Әлемдегі ең ақылды ұлт – еврейлер ме? Біз әлемде қайсы ұлт ақылды дегенді анықтап беруші емеспіз. Жер бетінде ақылсыз ұлт та жоқ. Бірақ, табыс пен жетістікке жету тұрғысынан қарағанда, еврейлердің көш ілгері екендігі шындық.
Зерделеп көрсек, Жер жүзіндегі еврейлердің жан саны – 13 млн. 600 мыңдай (жер шарының 0,2%-ы) екен. Нобель сыйлығы иегерлерінің 20%-ы еврей ұлты санатынан. Әлемде 500 миллиардер болса, соның 100-ге жуығының ұлты еврей. Осы аса көп емес халық жаһандық сауданың 70%-ын уысында ұстап отыр. Косметикалық бұйымдар, інжу-маржан, асыл тас, киім-кешек, азық-түлік, қару-жарақ саудасы һәм кино саласы т.б. көптеген бизнестің жетекші байлары – еврейлер. Еврейлердің мұншама табысты болуының сыры неде?
Мұның сырын жан-жақты қарастыруға болар. Ал біз бұл сырдың жауабын еврейлердің «өмір сүру принципі» заңдылығынан іздеп көрдік.
Жаратылыс дүниесінің құпиялы қатпары көп-ақ. Ғалымдар зерттеп, зерделегені, жауабын тапқаны да баршылық. Ал, адамзат баласына жауырынын беріп, құпиясы ашылмаған дүниенің тылсым сырлары да жетерлік.
Он сегіз мың ғаламның адамзат баласына құшақ ашып, бауырын игені – тек Жер шары ғана. Өзге ғаламшарлардың өмір сүруге қолайлылығы, қазірге дүлдамал, жорамал күйінде қалып отыр.
Осындайда ұлы жаратушының бар екеніне, оның хикіметінің шексіздігіне таңданасың. Жаратушының 18 мың ғаламды белгілі заңдылықтарға бағыну шарты астында жаратқанына бас иесің. Атап айтсақ, Жер шарын ауа қоршап тұрады. Ол ғылым тілінде – атмосфера деп аталады. Осы атмосфераңыз күллі тіршілік иесінің бар не жоқ болуының кепілі. Ауа, яғни, оны құрайтын азот пен оттегі жоқ болса, Жер шарының да болуы мүмкін емес. Өзге ғаламшарлар секілді, «тақыр тауға» айналады. Демек, Жер шары белгілі бір заңдылықтың аясында «Жер ана» атанып отыр. Ол заңдылық – 78 бен 21-дің қатынасы.
Көптеген оқырмандар, бұл қандай заңдылық деуі мүмкін. Бұл ешқандай да тылсым дүние емес. Бұл Жер шарын қоршаған ауаны құрайтын азот пен оттегінің қатынасы. Ал, бұл заңдылықтың еврейлерге қандай қатысы бар дейсіз ғой. Әрине, қатысы бар. Шындығында, бұл – еврейлердің «Алтын амал» деп аталатын бизнес принципі. Басқаша айтқанда, бұл еврейлердің «өмір сүру» принципі.
Ұлы жаратушының ақиқат заңы өзгерсе, Жер шарында тіршілік етуші жан-жануар, өсімдік атаулы құрып кетеді. Бұл, адамзаттың еркінен тыс құбылыс. Яғни, бұл – жаратушының ақиқаты. Әлем экономикасын уысында ұстап отырған еврейлер, осы ақиқат заңдылықты өз бизнестеріне қағба етіп алған.
«78:21» заңдылығын бизнесте қалай қолдануға болады? Көптеген адамдар «байлардан қарапайым адамдардың саны көп» деп ойлайды. Сондықтан, «бизнесімді саны басым адамдарға бағыттауым керек» деген принципті ұстанады. Шындығында, бардам адамдардың саны қарапайым көпшіліктен әлдеқайда аз болғанымен, олардың тұтыну қуаты қарапайым көпшіліктен бәлен есе жоғары болады. Басқаша айтқанда, қарапайым қауым мен байлардың салыстырмасы 78-ге 21-дің қатынасындай болады. Бірақ, олардың қазына-мүлкі 21-дің 78-ге қатынасындай келеді. Ал, еврейлер өз бизнестерін саны жағынан 21, қазына-мүлкі жағынан 78-ге бағыттайтыны айтпаса да түсінікті. Бизнесіңізде бұл принципті ұстансаңыз, байлық ағылмай қоймайды.
Әлемде қарыз алушылар көп пе, қарыз берушілер көп пе? Бұл аса қарапайым сұрақ болғанмен, көптеген адамдардың жауабы: «қарыз алушылар көп» дегенге саяды. Бірақ, шындық жағдай бұның керісінше, яғни, банкке ақша қоюшылар, былайша айтқанда, қарапайым адамдар көп. Банктен қарыз алушылар, яғни, байлар аз. Қарапайым адамдар не үшін өмір бойы қарапайым болып қалады? Себебі, олар өз ақшаларын өзгелердің жұмсауына береді.
78:21 принципі бұзылса, банк қызметі де тоқтайды. Банктің принципі – осы. Банк көптеген қарапайым жұртшылықтың ақшасын жиып алып (депозит) байларға үлестіреді. Қорыта айтқанда, байлар байи береді. Кедейлер «кедей болып өлмейді, бай болып көрмейді».
Жалпы, бизнестің өзі философия. Бұл философияны ғасырлар бойы жандүниесіне ауадай сімірген еврейлер әлем өркениетінің алғадай ұлтына айналып отыр. Негізінде, халықтың жандүниесі, менталитеті қалыптасуы керек. Біз қазақ халқына неге сол еврейлердей болмайсың деп айта алмаймыз. Өйткені, жандүние басқа, менталитет бөлек. Біздің ақшаға деген көзқарасымыз «ақша қолдың кірі» дегенге саяды. Толып жатқан қара өлеңдеріміз бен мақал-мәтелдерімізде, ақшаны дүние қоңыздыққа балайды. Ал, еврейлер ше? Олар бастауыш сыныптардан бастап экономикалық математика сабағын оқытады екен. Тіпті, еврейлер балаларын жөргек түгілі, жатырда жатқанда-ақ, бай болуға баулиды. Еврейлер мұндай тәрбиенің жемісін көріп отыр.
Рухани байлық пен материалдық байлықты бір-біріне қарсы қоюды доғарған жөн. Жалпы, екеуі де болуы керек. Екеу… Азот пен оттегі. Рухани байлық пен материалдық байлық. Қарап отырсақ, жаратылыстың заңы болсын, адамзаттың жазылмаған заңы болсын бәрі бір-бірін толықтырушы. Бірінсіз бірінің болуы мүмкін емес. Болған күнде де, кемел дүние бола қоюы екіталай.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ
ақын, журналист

Дерек көзі: Жұмағұл, Құрманғазы. Еврейлердің «өмір сүру» принципі // Тұмар. – 2017. – №6. – Б. 44-47.