АЛТЫН БАЛА. Бар жүректі бір жүрек етті, кеше, Астана аренада өткен «Арнау» атты концертінде. Димаш Құдайбергеннің әншілігін бағалау, сынау орынсыз, Димашты тек тыңдау керек. Арқандай шұбатылған кезектер бәрі дефицит кешегі келмеске кеткен коммунистік қоғамның бұлжымас картинасы болатын. Қазір ондай жоғалды ма десек, болады екен. Димаш концертін көруге асыққандардың сондай ұзын арқан кезегін көрдім. Егделеу орыс маржасы Ресейдің Омбы қаласынан екен. Димаш Мәскеуде ән шырқағанда да арнайы барғанмын, Шереметьево аэропортына шейін артынан қалмай, арқасынан сипағанмын деп мақтанды.
Бұл концертіне 64 елден 10 мың көрермен келген. Айталық, сонау Франциядан самолетпен ұшып келіп, ұшып кету үшін, мұнда жататын қонақ үйі, ішетін тамағы, концертке билеті – қыруар қаржы кетеді. Ал олар өз елінің қарапайым азаматтары. Біздегі ат төбеліндей байлардың жөні бөлек, көбінің астында жеке самолеттері бар. Францияға өз ақшасымен ұшып барып концерт көру деген қарапайым қазақтың түсіне де кірмейді. Тұрмысы жоқ, жаны жабырқау күйкі жандарда дұрыс ақыл да, мінез де болмайды. Бүгінгі қазақтың жағымсыз кей қылығының астарында, байыптасаңыз осындай келеңсіздіктер жатқанын көру қиын емес.
Жә, тақырыптан ауытқымайын. Аренаның 40 мыңдай орыны, атшаптырым алаңы адамға лық толды. Тура үш сағатқа созылған концертінде Димаш қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде әлемдік ән жауһарларын шырқады. Димаштың пластикалық әрекеттері, биі, соқпалы аспаптардағы өнері, ата, әже, әке мен шешеге арнап шығарған өз әні оны әртістік мүлде жаңа қырынан көрсетті. «Денис Тен екеуміз бірігіп ән айтсақ деген арманымыз еді, мезгілсіз үзіліп кетті» деген үлкен өкінішпен оған арнап шырқаған әні залдағы қырық мың адамның түгел көңілін босатты. Жалпы, «АРНАУ» деген атауын керемет ашқан ән кеші болды. Ата, әже, әке, шеше, Денис Тен бастаған достары, жер бесіктің барлық қиырындағы фанаттары, ең бастысы туған елі, қазақ халқы Димаштың жұдырықтай жүрегінен өтті. Бірер жерде ағылшынша қосқаны болмаса, көрерменмен тек қазақ тілінде ғана тілдесті.
Турасын айтсақ, әлемге Қазақстанды шын танытқан адам Алтын бала Димаш. Оның жанкүйерлері Қазақстанның туын әспеттеп ұстап жүр. Қазақ тілін жатырқау деген ойларына да кірмейді. Керісінше, қазақ тілін үйренушілер, қазақ әнін айтушылар қатары көбейіп жатыр. Димаштың әнін тыңдау арқасында созылмалы ауруымнан жазылып кеттім деушілер де аз емес. Ресейдің Халық әртісі, әлемге әйгілі Игорь Крутойдың рояльда ойнап, «Димаш үшін келдім, қазақтарды жанымдай жақсы көремін» деуінің өзі не тұрады.
Біз тарихымыздағы Алтын адам үшін мақтанамыз. Бірақ біз оның нақты кім болғанын білмейміз, алтыннан өрілген кебінін ғана білеміз. Димаш қайран жиырма бес жасында жас сұңқардай түлеп, бүкіл әлем алдында ҚАЗАҚ талантты халық, ҚАЗАҚ қарымды халық дегізіп, атымызды асқақтатқан АЛТЫН БАЛА.
Қоғамда әркім өз наны үшін функциалды жұмысын атқарады. Сол үшін адамдарды жаппай әлденелермен марапаттау дегенге қарсымын. Мұның түбіне үңілсек, азшылықтың көпшілікті бағындыруының, құлғып ұстауының империялық саяси атрибуттарының бірі екенін көреміз. СССР деген империя құлағанда, содан бөлінген бір бөлшегі біз де оның осы аярлық әдісін қағып әкеттік. Атақтарымызды, ордендерімізді көп жағдайда соларға ұқсатып жасап алдық. Қаптаған атақтардың адамдар арасында өскек-аяң, күндестік туғызып, адам мінезін бұзғаннан басқа тигізіп жатқан пайдасы байқалмайды. Еңбек өнімділігін арттыруға да ешқандай ықпалы жоқ екен. Мемлекет тарапынан кімді не үшін, қалай марапттау мәселесі түптің түбінде қайта қаралып, реттелетініне өз басым сенгім келеді. Ал тап қазіргі таңда, адамға атақты лауазымдық қызметі, жасаған жасы мен пәленбай жыл еңбек өтілі үшін емес, өнері үшін берілетіні рас болса, Димаш Құдайбергенге Мемлекеттік сыйлықты да, басқа да ең жоғарғы атақтарды осы ЖИЫРМА БЕС жасында берсе, жөнімен келген әділдік болар еді деп ойлаймын. Жүз жылда бір туатын мұндай АЛТЫН БАЛА ұлтымыздың маңдайына үнемі жазыла бермес. Тек Алла оны қызғаныш пен күншілдіктің сойылынан сақтай жүрсе екен.
Айтпақшы, АЛТЫН БАЛА Арыста зардап шеккендермен жүрегі бірге соғатынын, концерттен түскен ақшаның бір бөлігін солардың қорына аударатынын мәлім етті.
Материал Өтен Ахметтің фейзбук парақшасынан алынды