Жаз шыға Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгіріне ағылушылардың қатары бір толастамайды. Бірі сонау жердің түбінен Қоңыр әулие үңгіріне жанын қинаған дертіне дауа, еміне шипа іздеп келсе, тағы бірі осынау таңғажайып мекенді өз көзімен көріп, тамашалауға асығады. Абай ауданына барған сапарымыз кезінде осынау киелі де, қасиетті жерге біздің де жолымыз түскен болатын.

ЕҢ БАСТЫСЫ – СЕНІМ
Табиғаттың жұмбағы таусылған ба? Бір қарағанда жақпар тасты осынау бір таудың қуысында үңгір бар, ол үңгірдің астында көздің тамшысындай мөлдір көл бар деп еш ойламайсыз. Алла тағаланың өзі сырт көзден жасырған сол көлдің емдік қасиетін жергілікті халық ертеден-ақ білген екен. Көктем туып, көк шығысымен-ақ ауырған-сырқаған, бір перзентке зар болған жандардың Қоңыр әулие үңгіріне ағылуының себебі де осында көрінеді. Ені 80 метр, биіктігі 1,5 метрдей болатын жіңішке дәліз арқылы үңгірге кіріп, көлдің мұздай суына бір сүңгіген жанның бойы сергіп, санасы серпіліп сала беретін көрінеді. Қаншама жүздеген, тіпті мыңдаған адамдар осынау көлден дертіне дауа, еміне шипа да тауыпты. Оны үңгірдің аузында жатқан балдақтар да растағандай. Ең бастысы, сенсеңіз болды. Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы Жанысбек есімді азамат та осыны айтады.
– Бұл жерге келгеннен соң, ақ ниет, ізгі оймен келу керек. Тіпті, үңгірдің ішіндегі көлдің суына түспей-ақ, жанында отырып ауруынан айығып кеткен адамдар бар, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Оның айтуынша, мұндағы көлдің суы өте шипалы. Әсіресе, аяқ-қолы тартылып, сал болып қалғандар мен көзі ауыратын жандар үшін таптырмайтын ем екен.
Жалпы, Қоңыр әулие үңгірі туралы халық аузында аңыз да, әңгіме де өте көп. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты. Қоңыр әулие үңгірі атауы «Қабанбай батыр» мен Шәкір Әбеновтің «Тоқтамыс батыр» дастандарында да кездеседі.
Сонау 1750-ші жылдардың ортасында болған Шаған соғысы кезіндегі бір шайқаста қазақ жасақтарының саны айтарлықтай ойсырап қалады. Сонда Абылай хан:
– Енді жауға өктеп шабуға болмайды. Қарамыздың аз екенін жоңғарлар байқап қалды. Қаша ұрыс саламыз, – дейді. Осы кезде топ ішіндегі жас батыр Тоқтамыс суырылып шығып, ханның алдына келіп дат сұрайды.
– Жау беті қайтып тұрғанда санымыз аз деп жасқанып қалғанымыз жарамас. Аттың құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап жауға қарсы ұран сап шапсақ, қалың шаңнан жоңғарлар қолдың санын байқай алмайды, – дейді.
Сонда Абылай:
– Япыр-ай, мынау Қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нар тәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер, – деп бұйырады. Айтқандай-ақ, осы шайқаста жау жағы қалың шаңнан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан Шаған тауының бір тас үңгіріне барып тығылса керек. Сол үңгір – Қоңыр әулие үңгірі екен. Ал бұл шайқас кейіннен «Шаңды жорық» немесе «Қалмаққырған» деген атпен тарихта қалыпты.
Шынында да қазақ, қалмақ кезек паналаған үңгір маңында зираттар да көп кездеседі. Тіпті, олардың бірінің басы көтеріліп, ескерткіш тақта да қойылыпты.

АБАЙДЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ БОЛЫПТЫ
Сонау 1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Онда бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» деп жазылған екен. Кейіннен «Семипалатинские вести» басылымында Семей өлкесін зерттеуші Виктор Брюхановтың Қоңыр әулиеге жасаған сапары туралы жазбасы жарияланады. 1897 жылдан Семей қаласында тұрған ол Семейдегі қалалық училищенің 5-класын бітіріп, 1900-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінде жұмыс істепті. 1904 жылы шаруалар бастығының іс-қағаздарын жүргізуші қызметін атқарған В. Брюханов Абаймен бірнеше рет жүздесіп, ақынның балалары, туған-туыстарымен, әсіресе, Тұрағұл, Шәкәріммен араласып тұрған көрінеді. Жалпы, Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде, осы үңгір қабырғаларының бірінде Ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы бар екендігі де айтылады. Ендеше Абай бұл үңгірге өзінің орыс достарымен де келуі әбден мүмкін ғой. Бірақ келушілер үңгір ішіне шырақтармен кіргендіктен, ол жазуларды ыс басып, көрінбейтін болған.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында да Абайдың Петербордан келген Әбішті сергіп, серпіліп қайтсын деп Қоңыр әулиеге жіберетіні баяндалады. Сонда үңгірдің маңындағы қорымдарға таңдана қараған Әбішке Абайдың інісі Көкбайдың бір хикаяны баяндап беретіні бар. Ол – Қаракерей Қабанбай батырдың Абылай ханның тапсырмасын орындап, қалай «Дарабоз» атанғаны жайындағы сюжет.
Көнекөз қариялар бұрын осы үңгірде шалқалай жатқан әйелдің тастан қашалған мүсіндері мен 15 шақты балбал тастардың, кіреберісте «лотос» тұрпатында тұғырда отырған адамның тас мүсіні болғанын да айтады. Бірақ уақыт өте келе ол мүсіндер қолды болғанға ұқсайды. Немесе ол мүсіндердің осы маңда қырық жыл бойы болған ядролық сынақтың нәтижесінде үңгірдің төбесінен опырылып жерге құлаған алып тастардың астында қалып қоюы да ғажап емес. Тағы бір ерекше айтатын нәрсе, «Қоңыр әулие үңгірі» деген жер Баянауылдағы Жасыбай көлі маңында да бар. Тіпті Қазақ Совет энциклопедиясында Қоңыр әулие үңгірі Қарағанды облысында деп көрсетіліпті. Мұның себебі сол кездері бұл жерде ядролық сынақ алаңының орналасуына байланысты жабық зона болуына да қатысты болса керек. Бір ғажабы, оның да суы өте шипалы.

КӨЛ СУЫ ӨТЕ ШИПАЛЫ
Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метр дегенмен, оның көлемі жерасты суының деңгейіне байланысты өзгеріп те отырады екен. Суы тұщы әрі көптеген ауруларға ем. Шынында да көл суының емдік қасиеті бар екені еш күмән туғызбайды. Өйткені, үңгір орналасқан Ақтастың бетінде ертеден-ақ арша қалың өсіпті. Арша өскен жерде мумие де көптеп кездеседі екен. Кейбір басылымдарда үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын тағы бір көлдің бар екендігі де айтылып жүр. Тіпті, осыдан бес-алты жыл бұрын еліміздің еңбек сіңірген туризм қызметкері С. Кистанов, туризм және спорт ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі К.Миляев және «Тұран» университетінің доценті В.Волошин бастаған топ Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің түбіне сүңгіп, зерттеу жұмыстарын да жүргізіпті. Нәтижесінде көл суының астында көлемі 10х10 болатын қара қуыстың бар екені, оның арғы жағының тұңғиық теңіз екені анықталыпты.
Ел арасында дәл осы Қоңыр әулие үңгірінде Шыңғысхан жерленген деген де бір болжам бар екенін айта кетейік. Осыдан біраз жыл бұрын Сергей Афанасьев деген тарихшы да осындай тоқтамға келіп, онысын «Экспресс К» басылымы арқылы көптің талқысына ұсынғаны белгілі. Ғалым Шыңғысхан секілді тарихи тұлғаны қарапайым адам тәрізді жерге көміп, оның үстінен жылқы айдап өтті дегенге сену қиын дейді. Оның үстіне Шыңғыстауда Шыңғысханның ақ киізге отырғызылып хан сайланғаны да Шыңғысханның мәйіті дәл осы маңда деген ойға жетелейді.
Адамзат баласы қасиетті жердің жұмбағын қанша шешуге тырысқанымен, табиғат та бар құпиясын тереңге жасырып, көлденең көзден қызғыштай қори түсетіндей көрінеді кейде маған. Қазіргі күні Қоңыр әулиенің басына келушілер жыл сайын артуда. Тіпті, қасиетті жерге біздің табанымыз тиген күні көрші Қырғызстаннан да үш автобус адам келіп, үңгірдегі көл суына түсіп, тәу етіп жатты. Жолдың алыстығы мен нашарлығына қарамай осынша адам келіп жатса, бұл нысан ауданда тарихи-танымдық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр деген сөз ғой. Қоңыр әулие үңгірінің басында қонақ қабылдайтын үй, асхана бар болғанымен, оны әлі заманауи талапқа сай келетін кешен деп айтуға еш келмейді. Десек те, көңілде үміт көп. Ең бастысы, қасиетті жеріміздің мақтауын асыратын да, қадірін қашыратын да өзіміз екенін ұмытпасақ болды.

Мейрамтай Иманғали

http://old.baq.kz/kk/news/turizm/konir_aulie_ungiri_zhaiindagi_aniz_ben_akikat_20160817_170800