Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екені айтылады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар болса, соның басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы» саналады.
Көктем шыға көздің жауын алып, қырларға сән беретін қызғалдақ көзге де, көңілге де ыстық көрінеді. Дала кілемі секілді гүлдер ізетпен амандасып тұрғандай әсер қалдырады. Түрлі өнер туындысына арқау болған гүлдің тарихына көз жүгірткен кезде оның бірнеше түрі бар екенін білдік.

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ МӘДЕНИ ТАРИХЫ
Бұл гүлдің тарихи тамыры тым әріде жатыр. XX ғасырға дейін Иран, түрік сұлтандары қызғалдақты сарай ішіндегі бақтарға ектіріп, солардың әсемдігіне таңдай қаққан деген деректер бар. Қызғалдақ Осман империясын билеушілердің елтаңбасында бейнеленді, империя астанасы Стамбұл шаһары қызғалдақпен безендірілген.
1570 жылы австриялық ботаник Клузиус Стамбұлға арнайы келіп, қызғалдақтың бірнеше түрін отанына әкеткен. Сөйтіп гүлдің тұқымы Голландияға жетеді. Бағбан қызғалдақтарды сол жерге егіп, күтіп-баптап, жерсіндіреді. Қазақ қызғалдағы Голландияға осылайша «ұзатылған» екен. Ал енді мына дерекке назар салып көрейік. Бұрын Голландияда ешқашан қызғалдақ өспеген. Олар бұл жаққа Түркиядан әкелінсе, Түркияға парсы елінен жеткізілген. Ал парсы топырағына қайдан тап болды?
Түрік көшпенділері сауда жасау, жорыққа шығу барысында Тянь-Шань тауынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан ғайыр далада жабайы өсімдіктердің жайқалып тұрғанын көрген екен. XI ғасырдың соңында түріктердің селжүк тайпасы Иран, Месопотамия, Сирия арқылы батысқа жылжып, Анадолыны жаулап алды. Тарих осылай сөйлейді. Демек, қызғалдақтың нағыз отаны Қазақстан деуге толық құқымыз бар.

АҢЫЗ НЕ ДЕЙДІ?
Арабтың әйгілі «Мың бір түн» ертегісінде гүлдің құдіреті былай суреттеледі: «Бұл жолы да өсіп шыққан қызғалдақ екен. Бірақ хан сарайының шаршы алаңында өсетін гүл емес, айдаһардың қып-қызыл қанын сабағына сіңірген Иранбақтың ескіден жеткен түп-түзу жалғыз қызғалдағы. Реңіне қарасаң, қызыл шарап құйылған үлкен тостағанның ернеуіне ернің тимей жатып есің кететіндей хәлді келтіреді, сол сәт жалындаған алауда жанбай қалып кеткендей хәл кешесің…». Ал парсы шайыры Хафиз қызғалдақтың асқан сұлулығына бас иіп, «Оның пәк бітімімен раушан гүлінің өзі теңесе алмайды» деген екен.
Ел аузында қызғалдақ туралы небір аңыз тараған. Аңыз десек те, оның түбінде әйтеуір бір шындықтың жататыны ақиқат емес пе? Бағзы заманда адамдар бақыт іздеп шарқ ұрады. Бір данышпан оларға бақыттың сары қызғалдақ ішінде болатынын айтқан. Алайда адамдар қанша әрекеттенсе де, гүлді аша алмай қойыпты. Бірде жас бала қызғалдаққа жақын келіп, оны өмірінде бірінші рет көргеніне мәз болып, қатты қуанған дейді. Бала күлкісіне шыдай алмаған қызғалдақ кенет қауызын ашыпты. Сонда гүл ішінен бақыт шыққан деседі.
Кейбір аңыздарда қызыл қызғалдақ махаббаттың азабын тартқан жас жігіттің қаны деп баяндалады. Оның негізгі желісі былай өрбиді. Парсы патшасы Фархад Шырын есімді сұлуға өлердей ғашық болған екен. Көргенде есімін ұмыттырып, есін алған аруға деген тәтті сезімге мас болып жүрген патшаға бақталастары жас бойжеткеннің бақилық болғанын жеткізеді. Ондай сұмдық хабарды қабылдауға жүрегі шыдамаған Фархад тұлпарына мініп, айдалаға шауып кетеді. Сүйікті перизатынсыз өмір сүргісі келмеген ол атын босатып, өзі құздан секіріп өлім құшыпты. Аңыз бойынша патша өлген жердің қанынан қызғалдақ гүлі өсіп шыққан дейді. Гүлдің түсі қып-қызыл, жапырағы мен қауызында қара дақтары бар. Соған қарап оны «қызыл», «қан», «дақ» деген үш сөзден құралған атау деседі. Уақыт өте келе олар қызғалдақ деп аталып кеткен.
Қазақтың талантты ақын қызы Индира Кереева өзінің «Қызғалдақ хикаясы» атты балладасында қызғалдаққа қатысты аңыздың шетін шығарып көрсетеді. Ақынның айтқанына сенсек, байлығы мен дәулетін қызғанған әке қолынан қаза тапқан бейкүнә қыздың қанынан жалғыз тал гүл өсіп шығыпты. Қыздан қалған дақты ел-жұрт қызғалдақ атап кеткен дейді.

ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫНДА
Орта ғасырларда бұл гүл өнер туындыларының айрықша бейнесіне айналғаны белгілі. «Қазақстанның қызғалдақтары» атты энциклопедиялық кітапта: «Орта Азия аймағынан табылған X-XIII ғасырлық қыш бұйымдарда қызғалдақ суреттері кездеседі. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде өсімдік тектес оюларды пайдалану басым болды. Қожа-Ахмет Яссауи (Түркістан, XIV ғ.) кесенесін жапқан жұқа кірпіштер, сонымен қатар Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштар гүл пішіндерімен әшекейленген», – дейді. Бұл гүлдің кескінін көшпенді қазақ халқының текеметі мен сырмағынан, алуан түрлі кілемдердің жиектеріндегі өрнектерден жиі байқаймыз. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған шеберлер қызғалдақ пішінін ертұрманда, тері белдік тоғаларында қолданған екен.
Қызғалдақтың суреті бейнеленген көне жәдігерлер б.з.д II-IV ғасырға тиесілі. Археологтар Жетісу жерінде қазба жұмыстарын жүргізгенде көне қорғандардан қызғалдақ бейнеленген алтын тілік табылған. Айша бибі мен Қожа-Ахмет Яссауи кесенелеріндегі өрнектерге зер салсақ, көп дүниеге көзіміз жете түседі. Түрік дәстүрінде бұл жаңғырудың нышаны саналады. Әртүрлі бұйымдағы гүл бейнесіне қарап тіршілік жалғасын, мәңгі өмір идеясын аңғаруға болады. Қызғалдақ өрнегі сонымен бірге кілемдерге, киімдерге, орамалдарға түскен. Ертедегі түсінік бойынша, егер бойжеткен қолына қызғалдақ бейнелі сақина тағып жүрсе, бұл оның атастырылғанын білдірген.
Жақында Ұлытау кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан «Болған Ана» мазарынан көне жәдігерлер табылды. Қазба жұмыстары кезінде 2 метр 35 сантиметр тереңдіктен әйел адамның сүйектері шыққан. Тас табыт, өкінішке қарай, уақыт өте келе қирап қалған. Қабір ішінен алтынға ұқсас сары металдан жасалған тостаған, әшекейлер – сырға мен шашқа арналған түйреуіш табылды. Бір қызығы, алтыннан жасалған деп топшыланған тостағанның түбінде қызғалдақ пішінді өрнек бар екен. Осының өзі гүлдің тарихи тамырының тым тереңде екенін көрсетеді. Археолог мамандардың болжауынша, қабірде текті әулеттен шыққан әйел жерленген, ал табылған жәдігерлер мен бұйымдардың түрлері исламға дейінгі кезеңге жатуы әбден мүмкін.
Тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаеваның пікірі еріксіз елең еткізді. Оның айтуынша, көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарханға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған екен. «Ғұрыптық мәні бар бұл дастарханның басты атрибуты – қызғалдақты далада жайылған мал сүтінен шайқалған май еді. Бұл дәстүр бүгінде көшпелі тұрмыстық тарих сахнасынан кетуіне орай жойылып кеткенімен, тарихи санамызда қалды», – дейді профессор.
Қызғалдақ – сұлулық жыры, әсемдік үлгісі. Халқымыздың таным-түсінігінде қызғалдақ жаңа өмірдің, көктемнің жаршысы ретінде қалыптасқан. Ол туралы талай шығарма жазылды. Орта ғасырларда араб, парсы шайырлары жырына арқау еткен. Ал француз жазушысы Александр Дюманың «Қара қызғалдақ» атты тарихи романы бар. Бағзы замандарда сарай әміршілерінің әйелдері қызғалдақтың жаңа сорттарын өсірумен айналысыпты. Олар қызғалдақ әдемі болған сайын әмірші мені одан сайын жақсы көреді деп сенген.
Қызғалдақ парсы тілінде «тюрбан», «толибан» деп аталады, яғни «басқа тартатын орамал» деген мағынаны білдіреді. Қызғалдақ шығыс жұртшылығының бас киіміне ұқсас болғандықтан осылай аталуы әбден мүмкін. Ал түріктер оны «лале» дейді. Лале – шығыста ең көп тараған есімдердің бірі. Қазақта да Қызғалдақ есімін иеленген қыздар аз емес. «Қызғалдақтай», «қыр гүліндей», «қырмызыдай» деп қыздың сұлулығын гүлге теңеген.
Гүл – жер бетіндегі ең нәзік жаратылыстың бірі. Асылы, гүлдің де өз тілі бар. Ол үндемегенімен, түсіне білген адамға көп сыр шертсе керек-ті. Есте жоқ ескі замандарда ер жігіт көңілі түскен аруға деген ыстық сезімін гүл арқылы жеткізген деседі. Одан бері қанша дәуір өтсе де, бұл дәстүр әлі сақталып келеді.
Қазақ халқы әрдайым дала сұлулығына көз суарып өмір сүрді. Себебі қазақ даласын гүлсіз елестету мүмкін емес еді. Хош иісі кеңсірігіңді жаратын дала гүлдері қазақ қайда көшсе де айналасын қоршап тұрды. Гүлдің адам өмірімен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті. Табиғат пен адамды бөліп-жаруға болмайды. Екеуі егіз жаратылыс. Олар өзара үйлесімде өмір сүргенде ғана жер бетінде жақсылық болады. Дана халқымыз «Жер гүлімен аруланар, шешен тілімен қаруланар», «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі», «Гүл – жер ананың әсем көйлегі» немесе «Гүлсіз жер – тұлдыр жер, гүлді жер – гүлстан» деп гүлді киелі өсімдік, сұлу жаратылыс деп айрықша бағалаған. Малшылар гүлдерге дәрі ретінде қарап, олардың қай мезгілде гүлдейтінін, қашан солатынын жатқа біліп, көзінің қарашығындай сақтаған. Уақыт есебін аспандағы жұлдыздарға қарап анықтаса, жыл баянын өсімдіктердің өсу үдерісіне қарап болжаған көрінеді. Мәселен, даланы қызғалдақ қаулай өссе, онда биыл жаз жаңбырлы болады, сәйкесінше, жыл да құтты, берекелі болады деп сенген. Себебі малмен күнелткен қазақ жаз жаңбырлы болса, жем-шөп те молынан болады деп қуанған екен.
Нәзіктіктің символы саналатын қызғалдақтың әлемде 130 түрі кездессе, Қазақстанда соның отыздан аса түрі өседі екен. Басқа елдерде өспейтін түрлері Қызыл кітапқа енген. Бір қарағанда қызғалдақ қарапайым, бәріміз білетін гүл сияқты көрінуі мүмкін. Оның құпиясына үңілу, зерттеу арнайы биолог мамандардың ғана міндеті емес екенін ерекшелеп айтқымыз келеді. Орта ғасырда қазақ даласынан Еуропаға жеткен қызғалдақ гүлі Нидерланды корольдігінің ұлттық экономикасының өсуіне айрықша ықпал еткен. 2001 жылы Алматыда өткен «Адам және қызғалдақ» атты фестивальде қызғалдақтың нағыз отаны Қазақстан екені ресми түрде расталды. Нидерланды патшайымы Беатрикс ханым Қазақстанға жасаған сапары кезінде: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қазақстанның даласы мен тауларында жайқалып өсетін бұл гүл біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландылықтарға барынша танылған экспорттық тауар ретінде бағаланады. Ол біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ – ең үлкен сыйлық. Сол үшін біз сіздің елге қарыздармыз», – деп ризашылығын білдірген. Тіпті 2015 жылы Голландияда алынған жаңа сұрыпқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл қаншама ғасыр өтсе де, бүтін Еуропаны таңдай қақтырып, сүйсінткен, көктемнің хабаршысындай болған қызғалдақ гүлінің тарихи отаны Қазақстан екенінің айқын дәлеліндей…

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2019