Адамзат баласына керекті рухани байлықтың бәрі кітаптан табылады. Ал енді білімнің қайнар бастауы болып саналатын кітапты жинақтап сақтайтын, оны оқырмандарына жеткізетін қасиетті орын – кітапхана. «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің сөзі кітапхананың өмірдегі орнын дәл айқындап тұрғандай.
Білім мен ғылымның, ақпарат пен мәдениеттің орталығы болып табылатын киелі орда кітапханада тек кітап беріліп қана қоймайды. Қазіргі әлемде кітапханалар ең саналы адамдар бас қосып, пікір таластыратын және түрлі идеяларын ұсынатын маңызды әлеуметтік құрылымдарға айналды.
Назарларыңызға әлемдегі кітап қоры жағынан ең бай, көлемі бойынша ең ауқымды, оқырманы өте көп, пайдасы ұшан-теңіз кітапханалардың тізімін ұсынамыз. Олар орналасқан аудандар белсенділіктің эпицентрі болып табылады.

КОНГРЕСС КІТАПХАНАСЫ, ВАШИНГТОН, КОЛУМБИЯ ОКРУГІ
Үш ғимараттан тұратын әлемдегі ең үлкен кітапхана – АҚШ-тың Ұлттық кітапханасы. Конгресс кітапханасы – елдегі ең көне федералды мәдениет мекемесі болып табылады. Кітапхана қоғам үшін ашық болғанымен, тек конгресс мүшелері және Үкіметтің басқа да маңызды тұлғалары ондағы кітаптарға қол жеткізе алады.
Керемет, ғажайып кітапхана коллекциясында 32 млн кітап, 61 млн қолжазба, Тәуелсіздік туралы декларацияның алғашқы нұсқасы, Гутенберг киелі кітабының тамаша пергаменттік нұсқасы (бүкіл әлемдегі 4 кітаптың біреуі), соңғы 3 ғасырда жарық көрген 1 млн газет, 5 млн-нан астам карталар, 6 млн музыкалық шығарма және 14 млн-нан астам фотосуреттер мен басқа да басылымдар жинақталған.

БОДЛЕЙН КІТАПХАНАСЫ, ОКСФОРД, ҰЛЫБРИТАНИЯ (Біріккен корольдік)
1602 жылы Оксфорд университетінде құрылған кітапхана – Еуропаның ең көне кітапханасы болып саналады. Кітапханада 11 миллионнан астам тарихи маңызы бар құжаттар жинақталған, оның ішінде 4 дана – Ұлы Хартия еркіндігі көшірмесінің 4 данасы, Гутенбергтің киелі кітабы, Шекспирдің 1623 жылы шыққан «алғашқы фолианты» бар.
Кітапхана көптеген ғимараттардан тұрады, олардың ішіндегі ең қызықтысы Радклифф кітапханасы. Ол Англиядағы алғашқы дөңгелек формадағы кітапхана болғандықтан «Жас Шерлок Холмс», «Әулие», «Қызыл Скрипка», «Алтын Компас» сынды басқа да көптеген фильмдерде жиі көрсетілген болатын.

БРИТАН МҰРАЖАЙЫНЫҢ ОҚУ ЗАЛЫ, ЛОНДОН (АНГЛИЯ)
Британ мұражайының оқу залы – Ұлыбританиядағы ең үлкен кітапхана. 1997-жылға дейін кітапханаға кәсіби зерттеушілерге ғана кіруге рұқсат етілетін. Мұнда әр кездері Карл Маркс, Оскар Уайльд, В.И.Ленин, Махатма Ганди, Редьярд Киплинг, Джордж Оруэлл, Марк Твен, Дж.Б.Шоу, Герберт Уэллс сияқты т.б. көптеген атақты тұлғалар зерттеу жұмыстарымен айналысқан. 2000 жылы кітаптар жинағы Жаңа Британдық кітапханаға көшіріліп, оның есігі көпшілік қауымға ашылды.
Ал Британ мұражайында тарих, өнер, саяхат және т.б. байланысты ақпараттық орталық және кітаптар топтамасы орналасқанмонастырь
Айтпақшы, Британ мұражайы – әлемдегі ең үздік, көрікті әрі тегін мекемелердің бірі болып табылады.

БОСТОН КӨПШІЛІК КІТАПХАНАСЫ (ЖАҢА АНГЛИЯ)
1848 жылы ашылған Бостон көпшілік кітапханасы АҚШ-тағы жұртшылық қаражатымен қаржыландырылған алғашқы кітапхана болды. Содан бері ол қазіргі ауқымға дейін өсіп, кітап қоры 22 млн бірлікті құрады. Бұл оған АҚШ кітапханалары ішінде көлемі жағынан 2-ші орынды иеленуге мүмкіндік береді.
1895 жылы салынған МакКим кітапханасының ғимараты көптеген әдемі фрескалармен безендірілген және оның ішінде қасиетті Граал туралы аңызды бейнелейтін Эдвард Эббидің ең әйгілі туындысы бар. МакКим ғимаратындағы Бэйтс залының төбесі сфералық болғандықтан көпшілікке танымал. МакКим зерттеу жиынтығы 1,7 миллион сирек кездесетін кітаптардан тұрады, оның ішінде көптеген ортағасырлық қолжазбалар, инкунабулалар, Шекспирдің алғашқы туындылары, Бостондық колониалдық жазбалар, Даниэль Дефодың негізгі жинағы және Джон Адамс, Уильям Ллойд Гаррисон, Мэтью Бовдитч сияқты көптеген танымал тарихи тұлғалардың жек кітапханалары жинақталған.

СИЭТЛ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫ, ВАШИНГТОН ШТАТЫ
Сиэтлдің керемет орталық кітапханасы 2004 жылы ашылды. Оның шыныдан және болаттан жасалған заманауи дизайнын сәулетшілер Рэм Кулхаас пен Джошуа Принц-Расмус әзірлеген. Мұндай дизайнның мақсаты ашық және еркін кеңістік құру арқылы жас ұрпақты, жаңа оқырмандарды тарту және қалыптасқан кітапханалар қарапайым болу керек деген стереотиптерді жою болып табылады. Кітапхана 1,45 млн кітап сақтауға мөлшерленген және жыл сайын 2 млн-нан астам келушілерді қабылдайды.

НЬЮ-ЙОРК КӨПШІЛІК КІТАПХАНАСЫ, НЬЮ-ЙОРК (АҚШ)
Солтүстік Американың ең үлкен үшінші кітапханасы болып табылатын танымал Нью-Йорк көпшілік кітапханасының коллекциясында 50 миллионнан астам бірлік бар. Ол өз кезегінде, 3,5 млн адамға қызмет көрсететін 87 кітапханадан тұрады. Кітапхананың негізгі оқу залы ерекше тартымдылығымен көз қуантады. Америкада пайда болған алғашқы Гутенберг Киелі кітабы кітапхананың арнайы жинақтарына жатады. Сондай-ақ, ол көптеген голливудтық «Послезавтра», «Охотники за приведениями» сынды фильмдерде көрсетілуіне байланысты әлемдегі ең танымал кітапханалардың бірі болып табылады.

ӘУЛИЕ ГАЛЛУС ҒИБАДАТХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ, САНКТ-ГАЛЛЕН (ШВЕЙЦАРИЯ)
Швейцарияның ең көне кітапханасы болып табылатын – Әулие Галлус ғибадатханасында орналасқан кітапханада 160 000-ға жуық шығармалар жинақталған. Бұл – VIII ғасырға жататын қолжазбалар сақталған монастырь жанында орналасқан әлемдегі ең көне кітапханалардың бірі. 1983 жылдан бастап Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген кітапхананың сирек қолжазбаларының көпшілігіне онлайн-портал арқылы қол жеткізуге болады. Кітапхана келушілер үшін әрдайым ашық болғанымен 1900 жылдан бұрын шыққан басылымдарды тек сайт арқылы оқуға болады.

ДЖЕЙ УОКЕРДІҢ ЖЕКЕ КІТАПХАНАСЫ
Джей Уокер – өз қаражатын қымбат жеке кітапхананы дамытуға жұмсаған американдық өнертапқыш, әрі кәсіпкер. Ол өз кітапханасын «Уокердің адамзат қиялының тарихы кітапханасы» деп атайды. Әлемдегі ең ірі мұражайлардың бірі деп санауға болатын кітапхана Д.Уокердің Коннектикут штатындағы үйінде орналасқан және көптеген көне басылымдарды қоса алғанда, 50 мыңнан астам кітапты қамтиды. Ғимараттың сюрреалистикалық сәулетін суретші Мауриц Корнелис Эшердің қылқаламынан шыққан туындылар толықтырып тұр. «Wired» журналы бұл кітапхананы «әлемдегі ең таңғажайып кітапхана» деп атағанымен, көпшілік қауым үшін ол жабық.

ДЖОРДЖ ПИБОДИ КІТАПХАНАСЫ, БАЛТИМОР (МЭРИЛЕНД)
Джон Хопкинс Университеті жанындағы ғылыми кітапхана Джордж Пибоди кітапханасы деп аталады. Пибоди институтының бір бөлігі болған кітапхана 1878-1967 жылдар аралығында қала билігінің басқаруында болды. Ал 1982 жылы Джон Хопкинс университетіне беріліп, қазір онда университеттің арнайы кітаптар коллекциясы сақталуда.
Кітапханада Дон Кихот басылымдарының ең үлкен жинағына, сондай-ақ XIX ғасырға жататын басқа да көптеген шығармалардың болуына байланысты белгілі. «Кітап ғибадатханасы» ретінде сипатталатын кітапхана бөлімдерінің интерьері биіктігі 18 метрлік атриумнан, қара және ақ мәрмәрден жасалған еден, сондай-ақ көптеген балкондар мен алтын түстес тіреуіш бағандардан тұрады. Кітапхана оқырмандар мен келушілер үшін әрдайым ашық.

АЛЕКСАНДРИЯ КІТАПХАНАСЫ, АЛЕКСАНДРИЯ (ЕГИПЕТ)
Әлем ғажайыптарының біріне жататын Александрия кітапханасы ежелгі дәуірдің ең үлкен кітапханасы болды. Қайта қалпына келтіріліп, жаңартылған кітапхана өзінің атағына сәйкес танымал болады деген үміт бар. 220 млн долларға бағаланған кітапхана құрылысы 2002 жылы аяқталды.
Кітапхана мәдени орталық ретінде жұмыс істейді, оған планетарий, қолжазбаларды қалпына келтіру зертханасы, көркем галереялар мен көрме залдары, мұражайлар, конференц-орталық, сондай-ақ балаларға, жастарға, ересектерге және зағип жандарға арналған кітапханалар кіреді. Бүгінгі таңда кітапханада шамамен 500 000-ға жуық кітап жинағы бар, бірақ жалпы алғанда 8 миллион кітапты орналастыру үшін жеткілікті кеңістік бар.

ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫ, БЕЙЖІҢ (ҚХР)
Азияның ең үлкен кітапханасы деп саналатын Қытай Ұлттық кітапханасында 35 миллионнан астам кітап, қолжазба және тарихи коллекция бар.
Кітапхананы Чинг әулеті (1644-1912) 1909-1912 жылдар арасында Пекин қала орталығына құрды. Қазір кітапханаға жыл сайын 5 миллионнан астам оқырман келеді.
Әлемнің санаулы кітапханаларының бірі Қытай Ұлттық кітапханасы 140 мың шаршы метрлік алаңға салынған. Классикалық туындылар жиналған ғимарат пен оқу залдары бір-бірінен бөлек.
Футуристік сәулет стилінде салынған ашық бөлімі келушілердің назар аударады. Ғимараттың ішкі дизайны да қабат-қабат оқу залдары түрінде жобаланған.
2004 жылы цифрлық форматқа көшірілген кітапхана қоры, интернет кеңістігіне енгізілді.
Қытай Ұлттық кітапханасының ресурстары жыл сайын артуда. 2016 жылдың деректері бойынша кітапханада 115 тілде 35 миллионнан астам бсылымдар жинақталған.
Кітапханадағы ең байырғы тарихи туынды – осыдан 3 мың жыл бұрын тасбақа қабығына жазылған жазу.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ – кітапхананың, архивтің, музейдің, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылдың 13 наурызында Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Президенттің идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету мақсатында құрылды.
Бірегей ғимарат есімі әлемге әйгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша тұрғызылған. Оның құрылысы 2013 жылдың наурызында тәмамдалды.
Жалпы аумағы 30 мың шаршы метрден астам ғимарат аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейді. Сәулетшінің ойы бойынша оның қайталанбас сыртқы келбеті қазіргі Қазақстанның өміршең қуатын білдіреді.

Әлемдік тарихи-мәдени мұра жауһарларының қайнар көзі болып табылатын бұл кітапханаларды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу абыройлы міндет болмақ.