Әрбір үйленген екі жас өздерінің жеке пәтері, үйі болғанын армандайды. Өйткені, отбасы бақыты дербес шаңырақ құрып, ерлі-зайыптылық өмір қалауымен тіршілік жасау, ешкімге кіріптар болмау. Мұны қазақ: «Үйленіп, үй болу», – дейді. Осы орайда есте болатын жағдай: үй салатын жер, пәтер таңдаудың, оны жайлы да жарық әрі жылы етудің жас отбасылар білмейтін құпия сырлары көп.
Дініміз баспана туралы әркімнің өз үйі – өзін табиғи қалыпта сезініп, өмір сүретін орны, әр адам өз үйінде өзіндік болмысымен күн кешіп, қоғамның қағида, заң талаптарымен демалатын, жаны жайланатын болғандықтан, Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде тұрғын-жай туралы былай деген: «Алла сендерге тұрақты жай етіп үй берді» (Нахыл сүресі, 80 аят). Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үйлі болу жөнінде хадис-шәрібінде мынандай өсиеттер айтқан: «Мына төрт нәрсе бақытым деп біл: зерделі де таупиықты әйелің, кең де жайлы үйің, иманды да қайырымды көршің болып, ісіңнің оңға айналуы» (Хадис ибн Хабаннан). Тұрғын жайын таза ұстау, өз шаңырағыңда аман-есен таң атырудың үлкен бақыт екендігі хақында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Шынында, Алла Тағала шадыман қуанышқа бөленгендерді жақтады. Ол адал, тазалықтың досы, қайырымды да мейірбандарды сүйеді. Олай болса, аулаларыңды таза ұстаңдар» (Хадис әт-Термизиден). «Өз шаңырағында аман-есен таң атырып, алдында бір күндік тамағы болған адамға бүкіл дүние берілгенмен тең болып есептеледі» (Хадисті Сәлма ибн Убайдуллаһ Әл-Ансари (р.а.) риуаят еткен).

БАСПАНА ТАҢДАУДЫҢ ТОҒЫЗ ТАЛАБЫ
Даналық, өмір тәжірибесіне бай Шығыс ілімдері бойынша олар мынандай:
1. Тауға апаратын жол бойынан баспана сатып алуға, ондай жерлерге үй салуға болмайды. Мұндай аймақ баспаналар үшін географиялық жағынан аса қауіпті, ерсілі-қарсылы жүрген автокөлік, жолаушылардың шуына толы. Адамдар серуендейтін, көп жүретін жерлерде бұзақылық, қылмыс, әдепсіздіктер де жиі болып тұрады. Жаман, ауру адамдар да үй маңынан көп өтетіндіктен, олардың қара қуаты да тарап, жол бойындағы баспана иелерінің денсаулығына кері әсірін тигізеді. Өткен, кеткен адамдар үйге, оның маңындағы адамдарға қарай беретіндіктен, жас балаларға көз тиюі де мүмкін.
2. «Т» бейнесінде тоғысқан жолдар мен көшенің қиылысынан баспана сатып алғандардың бизнесте жолы болмайды. Шығыс ілімдері, оның ішінде Фэн-шуй да баспананың алдында көше болмағанын қалайды. Олай болса, көшелер қиылысатын жерлерге үй салудың да қажеті жоқ.
3. Тығырыққа (тупикке) тірелген аймақтардан, көшелердің соңынан баспана сатып алу, үй салу да тіршілік, денсаулық үшін қолайсыз. Өрт болған жағдайда тығырықтағы үйге өрт сөндірушілердің келуі де қиын. Баспанасы тығырыққа тірелген аймақтағы ерлі-зайыптылардың да қарым-қатынасы жиі-жиі тығырыққа тіреліп, олар көп жанжалдасады, араларында түсінбеушілік жиі-жиі болып тұрады. Мұндай қақтығыстар болмасын десеңіз, отбасыңызға тығырыққа тірелген аймақтан пәтер сатып алмаңыз, ондай жерге үй тұрғызбаңыз, мұны туған-туыстарыңызға да айтып түсіндіріңіз.
4. «Батыстан басталған жолдың жағасына қоныс аударған қолайлы», – дейді Шығыс ілімі. Оның байыптауынша, мұндай мекен-жайда түтін түтеткен
отбасында береке-бірлік, өзара үйлесім кең өрістейтін көрінеді.
5. Жеке үйіңіз болса, оның сыртқа шығатын есігінің алдына емен тәрізді ағаштарды отырғызбаңыз. Өсіп тұрса, алып тастаңыз, басқа жерге орналастырыңыз. Себебі, мұндай ағаштар өздеріне жағымды қуаттарды тартып алады екен. Және де аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауарда ойнайтын найзағай көбінесе жалғыз, биік, жуан ағаштарға түспейді ме? Есік алдында осындай ағаш өсіп тұрса, найзағай ойнағанда, ол үй ішіндегі адамдарға қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Осыны әрдайым есіңізде сақтаңыз.
6. Жеке үйіңіз болса, есіктің алдына жеміс бермейтін ағашты да екпегеніңіз, өсіп тұрса, оған мән бергеніңіз дұрыс. Шығыстық наным, сенім бойынша, жеміс бермейтін ағаш отбасын кедейлікке ұшыратады, қарт адамдарға кері әсерін тигізеді. Егерде аулаға жеміс беретін ағаштардың жас көшетін отырғызсаңыз, көп ұзамай табысқа кенеліп, ісіңіз де жемісті болады. Сол себепті ағаш отырғызғанда оның аулаға беретін сәнін ғана емес, өмірлік мәнін де есте сақтап, соған көңіл бөлу қажет.
7. Үйдің солтүстік-батыс бөлігінде ағаштар жайқалып өсіп тұрса, мұндай үйдің иелері бақытқа бөленеді, қайғы-мұңсыз өмір сүреді. Тек бұл ағаштарға су құймай, күтіп, баптамай оларды қуратып алмау керек. Егерде бұл ағаштарды су құймай, қуратып алсаңыз, оның балаларыңыз бен немерелеріңіздің өміріне жақсылық әкелмеуі мүмкін…
8. Үй салу үшін таңдаған аймағыңыздың жері ойлы-қырлы болып келсе, көршілерден оңаша, биік қырға қызықпағаныңыз дұрыс. Біріншіден, үйіңіз айналаңыздағы адамдардың назарына айрықша ілініп, олардың жақсы, жаман сөздеріне қаласыз, қызғаныш туғызасыз, сізді күндейтіндер, жамандық тілейтіндер көп болады. Және де мұндай айрықша жерде тұрған үйді салуға, өрнектеуге көп қаржы кетеді, шығынға батасыз. Адамдардың үнемі назарында болу денсаулыққа да зиянды.
9. Шығыс ілімі отбасында аяғы ауыр әйел болса, ол босанғанша жаңадан үй салуға асықпауды ұсынады. Мұндайда тұрып жатқан үйін, пәтерін де жөндемейді. Олай жасаса, екіқабат әйелдің түсік тастауы мүмкін…
Ескерту: Әрине, Шығыс ілімінің ақыл-кеңесін орындау, орындамау, оған сену, сенбеу әркімнің өз еркінде. Біз мұны танымдық мақсатпен ғана жариялап отырмыз.

ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ
Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.
Киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын осынау қасиетті ұғым туралы қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген жазушы-қаламгер Сейіт Кенжеахметұлы біршама терең тоқталған. Шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтаң оны «қаламдық» дейді. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады. Үйдің сүйегі (қаңқасы) дайын болған соң, оны (шаңырақты да) қызыл жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды да, оны өсімдік майымен майлайды. Бұл ағашқа су сіңбес үшін жасалады. Бай адамдардың шаңырағы, тіпті, күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейленеді. Шаңыраққа да киізден түндік жасалады. Ол да қойдың ақ күзем (күзде қырқылған) жүнінен басылады. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті 4 шашақты бау жасалады. Ол шаңырақты бастыру үшін және көшкенде байлау үшін қажет. Қалыпты жағдайда желбау үйге әсемдік беріп тұрады. Түндікті де үйдің басқа киіздері сияқты дайын болған соң, ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды, бұл оған әдемі ақ түс береді, әрі киіздің берік болуына, суға, ыстық-суыққа шыдамды болуына ықпал етеді.
Қазақта «шаңырақ» сөзінің «отбасы» деген мағынаны білдіретіні жайлы жоғарыда айтқанбыз. Адамзат өмірінің бастауы осы отбасыға тоқтала кетейік. Отбасы адам өмірінің негізгі кезеңдерін бастан кешіретін ең кіші әлеуметтік топ. Ондағы адамдардың әрқайсысы әр отбасы мүшесінің дамуына ықпал етеді. Қара шаңырақ, отбасы адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам шыр етіп дүниеге келісімен осы отбасының есігін айқара ашып енеді және осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан отбасының адамзат баласының дамуына ықпалы зор. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе?
Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді. Қазақ халқы шаңырақты қасиетті санап, аса қатты қадірлеген. Ел басына күн туып, қара қазан сары баланың қамы үшін керегесін кессе де, шаңырағын шаппаған.
Әдетте үйдің дәл ортасында күннің жердегі бейнесі іспетті ошақ орналастырылады. Ошақ әлемнің орталық кіндігі есепті. Ошақтың дәл үстінде күн символы шаңырақ, оның үстінде аспандағы күн тұрады. Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт-дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «….қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадірі, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айырылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен-кішісі, еркек-әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.

ОТАУ КӨТЕРУ
«Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап, ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан, оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе-аяқтан бастап, үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде, оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс-тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң, ағайын-туыстары оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде, олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі.

Материалдар ғаламтор кеңістігіндегі әртүрлі сайттардан алынды:

https://el.kz/ru/news/archive/content-25261 «Айқын». Ақтан ҚОҢЫР
https://vk.com/wall-114784685?own=1&offset=740 Айқап мешіті