Осы кезге дейін соғыс туралы сөз аз айтылмаса керек. Сондықтан, қан майдан әңгімелерін қозғай берудің қаншалықты қажеті бар деген сұрақтың туындауы орынды да шығар. Дегенмен, бәрібір, жылдар жылжыған сайын санадағы жазулар қайта-қайта жаңғырып, жан толқытуы заңдылық секілденеді.
Ұлы Отан соғысының адамзат жүрегіне салған ауыр жарасы жазылып бітті деу қиын. Сонау 1941-де басталған зобалаң ауанының күні бүгінге дейін сезілу себептерінің бірі осында жатуы кәдік. Сол сұрапыл жылдардағы жағдайлар толарсақтан саз кешкен қарт сабаздарды ғана емес, кейінгі буынды да толғандырмай тұрмайды. Өйткені, аталған майдан төңірегінде әлі күнге дейін жауабы табылмаған сауалдар жетіп-артылады.
Әлемді күңіренткен алапаттағы осы жеңіс халқымызға онша арзанға түспегені мәлім.
Даңқты Бауыржан Момышұлы айтатындайын, Қазақ елінде соғыс жалынына шарпылмаған бірде-бір отбасы жоқ. Соғыс қайғысын, солдаттың сағынышын, жардың мұңын, жетім-жесірдің көз жасын сол тұстағы әрбір үйелмен өткерген. Кейбір мәліметтер бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысына 1 миллион 800 мыңдай қазақстандық қатысыпты. Осының жартысынан астамы, яғни, 750 мыңға жуық жауынгер майдан даласынан оралмаған.
Осындайда біздің жаужүрек аталарымыздың қаһармандығына тікелей куә болған әйгілі қаламгер Илья Эренбургтің 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көрген «Қазақтар» аталатын еңбегі еске түседі. (Ол мұның алдында Мәскеу түбіндегі қазақ сарбаздарының таңғажайып ерлігі туралы «Истра жағасында» деген очеркін жазған-ды). Жазушы: «Один фриц мне сказал: против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ» деп басталатын жеті мың қолдық жау жасағына қарсы жалғыз шапқан Ер-Тарғын ұрпақтарының намысы Москва түбінде тағы бір мәрте жарқылдағанын айтып, шегінуді білмейтін қазақ жауынгерлерінің нешеқилы таңдай қақтырарлық ерліктерін мысалға алып, «міне, жігіттер осылай соғысады! Қазақтар сайын далада сәйгүлікпен жүйіткуге дағдыланған. Ал егер керек болса олар жер бауырлап еңбектеп те кетеді, зымырап жүгіреді де, тау-тасқа да өрмелейді, батпақтан да малтығып өте береді; оларды ештеңе тоқтата алмайды» депті әлгі дүниесінде…
Сойқан соғыс жалыны біртіндеп басылып, қияпат арпалыс елестері алыстай түскенімен, жан сыздататын осынау тақырыпқа жиі-жиі қайта оралтып-соқтырып отыратын жәйттердің енді бірі – кейінде етек алған әділетсіздіктер сияқтанады. Нақтырақ айтқанда, көршілес орыс ағайындардың, тіпті, Ұлы Отан соғысы аяқталысымен-ақ барлық ерлік атаулыны тек өздеріне ғана телуге бейімделгені жасырын емес.
Бұл намысқа тие ме? Әрине, тиеді. Жанды қинай ма? Әрине, қинайды. Тегінде, осы бір түйткілге қатысты көптеген ағаларымыз дүркін-дүркін қалам тартып, өкпе-реніштерін білдіргенін аңдаймыз. Мысалы, Шерхан Мұртаза ағамыз бір жазбасында Сырбай Мәуленов соғысқан қала сыртында келе жатып, атақты ақынның: «Болдың ба сен Волховта, көрдің бе оның орманын? Сол орманның әр талын өз жанымдай қорғадым», – деген жыр жолдарын еске түсіретіні бар. Сөйтеді де айтады: «Бұл – аппақ адал шындық. Қиял-қоспасы жоқ. Сол соғысқа шамамен алты жүз мыңдай қазақ қатысыпты. Алты жүз мың қазақ Ресей жерін өз жанындай қорғапты. Сол үшін де мәңгі-бақи ризашылық керек қой. Ал, Кеңес дәуірінде түсірілген мақтаншақ фильмдерден мойынды қанша созсаң да, бір қазақты көре алмайсың. Естісін әлем, білсін шындықты! Қазіргі ұрпақ, келер ұрпақ білсін. Әйтпесе, өткен жойқын соғыста фашистерді тек орыстар ғана жеңгендей әсер қалдырып тұр қазіргі насихат. Ресей теледидары, кейбір әсіреұлтшыл газеттері қазіргі Қазақстанды, қазіргі қазақтарды Ресейдің жас буынына жамандап қалғысы келеді. Ресейдің орманының әрбір талын өз жанындай қорғаған қазақтарды ауызға ала бермейді»…
Расында, неге өйтеді екен?! Уақыт озған сайын біздің жауынгер әкелеріміздің жалпы соғыстағы қаһармандығын айту былай қойылып, оларды ешбір елеп-ескергісі келмейтін мінез күдіктендіреді. Әсіресе, аталарымыздың Мәскеуді қорғаудағы рөлі, анау Эренбург соқырға таяқ ұстатқандай анық баяндап кетсе де, көп бүркемеленетіні қынжылтады. Әйтпесе, айталық, «Красная звезда» газетінің қызметкері Александр Кривицкийдің кезіндегі «Ажал құшқан жиырма сегіз ердің аманаты» аталған очеркінен кейін даңқы жер жүзіне жайылған панфиловшы жерлестеріміздің ерлігі сонау әлемет майданның бір ғана көрінісі екені мәлім. Ешкім осы күнге дейін ол айқастардың да құпиясы түгелдей ашылып біткен дей алмайды.
Осындайда «28 панфиловшылар ерлігі ойдан шығарылған әңгіме» деген сөз еске түседі. Яғни, елуінші жылдар қарсаңында осыған қатысты арнайы зерттеу жүргізіліп, панфиловшы әскерлердің ол жерде соғыспағаны дәлелденген-мыс.
Өз басым осыны тарихты ылғи өз мүдделеріне қарай қайта-қайта жаздыруға әуес Ресей билігінің солақай әрекетінің бірі деп ойлаймын. Былайша айтқанда, Мәскеу түбіндегі қазақстандықтардың батырлығы әлдекімдердің қолайына мүлде жақпаған. Өкініштісі, осындай сыңарезулік ыңғайға бірден жығыла кетіп, отқа май құя түсуге бейім екенбіз. Қазақты көгертуге құмар ешкім жоқ – әлгіндей «айғақтарға» сене берсек, бәлкім, онда Александр Бек шығармасына арқау болған Бауыржан Момышұлының өзі қиялдан туған кейіпкер шығар?!.
Ал 28 ерге қатысты сөзді әр тұста қаузаған майдангер қаламгерлер Владимир Ставский, Александр Бек, Николай Тихонов, Александр Кривицкий, Михаил Светлов, Дмитрий Снегин, Владимир Липко, Николай Кузнецовтардың қай-қайсы да өздері көз жеткізбеген, білмеген нәрсені бос көпіртіп, біреудің жазғанын ойланбай көшіріп бере салатын дақпыртқұмар, желбуаз біреулер еді деп кім айта алады. Александр Кривицкийдің өзі бертініректе тиісті мекемелерден келген қызметкерлердің аталған очеркті ойдан шығардым деп мойындауға мәжбүрлегенін ашық жазғаны да бар.
Қазақстан соғыс тұсында Қызыл Армияның ең үздік бөлімдері мен құрылымдары жасақталған аса қуатты әскери лагерьге айналдырылыпты. Әлгінде айтқанымыздай, майданға осы жерден аттандырылған дивизиялар мен бригадалардың бәрі дерлік асқан ерлік үлгісін көрсетіп, өшпес даңқ тұғырына көтерілген…
Қарап отырсақ, мұнда соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ қарулы күш бөлімдері жасақталып, қысқа уақыт аралығында 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 2 теңіз-атқыштар бригадасы, 7 атқыштар бригадасы, сондай-ақ елуге тарта түрлі саладағы жеке полктар мен батальондар құрылады. Бұған да қоса, облыстық әскери комиссариаттары ұрыс үстінде саптан шыққан Қолданыстағы Әскер құрамының орнын толтыру мақсатында арнайы жорық роталарын жасақтап отырады. Мысалы, соғыстың төрт жылы ішінде бір ғана Солтүстік-Қазақстан облысы бойынша ғана осындай 520 рота жасақталып, майдан даласына жөнелтілген екен.
Соғыс кезінде Қазақстанда құрылған бес әскери құрылымға ерен ерліктері үшін «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, туларына ордендер қадалады. Мұндай әскерлерлің көш басында – 8-ші Гвардиялық Панфилов дивизиясы тұр.
Мәскеудің оңтүстік түбінде, сондай-ақ Тулада өткен ұрыстарда ерлік үлгісін көрсеткен қазақстандық 238-ші атқыштар дивизиясы ішінен де небір белгілі қаһармандар шықты. Кейін аты 30-шы гвардиялық болып өзгерген бұл бөлім де талай-талай әскери марапаттарды иеленген-ді. Москва іргесінде сол секілді 61-ші Брянск майданы армиясы құрамымен қазақстандық 387-ші атқыштар дивизиясы соғысты. Ал 1941 жылдың қыркүйегінде Свири жағасындағы ұрыстарға петропавлдық 314-ші атқыштар дивизиясы, Волховтағы шайқастарға – ақмолалық 310-ші атқыштар дивизиясы қатысты.
Мәскеу түбінде 1941 жылдың қазаны-желтоқсаны аралығында Қазақ елінде жасақталған – 312, 316, 238, 387, 391-ші атқыштар дивизиялары, 39-ші атқыштар, 74-ші және 75-ші теңіз-атқыштар бригадалары ұрысқан.
Қалған қазақстандық дивизиялар, бригадалар мен полктар Қолданыстағы Армия құрамына 1942 жылы енгізіліпті. 1941 жылы Алматыда қала тұрғындарының, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақтан және өзге де облыс азаматтарының есебінен 100-ші жеке қазақ ұлттық атқыштар бригадасы құрылады. Ал Ақтөбеде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және басқа облыстар тұрғындары қатарынан 101-ші жеке қазақ ұлттық атқыштар бригадасы жасақталады. Бұл екі бригада да 1942 жылдың шілдесі мен 1944 жыл аралығында 39-шы және 4-ші екпінді әскерлер құрамында «Марс» («Ржев шайқасы») деген атпен көптеген жауынгерлік қимылдарға белсене араласты. Әйткенмен, Ржев операциясына «Ржев қанды қасабы» деген ат берілген еді. Өйткені сол шайқаста, кейін белгілі болғанындай, қысқа уақыт аралығында, нақтырақ айтқанда, бес апта ішінде Жоғарғы командованиенің тікелей қателігінен де әскердің 80 пайызы мерт болған екен.
Ал бұл оқиғаның бертінге дейін белгісіз болу сыры – кезінде арнайы мекемелер әлгіндей жағдайдан кейін істі құпия сақтауға бұйрық берген.
Орыс зерттеушісі Дмитрий Жук тапқан деректер бойынша, сол ұрыста: 100-ші бригада мыңнан аса, ал 101-ші бригада – 1300 адамынан айырылған.
Алайда осы шайқастардың кейбір тікелей куәлері мен белгілі тарихшылардың айтуларынша, қазақ жауынгерлері аталған арпалыстар кезінде де таңғажайып ерлік үлгісін көрсетеді. Осының бір дәлеліндей, 100 және 101-ші бригадалар полктастары – Соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Кәкен Әбеновтің керемет бір естелігі бар. Қарт майдангер 1943 жылы тамыз айында бас қолбасшы Сталиннің өзі Берия мен Абакумовты ертіп, Калинин және Батыс майдандарының саптарын аралаған кезінде Ржев түбіндегі 100-ші, 101-ші бригадалары тұрған Хорошево деревнясына арнайы соққанын, сөйтіп қазақ жауынгерлерінің хал-ахуалын білгенін тамсана жазады. «Меніңше, бұл кездейсоқ нәрсе емес, – дейді қарт офицер, – Сталин қазақтардың жоңғар басқыншыларын талқандағанын айтпағанның өзінде, 1812 жылы Наполеонға қарсы соғысына, сондай-ақ орыс-швед және орыс-түрік шайқастарына қатысқанын жақсы білген. Сталин 101-ші бригада жауынгерлеріне 1942 жылы да қызығушылық танытқан. Кеңес Одағының Маршалы, СССР Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің мүшесі Климент Ворошилов Бригада жасақталып жатқан Ақтөбе қаласына келді. Онда мен қатардағы қызыләскер едім. Бригаданың оқу-жаттығулары нәтижесіне риза болған ол өзінің мұнда Сталиннің тапсырмасы бойынша әдейі келгенін, көсемнің баяғыда біздің ата-бабаларымыз жоңғар шапқыншыларын жайратқанындай, мына жауды да күйрете соғуға аманат айтқанын жеткізді. Біз, 101-ші және 100-ші бригадалар сарбаздары осы «бата» арқылы егіз ағайындылардай Ржев доғасындағы ұрысқа кірдік»…
1942 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде сол кездегі 101-ші ұлттық бригадасы командирінің орынбасары, капитан Мұса Садыбековтің хаты жарияланған екен. Онда: «Біз ұрыстарға дайынбыз. Менің бөлімімдегі қазақ жастары әскери істерді жетік меңгерген. Біздің жігіттер – моральдық-саяси деңгейлері жоғары, жауынгерлік даярлықтың үздіктері. Мұндай бағаны бізге Қорғаныс Халық комиссарының өзі берді. Бөлімнің жеке құрамын лайықты әзірлегенім үшін ол маған сәйгүлік ат мінгізді» деп жазылыпты.
Мұндайда жазушы Сәбит Мұқановтың қаныпезер Гитлердің де соғыстағы қазақтар даңқына қанық екенін айғақтайтын бір әңгімесі ойға оралады. Бұ кісі онда полковник Хакім Бекішевтің сөзін келтірген:
– Мезгілінен жаңылмасам, 1944 жылы берген бір бұйрығында Гитлер: «Россияны жеңгеннен кейін, екі халықтың қолына мылтық ұстатпау керек: бірі – орыс, бірі – қазақ» деген.
– Білем, – дедім мен, – Орталық «Известия» газетінің 1945 жылдың жазында шыққан бір санында, күлкі ретінде, осы бұйрықтың мазмұны жарияланған.
– Гитлер арманына жете алмай өлді, – деді Хакім күліп, – орыстың да, қазақтың да, одақтағы басқа туысқан елдердің де мылтықтары оқтаулы. Олар Гитлерлерге де, Чемберлендерге де төтеп бере алады…
(Мұқанов С. – Өмір мектебі. 3-том. 374-бет. – Алматы. Жазушы баспасы. 1973).
Әлбетте, қазақтардың түрлі қияпат шайқастардағы көзсіз ерлігі туралы мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Мәселен, ақтөбелік 312-ші дивизия Малоярослав түбінде бір жеті бойы жаудың үш-төрт дивизиясына төтеп береді. Сол сияқты жамбылдық 105-ші және ақмолалық 106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиялары да майдан алдында жаңадан құрылып, өзге құрамалар қатарына кіргізілді; өйткені танк корпустары мен армиясы қайтадан негізгі жылжымалы күшке айналды. Жамбылдық 81-ші атты әскер дивизиясы қайта жасақталғанша Сталинград түбіндегі шайқастарда жасын отындай жарқылдап үлгерген еді: бұлар Паулюс әскерінің Котельников қаласын басып алмақшы ойын күл-талқан қылып, өздерін қырып жібереді. 1942 жылы Батыс Қазақстан облысы Сталинград шайқасы кезеңіндегі күзде майданға даяр тұрды. Мұнда Сталинград майданының 120 бөлімінің жеке құрамы мен қызметі орналастырылады. Сталинград операциясы ұрыстарына Қазақстанда жасақталған 5 атқыштар және 1 атты әскер дивизиясы, 1 теңіз атқыштар бригадасы, 1 миномет полкі, 1 жеке мостоқұрылыс батальоны қатысады.1942 жылдың шілдесінде 200 күн мен түнге созылған Сталинград шайқасы басталды. Мұнда әйгілі маршал В.И.Чуйковтың 64-ші армиясы құрамына кірген ақмолалық 29-шы атқыштар дивизиясы ұрыс салды.
Екі қазақстандық – 27-ші гвардиялық және 292-ші атқыштар дивизисы Сталинградтың солтүстік-батысындағы шайқастарға қатысты. Неміс және румын бөлімдері Еділдің төменгі сағасына жетуге тырысқан Элиста-Астрахань жолын Оралда құрылған 152-ші атқыштар бригадасы ұстап тұрды. Соның нәтижесінде тыпыр ете алмаған жау әскері Астрахань шабуылынан мүлде бас тартуға мәжбүр болды. 62-ші армия құрылымдары мен бөлімдерінде де қазақстандықтар аз емес еді. Мәселен, 193-ші атқыштар дивизиясы жеке құрамының 10-12 пайызы қазақ жауынгерлері болатын. Ал 124-ші жеке атқыштар бригадасының үштен бірін қазақстандық сарбаздар мен офицерлер құрады. 64-гі армияға Қазақ елінде жасақталған жеке батальоны кірді. Осылардың арқасында сол жағаға 5 мыңнан аса жаралы, ал оң жағалауға 2 мың солдат пен офицер, 1500 автомашина, жүзден аса трактор, 70-тей зеңбірек жеткізілді. Қазақстандық 88-ші атқыштар дивизиясы, 209-шы Зайсан атқыштар, 173-ші артиллериялық және 129-ші миномет гаубица полктері «Багратион» операциясын іске асыруға жұмылдырылды. Осы арқылы Белоруссияны толықтай азат ету көзделді. Ал осы Белоруссияны алу шайқасында көрсеткен ерліктері үшін 90 қазақстандық-жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Қазақстандық атқыштар дивизиялары Балтық жағалауы республикаларының көп бөлігін азат етуге де белсене қатысты. Латвия астанасын құтқарғаны үшін құрметті «Рижская» атағына ие болғандардың қатарында қазақстандық 30-шы гвардиялық атқыштар бригадасы да бар. Қазақстандық 72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары оңтүстік-шығыс Еуропа елдерін азат ету кезінде де айрықша көзге түсті. 1-ші Украина майданы құрамында қазақстандық 118-ші, 314-ші және 391-ші атқыштар дивизиялары Висло-Одер операциясына қатынасты.
8-ші атқыштар дивизиясы Чехословакияның көптеген елдімекендерін босатуға ат салысты. 1-ші Беларусь майданы құрамында Варшава-Берлин бағытында Қызылтулы 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы соғысты.
Сондай-ақ Померанияны азат ету операциясындағы табысқа қазақстандық 310-ші атқыштар дивизиясы, 756-ші және 209-шы атқыштар, 173-ші гаубицалық артиллерия полкері айтарлықтай үлес қосты. Шығыс Пруссияда 3-ші Белорусь майданының 31-ші армия құрамында 88-ші атқыштар дивизиясы айқасты. Соғыс аяғында аман сақталған барлық 12 қазақстандық дивизия құрметті атақтар иеленді; бұлардың бесеуі – бір, төртеуі – екі, ал екеуінің әрқайсы – үш орденмен марапатталды.
Еуропа халықтарын фашизм тырнағынан азат етудегі ерен ерліктері үшін 150-дей қазақстандық Совет Одағының Батыры атағын алды. Мыңдаған жерлесіміз Курск түбінде, Украинаны, Белоруссияны, Балтық жағалауын, Молдованы азат ету шайқастары кезінде оққа ұшты. Днепр, Десна, Припять, Двинадан өтуде, Польшаны, Венгрияны, Чехословакия мен Венаны босату жолында жан қиярлық ерлік үлгісін көрсетті. Мыңдаған қазақстандықтар партизандық қозғалыстар мен Қарсылық қозғалыстарына аянбай араласты. Жаужүрек қазақтар Қиыр Шығыс пен Жапон соғысында да көзсіз ерлік жасады. Сондай қаһармандығы үшін Ұлы Отан соғысында 558 жерлесіміз, оның ішінде 102 қазақ Совет Одағының Батыры атанды. Мұндай жоғары марапатты сайыпқыран ұшқыш Талғат Бигелдинов екі мәрте иеленді. Екі әпкеміз – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да осы биік атақтарға жетіп, Шығыс қыздарының арасынан жарқырай көрінді. 110 қазақстандық Даңқ орденінің үш дәрежесін бірдей алды.
Жау тылында қоршауда қалған көптеген қазақтар партизандық қозғалыстарына белсене қатысты. 3,5 мың қандасымыз партизандық жасақтар мен шет мемлекеттер аумағындағы қарсылас күштер отрядтары құрамында соғысты. Олардың қатарында – белгілі партизандар мен партизандық қозғалыс жетекшілері Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Жұмағали Саин, Тоқтағали Жанкелдин, Ғалым Омаров, Нұрым Сыдықов, Сәтімбек Төлешев, Ғалым Ахмедияров, әйел партизандар: Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақеділова, т.б. бар. Әрине, қаузай берсе, әрбір әскери немесе партизандық бөлімнің өз шежіресі түзілер еді.
Ал сөз етіп отырған 100-ші және 101-ші қазақ бригадалары, негізінен, ұлттық оперативті-тактикалық құрылым ретінде жасақталған екен. Жүріп өткен жолдарына қарасаңыз, осынау жаужүрек жасақ «қолтаңбасын» көбінесе Екінші Ржев-Сычев операциясынан, жоғарыда аталған «Марс» қырғынынан және Великие Луки, Невель шабуыл операцияларынан анық байқайсыз. Осы әскерлер сапындағы әрбір сардар мен сарбаздың да бір-бір ғұмыр, бір-бір тағдыр екені түсінікті.
Қазір олардың аты-жөндеріне қарап отырып-ақ терең ойға бойлайсыз. Айталық, 100-ші бригада ісіне қатысты бұйрықтарға қарасаңыз, көптеген құжаттарға подполковник Василий Шевцов пен комиссар, политрук Сақтаған Бәйішевтің қол қойғанын көреміз. Осыларда ұшырасатын адамдардың аты-жөнінің өзінен талай сыр аңғаруға болады. Бұлар түрлі шендегі офицерлер мен сержанттар және қатардағы жауынгерлер: Біләл Айнағұлов, Әбдібай Адырбаев, Шәкін Тәжібаев, Дәреш Әлімбетов, Жүніс Сыздықов, Ислам Назаров, Василий Дуплякин, Ғабдір Салықов, Зада Әбдірахманов, Николай Болоткин, Жүніс Бегімбетов, Василий Клубков, Жамалхан Жамалбеков, Темірғали Төлеуов, Макар Тогушаков, Хасен Бәкіров, Арыстанбек Біләлов, Рақымжан Нығматуллин, Шазада Атеев, Манап Шідеров, Хайролла Қаратаев, Нағымжан Нұрғазин, Ибрагим Сүлейменов, Ыдырыс Исатаев, Абзал Жәкішев, Асқар Зәкарин, Қапай Жанғожин, Хадиша Қасымова, Қақабай Сүлейменов, Омар Сырлыбаев, Мәти Құсайынов, Сұлтан Әжіметов, Қани Қасымов, Қаби Испанов, Мәулен Исин, Амантай Байтанаев, Фарида Сағитова, Тұқан Молдашев, Хажым Көшеков, Айна Қасымова, Хабиб Барлыбаев, Жақсымбек Бектұров, Егемқұл Тасанбаев, Әбдірахман Досанов, Дүйсен Ерімбетов, Жәнібек Естемесов, Қарабек Бұрышев, Сұлтанахмет Ходжиков, Ахметхан Ахметжанов,Тұраш Әбуов, Хабир Ямлиханов, Мырзаби Ерназаров, Тахауи Ахтанов, Омар Райбаев, Сұлтан Жиенбаев, Нұқаш Ералин, Әкентай Халимулдин, Ғайниден Мұсабаев, Сейсехан Дінасылов, Файзолла Усманов, Ысмағұл Сейітқалиев, Қали Біләлов, Әубәкір Біләлов, Мәжит Бегалин, Кенжеғали Құттығұлов, Мәриям Сырлыбаева, Жұмаділ Әубәкіров, Жекен Жұмаханов, Қабжан Қанимов, Әзілхан Нұршайықов, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Мәншүк Мәметова, Асқар Рахматуллин, Қасым Шәріпов, Омар Сырлыбаев, Мағзұм Көшеков, Төребек Тоқмағамбетов, Кәрім Тәшенов, Ысмағұл Көшекбаев, Нәдір Сейсембаев, Жүсіп Баталов, Ғайса Дүйсенбеков, Қажымұрат Әлжанов, Балпан Төлебаев, Тәжен Елеуов, Әуеш Қошмағамбетов, Ысқақ Шәукенов, Мұхит Әкімжанов, т.б.
Бұл тізімді жалғастыра берсе, талай беттерге созылатыны түсінікті.
Кейін осылардың арасынан елдің әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымы мен біліміне, өнеркәсіп саласына қисапсыз олжа салған көрнекті тұлғалар өсіп шықты. Есімдері мемлекет тарихында мәңгі сақталатын даңқты батырлар айшықталды. Мәселен: Сұлтанахмет Ходжиков, Тахауи Ахтанов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Жиенбаев, Жекен Жұмаханов, Амантай Байтанаев, Әзілхан Нұршайықов, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Рамазан Елебаев…
Сонау Волховта соғысқан атақты ақын Сырбай Мәуленов пен 101-ші бригада құрамында шайқасқан шалқар шайыр Мұзафар Әлімбаев та бұларға бөтен емес. Сұлтанахмет Ходжиковтің өзге еңбектеріне тоқталмай-ақ, бір ғана «Қыз Жібек» фильмін айтсақ неге тұрады! Сол секілді Мәжит Бегалиннің «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән» кинофильмдері, Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» және «Шырағың сөнбесін» романдары, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы, Рамазан Елебаевтың жалғыз ғана «Жас қазақ» әні… бәріміздің жанымызды тебірентіп, ұрпақ санасына сәуле түсірген туындылар екені анық.
…Сөзіміздің «әп, піссімілләсінде» айтқанымыздай, соғыс туралы әңгіменің әлі де жалғаса беретіндігінің тағы бір сыры дәуірлер оза келе архивтердегі сарғайған құжаттар мен ескі альбомдардың, майдандық хаттар мен басқа да түрлі айғақ бұйымдардың «сөйлей бастауында», сол алапат күндерге деген жаңаша көзқарастың туындауына да байланысты шығар.
Шындықтың уақыт өте келе жаңа қырларынан көріне түсетіндігі қисынды ма деп пайымдаймыз. Ой орайында айта кетейік, көрсетілген тізімде көпшілікке белгісіз бірқатар қазақ қыздарының аттары ұшырасатынын байқайсыз. Ендеше бұл да мезгілі жеткенде шұқшия зерттейтін тақырып па деп санаймыз.
Егер әрбір жауынгер өзі бастан кешкен жәйттерді тек айналадағы бала-шаға, туған-туысы арасында қалдырмай, қалың көпшілікке жеткізген болса, ғажайып шежіре түзілер еді-ау. Дегенмен, кейбір сирек естеліктердің өзінен-ақ қым-қуыт деректерге кезігіп, елегзіп қаламыз. Мысалы, бірде Әзілхан Нұршайықовтың жазбаларынан жоғарыда аты аталған, сонау даңқты құраманың командирі, подполковник Шевцов туралы пікірді оқып таңырқағанымыз бар: «Бригада алғашқы ұрысты Калинин облысындағы Молодой Туд қаласының түбінде бастады. Ішкілік пен қыз-қырқынға құмар бригада командирі подполковник Шевцовтың қырсығынан көптеген жауынгерлер опат болды. Соның салдарынан командование мүскін командирді міндетінен босатып, бізге 8-ші гвардиялық дивизияның бұрынғы полк командирі полковник Ефим Воронковты жіберді. Полковник Воронков ұрыстардың шын мәніндегі ұйымдастырушысы әрі бригадамыздың ұйытқысы болды. Великие Луки түбіндегі шайқастар кезінде ол күні-түні бригада солдаттарымен бірге жүрді»…
Иә, оңай не бар дейсіз. Соғыс кезінде де небір қиғаш жағдайлардың ұшырасып жататыны тірлік заңдылығы шығар. Әйтеуір, қалай болса да, қазақтың асқан жауынгер халық екенін төткүл дүние аңдағаны анық.
Осыдан алты-жеті жыл бұрын Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институты Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев екенін ресми мақұлдаған. Бұл осы ел Қарулы Күштерінің сол кездегі Бас қолбасшысы Владимир Путиннің тікелей ықпалы арқылы бекіген тарихи әділет еді. Оқиғаны растайтын құжат қазір ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында сақтаулы тұр.
Дүниенің астан-кестеңін шығарып сәт сайын гүрс-гүрс жарылған бомба, ысқыра зулап, қарша бораған оқ арасымен өтіп, әлемді тітіреткен жау ордасы шаңырағына ту тігу адамзат баласының алғаш ғарышқа көтерілуінен де асқан ерлік екені түсінікті. Араға алпыс жылдан аса уақыт салып, қаншама тартыс, қаншама күмәннен кейін… және талай жанның тағдырын сергелдеңге түсіріп барып жеткен әлгі шешімнің біз үшін бөрікті аспанға аттыратын-ақ жаңалық болғаны рас. Алайда, неге екенін, Қошқарбаев ерлігін баяғыдан-ақ іштей мойындап қойғандығымыздан ба, ақ түйенің қарны жарылған сол қуанышты хабарды өте жайбарақат қабылдаппыз.
Мүмкін сонымыздың өзі дұрыс та шығар; бірақ ондай маңызды жағдайға алдымен өзгелердің мойынсұнғаны жөн емес пе екен? Мұндайда халқымызды әуелден төмен санап әдеттенген сонау өркеуде ағайындардың бізге ондай дүбірлі жақсылықты қимайтынын қинала түйсінесің. Әйткенмен, қырғын соғыс күнделігі парақтарына үңілген сәттерде сонау жанкешті әкелерімізден құралған қаһарман әскери бригадалардың жалаулары жүрегімізде желбіреп тұрғандай әсер билеп, рухтанып отыратынымыз жоқ емес.

Құлтөлеу МҰҚАШ

«Қазақ үні» газеті. – 05.05.2015.