1 шілде – Қазақстанның әр түкпірінде бұрын-соңды болмаған Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Бұл еліміз үшін үлкен мақтаныш! Себебі, дәл осындай мейрам халық арасында ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтауға, рухани құндылықтарды қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сондықтан да, осы бір мерейлі күн   Семей  қаласында да ерекше сән-салтанатпен  тойланды.

Таңертең ерте Ертіс жағалауында  500-ге жуық домбырашы «Адай», «Келіншек», «Түркімен» және тағы да басқа күйлерді күмбірлетіп, жиналған қауымға қазақ өнерінің құдіретін сездірді.Сонымен қатар,  «Киелі домбыра үні» атты көрме ұйымдастырылып,  күйшілер арасында «Домбыра-party» сайысы өткізілді.

Бұдан кейін қала әкім Ермак Сәлімов қаладағы  1 шілде күні сағат  түнгі 12-ден 5 минут кеткенде №2 перзентханада торсықтай ұлды дүниеге әкелген  Гүлжанат Нұртазинаға арнайы барып, перзентіне қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.

Сонымен бірге, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде мұражай қызметкерлері қала жұртшыл

ығына арналған «Домбыра-дастан» атты экспозициялық көрмесін ұсынды.
Көрмеде ұлттық аспаптарды өнеріне серік еткен өнер адамдарының және жергілікті қолөнер шеберлерінің домбыралары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, лирика мен кең тынысты эпикаға құлаш ұрған ақын Тәңірберген Әміренов,

жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов, Шәкәрім әндерін насихаттаушысы Келденбай Өлмесеков сынды тұлғалардың домбыралары туралы қысқаша шолу жасалып, тың ақпараттар айтылды.
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина: 
– Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Бүгін еліміздің барлық аймақтарында осы тамаша мереке аталып өтуде. Алаштың рухани астанасы Семей шаһары да бұл меркеден құр қалып жатқан жоқ. Таңертеңнен бастап іс-шаралар толассыз өткізіліп жатыр. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды қасиетті домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Ғанибек Түсіпбек, «Жерұйық» порталы

 

 

  James Washington Authentic Jersey