Биыл Семейдің спортшылары жерлестерін толағай жеңістерімен қуантып жүр. Таяуда тағы да бір додада асығымыз алшысынан түсті. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында балалар үйі мен мектеп-интернаты тәрбиеленушілері арасындағы «Арманыңа жақында» атты футбол чемпионатында қаламыздағы № 8 балалар үйінің жас жеткіншектері топ жарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар осы жетістігі үшін Франциядағы «Пари де Пренс» стадионына барып, «Пари Сен-Жермен» клубының атақты ойыншыларымен, сонымен қатар футбол әлемінің ең жарқын жұлдызы – Неймармен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Жарыстың іріктеу кезеңіне еліміздің түпкір-түпкірінен 20 команда қатысып, оның тек тоғызы ғана финалдық ойынға жолдама ұтып алған болатын. Ал біздің жас спортшыларымыз сайдың тасындай іріктелген
сегіз команданы да шаң қаптырып, өздерінің шын мәнінде мықты екендерін дәлелдеп шықты.

Бұл турнир жыл сайын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге «Арманыңа жақында» деп ұран тастап, биік белестерді бағындыруларына жол ашып отыр.

Чемпионаттың 5 жылдық тарихында Қазақстанның балалар үйінің 56 балғын футболшылары төрткүл дүниені аузына қаратқан – Месси, Робена, Хави, Роналдо сынды аяқдопшылармен жүздесіп, алға қойған асқақ армандарына бір қадам жақындай түсті.

Мәселен, 2013 жылдың жеңімпаздары Испанияның «Барселона» клубымен кездесіп, «Камп Ноу» стадионында болса, арада бір жыл өткеннен кейін Алматы облысының №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Италияның рухани астанасы – Милан шаһарына ат басын бұрған. Сондай-ақ, осыдан үш жыл бұрын қарағандылық чемпиондарымыз Мюнхенде өткен «Бавария» мен «Реал Мадрид» араларындағы тартысты ойынды тамашалады.
— Біз бір жыл бойы осы ойынға тыңғылықты дайындалдық. Барлығымыз мақсатымызға жету үшін барлық күш -жігерімізді салдық. Шыны керек, Франция еліне барып қана қоймай, бәріміздің кумирымыз Неймармен бетпе-бет кездесу үлкен бақыт ,– дейді команданың капитаны Леонид Гончаров

Кіл жүйріктер сынға түскен аламанда оза шапқан саңлақтарымызды шын жүректен құттықтаймыз. Болашақта зор үміт күттіретін, есімі әлемге танымал әйгілі футболшылардың бірі болатындарына сенеміз!

 

Ғанибек Түсіпбек, «Жерұйық» порталы. Kony Ealy Jersey