– Өткен ғасырлардың бірінде қытай зерттеушісі «Егер сіз қазақтан қанша уақыт жерде отырдың, қанша уақыт атпен жүрдің?» деп сұрасаң, ол өзінің барлық дерлік уақытын ат үстінде өткізген болып шығады» деп, естелік жазып қалдырған екен» дейді академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты Игорь Николаевич Нечаев. – Яғни, қазақ пен дала, жылқы өте ертеден бірге. Себебі ұланғайр алып дала, орасан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өнер-білімі, бар салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл ғұмырлық мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатыр. Осыдан барып қазақты «жылқы мінезді» деп бекерден-бекер айта салмаған. Кез келген қазақта бұл мінез бар.
Жылқының шежіресін жасаған ағылшын ғалымдары мен ресейлік жылқы шаруашылығымен айналысатын институт ғалымдары біздің жабы, адай, мұғалжар және басқа жылқымыздан қан алып, тексерді. Тексеру кезінде ағылшындар қатты таң қалды. Жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында, мұғалжарда алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған. Басқа тұқымдарда бұл ген жоқ. Қазақ жылқыларының шыдамдылығы сол – оның бойында алғашқы жабайы жылқылар генінің барлығы сақталған.
Ол тарпаңнан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Сол жабайы жылқылардан қалған қазіргі қазақ жылқылары.
Қазақстандағы Итальян Археологиялық Экспедициясының директоры, PhD, археолог Жан Лука Бонора: «Мәселен Ботай мәдениетін белгілі археолог В.Зайберт зерттеді. Онда б.д.д 4 мыңыншы жылдары қазақ даласында жылқы қолға үйретілгені дәлелденген. Соңғы кездері арабтар жылқы бірінші рет араб даласында б.д.д 6 мыңыншы жылдары қолға үйретілген деген ғылыми бастаманы көтеруде. Бұл тақырыпта олар бір ғана мақала жазды. Ал, қазақ даласында жылқыны тізгіндер темір мен сүйектен жасалған ауыздық табылды. Табылған жылқы сүйектерінің тістерінде ауыздықтан қажалған ізі сақталған. Көне қазақ даласында жылқы тек көлік құралы ғана емес, байлық пен еркіндіктің символы болған» дейді.
Ендеше, «Қазақ халқын әлемдегі қылқұйрықтың иесі – Қамбар ата» деп айтуға негіз бар. Сондықтан, аумалы аттарға әуестенбей, қолтумаға қайтып оралған жөн. Сода ғана баба түлігінің бағы жана түсер.
Ертең, 1-ші мамыр күні Ұлы Даланың әр түкпірінде атжарысы болар. Одан бойында тыз етпесі бар бір саңлақ келер. Алайда, аламан бәйге 50 шақырымнан кем болмауы тиіс. Сол кезде аузымен құс тістеген қазақ дүлдүлдері қарасуды теріс ағызып, ағылшын арғымағын сандауызға қаратар.
Баба түлігінің бағы жана берсін!

Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы.