Қуғын-сүргінге ұшыраған ер-азамттары үшін қиындықтың барлығына төзуге дайын тұратын әйелдердің төзімділігі мен ұстамдылығы жайлы айтқан кезде, біз көбінесе, тек декабристерді еске аламыз. Алайда, тарихымызда махаббаты мен жан серігіне адал, күйеуімен бірге қуғындалып, репрессияға ұшыраған қаншама қазақ әйелдерінің есімдері атаусыз қалғаны жөнінде еш ойланбаймыз. Ендеше, дәл сондай есімі мен ерлігі үлгі боларлық бір арудың өмірінен сыр шертіп көрелік.
Ескі фотосуретте – мұнтаздай жарасып төгіліп тұрған көне көйлегінің етегі самал желмен тербелген нәзік қыз. Ата-анасының сандығынан алған бұл көйлекті Фархинұр Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша киген еді. Мұхтар Омарханұлы бұл отбасының жиі қонағы болғандықтан, олардың үйінде Әуезов пьесаларының алғашқы дайындықтары өткізілген болатын.
Ал, ұлттық киімдегі әйелдердің суреттері Абай дәуіріндегі қазақ әйелінің тарихи шынайы бейнесін жасау үшін Әуезовтің «Абай» қойылымы бойынша жұмыс істеген театр суретшісі үшін қажет болды.
Ол кезде Фархинұрдай жас ару үшін өмір үздіксіз бақыт ағыны тәрізді көрінетін. Олай болатыны, көрікті де жас қызды таяуда ғана қазақ тілі курстарында Қайым МҰХАМЕДХАНОВ байқап, ғашық болған. Оны қыз жүргегі де сезіп, жігіт сезімінен кетәрі емес еді. Фархинұр бұрымы ұзын сүйкімді жас қыздарда сирек кездесетін сабырлылығымен, талғамымен, білімімен және өмірлік даналығымен барша жұртты тәнті етіп, сүйкімділік нысаны іспеті еді…
Сөйтіп, 1936 жылы атақты ташкенттік діни қызметкердің шөбересі, Семей қос мұнаралы мешіті молдасының қызы Фархинұр, жас оқытушының сүйікті жары атанды. Бірақ, ол кезде Фархинұр жап-жас Қайымның кейін Қазақстан тарихындағы тұңғыш әнұранның авторы, абайтанудың ғылыми негізін қалаушысы, Абай мұражайының бірінші директоры, ақын, аудармашы, атақты ғалым және… «халық жауы» болатынын, әрине, мүлде білмеген еді.

ҮРЕЙГЕ ТОЛЫ ЕКІ ТҮН
1937 жылдың 24 қарашасы Рамазан айына дөп келді. Отбасы ауыз бекітіп, Ораза ұстаған еді. Таң намазы оқылып, сәресі ішілді… Кенеттен ат тұяғының дүбірі естіліп, есік тарсылдай бастады. Үйге баса-көктеп кірген қарулы үш адам Фархинұрдың қайын атасы Мұхамедхан СЕЙТҚҰЛОВҚА: «Тұрыңдар, сіз тұтқындалдыңыз!», — деп дауыс көтерді.
Тұңғыш сәбиінің бесігін тербетіп отырған Фархинұр төбеден жай түскендей күй кешті, не болғанын түсініп үлгермеді. Оны ұлымен бірге қамауға алды. Қайым келесі күні босатылғанымен үлкен отағасының тағдыры туралы оның жақындары көпке дейін ешнәрсе біле алмады. Тек ондаған жылдар өткен соң ғана, яғни 1990-шы жылдары Мұхамедхан Сейітқұловтың қамауға алынғанына үш күн болғанда ату жазасына кесілгендігі мәлім болды.
Сөйтсе, бұл қасірет келесі қайғылы оқиғаның бастамасы ғана екен. 1951 жылдың 1 желтоқсаны күні кешке НКВД жендеттерінің олардың үйіне қайта келгенін естігенде Фархинұр қорқынышты түс көргендей әсерде болды. Жиналған кітаптар, Қайым Мұхамедхановтың қолжазбалары, ғылыми еңбектерімен бірге облигациялар, жиһаздар мен құнды заттар тәркіленді. Жиналған жүктерінің астан-кестеңін шығарды. Балалардың кереуеттері мен орындықтарын да далаға шығарып тастауға ұялмады. Аш қасқырдай жаланған жендеттердің тінту, тәркілеу әрекеті түні бойы жалғасты. Соңында жендеттер Қайымның өзін үйден күшпен әкетіп бара жатты. Отағасы болса бар күшін жиып езу тартқан қалпы әйелі мен балаларына: «Мен қайтып келемін…», — деп айтуға ғана үлгерді. Қолдан келер амал не, естияр балалары көз жастарына ерік беріп, әке етегіне ұмтылып, соңынан қалмай талайға дейін жүгірді. Оларды елеген ешкім болмады.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ ӘЙЕЛІ»
Кешегі жайма-шуақ өмір бір-ақ сәтте өңі өзгеріп сала берді. Ақылына көркі жарасқан Фархинұр Ахметжанқызы күйеуі буржуазиялық идеяларды насихаттағаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды, бұл болса «халық жауының» әйеліне айналып шыға келді. Күні кеше оның үйінде жиі қонақта болған адамдар мен «адал» достардың көпшілігі бұлардан бас тартты. Тіпті кейбіреулері оның отбасын жіті бақылауға алып, сөз тасып, арыз хаттар жаза бастады. Сотталушының әйеліне «халық жауының» балаларынан бас тартып, оларды жетімдер үйіне тапсыруды, сөйтіп «қоғамнан аласталған адамның әйелі» деген атақты жойып жаңа өмір бастауды ұсынғандар да болды. Қайсар жан бірде бір ұсынысты қабылдамады. Аяғы ауыр Фархинұр мен оның алты баласын өздері тұратын үш бөлмелі пәтердің ең кішкентай бөлмесіне көшірді.
Фархинұр Ахметжанқызы күн көріске қандай да бір қаражат табу үшін үйге қарама-қарсы орналасқан физиологиялық институт ауруханасына жұмысқа тұрды. Ауыртпалыққа толы тұрмыс-тіршілігі қаншалықты қиын болса да, ол өзінің сүйікті жұбайын тосудан шаршамай, одан келген хаттарды қайталап оқудан жалықпады. Мұндай лагерь хабарламалары өте сирек болғанымен, әрқайсысы махаббатқа бөлеп, үмітке жетелейтін еді. Өйткені, бұл сағынышқа толы хаттардың мазмұны келесідей болатын: «Менің қымбаттыларым, мен аман-саумын. Сендерге қиын екендігін және мені сағынып жүргендеріңді сеземін. Өздеріңді ойлап мен де қиналудамын. Мұның бәрі, әрине, уақытша құбылыс. Бірақ әзірше біздер бұл қиындықтарға төтеп беруіміз керек…».
«Уақытша» қиындықтар көптеген жылдарға созылды. Соған қарамастан Фархинұр бұл ауыртпалықтарды жеңуге күш-қуат таба білді.

ОТБАСЫЛЫҚ МҰРА ЖӘНЕ ОШАҚ САҚТАУШЫСЫ
Осынша тауқымет пен қиыншылықтарға қарамастан Фархинұр нағыз қазақ әйелдеріне тән қайсарлық мінезінен танбай, әрдайым өз ошағының мінсіз от анасы бола білді. Кейін Сталиннің өлімінен соң оның жұбайы үйіне қайтып келген күнде де, тұрмыс машақаты аз болған жоқ. Өмірге тағы үш бала келді. Сонымен қатар, Қайым ағаға шәкірттері, әріптестері, таныстары жиі келетін. Қайым Мұхамедхановтың адал серігі бола білген Фархинұр үлкен отбасының асыраушысын үй шаруасына араластырмауға тырысты. Сондай-ақ, Фархинұр Ахметжанқызы тәжірибесі аз жас келіндерді үй шаруашылығын дұрыс жүргізуге үйрете отырып, жас дарындарға өмірлік кеңес беріп, психологиялық қолдау көрсететін.
Ең бастысы, құнды қолжазбалар мен фотосуреттер, хаттар мен сирек кітаптар және басқа да бірегей құжаттар тек Фархинұрдың арқасында сақталып қалды. Тіпті көп адамдар өздерінің ішкі ойларын сыбырлап айтуға да үрейленетін ең қорқынышты кездерде де, Фархинұр өз жұбайының құжаттарын ұқыппен жинақтап, мұқият сақтаған. Көптеген көшіп-қону кездерінде үй бұйымдары мен балалардың заттарынан бұрын қағаздар буылып-түйілетін. Және қандай! Дәл осы отбасында ұзақ уақыт бойы жалғыз сурет деп есептелген белгілі ақын Шәкәрімнің фотосуреті сақталған. Оған Шәкәрімнің ұлы Ахаттың хаттарын, сондай-ақ, Қайым Мұхамедханов лагерьден жолдаған Карлаг дәуірінің өмірі туралы бірегей дәлелдерді қоса беріңіз. Сонымен қатар, кейіннен Қазақстанның әдебиеттану саласына айтарлықтай жаңалықтар әкелген ғылыми еңбектердің қолжазбалары сақталған. Мысалы, Қайым Мұхамедханов өзінің зерттеулерінде Бұхар-жыраудың туған жері мен нақты күнін анықтады. Бұған қоса Абай дәстүрін жалғастырған, сол заман ақындары саңлақтарының шығармаларына жасаған бірегей текстологиялық талдаулар да болды.

«МЕНІМЕН БІРГЕ ЛАУЛАЙСЫҢ…»
2018 жылы Фархинұр Ахметжанқызының 100 жылдығы аталып өтті. Әрдайым күйеуіне қолдау көрсете отырып, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған, ошақ қасында ас әзірлей жүріп, достарын жігерлендіре білген Фархинұр ақындар жырға қосқан «жөн-жосықсыз» билеп-төстеушілердің құрбаны болған жандардың жұлдызы жанып, бақытқа кенелуі тиіс деп еш ойламаған да болар. Басынан өткерген тауқыметі өзінікіне ұқсас алдыңғы толқын өкілдерінің тағдырымен өз өмірін салыстырып көрді ме екен? Оны енді ешкім біле алмас. Бірақ күйеуі үшін қиындыққа төзіп қана қоймай, барлық ауыртпалықтарды жеңе білген Фархинұрды есімі мен еңбегі әйгілі жұлдыздан да жоғары құрметке лайық десек қателеспейміз.
Мыңдаған жазықсыз жандар азапқа түсіп, жапа шеккен Қарлагта болған кезінде Қ.Мұхамедханов өзінің сенімді серігіне арнап «Сүйген жар» атты өлеңін жазған болатын.

СҮЙГЕН ЖАР
Тіршілікте не көрмеді ғазиз бас,
Кейде шаттық, кейде қайғы көзде жас.
Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,
Қайғыңа ортақ, шын адал дос табылмас.

Қайғы атына бірдей жаным күйетін,
Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін,
Адал ана, асыл жарым, ардақтым,
Қағыбамдай алдыңда бас иемін.

Жарым болып, жаман атақ тақпадың,
Ана болдың, ана атыңды ақтадың.
Айнымайтын адал досым бір өзің,
Сүйген жарым сенсің менің мақтаным.

Мақтанамын сенің биік жаныңа,
Мақтанамын адамшылық арыңа.
Отқа, суға, түссең дағы қажымай,
Жүрегіңде мені сақтағаныңа.

Қайғы бұлты шөксе дағы басыңа,
Жасым жетпей ақ кірсе де шашыма.
Жаным сенбес, жаным жас боп қайтармын,
Сүйген жарым, жабырқама, жасыма.

Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп арам астан татпадым.

Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүние жолына даңғыл боп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.

Мақала авторы: Алла БЕЛЯКИНА.
Аударған: Рыскен Мусабалинова.