдарламасы аясында былтырғы жылы Қазақ мемлекеттілігінің, яғни Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығының салтанатты жағдайда атап өтілуінің тарихи маңызы өте ерекше болды. Мұның өзі Ұлы Дала – Еуразия кеңістігінде үстемдік құрған көне Түркі қағанатының заңды мұрагері – тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің абырой-беделін асқақтатып, рухын зәу биікке бір көтеріп тастады. Ұлы Далада Мәңгілік Ел құру туралы мұратын, жоғарыда айтқандай, тәңіртекті түрік елінің абызы Тоныкөк осыдан 13 ғасыр бұрын Мәңгі тас (көне түркі тілінде – «Беңгү таш») ескерткішіне: «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел», – деп өсиет етіп қалдырса, ал Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлт ұясы атанған қасиетті Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік ел болуы. Заман өтеді, адамдар өтеді. Бірақ тәуелсіздік қалады», – деген еді.

Иә, Астана – Мәңгілік елдің астанасы, ұлттық идеялардың орталығы, елдігіміздің елордасы, жаңа ғасырларды бетке алған жасампаз жұртымыздың жарқын болмысы болып қала бермек.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. – Алматы: «Қазақстан», 1994. 276-279 беттер.
  2. М. Мағауин шығармалар жинағы. Алматы, 2002. 10-том. 230-231 беттер.
  3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар.

 

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation