Әр  ел, әр  ұлт  өз  дәстүрімен  ерек­ше­ле­неді. Ата дәстүрін ұмыт  қал­дырмай  берік  ұстана  білген  халық  көш басында  жүретіні  айдан  анық. Дәс­түрсіздік  рухсыздыққа  апаратыны  айтпасада  бел­гілі. Қазақтың   дәстүрін  сөзге  тиек  ет­кенде  әрине  қаза­қтың  дәстүлі өнері  ойға  оралатыны  ай­қын  жәйт. Он  саусағынан  өнер  тамған  күйшілеріміз, көмейіне  бұлбұл  ұялаған  дүлдүл  әншілеріміз, белгілі  бір  оқи­ғаны  баяндап  таңды таңға  ұластырған  бір  тума  жыршыларымыз, ауыл-аймақтағы  думан  тойлардың  сәнін  аша  түскен  сал-серілеріміз  т.б осы сияқты   дәстүрлі  өнердің  аса  дарынды  тұлғалары  көп­шіліктің  арасында  көп  болған-ақ. Аталған  дәстүрлі өнеріміз  атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа  беріліп, жалғасын  тауып  отырған. Бағзы  заманнан  бергі  келе  жатқан  бұл  өнеріміз  бүгінгі  таңның  арайлы  күнінде де  жалғасын  тауып  отырғандығы   көңіл  қуан­тарлық.
Қазақ халқы өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық. Ата-бабамыз музыкалық өнер­ге  аса  мән беріп, ден қоя білген. Қазақ музыкасының тарихында ән-күйі тұңғыш өз атымен аталып, авторлығын біздің заманы­мызға дейін толық сақталған  әсем саз, нақты шындықты бастаушы Қорқыт күйшінің  бол­ғаны белгілі. Бізге жеткен халық ән-күй­лерінің қай-қайсысын алсақта Қорқыттан кейін­гі дү­ние­ге келген туындылар. Тіпті, ел арасын­да аңызға айналған  «Ақсақ құлан» күйінің өзі де монғол шапқыншылығы, Шың­ғыс хан шап­қыншылығына шық­қаны белгілі. Сондай-ақ, желмаяға мініп жаһанды кезген Асанқайғыда «Ел айрылған» деген атты күй тартыпты.

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне бай­­ла­­нысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуір­дің мәдениетінде дарынды тұл­ғалардың дү­ниеге келуіне мүмкіндік тудырды. Аты аңызға айналған Кетбұға, Асанқайғы, Қарт Науай сияқты оның ең таңдаулы есімдері біз­дің заманымызға жетті. Одан соң бертін келе Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, әншілеріміз Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Кенен сияқты алты алашқа аттары мәлім болған біртума дарындыларымыздың қазақ дәстүрлі ән және аспаптық өнеріне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Қазақ даласы ежелден ән мен күйге толы. Қазақ музыкасына оның әуендік көркемділігімен, тақырыптық ерекшеліктеріне қанық болған академик Б.В.Асафев «Қазақтардың суырып салма әні мен аспаптық шығармашылығы  бұл ең алдымен мағыналы әсем саз, нақты өмір шындығы» деген болатын.

Қазақ қоғамында домбыра, қобыз, сыбызғы және дауылпаз сияқты аспаптар кең қол­даныста болды. Аспаптық музыка тарихында ХХ ғасырдың 60-жылдарында елеулі өзгеріс бол­ды. Яғни, аспаптарды этномузыка танушы, профессор Болат Сарыбаев бүге-шігесіне дейін зерделеп музыкалық аспаптардың клас­сификациялық жүйесін құрды. Осы уа­қытқа дейін санаулы ғана аспаптар қолданыста болса, ендігі таңда жоғалып құрып кеткен көне аспаптарды қайта тауып, ғылыми тұрғыда анықтап музыкалық аспаптарды қазақ қоғамына қайта қосты. Бұл аспаптану ғылымы саласында аса ірі, бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Жазушы Жарқын Шәкәрім: «Музыкалық ас­паптарды жіктеу кестесі ғалым өмірінің зерт­теу нысанасы. Қазақтың пайдаланудан қалған ұмытылған музыкалық аспаптарын жаң­ғырт­қан­дағы еңбегінің жемісі және бүгінгі ұр­паққа қалдырған мұрасы деп те негіздеуге болады» – деп, [1,14] өз еңбегінде ойын осылай тұжырымдайды.
Б.Сарыбаев кестесінде аспаптарды 5 топқа бөлді:
1) Үрлеп тартылатындар тобына – сы­бызғы, қурай, ысқырғыш, саз сырнай, үс­кірік, тастауық, қамыс сырнай, қос сырнай, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней;
2) Ішекті тобына – жетіген, шертер, домбыра, қыл қобыз;
3) Мембраналы тобына – даңғыра кепшік, дабыл, дудыға, дауылпаз шыңдауыл;
4) Сым тілшелі топқа – шаңқобыз;
5) Сілкіп ойналатындарға – асатаяқ, шың, сылдырмақты қамшы және қоңырау аспаптарын жатқызды [2, 58]. Осылайша ХХ ғасырдың 2 ширегінде қа­зақ аспаптандыру саласында ерекше бір дүмпу болды. Сол Б.Сарыбаев құрған кестенің құрылымы мен құрылысы әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Тіпті, өзгертудіде қажет еткен емес. Міне, Б.Сарыбаев жасаған еңбегінің ғылыми, теориялық тұрғысынан алғандағы сапаплылығының мәні осыдан көрініп-ақ тұр. Б.Сарыбаев кестесінің қазақтың музыкалық аспаптарының жікте­луіндегі ішекті тобының шертіп ойналатын аспаптар қатарындағы ерекше көзге түсетіні – домбыра аспабы.
Бүгінгі таңда қазақты нағыз қазақ етіп жүрген домбыра аспабының қай уақытта, қай кезеңде біздің тұрмыс-салт, өнерімізге енгендігіне ой тастап, көз жүгіртіп көрелік. Әрине, тарихи аңызбен нақты зерттеу тұжырымдамаларын салыстыра зерттеу көкейдегі ойды, пішімді нақтылай түсуіне көмектеседі. Домбыра аспабының қалай пайда болғаны жайлы аңыз әңгімелер аса мол. А.Сейдімбек «Күй шежіре» [3] еңбегінде домбыра аңыз­дарына ерекше назар аудар­ған. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың баян­дауындағы «Қос ішек» күйінің аңызы. Ертеде биік таудың қиясын тұрақ еткен, бұғы-маралды аулап азық етіп күнін көрген бір аңшы жігіт болады. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек қарынын ақтармалап тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал тұс еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарғақұзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұр­ғанын аңғарады. Қарағайдың бұ­тақтарына кері­ле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сың­сып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады [3,192].
Аңызда домбыра жайлы осылай десе, осыдан ХV ғасыр бұрын яғни V-VI ғасыр­ларда  жасалған «Моңғол Алтай жота­сының бір сілемі Жарғалант Қайырхан тауының бір үңгірінде сақталып бізге жеткен кәрі домбыра шанағының сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойылып салынған екен. Онымен қоса домбыраның басы бұғының, бұланның басы. Сонда бұл кездейсоқтық па, әлде шындық па? Аңызда не айтса мына кәрі домбыра бітім тұрпатымен соны дәлелдейді. Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дәлелдеп аңызда айтылған әңгіменің ақиқатын айғақтап тұрғандай» – деп [4], Қаржаубай Сартқожаұлы пайымды пікір білдіреді.
Әлемнің көптеген еліне тараған ысып орындалатын қобыздың өзін б.з.д. Х ға­сырдан бері қолданыста деген тұжырым айтылады. Ал, домбыра қобыздан да әріректе пайда болғандығын V ғасырда жасалынған Алтай тауынан жас жігіттің мәйітінің жанынан табылған қара домбыра тарихи дәлме-дәл мысал. Домбыраның формасы Қазақстан аума­ғын­да әр өңір­лерде әр қалай болған. Мысалы, Батыс Қазақстандық үлгісі (12-16перне), Орталық және Шығыс Қазақстан үлгісі (12-16перне), Оңтүстік және Жетісу өңірінің (7-9 перне) үлгілері болды. ХХ ғасырдың басында Қа­зақстан Ресейдің құрамында болған кезде еліміздің арман қуып, білім іздеген жастарының дені Москва, Ленинград қалаларының оқу орындарында оқыды. Елімізге кәсіби білімімен оралған түлектер музыка саласында да тың өзгерістер әкелді. Сондай азаматтардың бірі академик Ахмет Жұбанов. Ол қазақ музыка саласындағы кәсіби маман атанған қазақ ғалымдарының бірі. А.Жұбанов Ленинград консерватория­сында білім алып жүргенінде орыс халық аспаптары оркестрімен танысып, шы­ғар­машылығына қызығады. Жан-жақты байы­ған, күрделі шығармаларды оңай орындай алатын сол оркестр кейін А. Жұбановтың қазақ халық аспаптар оркес­трін құруына түрткі болды. Ұлттық оркестрдің құрылуы негізінде айтарлықтай өзгерістер орнады. Ұлт­тық аспаптарды бір жүйеге келтіру керек болды. Аспапты шеберханадағы көптеген ізденіс, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұрынғы қойдың ішегімен тартылып келген домбыра енді желкіге ауыстырылды. Күй ноталық жүйеге түсіп, домбыра құлақ күйі «соль-ре» нотасына келді. Тенор домбырада перне саны 18-ден 22-ге дейін жеткізілді. Форма жағынан Батыс Қазақстандық үлгісі таңдалынды. Сонымен қатар, жүйелік өл­шемдер орнатылды. Қазақ аспаптарының Еуропа өлшеміне сәйкестендірілуі, диапа­зондарының кеңе­юі сияқты өзгерістер осы кезеңге тән. Қазақтың қара домбырасы ХХ ғасырдың 30-шы жылдары кезінде кәсіби тұрғыда жетіліп дамыды.
Домбыра жасаудағы айтулы шеберлер жайлы сөз қозғағанда ең алғаш А. Жұба­новпен бірге эксперименталды көптеген ізденістер барысында домбыраға реканструкция жасаған Эмануэль Иосифович Романенко шеберден бастаймыз. Ол дыбыс тербелісін физика, мате­матикалық тұрғыда өлшеп, перне санын 19-ға жеткізіп дамыттырды. Ол қазақтың ха­лық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлері: пикколо, прима, альт, тенор, бас жасап шығарды. Ал, қазіргі таңда домбыра аспабын жасаушы шеберлер осы кезеңнің бағыты бойынша жасауда. Домбыра жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қазіргі заманның айтулы шеберлері дегенде: Жолаушы Тұрдығұлов, Жақсылық Оспанов, Мұса Әділов, Сұлтан Мұсаев, Нарбек Оханов, Айтмұхамбет Тежекенов, Азат Өзенбаев, Ердос Рақымбеков т.б сынды қол өнер шеберлерін айта аламыз.
Домбыра өткен ғасырдың 30-шы жыл­дары халық аспаптары оркестрінің құры­луының нәтижесі барысында жаңа­шыл өзге­рістер еніп дамыған болса, ал 90-шы жылдарының ортасына таман күйді, әуенді компьютермен әрлеу домбыраға тың тыныс берді. Яғни, ДЭККО жанры. Түсініктірек айтар болсақ домбыра мен эстраданы ұштастырып, күйді компьютерде орындау дегенді білдіреді. Оны жасаған сазгер, күйші Жасарал Еңсепов еді [5,74]. Жаңа жанр жаңалығы қазақ елін, тіпті, шетелдіктерді де таң қалдырды. Домбыра аспабы жаһандану заманының жаңа сатысына қадам басты. Бұл күндері ДЭККО жанрында: «Ұлытау», «Арт Дала», «Белес», «Думан» топтары, Асылбек Еңсепов, Айгүл Үлкенбаева, Олжас Сүлейменов, Мұрагер Сауранбаев, Нұр­жан Тәжікенов т.б орындаушыларды атауға болады.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының жаңа­­­лығы деп ДЭККО жанры саналынған болса, ал, қазір ХХ ғасыр жаңалығы электро домбырада. Электро домбыраның ішегі сымнан жасалынған болсада ұлттық колориттен тым алыстай қойған жоқ. Оны осы аспапты жасаған «Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі Н.Тойшы былай дейді: «…соль-ре күйінде ас­паптың дыбысы өте жіңішкеріп кетті. Сондықтан, кішкене түсірдік. Бұл электро домбыра қазақтың байырғы нағыз домбырасының күйіне жақын келеді ғой деп ойлаймын» [6,37]. Қалай десекте, бұл артиндустриядағы ерекше жаңалық. Аталған жаңалық бойынша қолына домбыра ұстаған жас күйшілерге жаппай электронды домбыраны қолданып тартыңдар деген ой емес. Бұл қазақ күйін, қазақ домбырасын әлем тыңдармандарына жаңашыл бағытта жеткізудің бірегей жолы деп түсінуіміз керек. Электронды домбыра аспабы арнайы дыбыс күшейткіш құрылғымен дыбыс күші күшейіп, үлкен аудиторияларға концерттер беруге жарамды. Бұл аспап шетелдік аспаптармен терезе теңестіріп, орын алмастыра алады.
Қазіргі таңда қазақ қоғамы, экономикасы қалай қарыштап дамыса ұлттық мәдени өнерімізде де сондай дамушылық айқын көрінеді. Домбыра аспабы А.Жұба­новтардың тұсында өзгеріске ұшыраса, онымен қоса фортепианоның сүйемелдеуімен шетел шығар­маларын орындау және эстрада бағы­тында орындау сияқты қырлары, электро домбыра ұлттық аспаптың даму сатылық деңгейін аңғартады.
Қалай десекте уақыт ағымына сай кез келген дүние заманға лайықталып, түрленіп тұратыны рас. Ал, домбыра болса қаншама өзгеріске ұшырап дамығанымен өзіне тән қоңыр бояуын, түрлі ерекшеліктерін жоғалтпағаны абзал. Домбыра қазақ хал­қының жан серігі, жан сезімі. Домбыра көшпелі елдің көне шежіресі, қазыналы қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Қаншама қиындықтарда тар жол, тайғақ кешу замандарында қазаққа сүйеніш бола білген киелі аспабымыз. Саусағың ішегіне тиіп кетсе сөйлей жөнелетін құнды жәдігер домбырамыздың ғұмыры мәңгі болмақ.

Алтынай Джумагалиева,
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА 
докторанты 
Ерасыл Қаумбаев,
Құрманғазы атындағы ҚҰК  
магистранты 

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. Ж. Шәкәрім. «Көне дүние күмбірі». Алматы 2013ж.
2. Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық ас­пап­тары». Алматы 1981ж.
3. А.Сейдімбек «Күй шежіре» Алматы 1997ж.
4. Қ.Сартқожа ұлы «Ерте орта ғасырдан жеткен ата домбыра» мақаласы
5. Ж.Еңсепов «Домбыра» журналы Алматы 2007ж. наурыз айының №1саны.
6. Б.Абишева. Темір үзер қылыштың аты болар «Алдаспан». «Новая музыкальная газета» № 2 2011ж.

http://kazgazeta.kz/?p=33280 Kendall Wright Womens Jersey