Кейінгі кезде семейлік атқарушы билік тарапынан журналистер тобына ақыл айту жиілеп кетті. Бір емес, бірнеше рет қайталанғаны көңілге келгендіктен өз ойымызды ортаға салмақшымыз. Мысалы, Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ю.Пазына тілшілерге: «Сендер қала туралы ақпараттарыңызда тырнақ астына кір іздемей, жергілікті басшылықтың жүргізіп жатқан жұмыстарын жақсылап қамтып, әдімілеп көрсетіп, патриоттық танытпайсыздар ма?» деп жөн сілтеді қаңтар айындағы баспасөз-мәслихатында. Юрий мырза алдымен өзіне тиісті жұмыстарды ойдағыдай атқарып тастап барып, жаңағы «ақылдарын» айтса біз түсінер едік.

Анығына келсек, Ю.Пазынаның жауапкершілігіндегі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына қатысты қандай жұмысты үлгі қылып көрсетуге болады. Қыс бойы тазаланбаған көше мен колея болып жатқан жолдарды ма? Сол жолдардың қаншама жол оқиғаларының орын алғандығын ба? Бұл көріністерді Семей жұрты көріп те, айтып та келеді. Қыстығы шығарылмаған қар көктемде көлшікке айналады деп тілшілір дабыл қаққанымен құлағына ілген Пазына жоқ, ақыры солай болды. Қыс маусымына байланысты алғашқы баспасөз-мәслихатын қаңтардың соңында өткізді. Орын алған кемшіліктер себебін «техниканың аздығы мен қардың жылдағы нормадан көп жауғандығына» сырып тастап, тілшілерге жоғарыдағыдай наз айтып, кемшілікті сырттан іздеді. Ал, өзінің ұзақ жылдар спорт салсында істеп, коммуналдық шаруашылықтан тәжірибесі аз екендігінде шаруа жоқ. Оның осы саладан тәжірибесі жоқтығынан, өз ісімен айналысып жүрмегендіктен мердігер мекемелерді тиісінше жұмыс істете алмай отыр. Гәп осында. Журналистерге берген жауаптары басшының сөзі емес, қосшыларының сөзіне көп ұқсайды…

Юрий Пазына тілшілер қауымына «ақыл айтуды» бір рет айтып тоқталса ештеңе етпес еді. Алғашында абайсызда ағаттық жіберіп алған шығар деп ойлап едік, қателесіппіз. Көктемгі көлшіктер мен жолаушылар тасымалы мәселесіне қатысты науырыз соңындағы жиында «сол ақылын» тілшілерге тағы қайталады. Күлсең де, ашулансаң да шындық осы. Сонда бұл не? «Қалада орын олған олқылықтарға жоламай, басқа қырынан көрсетуді» сұрауы – журналистерге «Жауырды жаба тоқыңдар» дегені ме? Әлде оның түсінігінде қаланың сын көтермейтін жағдайын айту патриоттыққа жатпай ма? Әрине, сынның да сыны бар. Сын негізі мәселенің түп мәнісін саралау үшін, «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ұстаныммен жазылады. Біздің мақсат та сол. Байқағанымыз, Юрий Сергеевич сыннан қорытынды шығармайтынға ұқсайды. Оны тек журналистер ғана сынап отырған жоқ, қар тазалауға қатысты жұмыстарын қала әкімі мен облыс әкімдерінің орынбасарлары да кезінде жоққа шығарды. Соған қарамастан, ол барынша жұмыс жүргізіп жатқанын қайталап, тілшілер ақпаратын теріске шығарығысы келеді. Сонымен бірге, «Пазына жұмыс істемей отыр» деген ешкім жоқ, «Жұмысын жүргізе алмай отыр» деген пікір айтылуда.

Біз де соңғы пікір жағындамыз. Егер ол партиоттықты өзінен бастаған болса, қала шаруашылығындағы ең бір күрделі саланы игеру қиынға түсіп жатқынын бір уақыт ашық мойындауы керек еді. Пазынаның мердігер мекемелерді дұрыс жұмылдыра алмай отырғандығынан қала тұрғындарына қолайсыздықтар көбейе түсіп, қала басшылығына сын келуде. Өзі таңдап тағайындаған маман болғандықтан да қала әкімі Ермак Сәлімов өз қолын өзі кесе ме, қайтсін. Қала басшысының Пазынаға бүйрегі бұрғаны ма, әлдеқандай себебі бар ма кім білсін бір ТҮКШ (тұрғын үй коммуналды шаруашылығы) бөлімінен екі бөлім жасап, соның бірінің тізгінін спорт қайраткеріне табыстады. Ал, ол сенім әкімнің көзқарасында қаншалықты ақталып жатқанын кім білсін. Көпшілікке белгілісі Жолаушылар көлігі мен автакөлік жолдары бөліміне қарасты шаруалар шулы болып тұр. Сонымен бірге, қала әкімі Ю.Пазынаның тілшілер туралы пікірін де жоққа шығармайтын көрінеді. Журналистермен өткізген соңғы басқосуда Ермак Бидахметұлы да: «Қалайда үнемі жағымсыз мазмұндағы ақпараттар бересіздер. Сонда, сендер семейлік емессіздер ме?» дегені бар. Соған қарағанда журналистердің сыртынан «тон пішу» жергілікті ақ үйден бастау алатын секілді… Әйтпесе, тілшілер әкімнің анда барды, мында бардысы мен қаланың 3 жылдық жоспарын, «Абай аренасының» макетін аз жалаулатқан жоқ қой.

Енді шыныменде патриоттық танытып жүрген журналистерге жөн сілтегіш Пазынаның өз патриоттығына тоқталып көрелік. Қашанда өзінікін дұрыс деп есептейтін Ю.Пазына 2012 жылы мемлекеттік қызметтегі орынын шулатып барып босатқаны көпшілікке мәлім. Сол жылы Спорт бөлімі Білім бөліміне біріктіріліп, сопрт бөлімін басқарып отырған оның орыны қысқартылады. Бұл шешімге бұлқан-талқаны шыққан Ю.Пазына: «Бұл дегеніңіз спортты құрту, мен оған жол бермеймін» деп кабинетінде аштық жариялап айды аспанға шығарған. Айналасындағылар «Мемлекеттік қызметкерге жұмыс орынында аштық жариялау заңға қайшы, шешімге келіспесеңіз сотқа шағымданыңыз», деп кеңес бермегенде кабтинеттегі «аштық» бірнеше күнге жалғасар еді. Кезінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды белден басып, «аштық жариялап» жүрген шенеунік енді тілшілерді  жөнге салмақ. Яғни, кінәні өзінен көрі өзгеден іздеу оның әдеті секілді. Егер ол өзі жөн білсе, тура осы коммуналдық шаруашылықтан алыс жүруі керек еді. Әсіресе, Семейде бұл ең айғай-шуы көп шарушылық екенін білмеді емес білді. Біле тұра барды. Енді, батыр болса бопсаға шыдасын. Сондай-ақ, оның осы қызметке бұдан да бұрын барғысы келгені бар. Оны да айта кетейік. 2015 жылдың басында қаланың сол кездегі әкімі А.Кәрімовке Пазына жұмыс қажеттігін айтып, сол шақта бос тұрған ТҮКШ бөлімінің басшысы қызметін сұрайды.

Айбек Мүталапханұлы оған: «Сенің ол саладан тәжірибең аз, Семей үшін коммуналдық шаруашылық өте «күйіп» тұрған мәселе, сол бөлімге басшы шыдамай келе жатқанын көзің көріп жүр, ертең өз басыңа өзің бәле тілеп аласың. Егер менің кеңесімді тыңдасаң біз саған Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығын ұсынайық, спорт та мәдениеттен алыс емес, өзіңе қолайлысы осы болар», деп айтқан болатын.

Алайда, ол бұл ұсынысқа құлақ аспай өз дегенімен кетті. Арада біраз уақыт өткенде май айының басында ШҚО әкімі Даниал Ахметов «Нұр Отанның» Семей филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Осы қабылдауда болған Ю.Пазына облыс әкіміне «Қала әкімі сұраған жұмысымды бермей отыр» деген шағымын жеткізді. Мәселені түсіндіру кезегі қала басшысына келгенде

А.Кәрімов: «Даниал Кенжетайұлы, біз Юрий Сереевичтің өтінішінен бас тартқан жоқпыз, оған Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқаруды ұсындық. Бірақ, ол біздің ұсынысымызды қабыл алмай ТҮКШ бөліміне жіберуімізді өтініп отыр. Біз одан бұл бөлімді аяп отырған жоқпыз, алайда ол орынға осы саланың кәсіби мамандарының өзі шыдас бермей келеді, атқарушы билік те осы коммуналдық шаруашылық бойынша сынның астында қалып жүр. Бұл бөлім оның қолы емес екенін өзіне түсіндірдік»,-деп жоғарыда Пазынаға айтылған сөзін тағы қайталап шықты. Облыс басшысы Д.Ахметов мәселе мәнісін бірден аңғарып, шағым иесіне бұл жөнінде ойлану керектігін айтып, сұраққа нүкте қойды.

Солай бола тұра ол келесі жылы 2016-ның жазында бәрібір осы қызметке келді. Алайда, ел спортына еңбегі сіңген қайраткер, семейліктерге танымал Юрий Пазына әзірше коммуналшы ретінде қайраткерлік таныта алмай отыр.

Ал, қаланың қазіргі әкімі Ермак Сәлімовтың спортшыдан коммуналшы жасауы қандай нәтиже берері тағы белгісіз.

Қ.Зекенұлы, Семей

 Jaleel Scott Authentic Jersey