Сейсенбі, Желтоқсан 19, 2017
Негізгі > Бас баған > Бұрын балаларды жоқшылықтан қорғаушы еді, қазір тоқшылықтан қорғайтын жағдайға жеттік

Бұрын балаларды жоқшылықтан қорғаушы еді, қазір тоқшылықтан қорғайтын жағдайға жеттік

Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні болып саналады. Бұл 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған екен. Мақұл. Қабылданды, аталмыш мереке жыл сайын аталып өтілсін. Болашақ солардікі, әлем балалармен бар болмақ. Демек…

Мерекенің мәнін терең түсінуіміз керек

Бұл күн – олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, білім мен тәрбие беру, олардың құқығын қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселелер басты назарға алынуы тиіс күн.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.
Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.
Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.
Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Олай болса…

Балаларды неден, қалай қорғаймыз?

Осы сұрақ айналасында ойланып көріңізші. Айтуға оңай-ақ. Жаһан жаңарған сайын адамзат азып бара жатыр ма қалай? Бұрын балаларды жоқшылықтан қорғаушы еді, қазір тоқшылықтан қорғайтын жағдайға жеттік. «Қазіргі балалар оқып туады» дейміз де бесіктен белі шықпай жатып өзінен үлкен смартфондарды құшақтатып қоямыз. Ол «пәленің» ішінде не жоқтың бәрі бар. Жас сәбидің миы аппақ параққа ұқсайды. Сол парақты ата-анасының өнегесінен бұрын интернеттің иірімдері шимайлап тастаған соң бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай қалады. Бұл баршамызға белгілі, айтылып та келеді. Бірақ, салғырттық танытамыз.

Баланың тәрбиесіне жіті мән беремін деген ата-ана алдымен өздерін тәрбиелеп алуы керек сияқты. Бұрынғылар баланың көзінше отбасы мәселесін талқыламаған. Баланың көзінше ұрысып, керіспеген деп жатушы еді үлкендер. «Құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз де бекер айтылмаған ғой. Қыз анасына, ұл әкесіне қарап бой түземек. Шаңырақ астында айрандай ұйыған әулеттен керегесі берік отау шығуы заңды да шығар.

Балаға көбірек уақыт бөлу керек. Оның сабағына, қоғамға араласуына, жүрген ортасына баса назар аударып, ыңғайына қарай бағыт- бағдар жасап отырмаса болмас. Өкінішке орай көп ата-ана балаларына уақыт бөле алмай жатады. Бетімен кеткен бала тағы, өзімшіл, тұйық болып өседі, дұрыс орта да жинамайды, содан келіп қоғамдағы өз орнынан адасады.

Баланың бос уақытын пайдалы істерге бағыттау керек. «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген осыған қаратылса керек. Балаға «өскенде кім боласың?» деген сұрақты жиі қойып тұру керек пе деймін. Әр балада арман болуы керек. Сол арманның жетегінде адамдық қасиеттерге ие болады. Армансыз адам азады. Бұл туралы ұлы Абай да айтып кетті емес пе!

 

«Жұмысы жоқтық, тамағы  тоқтық, Аздырар адам баласын»

Тірнектеп жиған тірлігіміз, малымыз кімге керек? Ұрпағымызға әрине. Егер ұрпағыңыз сол байлыққа ие болып қала алса. Сіз жанталасып жүгіріп жүргенде балаңыздың тәрбиесіне назар салмадыңыз, тіпті оның кейбір сөзіне мән де бермедіңіз. Сіз ұрпағыңызға қаншама мирас қалдырғаныңызбен оған өмір сүруді, өарекет етуді үйретпесеңіз оған сіздің малыңыздың бір тиындық құны да болмас. Демек, сіздің ғұмыр бойғы жинаған маңдай теріңіз желге ұшпақ. Сондықтан, балаға «бала ғой» деп қараудан аулақ болыңыз. Бала да – адам, бала да- өзіңіз сияқты әке, ана болмақ. Ол да өзіңіз сияқты ұрпақ сүймек.

 

Егер балаңызды шын сүйсеңіз…

Егер балаңызды шын сүйсеңіз, оған шын жанашырлық танытыңыз. Оған өзіңіз жүрген шыңның теріскей бетін де айта жүріңіз. Уақыттың қымбат, әрі қатал екенін түсіндіріңіз. Жастайынан шымыр етіп тәрбиелеңіз. Қоғамға араластырып, сүйікті ісіне махаббатпен кірісіп кетуіне ықпал жасаңыз. Оның жұмысына қолдау көрсетіп, жетістіктеріне мақтана жүріңіз.

 

P.S. Бүгінгі «Халықаралық балаларды қорғау күнімен» барша балаларды, ата-аналарды құттықтаймыз. Балалардың езуінен күлкі кетпесін!

0
Яндекс.Метрика
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation