Орап бірге жүрегіңді арайға,

Кезің келді қуанатын қалайда.

Құттықтаймын шын жүректен, Уа, Балташ,

Елдің бәрі жиен емес Абайға!.. деп, әйгілі жыр аққуы Марфуға Айтқожина жырлағандай  қазіргі тамам қазақтың арасында жоқ атақ осы Балтабек ағамызда ғана бар. Ол – Абайдың жиені деген мәртебе! Әр атақ, дәреженің өзіне тән жауапкершілігі мен міндеті болады десек «Абай жиені» деген мәртебеге біздің Балтабек ағамыз жан-тәнімен еңбек етті.  Балтекеңнің «Ойға барғаны да, қырға барғаны да» көпшіліктің көзалдында келе жатыр. Ең бастысы, ол қай ортада жүрсе де жақсылыққа жаршы болуға, Абай мұрасынын насихаттауға бейім тұрды.  «Абай» қоры жұмысын жандандыруда алыс- жақынмен, қоғамның көрнекті қайраткерлерімен тізе қосып жұмыс жасады. Сонысымен халыққа жақты, елі оны еркелетіп «Балташ» атады.

Міне, сол халқының қалаулы ұлына айналған Балташ аға 80 жастың сеңгірін бағындырып, мерейтойдың беташар мерекесі ұлы ақын шаңырағынан бастау алды. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде өткен рухани кеш көпшілік көңіліне үлкен әсер сыйлады. Расында, қаланың зиялы қауымы мен Балтабек Бәзілұлын құрмет тұтқан үлкенді-кішілі қауым Балтабек ағаның адал еңбегі мен адами қасиеті туралы өнегеге толы әңгімелерге сусындап қайтты. Республикалық «Абай» қорының құрметті президенті, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, Семей қаласының және Абай ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, хәкім Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімовтің жүріп өткен жолын, қалдырған өнегесін бір басқосуда түгендеп шығуда мүмкін емес. Десек де тағылымды әңгіме қатары аз болған жоқ.

Балтабек Бәзілұлының бала кезден еңбекке араласып, тағдыр салған ауыртпалықты тек табандылықпен, тазалықпен жеңгендігі, 10 жасында Монғолияға мал айдап немесе журналистика саласындағы алғашқы қадамын курьерліктен бастағаны туралы естеліктер бүгінгі буынға еңбеқорлықтың үлгісі іспетті болды. Жұмысқа жегіле жүріп, оқу бітіріп, мамандық иесі атанған ағаның журналистикадағы еңбек жолы «Екпінді» («Семей правдасы»),  қазіргі «Семей таңы» газетінен басталған. Ол кейін сол кездегі облыстық баспахана, филармония, өлкетану мекемелерін басқарған жылдарда да негізгі міндеттерімен қоса Абай мұрасының насихатталуын әркез естен шығарған емес. Балтабек ағаның ел аузынан тастамайтын еңбектерінің басында республикалық  «Абай» журналының қайтадан жарық көруі, «Абайдық ақындық шәкірттері» мен «Ұлы Абайға адалдық» жинақтарының басылып шығуы,  республикалық «Абай» қорын құруы мақтанышпен айтылды. «Абай» қорын 25 жыл басқарған жылдары қаншама мәдени шаралардың ұйытқысы болып, өнегелі із қалдырғаны жеке әңгіме. Сол себепті де Ұлы ақын шаңырағындағы кеш пен мерейтой иесіне арналған көрменің атауы «Ұлағатты істердің ұйытқысы» деп аталған. Басқосудағы айтылған небір қызықты әңгімелердің мазмұны да осы «Ұлағатты істердің ұйытқысы» деген тақырыпты аша түсті.

Әрине, мерейтой иесіне лебіз білдіріп, құттықтауларын жеткізушілер қатары да аз болмады. Кештің беташар құттықтауын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева жасап,  Балтабек Бәзілұлына «Абай» медалін табыстап, иығына шапан жалпы.

Кеш иесін келесі кезекте республикалық «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанұлы құттықтап, ардагер ағаның иығына шапан жапты. Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Сержан Азбергенов қала әкімінің құттықтауын жеткізді. Алыстан жетелхат пен құттықтау жолдаған ардагер журналист Мамадияр Жақып пен жерлес жазушы, әйгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың лебіздері ел алдында оқылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және жергілікті мекемелер атынан келген өкілдер де марапаттарын тапсырды. Ерекеше лебіздің бірі – запастағы полковник Әлихан Омарбековтың құттықтауы болды. Ол өз сөзінде кезінде Семейдегі түрменің бірін басқарған жылдарда Балтекеңнің басына іс түскен туыстарына талай мәрте ара түсіп, солардың жағдайына үнемі алаңдап жүргенінен мысалдар келтірді. Сол бір күндерге көз жіберген полковник Балтекенің іс-әрекетін мұзжарғышқа теңеді.

Айта кетерлігі, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың жүрекжарды лебізі жұрттың жүрегіне ерекше әсер етті. Өйткені, ғалымның құттықтау мәтіні Балтекеңе көптің айтқысы келген лебізін дөп басқан. Сонымен бірге, құттықтау нүктесін «Бұл ел тілегі» деп аяқтаған. Сондықтан мақала соңын ел атынан жазылған құттықтау мәтінімен түйіндесек деп отырмыз.

Аса мәртебелі де аяулы Балташ аға!

Сіздің әр басқан ізіңіздің орынында маңдай теріңіздің тамшысы мен Күлжікендей асыл жеңешеме деген адал махаббаттың тұнық сезімі мөлдіреп тұрады. Соншама адал, соншама бейнетті  зейнеттің “еңбек торысы” (М.Әуезов)  Сіз – Балташ аға: нағашыңыз Абайға қызмет ету арқылы – ұлтыңызға, ұлтыңызға қызмет көрсету арқылы – Абайға, сол еңбектеріңіз арқылы барша халқыңызға “сүйкімді Балташ” атандыңыз. Аттыдан – жаяу жүріп озып, жаяуға – аттан түсіп бас иген мақсатты кішіпейілділігіңіз Сізді қосағыңызбен қоса қажылыққа  жеткізді.

Мына фәниде Сіздей адал еңбек үшін жаратылған пенде сирек кездеседі. Нағашыңыз Кәкітай мен Әрхамның аманатын көтеріп, Абайдың артындағы асыл тұяқ атандыңыз. Сол жолда аттылы-жаяу жүріп, «Абай» қорының қормалы атанып, «Абай» журналын тірілттіңіз, «Абай шәкірттерін» Қайым дегдарды алғау арқылы қатарға қостыңыз. Қазір де сол игілікті көңіл көзімен көріп, көңіл құсымен аспанға шарлатып отырсыз.

Сіздей сөз ұстар тұқымы артында қалғанына Құнанбай қажының да, дана Абайдың да, кәтіп Кәкітайдың да, абзал Ахметбек пен сізді ауызымен тістеп жүріп жеткіген Қапиза апайымның да рухы риза шығар. Өйткені, ұлтыңыз риза!
Асыл аға, айналайын менің меншікті және сүйікті жеңешетайым!
Асыл мен жақсының өлшемі боп көз алдымызда ұзақ-ұзақ сүйіндіріп жүре беріңіздер. Бұл – ел тілегі!

Ел тілегін жеткізуші кәтібіңіз –

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай.

27 ақпан.2018 жыл.Астана.

“Жерұйық” порталы

 Avonte Maddox Authentic Jersey