Ә.НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ЖАЙЛЫ ТОЛҒАМДАРЫ
МЕН ОЛАРҒА АРНАҒАН ӨСИЕТТЕРІ

Ел арасында Әз-аға атанып кеткен әйгілі жерлесіміз Әзілхан Нұршайықов – қазақ оқырмандарына танымал қаламгер. Оның асыл қасиеттерінің бірі – ақсақалдық ақылмандығы еді. Жүзі жылы, жүрегі жұмсақ аяулы жанның соңында қалың оқырманына азық болар өнегелі сөздері қалды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың көзі тірісінде «XXI ғасырдың қыздары туралы пікіріңіз қандай?», деген сұраққа берген жауабын, айтқан ой-толғамдары мен қазақ қыздарына қалдырған бірер ауыз өсиетін әркім керегіне қарай алар деген ниетпен ұсынып отырмыз, оқып көріңіздер.
«…Қыз ең алдымен – ана тілінің көзі, бастауы, бұлағы. Ана тілі қызбен бірге туады, қызбен қоса жаралып, сонымен бірге өседі, өркендейді. Қыз – ана тілінің анасы, академигі, қоғам қайраткері. Қоғамда әйел араласпайтын ешбір сала жоқ. Ол қоғамның ең тиянақты қызметкері, жаны, жүрегі. Әйелсіз ешбір қоғам алға баспайды. Бала да қоғамның жайқалған жемісі, ол жақсы жемісті өсіретін де әйел! Міне, менің ойымша, қыз дегенің осы! Сондықтан Ұлт анасы, ұлт тәрбиешісі қыздарымыз аман болсын!..».

***
– Махаббат деген не? – десе
– Әйелдің өзі! – дер едім.
– Ләззат деген не? – десе,
– Әйелдің сөзі! – дер едім.
Ең күшті нәрсе не? – десе,
– Әйелдің әмірі! – дер едім.
Әйелдердің барлығын:
– Жердегі Тәңір! – дер едім.
Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені адамзатты жарататын – әйел, ұлтын көбейтетін – әйел, ұрпақты ұластыратын – әйел, еркекті Ер ететін – әйел. Махаббаттың асыл нұры – әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті – әйел махаббаты».

***
«…Қазіргі қыздардың түрі, түсі бұрынғы ғасыр қыздарына ұқсағанымен бұлар ұлттық үлгіден ауытқып бара жатыр. Қазір көптеген қыздар ана тілінен алыстап, ұлттық дәстүр, салт-санадан мақұрым болып барады. Олар үйде де, көшеде де, аудиторияда да, мекемеде де қазақша сөйлеспейді. Қазақ кітаптарын оқымайды. Радио, теледидардың қазақ тіліндегі хабарларын тыңдамайды. Қазақ тілінде ән салынып, қазақ күйлері тартылып жатса, ол каналды өшіре салады. Қазақтың тамаша ұлттық салт-дәстүрлерінен мүлде хабарсыз. Оны білгілері де келмейді. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ қыздарында ұлттық рух жоқ…».

***
«…Қазіргі қыздар тым сәнқой. Сәнқойлығы сондай, көп қыздар жазда жалаңаш (ашық-шашық деген мағынада), қыста жалаңбас жүреді. Жылуы жоқ жұқа бешпет, капрон шұлық киіп, қалтырап сабаққа не қызметке барады. «Қарағым-ау, бүйтіп жүріп денсаулығыңды жоясың ғой!» дегің келеді оларға. Жоқ, оларға денсаулық емес, сән керек. Санасын сән билеп кетсе, не дерсің оларға?!».

***
«…Қазіргі қыздар тарқылдап күледі, қайқаңдап жүреді. Үлкендерге ізет жасауды білмейді – ұлттық сыпайылық жоқ. Қазіргі көп қыздар жігіттермен көшеде сүйіседі, көз таса жерде – «құлай» кетеді – ұлттық ұстамдылық жоқ.
Қазіргі көп қыздар пәктігін сақтамайды. Пәктігі жоқ қыз байға тигенде бақытсыз болатындарына мән бермейді. Пәктігінен ерте айрылған қыз салдақы болады. Салдақыдан сарамас туады. Ұлт ұрпағы осылай азады.
Қазіргі көп қыздар махаббатты мансұқ етті. Көшеде сүйісе салып, күйеуге шыққан қыз алты күннен, немесе алты айдан кейін ажырасып тынады. Қайтадан қылмыңдап, «қыз» бола қалады.
Қазіргі көп қыздар күйеуге тисе, бір баладан артық көтермейді. Сонда ұрпақты кім жалғастырады, ұлтты кім көбейтеді?
Қазіргі кейбір қыздар жас кезінде жүргіш болғандықтан ұлғайғанда жалғыз қалады. «Кәрі қыз» атанып, өксікті өмір өткізеді. Ондай өмір кімге керек?».

***
«XX ғасырдың қыздары жасырын жердің бәрін жауып ұстайтын. Қыздардың қос анарын торситып, кіндігін көрсетіп, сандарын жарқыратып жүруі еркектерді «ереуілге» шақырады. Ойнасқорлық осыдан туады. Тал бойыңдағы ақ жүзің мен ақ білегіңнен өзге құпия жерлерді қымтап ұстасаң өлмейсің, ешқандай қызықтан құр қалмайсың. Мәдениетің төмендеп, ақылың азайып кетпейді, қыздар. Денені жалаңаштап ұстау сән емес, санасыздыққа саятынын, оның ақыры сексқұмарлыққа соғатынын ұмытпаңдар, айналайындар».

***
«Біздің қыздарымыздың көбінің теледидарға еліктеп, байға шықпай, бала таппай, сексқұмар болып бара жатқаны жаныңды қинайды. Ал қазақтың кейбір зиялы деген азаматтарының, үлкенді-кішілі шенеуніктердің, қалталы байлардың жас қыздардың «шырынын» соруға құнығып алғаны қаныңды қайнатады. Осының бәрі ұлтымыздың соры екенін ұғынсақ етті».

***
«Қыздардың бәрі бақытты болғысы келеді. Бақытты болу үшін байға ти, бала тап. Ұрпақ өсір. Ұлтыңды көбейт. Сөйтіп, артыңда алтын із қалдыр. Бақыт деген осы!»

***
«Қыздар! Бой түзеп, «Болашақта» оқығандарыңа мастанбаңдар. Университет тауысып, үкілі қызметке қолдарың жеткеніне мақтанбаңдар. Сендерің затың әйел болғандықтан ең басты міндетің ана болып, бала өсіру екенін ұмытпаңдар. Ең басты парызың – ана болу екенін ұмытпандар. Осы ұлы қызметті ойдағыдай атқарғаннан кейін қызмет істесең де кеш қалмайсың. Кеңседе отырып «қағаз кемірмеймін» десең, Ана болу да – ұлы қызмет! Ал өне бойыңды талант кернеп бара жатса оның жөні басқа».

***
«Ертең ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін, қыздар сендерсіңдер. Біздің ұлттық ұлылығымызды жойып, «Халық» деген қасиетті аттан айырып, әлде бір ұсақ ұлыс-аймаққа айналдырып жіберу де, қыздардың қолдарыңда».

***
«Қыздар пәк болмай, тәні таза, жаны ұлағатты болмай, ұлт сақталмайды, азғындап, азып-тозып бітеді. Ұлттық ұлы жауапкершілік өз мойындарыңда екенін ұмытпаңдар, қыздарым, қарақтарым, қалқаларым!».

***
«Қыздарым! Cендерге айтарым: Жандарыңда жүрген жігітті ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер. Жігіттің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік асыл қасиеттермен бұйдалаңдар, арақ ішкізбеңдер. Айқайға жуытпаңдар. Ақыл анадан тарайды. Қыздан қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Жігіт жаныңда жүрсе жолдасың, жауға шапса жолбарысың, ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкеніп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар, адамның асыл сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Олардың нәпсісінен намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Өмірдің ләззаты адал достыққа, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін естен шығармаңдар. Міне, менің сендерден сұрайтыным осы, шырақтарым!»
***
ЕҢБЕКШІЛ БОЛЫҢДАР!
Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы
1) Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
2) Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
3) Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
4) Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
5) Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар!
***

Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!
Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!
…Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.

***
Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар! Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
***

… Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысын, өз денеңе жарасымдысын, сырт көзге де оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын біліңдер.
***

Көрсе қызар болмаңдар!
Қол жетпеске тыраштанбаңдар!
Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағындырыңдар.
***

Қыздар!
Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ қылғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!
***

Қыздар!
Сұқ көзден сақтаныңдар. Сұлу сөзден сақтаныңдар. Шынайы махаббат мақтауды қажет қылмайды. Орынсыз мақтаудан сақтаныңдар, абыройдан аттаудан сақтаныңдар!
***

Пәк болыңдар! Алайда, қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа қарайлап көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтін сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді.
Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер…
… Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы…