Соттың беделін салиқалы судья өзінің бойындағы адамгершілік құндылықтарымен, адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен ғана өсіреді. Мәртебелілігімен қоса, жауапкершілігі бір төбе міндет саналатын соттың беделі қоғамның дамып гүлденуінің алғышартына ықпал етпек тұтастай мемлекеттің де абыройы десек, сот жүйесіндегі басты тұлға судья болып табылады. Міне, бүгінгі сұхбат осынау міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Ғибрат Әлханұлы Валиевтей кейіпкеріміздің көпке өнегелі өмір жолы мен азаматтық ұстанымына арналады.

 – Ғибрат Әлханұлы,   қазіргі таңда Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясысыз. Өмір жолыңыздан бастасақ әңгімемізді…

– Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң, Қарағанды қаласындағы жоғарғы милиция мектебіне оқуға түстім. Балалық шағымнан тергеуші болу арманым орындалмады. Желтоқсан оқиғасына қатысты деген желеумен бұл салаға жұмысқа қабылданбадым. Еңбек жолымды Семейдегі автокөлік жөндейтін зауыттың мотор цехында дәнекерлеуші ретінде бастадым. Ал, өз салам бойынша әуелі Семейдегі жинақ банкіне заңгері болып орналасқан ем. 1989 жылы қалалық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінен шақырту алып, жұртшылықпен жұмыс жасау, қағаз жұмыстарының қыр-сырын меңгердім. Ол кез жиырма жеті жастағы жігіттік шағым. Осылайша, қарапайым нұсқаушыдан басшылық деңгейге дейін көтерілдім. Кейін заң жағынан кеңестік көмек көрсететін бизнеске бет бұрып, бастамам өз жемісін беріп, 56 бірдей кәсіпорынға қызмет көрсете келе, көршілес Қытай елінде де бөлімшемді аштым. Артынша Семей облысының Әділет басқармасының бастығы ретінде қызметке орналастық. Арада үш жыл салып судьялық міндетке бастапқыда Семей қалалық сотында, кейінірек ШҚО сотында атқардым. Елбасымыздың Жарлығымен 2004 жылы Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне тағайындалып, төрт жыл бұл тізгінді атқардық. Бұрынғы Семей облысы бойынша қылмыстық істер алқасы бөлімшесінде басшылық тізгінді де қосымша атқарған кез де болды. Тәжірибемнің толысуына судьялардан емтихан қабылдауға бағытталған Астана қаласындағы Әділет біліктілік алқасының мүшесі ретінде еңбек еткенім әсер етті.

-Жалпы адамның бойынан қандай қасиетті бағалайсыз?

-Қарапайымдылық, әрқашан білем демей, әлі де білмейтінім көп деп іздену, үйрену, үнемі әкемнің қойған «Ғибрат» деген есіміне сай болғым келетін. Ол – араб тілінен аударғанда «үлгі, өнеге» деген мағынаны білдіреді екен.

– Заң саласын таңдамағаныңызда қай салада өз орныңызды табар едім деп ойлайсыз? Басшылық тізгінді де атқардыңыз, өзіңізді әділетті басшы бола алдым деп айта аласыз ба?

– Мен заң қызметкерімін, бала күнімнен жүрек қалауыммен осы жолды таңдап алдым және таңдауыма әкемнің  мені бала күнімнен заң қағидаларын түсініп, заң ережелерін ұстанып, заңның шарттары бойынша жүріп-тұруға бейімдегені және үлгі болғаны да себеп болған шығар деп ойлаймын. Ал, лауазымдық міндеттерді атқарған кезде әділетті басшы болдым деп қалай айтамын? Әлбетте, әділеттіліктің жолында жүргеннен кейін, лайықты болуға тырысқаным рас, оны кейінгі кезде сол кездерде бірге үзеңгілес болған әріптестерімнен естіп жүрмін, өйткені мені бала кезімнен Абай атамыздың сөздерімен өтірік айтудан қашық болуға және шыншылдыққа тәрбиелеген үлкен ұстаз – ол өмірден көргені көп әкем еді. Арманым – заң қызметкері, оның ішінде тергеуші болу еді, судья болмасам мүмкін сол тергеу жұмысына берілер ме едім, өйткені бала күнімнен детектив, әсіресе тергеушілердің естеліктерін көп оқып, солар сияқты болсам деуші едім.

– Шешім, қаулы не үкім шығарарда қиналған кездеріңіз болған шығар…

1998 жылдың көктем айында Семей қалалық сотының судьясы болып жүрген кезімде, бір азаматшаны аналық құқығынан айыру туралы шешім қабылдағаннан кейін, анасы мен балаларының арасындағы қимастық махабатты көріп, қатты қиналғаным бар еді. Ішімдікке салынып кеткен сол әйелдің тағдырына қатысты шешімді қабылдау маған оңай болмады. Сол күні мүлде жұмыс істей алмадым… «Балаларымды бәрібір қолыма аламын» деп жалына жылаған сол әйелді бертін келе жолықтырдым. Өзін танымасам да, қасыма келіп берген уәдесінде тұрғанын айтқан еді. Кеден саласында сыбайлас жемқорлыққа барды деп үкім шығаруыма тура келген тағы бір жас жігіттің тағдыры есіме түсіп отыр. Үйінде темір төсек, жалғыз сандықтан өзге мүлігі жоқ екендігі шындық болғанымен, айғақтар оған қарсы, амал жоқ, оны қасақана қылмыскер еткендігін мойындасақ та, үкімді солай кесуге мәжбүр едік. Айта берсек, ондай жағдайлар жетіліп артылады екен…

– Өз саласында мойындалған тұлғалар деп кімдерді пір тұтасыз?

Бағамдасақ, тектілік адамның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы үлгі-өрнек қалдыруынан көрінеді. Нағыз тектілік сыпайылықтанкешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді деп жатамыз. Міне, осынау тектілігімен танылған халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білетін, мамандығына жан-тәнімен берілген қабілеті ерекше жан ретінде танылып кеткен марқұм М.М.Түйебаев ағамызды өз басым ерекше пір тұтамын. Ағалық пейілімен жанына жақын тартып келетін Кенжеш Мұқашов, 2003-2004 жылдар аралығында облыстық сотының судья болған кезімде бірге істеген Р.Н.Шалабаева, Б.А.Акимжанов, Н.Елемесов, Л.К.Нұрмұханова сияқты жандарды сот саласында өз орындарын тапқан деп едім.

– Сіз үшін шынайы бақыт ұғымы…

«Бір құдірет бізді өмірге жолдайды,

Біз өмірді түсінбейміз сол – қайғы.

Туа сала таудай бақыт іздейміз,

Ал, шынында бақыт үлкен болмайды» – деген екен Қадыр Мырза Әлі ағамыз. Осы өмірге келгеннен кейін адамның әрбір сағаты, күні, тіпті әрбір сәттің өзі бақыт деп түсінемін. Істеп отырған жұмысың да бақытың, маңайындағы туған-туыс, жора-жолдас, отбасың, осының барлығы – бақыт.

– Байқасақ, сіздердің әулеттеріңіз кілең заңгерлерден құралған екен?!.

Иә, балаларымның алды жоғары білімді заңгерлер. Ұлым Семей қаласы әскери полициясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімнің офицері. Үлкен қызым тұрмыста, жеке нотариустық лицензиясы бар маман. Кенже қызым Назарбаев зияткерлік мектебін биыл тәмамдағалы отыр. Жұбайым да заң қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде бірге оқып, 1988 жылы  аяқтап, Семей қаласына жолдамамен келгенімізге де 30 жылдың көлемі болып та қалыпты.

– Бос уақытыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?

Оқығанды жаным сүйеді, сол оқығанымды өмірде, істеп отырған жұмысымда пайдаланамын, «Жұлдыз» журналын әлі күнге дейін жаздырып аламын. Жұмыстан бос уақытта бильярд, футбол ойнағанды, әсіресе мүмкіндік болса табиғат аясында демалғанды жақсы көрем десем де болады.

– Судья этикасына қатысты пікіріңізбен тәмамдасақ әңгімемізді…

Заң қызметкерлері заң шеңберінде әрекет етіп, айтар сөзімізді, қағазға түсірер пікірімізді әдемілеп, көркемдеп емес, құлаққа қатқылдау естілетін ресми тілде баяндайтынымыз бар. Ол біздің санамызға берік орнығып қалған дағдымыз және заңның талабы да. Бірақ, аздап болса судьялардың саясаткер болғанын қалар едім, күнделікті жұмысымызда сол жетпей жататын сияқты, сондықтан да істерді қарау барысында қате жіберетін тұстарымыз болып жатады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әйгерім ЕРМЫРЗА.

  DeMario Davis Jersey