Азаттық символы – Танаға ескерткіш қою қажеттігі жайында ой

Ұлтқа араша, шынайы жанашыр кісі туралы толғансаң, есіңе Ноғайлы ұлысының әйгілі биі Едіге түседі. Халқымның болашағы не болмақ дегенді ойлап, жаны тыным таппаған бидің «Ел қамын жеген Едіге» деген жақсы аты тарихта мәңгі қалды. Атақ-даңқы әйгілі хандардан кем бе – кем емес!
Төменде 19-ғасырда найман елінің Едігесі болған Тана мырза хақында бірер сөз айтпақпын. Тана Тілемісұлы (1803-1868) империялық билікке жан-тәнімен қарсы тұрған, оның сұрқия саясатына қарсы ақтық демі біткенше күресіп өткен тарихи тұлға. Бірақ ол қару-жарақтың күшіне емес, асқақ Рухқа арқа тіреді. Ұлтқа сенім артты. Білім-ғылым мен діни сауаттылық арқылы бодандыққа қарсы парасат майданын ашты. Сөйтіп, өз дәуірінің Рух Толағайы болды. Тана мырза феномені деген тіркесте міне осы астар бар.
Тана қалай шынықты? Жас шағында атасы Базар казак есауылының қолынан қаза табады. Ол қыстауы Тарбағатай қойнауынан жаз жайлауы – Толағай шоқысының етегіне көшіп қонған. Жайлауға өтер жол – көш жолына таяу орыс переселендерінің егінін Базар бидің қалың жылқысы таптап өте шықса керек. Жайлауға жеткен ел ағасы көкорай шалғынға үйлерін тіккізіп, еш алаңсыз дастархан басында, әңгіме тиегін ағытып отырған. Бір сәтте екпіндей үйге енген әскери киімді орыс (Караваев деген штабс-капитан) тілге келместен қарияны қақ маңдайдан атып салсын. Бұл шамасы 1825 жылдар болған оқиға, оны Айбек Тлеухан «Тана мырза» атты кітабында (Семей, 2009 жыл) баяндап өтеді.
Билікке енді ғана араласа бастаған жас жігіт Тана санасына зор сілкініс әкеп, орыс өктемдігіне қарсы ымырасыз күрес ашуына түрткі болған осы оқиға. Бірақ Тана таңдаған жол – мәдениеттілік пен сауаттылық, яки Рух күресі деп жоғарыда айттық. Ол күрестің мәнісі мынау: орыстар салған егінді Тана ауылдары да салады. Бірақ тұқымды сұрыптау және суарудың тың әдістерін қолдану арқылы оза шабады. Оның бітік өсірген егіні егінмен көзін ашқан орыс шаруаларының өзін таң қалдырған екен. Осымен, қолдан сусып бара жатқан Көкпекті жерін сақтап қалудың басты амалы – көшпелі елді отырықшыға айналдыру мақсатын іске асырған.
Келесі күресу тәсілі – ел санасын ояту, білім беру және рухын көтеріп, дінін нығайту. Мәселе сонда, 1840-жылдары шұрайлы Көкпекті өңіріне қара шекпенділер ағылып, әскерден босаған казактар да сол жерде тұрақтап қалап жатты. Патша өкіметі оларға қызмет көрсету орындарын ашып, ұрпақтарын оқыту, шіркеу салып, христиан дінін уағыздауды жолға қояды. Айталық, шіркеулер Көкпектінің Самар, Бөкен, Ивановка, Преображенка, Черноярка, Возвышенка, Казнаковка сияқты ондаған мекендерінде бой көтерген.
Миссионерлік әрекет ушыққан осы тұста «мырза» және «әділ би» деген аты алысқа жайылған Тана бей-жай қала алмай, қарсы әрекетке кіріседі. Мешіт-медресе салуды қолға алған. Имамдық қызметке Тана мырза Семейден Дәуіт деген ноғай азаматын алдырған екен. Көп ұзамай Дәуіт сонау Еділ бойынан өзіне ерген бір рулы елдің Көкпекті жеріне табан тіреуіне ықпал етеді. Жер-жерде мешіт-медреселер ашылып, Дәуіт қазірет бастаған Шәріп, Ғалим, Әлмұхамед, Ғабдулпейіз молдалар діни сауатты да, білім беруді де көтеріп-ақ тастады. Оқу-ағарту ісінде қазақ өзге халықтармен иық теңестірді. Тана мырза мұрындық болып, 1854 жылы Көкпектіде фельдшерлік курс ашылғанда, сол дәрігерлік оқуға қазақтың 34 жігіті түскені бізге көп жайды аңғартса керек.
Архив мағлұматы Тана ашқан үш мешіттің алғашқысы Кеңтүбек деген жерде 1849 жылы ашылған деп дерек береді. Оның ашылу салтанатына жер шалғайлығына қарамай, Тобықты елінің старшыны Құнанбай да қатысыпты. Құнекең өзімен құрдас Тана мырзаның тәжірибесінен көп сабақ алып, еліне қалың оймен қайтқан. Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбайдың мешіт құрылысын қолға алуы (1849-52 ж.) және ауылына ноғай молда Ғабитханды алдыртып, «Ескі там» деген жерде медресе салдыртуы осының айғағы болса керек. Абайға алғашқы ұстаз болған осы Ғабитхан екені баршаға аян.
Біз сөз етіп отырған қазақ халқы ел қамын жеген Едіге тұлғаларға аса зәру дәуір еді. Ұлтты өз күшіне сендірген мәрт азаматтар сол тар заманда саусақпен санарлықтай ғана еді. Сондықтан шет жағасы жаңа ғана айтылған іс-шаралар Тана мырзаның атын аспанға шығарып, әрісі Семей, берісі Зайсан, Алтай, Аягөз халқына танымал еткені таң қалдырмауға тиісті. Толағай тауының тумасы Танаға исі қазақ көз тікті десек те артық айтқандық бола қоймас. Бүгінгі күнгі мәселе – Тана мырза феномені ұмыт қалмай, оны жас ұрпаққа патриоттік тәрбие беру ісінде пайдалануға тіреліп отыр.
Осыдан бірер ай бұрын Көкпекті өңірінің Самар кентінде ұлы Абайға еңселі ескерткіш қойылып, ол ертеңінде «Толағай сұлтаны» атты республикалық деңгейдегі үлкен сайысқа (бәйге, күрес, интеллектуалдық жарыс) ұласты. «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында өткен айтылмыш мәдени-спорттық іс-шараны ұйымдастырған аудан әкімі Асхат Смайылов мырзаға халық дән риза болып тарасты. Сол жолы әкімшілік кеңсесінде «Тана мырзаның есімімен аталатын ауыл, мектеп, мешіт бар. Бірақ ескерткіші жоқ» деген мәселе талқыға түскен жиынға осы жолдардың авторы да қатысқан еді. Елім деп еңіреп өткен ер, халық қамқоры, қоғам қайраткері Тана мырзаға неге ескерткіш қоймасқа. Ол екі ауданға (Ақсуат пен Көкпекті) да ортақ тарихи тұлға. Сондықтан ескерткіш екі аудан орталығында да бой көтергені орынды. Азаматтар осылай деп шешкен болатын. Осы игі ниетті іске асыру, әрине, қаражатқа тіреліп отыр.
Толағай тұлғаға ескерткіш қою жауапкершілігі Серік Тоқтарғазин (тел. 87011039415), Мейрамбек Байсейітов (т.87754033522) және Мұхамедолла Ағзамов (т. 87772157256) сынды азаматтар мойнына жүктелгенін еске сала кетейік. Олардың жанашыр бауырлар бізбен хабарласса екен деген тілегін жеткізгім келеді.

Асан Омаров –
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.