Айдыны шалқар, шипалы Алакөлдің Шығыс Қазақстанға тиесілі жағалауы жылдан-жылға абаттанып, ажары арта түсуде. 2014 жылдарға дейін бұл жағалауда қарабайыр демалатын жұрт бүгінгі таңда заманауи демалыс орындарда тынығып, соңғы үлгідегі сервис түрлерін тұтынады. Суы минералды қоспаларға бай жағалаудағы демалыс қалашығы инфрақұрылыммен қамтылған, жолдары түгелдей асфальтталған, орталығы арбатқа айналған, әр жерде атқақтаған субұрқақтар бүлдіршіндердің ажырамас ермегіндей. Шынтуайтында, серуендеп келушілер үшін бүкіл қажеттілік қарастырылған. Содан да болар Алакөлдің шығысына келушілердің легі соңғы жылдары үдей түсіп, 2018 жылғы маусымда демалушылар саны жарты миллионнан асып кетіпті.
Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келген сәттен Алакөлді абаттандыруға айрықша көңіл бөлген Даниал Кенжетайұлы Ахметов ұйғарымымен биыл да осы өңірдің имиджіне үлес қосатын тағы бір ерекше қадам жасалды. Ол қадам – туристтерге рухани кеңістік ұсыну. Алыс-жақыннан келген қонақтарды еліміздің тарихи және мәдени ерекшеліктерімен таныстыру. Сол арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген туған жер қасиетіне бойлау, тарихи сананы қалыптастыру, патриоттық сезімді арттыру сынды басымдықтарды жүзеге асыру. Осындай келелі ойларды жүзеге асырудың бірден-бір жолы – музей екен! Сол музей бүгінде ел игілігіне қызмет көрсетіп тұр. Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов таяуда жаңа музейде болып, музейдің келушілерге сапалы да салиқалы жұмыс жасауына сәттілік тіледі.
Иә, ол не қылған музей, таратып айта кетейік. Алакөл алқымында орналасақан ежелгі елдімекен Жарбұлақ ауылы. Үржар ауданына қарасты бұл мекен қазіргі таңда Қабанбай ауылы деп аталады. Облыс басшысы Д.Ахметовтың пәрменімен былтыр осы ауылда үлкен, екі қабатты мәдениет үйі бой көтерді. Аталған ғимараттың үлкен бір аумағы музейге арналған. Тарихи-өлкетану бағытындағы жаңа музей облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының күшімен жабдықталып, пайдалануға беріліп отыр. Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты бұл мәдени шаңырақ Алакөл тарихындағы алғашқы музей!
Жаңа музейдің өзіне тән ерекшеліктері басым. Бір ғана «Шіліктінің алтын адамы» мен «Үржар ханшайымы» іспетті ерекше экспонаттың өзі көрерменді көне замандарға жетелеп, тарихымыздың саналуан қатпарынан сыр шертеді. Өлкеміздің жауһар жәдігерлері мен қазақ этнографиясының саналуан көрінісі, көне заман ғажайыптары бәрі де осында тоғысқан. Мұнда келген адам халқымыздың байырғысы мен бүгінгісін салыстыра отырып, таным көкжиегін кеңейте түсуге жарарлық деректермен қауышады.
Жаңа музей жобасының мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларының аясында халқымыздың киелі жерлерін, мәдени мұрасын, қазақ менталитетінің ұлттық қырларын зерттеу, тілін, музыкасын, мәдениетін, әдебиетін сақтау бағытындағы бастамаларды жетілдіре түсу. Халқымыздың баға жетпес рухани мұрасын қоғам ортасында насихаттаудың керегесін кеңейте отырып, жұрт санасына сіңіру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың ел-жерге деген сүйіспеншілігін, ата-баба мұрасына деген мақтанышын, жауапкершілігін, Отанын қорғауға, оның өркендеуіне, рухани байлыққа деген құштарлығын қалыптастыру. Түптеп келгенде, ел Тәуелсіздігінің мазмұны мен маңызын тарихи мысалдармен аша отырып, тарихи сананың орнығуына ықпал ету. Ежелгі дәуірден егеменді шаққа дейінгі заманның қайсысын алсақ та қазақ даласы өркениет көшінің бастауы мен ізгілік көшінің қостауында болғандығы тайға таңба басқандай анық. «Тарихта қазақ халқы ұялатындай ештеңе жоқ» деп Ұлт Көшбасшысы айтқандай, Ұлы дала кеңістігінде мақтан тұтарлық тарихи жетістіктеріміз жетерлік. Соның бір шоғыры осы музейде. Ал, мақтана білу үшін рухани қазынамыздың қадіріне бойлауымыз керек. Жер түбіндегі Жарбұлақта жаңа музей ашудың мақсаты да сол. Қорыта айтқанда, туристик маусым сайын жарты миллионнан астам адам қабылдайтын аумақта Ұлы даланың қырлары мен сырларын паш етерлік мәдени шаңырақты ашып беру – нағыз Мемлекетшіл, Ертеңшіл, Тәуелсіздіктің баяндылығын тілеген басшының ісі.
Бұл тұрғыдан келгенде Даниал Кенжетайұлы ұлттық құндылықтарды қадірлеу мен дәріптеудің тағы бір ерен үлгісін көрсетіп отыр. Сөз ете кетсек, соңғы жылдары Шығыс Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер әкелген жетістіктердің барлығы облыс басшысының есімімен тығыз байланысты. Берел, Шілікті, Елеке сазы және Ақбауыр қазба жұмыстарының нәтижесі тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосып, әлемдік сарапшылар үшін сенсацияға айналып отыр. Алтай аясынан табылған «алтын адамдар» көрмесі үстіміздегі жылдың наурызында Мәскеу жұртшылығын таң-тамаша етті. Міне, енді, әр қиырдан Алакөл жағалауына ағылған қауымды Шіліктінің «Алтын адамы» мен «Үржар ханшайымы» қарсы алмақ.
Біздің дәуірімізге дейін III – IV ғасырларда ғұмыр кешкен қоғамның патшайымы мен ханшайымы төрінде тұрған Қабанбай ауылындағы жаңа музей құрамында жеті зал бар. Әуелгі зал «Үржар ханшаймы» деп аталса келесі екі зал «Археология» және «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» деп аталады. Бұлар ғимараттың бірінші қабатында орналасса, екінші қабатында «Тәуелсіздік», «Этнография», «Көшпенділер мәдениеті» мен «Палеонтология және табиғат» залдары орныққан. Әр зал белгіленген тақырыптар мазмұнына қарай жәдігерлермен жабдықталып, өзіндік өрнек тапқан. Тиісінше техникалық құралдар да қарастырылып; сенсорлы киоск, QR-код секілді виртуалды көріністер де енгізілген.
Жинақтай айтқанда, жұмысын енді бастаған жаңа музей адамзат тарихының даму кезеңдері: тас, қола, темір және орта ғасыр дәуірлерінен бастап бүгінгі дербес қоғамға дейінгі аралықты қамтуға бағытталған. Сонымен бірге, сонау шалғай елдімекенде, әсіресе, бірі саяхаттап, бірі сайрандап келетін қауымға бұл музей «Ойнай да білген халыққа, ойлай да білген лайық!» деген насихатты ұсынуды көздейді.

Қайрат Сабырбаев,
Семейдің тарихи-өлкетану музейінің директоры.