Бородулиханың бұрынғы атауы – Белағаш

Тарихи топонимдерді қалпына келтіру,  әсіресе, шекаралық аймақ үшін маңызы ерекше мәселе.  Ендеше  екінші сүйектірек мысалға ауысайық.

1928 жылы 17 қаңтарда Белағаш ауданы құрылып, оның құрамына кейінгі екі ауданның (Бородулиха және Новошульба) да елді мекендері кірген-ді. 1944 жылы 8 мамырда ауданның Белағаш аты – Бородулиха болып өзгерген. Неге?  Себебі, осы жылы Мәскеу «Жер-су аттарын өзгерту туралы» құпия Қаулы қабылдаған. Ол бойынша, айталық, Қырым және Қара теңіз аймағы түркілік топонимдерге бүйідей тиіп, түгелдей дерлік жаңадан орысша атаулар алған болатын. Сол қаулының құйыны, әрине, қазақ жерін айналып өтпеген. Қазіргі Бородулиха ауданынан қазақша аты сақталған ең болмағанда бір пұшпақ табылар ма екен, әй, қайдам…

Ақиқатында, сөз болып отырған территория ежелден «Белағаш даласы» аталған. Ал Шульба, Новошульба аталып жүрген тоғайлы аумақтың ескі аты – Жалқарағай деген дерек бар.

Жарайды, аудан орталығы «Бородулиха» аталса атала берсін, ал ауданға 1928-1944 жылдар аралығындағы «Белағаш» атын қайтару тарихи әділеттілік емес пе. Өйткені, бұл, көшпенді қазақтың бір елді мекенге емес, күллі аяққы Алтай – етектегі кең далаға қойған атауы – көне топоним.

Осы пайым дәлеліне Белағаш жазығына жалғасатын Бесқарағай аумағын тілге тиек етпекпін. Бұл аумақ «Бес қарағай» деп аталатыны –  Ертіс бойын қуалай өскен қарағайлы орманымен ерекше, ең қызығы,  көк аспан биігінен қараған адамға өзара түйіскен бес қарағайлы алқап (массив) көрінеді екен (бес алқап барын осы заманғы ұшақтан көріп-білу оңай, ал бұрынғы ата-бабалар қайтіп білген деп таң қалмай көр!).

Ғажабы сол, есте жоқ ескі заманда бұл аумақ «Бес ағаш»  аталыпты. «Қара қыпшақ Қобланды» эпосына терең талдау жасаған тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Жырдағы «Бес ағаш» Ертістің оң жағалауындағы қазіргі «Бес қарағай»  деп аталатын қарағайлы алқап (сосновый бор)», – деп мәлімдейді. Осы алқапта болған эпос оқиғаларына тоқтала келе, бізге керекті мынадай деректі келтіреді: «Қазақ жылқыны Ертістің оң жағасында ұстаған. Оң жаға биік жар, жардың ар жағы тақтайдай тегіс дала, әріде жүз шақырым орман-тоғай. Осылай басталатын кең өлке – Құлынды даласына қазақ тайпалары қыс түсе жылқысын айдаған. Бұл ежелден келе жатқан тәртіп. 18-ғасырдың ортасында орыс Ертістен қазақты өткізбейміз деп өткелдердің түбінде талай рет қанжоса соғыстар болған. Ертіс әскери желісінде талай бекіністерді салған капитан И.Г. Андреев қазақтың жылқысының санына дейін жақсы біледі. …Сонымен, «Қобыланды жырында» айтылатын «Бес ағаш» Ертістің оң жағасындағы орман-тоғайдың ертеден бергі аты»   («Абай» журналы, №5, 2017 жыл). Көрдіңіз бе, «Бес ағаш», мейлі, «Бес қарағай» де, екеуінің түп қазығы бір. Олар – аймақтың жер бедерінің өзіндік ерекшелігін айшықтап тұрған тарихи-географиялық топоним болып табылады.

Міне, «Бел ағаш» атауы жайлы да осыны  айтамыз. Оның да  ата-бабаларымыз дәл тауып қойған ежелгі атау екені талассыз сияқты.

Ал Бородулиха деген не сөз? Ол қайдан шыққан? Бұл жайында ресми дереккөздері ләм-мим демейді. «Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, төменде жергілікті тұрғындардан сұрастырып білгенімді ортаға салмақпын.

Шұрайлы Белағаш даласына қарашекпенділер 19-ғасырдың ортасынан көз тіккен екен. Ресейдің түкпір-түкпірінен орыс шаруалары Сібірге және қазақ даласына шұбырды. Бұл көш, әсіресе, «Столыпин реформасы» тұсында (1912 жыл) қауырт өткені аян. Сол ұлы көш арасынан Бородулин деген пысық, шаруақор адам шығыпты. Оның тасы өрге домалап, қазіргі аудан орталығы тұрған жерден қызыл кірпіштен түрлі ғимараттар (үй, магазин, диірмен, қойма т.б.) тұрғызып үлгеріпті. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін бай атаулы «кулак» ретінде аяусыз қудаланған ойпыл-тойпылда әлгі Бородулин ұлдарымен кеңесе отырып, жиған-терген байлығын өз еркімен кеңес өкіметіне өткізіпті-мыс. Бірақ төрт-бес ұлдың біреуі әкесіне қарсы шығып, ақтарға қосылыпты. Бородулин қайда, қалай өлген? Байғұс байдың тағдыры белгісіз, халық арасында оны жаңағы ұлы атып кеткен деген аңыз таралған екен.  30-жылдары колхоздастыру көрігі қызған, шағын елді мекен үлкен селоға айналған. Ел ішін Бородулин қызылдар жағына өткен, ол- кедей таптың құрбаны деген аңыз аралаған. Соған сенген малшы, жалшы қауым селоға байдың атын беруді өтініпті. Мекеннің «Бородулиха» аталуының қысқаша тарихы міне осы.

Сөйтіп, тарихилық пен мағыналық жағынан қайсы басым – Белағаш па, әлде Бородулиха ма? Оның шешуін зерделі қауымның өзіне қалдырайын.

Асан Омаров,

журналист, өлкетанушы.

 

Міне, қызық: Маляқтөбе ме, Малый Ақтөбе ме?

Біз, бүгінгі ұрпақ, бабалар салған жолда болуға, олар салтына адалдық танытуға борышты екенімізді терең сезінуге тиістіміз. Қызғыштай қорғаштап  қалатын нәрсенің бірі – жер-су аттары (топоним) деген ойдамын. Бір тәуірі,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көп істерді тындыруға жол ашып отыр. Төменде осы бағытта көкейде жүрген ойларымды ортаға салмақпын.

Семей шаһарының солтүстік-шығысы әзелден «Малаяқтөбе» деп аталған. Оның жөні де бар: бұл суы мол, айнала көкорай шалғын – аяқты мал жайылымына таптырмайтын жер. 1958-1962 жылдары бастауыш мектепте оқып жүргенімде  жаз айларын сол жерде өткізетінмін. Жергілікті тұрғындар сол маңайды тек «Малаяқтөбе» дейтіні бүгінгідей есімде.

Таяуда байқасам,  бүйіріне «Малый Ақтөбе», қазақша «Кіші Ақтөбе» деп жазып алған қалалық автобустар (бұрынғы «Дальняя», жаңа аты – Закария Белгібаев көшесімен жүріп өтіп, «Құс фабрикасына» қатынайтын көліктер) зу-зу етеді. «Малый Ақтөбе»? Қайдағы? Таңырқадым да абдырадым: «Мынау «Малаяқтөбе» боп жүрмесін?! Мәссаған, мәмпәси демекші, әдемі де мәнді топоним келмеске кеткенің бе?» деп. Расы, солай екен. Сұрастырып көрсем, маған аян «Малаяқтөбе» сонау 1980-жылдары «Малый Ақтөбеге» айналып-ақ кетіпті.

Сонымен, Малаяқтөбе ме, әлде Малый Ақтөбе ме?

Сөз болып отырған жазық дала – дөңестеу қырат, кәдуілгі жайдақ төбе. Татар зираты мен Шығыс кенті арасымен Ертіске құятын шағын өзен бастау алатын жер – осы жасыл (ақ емес) төбе. Сөйтіп, алқап «Малаяқтөбе» аталуы табиғи заңдылық, көкейге қонымды қисын. Ал сол маңда екінші үлкендеу төбең кәне? Егер «Үлкен Ақтөбе» болмаса, атам қазақтың «Кіші Ақтөбе» демесі екібастан белгілі.

Олай болса, «Малаяқтөбе» – кеңестік заманда орыстандыру саясаты кесірінен «Малый Ақтөбеге» бұрмаланған демеске лажың жоқ.

    Асан Омаров,

журналист, өлкетанушы.

Жемқорлыққа жол берілмеген ауылдар

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Төлеп және Сарға ауылдарында бұған дейін сыбайлас жемқорлық деректері тіркелмеген. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет осыған көз жеткізді.

Екі ауылдың тұрғындарымен өткен басқосуда мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлық профилактикасы мәселелері сөз болды. Шара кезінде Төлеп ауылында Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл тұрғыны «Бейнеу ауданына 45 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Ал Сарға ауылында салтанатты түрде ауылдың бұрынғы әкімі Айберген Ізбасаровқа төсбелгіні қоғам және мемлекет қайраткері Қайролла Ережепов табыстады.

Ауыл тұрғындары да қарап қалмады, өздерінің пікірін ашық білдірді. Мәселен, “Жанқара” шаруа қожалығының жетекшісі, зейнеткер Орынбасар Қиянов, өзінің шаруа қожалығын одан әрі дамытқысы келетін айтты. Алайда бұл ретте кедергі де жоқ емес, қолжетімді несие ала алмай әлек екен. Сондықтан да, мүмкіндігінше қолдау көрсетілсе деген өтінішін айтып өтті. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында қолға алынып жатқан ауқымды шаралардан хабардармыз және көңіліміз толады деді.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, Бейнеу мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Айжақсы Жетпісова, ауылда сыбайлас жемқорлық деректерінің бұрын болмағанын және бұған дейін облыс орталығынан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің келмегендігін айтып өтті. Алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты түрді өткізіліп тұрса деген тілегін де жеткізді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар жауапсыз қалмайды. Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет барлық сұрақтарға уақтылы тұшымды жауап береміз деп сендірді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша департаментінің

баспасөз қызметі

 

 

Ақша бәріне бірдей емес!

Кеше қаламызда ауылшаруашылығы мәселелері бойынша соңғы 8 айда ауылшаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстар  келеге салынды. Күн тәртібінде екі сауал қойылды. Атап айтар болсақ, мал шаруашылығын дамыту және жайылым. Ауыл шаруашлыық бөлімінің басшысы  Нұрлан Шақабаев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту бағытында атқарылған шаруаларға тоқталып өтті.

Бір білгеніміз мемлекеттік субсидиялау бәріне бірдей емес, асыл тұқымды мал басы мен ара тұқымын өсірумен айналысатын фермелерге беріледі.  Енді осы субсидиялау арқылы мемлекеттен ақша алғандар өз ісін дөңгелетсін деп тілейік.

«Жерұйық»-ақпарат

Олимпті алғаш бағындырған алаш баласы

Енді 2 жылдан кейін даңқты жерлесіміз Ғұсман Қосановтың туғанына 90 жыл толады. Әні міне дегенше мерейтой да жетіп келеді. Соған орай  әйгілі қазақ желаяғы Ғұсман Қосановтың қарындасы Нағима Ситтыққызымен бұрынырақта болған сұхбатты «Жерұйық» порталы оқырмандары назарына ұсыып отырмыз.

Мамырдың 25 жұлдызы әрбір бородулихалықтар үшін жөні бөлек. Өйткені, бұл күні қазаққа бірінші Олимпиада жүлдесін алып берген атақты алаш желаяғы Ғұсман Ситтықұлы Қосановтың дүниеге келген күні. 1995 жыл әр изатуллалықтың есінде қалды. Өйткені, тап осы жылы атақты қазақ спортшысының 60 жылдығын жерлестері бүкіл қазақ баласының басын қосып, кең көлемде туған ауылында атап өтті.  Ғұсман неге ұлттың есінде қалды деген сауалдың тууы да орынды. Алматы жеңіл атлетика мектебінің тарихы тым тереңде десек те, ұлтымыздың сол кездегі қаладағы үлес салмағы аз болғаны да белгілі және де қазақ жүгіруге емес, күресуге бейім халық екендігі де шын. Қазақ елін осы спорт түрінен өзге ұлт өкілдері танытып келді. Атап айтсақ, 1952 жылғы Хельсинкидегі Олимпиадада алматылық Владимир Сухарев 4х100 эстафетасына жүгіруден күміс жүлдегер атанды. Кейін 4 жылдан соң Владимир Мельбурнде осы жетістігін қайталады. Ғұсманның 1960 жылғы күмісінен кейін қарағандылық Владимир Муравьев екі мәрте олимпиада чемпионы атанса, жезқазғандық Виталий Савин алтыннан алқа тақты. Столыпиннің реформасы алаш жеріне де жетіп көптеген өзгерістер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл үрдіс Бородулиха мен Бесқарағайды да айналып өткен жоқ. Қазір карта бетінде жоқ:Зерен, Қазанғап, Оторвановка, Құрманғожа, сонымен бірге, Изатулла, Мещанка ауылдары бір елді мекен саналып, Ерназар ауылдық кеңесіне қарағаны күні кеше сияқты еді. Зерен, Қазанғап, Құрманғожа, Изатуллада кіл қазақтар тұрса, Оторвановка мен Мещанкада ішкі Ресейден келгендер қоныс тепті. Көне көз ақсақалдардың айтуынша Мещанкада бақай есепке жүйрік ылғи кулактар қоныстанып, қарауындағы жарлы-жақыбайға дұрыс қарамай, олар өші кеткен байлардан ірге ажыратып, Оторвановка ауылын өмірге әкелген екен. Осы өңірдің өткені мен бүгінін өте жақсы білетін ақын ағамыз Еділ Асылбек осы аталған ауылдардан Мещанка мен Изатулланың ғана қалғанын жүрегі елжіреп еске алады.

Міне, қасиетті осы ауылдардан талай қазақтың біртуар перзенттері Ғ. Қосановпен қатар өмірге келіп, Бородулиха ауданы мен еліміздің мақтанышына айналды.

Атақты желаяқтың туған қарындасы Нағима апайдың қолжазба деректеріне сүйенсек, Ситтық Ықыласұлы 1898 жылы Семей облысы Абыралы өңірінде дүниеге келіп, 1925 жылы Семейдегі нағашысы Әмірені сағалайды. Ситтықтың нағашысы Белағаш ауданына қарасты Изатолла ауылынан шөп, отын тасуды кәсіп ететін шаруа адамы болыпты. 27-28 жастағы жас жігіт нағашысына болысып, Изатолла ауылында жиі болады. Әрі осы жерден өзіне өмірлік жар табады. Ситтық жұбайы Бибінұр екеуі Изатоллада құрылған «Еңбекші қазақ» колхозына мүше болып кіреді. Осы бақытты некеден 6 ұл және 2 қыз Нағима мен Сабира өмірге келді. Нағима апамыздың айтуынша Құмар, Әміртай, Ғұсманнан кейін өмірге келген үш ұл шетінеп, әкеміздің бәйбішесінен 5 бала болдық, кейін әкеміз екі қызы бар жас келіншекпен көңіл қосып, Гүлжамила шешеміз тумаса да туған анамыздай болды. Ол кісіден әкеміз Сәуле атты бір қыз сүйді, қазір ол сіңілім Алматыда тұрады деп сөз етеді.

Ағамыз 1935 жылы туса, араға 4 жыл салып, мен 1938 жылы өмірге келдім. Тете өстік дейді Нағима апа. Ситтық атамыз соғыс басталысымен 1941 жылы өз еркімен майданға кеткенде, Бибінұр әжеміз қатты науқастанып 1942 жылы қайтыс болады да, бар ауыртпалық Ғұсманның нағашы әжесі Какімнің мойнына түседі. 1943 жылы Ситтық Ықыласұлы ауыр жарақаттанып елге оралады. Және майдангер колхозда бригадир болып еңбекке араласады. Ғұсманның өзі туралы жазған Жеңіске жол автобиографиялық кітабында мынадай жолдар бар: Атың өшкір соғыс менің және құрдас тұстастарымның ең қымбат қазынасы балалық бал дәуренімізді тартып алды. Біз таңды таңға ұрып, егістіктен масақ теретін едік. Бұл ауыр тұрмыс бізді шынықтырды…. Ғұсманды көзі көргендердің айтуынша, ол кісінің бірінші жаттықтырушысы әкесі Ситтық болыпты. Сондай естеліктерінің бірі Әкесі Ғұсманға арқанды ұстатып, өзі атпен желіп отырады екен де, баласы жүгіріп ілесіп отырады екен. Біз Нағима апаның үйінде болғанда Ғұсман ағамыз туралы айтқан әңгімелеріне куә болдық, енді сол естеліктеріне кезек берсек: Бәріміз Изатолла ауылындағы жетіжылдық қазақ мектебінен білім алдық. Ол кездегі халықтың бірлігі қандай жақсы еді. Әр үйде 5-6 баладан бармыз. Көрші ауылда жиын-той, мереке болса барлығымыз бірге барамыз. Бір жолы жұмыс бабымен келе жатқанда аяқ астынан жел көтеріліп, ат арбада әкесінің қасында отырған Ғұсманның арқасына үлкен бір аққұс келіп қонып, бес-он минуттің ішінде шыр-пыр шаңқ-шұңқ дауыстар шығып, баланы шоқи бастайды, әрең дегенде екеуі бір-бірін қорғап үлгергенше, әкесі екеуі өңі ме, түсіме өз көздеріне өздері де сенбей қалады. Сол кезде алланың берген аяны ма, әлде «ағамыздың басына қонған бақ па екен», «бақытыңды ұста» деген зор дауыс шығып ұшып кетеді. Сол бір тылсым дүниенің таңғажайып тұсы бала Ғұсманның жадында мәңгілік сақталып қалады. Міне, кейін елге бүкіл әлемге аты шыққан ағамыздың сол кезде басына бақыт құсы қонған екен ғой… Ғұсман ағамыз өте елгезек еді, спортқа ден қойды мектепте оқып жүргенде спортпен шұғылданып, орталығы Новапокровка ауылында өтетін мектеп оқушыларының спартакиадасында жүгіруден үнемі бірінші орыннан көрініп жүрді Айта берсең ағамыз туралы еселіктер өте көп, деп Нағима апай сөзін аяқтады. Біз Ғұсман Қосановпен құдандалы болып келетін, әрі бала кезіндегі досы Изатулла ауылындағы қызыл саясаттың кесірінен жабылып қалған мектептің директоры болып еңбек еткен Семейхан Балықбаев ақсақалдан атақты спортшы туралы көптеген деректерге қаныға алдық. Ақсақал әлем таныған спортшының туған жерінде орын алған талай оқиғаның сырын ақтарды. 150 шаңырақтық ауылдан қазір 10-15 үй ғана қалған. Оған облыстағы билік басында болған Халдеев пен Пахабов сияқты әкім қаралардың қазақ ауылдарына қатысты ұстанған позициялары ұлт тілінде білім беретін орта мектепті жапқан соң, ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуіне әкеп соқты. Қазір не жолы жоқ. Не бала оқитын мектебі жоқ Ғұсманның туған ауылындағы дәтке қуат дейтініміз тұрғындардың барлығының жұмыспен қамтылып отырғаны. Семейхан ақсақал Ғұсманның жасынан спортты серік етіп, әсіресе жүгіруді басты орынға қойғанын жыр қылып айтып берді. Біз бірге жүгіре кеткенде шаңына ілесе алмай қалатынбыз деп сонау балалық дәуренін еске алды. Әйгілі желаяқтың тағы бір жерлесі Қабыш Омаров ақсақал Қосановтың бір ғана жүгірумен ғана шектелмей, футбол, волейбол, баскетболды тамаша ойнай білгенін алға тартты. Ат арбаға отырып алып, жол бойы ән салып, сол кездегі Жаңа семей ауданының орталығы болған Новопокровкаға (Жұраға) 1 және 9 мамырдағы спорт жарыстарына баратындарын қос қария еске алды. Осында өткен жарыстардағы алғашқы жеңіс жолы Рим мен Токиоға бастар баспалдақ болғаны анық.

Изатулладағы 7 жылдық мектепті бітірген соң, Ғұсман Семейдегі N13 кәсіптік училищеге түсіп, бітіргеннен кейін депода жұмыс істеп, сол жерден 1954 жылы әскерге алынады. 1951 жылы Ғұсман шаңғыдан 10 шақырымдық қашықта Семей қаласының чемионы атанды. Сол жылы теміржолшылар арасында өткен жеңіл атлетика жарысында 100 метрге жүгіруден 11,7 секунд нәтиже көрсетіп, 2-3 орынды бөлісті. Темір жол училищесінде оқып жүргенде Ғұсман Локоматив футбол клубында ойнап, қала біріншілігінде бірінші орын алып, чемпион атанды. Әскери қызметін Қырымдағы Севастополь қаласында өтейді. Ғұсманның сүйікті қашықтығы 100 метр ол әскер қатарына алынған сәтте курсанттар арасында 10,8 секунд жүгіріп, болашағынан үміт күттіретін атлет екендігін өзге ұлт өкілдеріне таныта білді. 1955 жылы сол кездегі белгілі желаяқ Леонид Бартеневтен 0,1 секундқа жол беріп алып, 10,7 секунд көрсеткішпен екінші орынды иеленді. Спортты серік еткен қазақ сарбазы араға екі жыл салып, 1957 жылы Киевте Украинаның чемпионы атанады. Ол кезде әр одақтас республика жақсы нәтижелермен көзге түскен спортшыларды қолды аяғын жерге тигізбей іліп әкететін. Ғұсманға Молдавия құда түсіп, атамыз Кишиневтің денешынықтыру техникумына түсіп, КСРО спорт шебері атанып, 4 дүркін Молдавия чемионы және КСРО чемпионы болып, Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына үміткер болып қабылданады. Осы кезде орыс спортшыларының Біздің нанымызды қос қазақ тартып алды деген спорт афоризмі дүниеге келеді. 1960 жылы Қарулы Күштердің құрама командасы КСРО біріншілігінде 4Ч100 метрді 40,7 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанды. Осыдан кейін Ғұсман жатпай тұрмай XVII Жазғы Олимпиада Ойындарына дайындығын Леонид Бартенев, Юрий Коновалов, Эдвин Озолиндермен бірге пысықтай түсті. 4 сайыпқыран олимпиадада 40,1 секунд нәтиже көрсетіп күмістен алқа тақты. Осылайша еліне тұңғыш медаль әкелген қазақ ретінде ел мен әлем тарихында мәңгіге қалды.

1960 жыл. Рим. Молдавияның өкілі ретінде қатысқанымен Қазақтың кім екенін спорт әлеміне танытқан Қосановтың эрасы. 400 метрлік эстафетаның ақтық сынына АҚШ, ГФР, Италия, Венесуэла және КСРО командалары шықты. Амал не алтын қолдан сусып, қазақ еліне тұңғыш алтынға бергісіз күміс бұйырды.

Молдавияда Марина атты молдаван қызына үйленіп, Марат және Арман деген қос ұлды болды. Қанша айтқанмен туған жердің түтіні тартып тұрады емес пе, 1961 жылы елге демалысқа келгенде Қонаевтың қабылдауында болып, өзін Қазақстанға алдыруын өтінеді. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл іске бел шеше кірісіп, Ғұсманды Алматыға алдырып, Әмин Тұяқов екеуіне орталық стадионға жақын жерден пәтер алып береді.

1964 жылы Токиодағы олимпиадада Ғұсман жалпы командалық 5 орынды иеленіп, 1967 жылдан бастап бірыңғай жаттықтырушылық жұмысқа басы бүтін енеді. Ғұсманның еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл ту» орденімен және «Еңбектегі ерлігі» медалімен марапатталады. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірген соң, 1967-1969 жылдары Динамода, 1965 жылдан өмірінің соңына дейін бар ғұмырын Республикалық жоғарғы спорт шеберлігі мектебімен байланыстырды.

Қосанов жаттықтырушы ретінде көптеген жетістіктерге жетті. Оның шәкірті Людмила Голомазова 1968 жылы Мехико Олимпиадасында 100 метрді 11,7 секундта жүгіріп өтіп, қола медаль иеленді. Ал, Людмила 200 метрге жүгіруде алтыншы орынды иеленгенімен ол көрсеткен 23,3 секунд нәтиже Қазақстанның жаңа рекорды саналды.

Амал не, ұлттық құраманы Егемендік жылдарында жаттықтыруға өмір жазбады. Қазақтың атақты желаяғы 1990 жылы шілде айының 19-да қайтыс болып Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді. Егемендік дәуірі Ғұсманның кеңестік кезеңде көре алмай кеткен қызығын жалғастырып, Алматыда жыл сайын Ғұсманды еске түсіру мемориалы өтіп тұрады оған спортшылар Ресейден, Қытайдан, Өзбекстаннан тағы басқа елдерден келіп күш сынасады. Соңғы жылдары осындай игі – шаралар Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемендеде өткізіліп отырады . Бар жоғы 53 жыл өмір сүріп, ұлтына аңыз болған жан әр спорт сүйер қазақтың ұлттық жадысында мәңгіге байыздап қалды.

1959-1965 жж. жерлесіміз халықаралық жарыстарда Отанымыздың намысын қолдан бермеді. Ғұсман Қосановтың осындай дәрежеге жетуі Кишиневтегі жаттықтырушысы Александр Масловскийдің арқасы екендігін ұмытпауымыз керек. Ол 100 метрді 10,4 сек жүгіруі нәтижесінде Кеңес Одағының олимпиадалық құрамасына қабылданды. Ғұсманның спорттық ғұмырындағы бір әттеген-айы Алматыда Спартак СҚ 1962 жылғы біріншілігінде 100 метрді 10,2 сек жүгіріп өткенін жел күшін өлшейтін құрылғы болмай, КСРО рекорды ретінде де, әлемдік рекордты қайталауының да есепке алынбай қалуы.

Кеңес спринтерлері арасында украиндық Редькомен жұптасып, америка атлеті Джесси Оуэнстің 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өткен әлемдік рекордын қайталады деп мақтанышпен айта аламыз.

Нағима Ситтыққызы Ғұсманның 60 жылдығы қарсаңында 1995 жылы Семей қаласындағы бір көшенің атын бергізу үшін талай табалдырықты тоздырады. Атақты спортшыға қаланың қақ ортасынан көше беруге сол кездегі қалалық мәслихаттың хатшысы болған Рыболовлева ханым көп кедергі келтіріп, ақыры Барнаульская деген қала шетіндегі бір көшеге бергені кейде осы біз арыстарымызды қадірлей білеміз бе деген ойға да жетелейді. Семейхан Балықбаев ақсақал осыдан 4 жыл бұрын Бородулиха ауданының орталығы Бородулиха аулындағы балалар мен жастардың спорт мектебіне Ғұсман Қосановтың атын беруге ұсыныс түсіріп, досының алдындағы парызына адалдық танытып үлкен азаматтық жасаған еді. Енді міне, сол бастамашылдық қолдау тауып, Бородулиха аудандық балалар мен жастардың спорт мектебіне атақты жерлесіміздің аты беру қарастырылып жатыр. Сәтін салса ол күндер де алыс емес…

 Серік Әбілқасымұлы, әдибиеттанушы ғалым. Семей.

 

 Denzel Ward Womens Jersey

Бағалы сыйлықтан бас тартты

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы, «ҚР Үздік мемлекеттік қызметшісі» Бауыржан Тұяқов ұсынылған бағалы сыйлықтан бас тартып, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырды.

Өткен аптада «ӨзенМұнайГаз» АҚ жанынан құрылған жас мамандар кеңесінің құрылғанына 5 жыл толған болатын. Осыған орай «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде шара өткізіліп, жастар мәселесін дамытуға қосқан үлесі үшін Нұргүл Жанназароваға және Бауыржан Тұяқовқа «ӨзенМұнайГаз» АҚ атынан алғыс хаттар мен бағалы естелік сыйлықтар табысталған еді.

Ал кәдесыйға келетін болсақ, арнайы қорапқа салынған белгілі маркалы қаламсап, оның әр қайсысы орта есеппен алғанда 30.000 теңгеге бағаланып отыр. Осылайша шамамен 60.000 теңгенің сыйлығы мемлекет меншігіне өтті.

Департамент басшысы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің ары да, қолы да таза болуы тиіс. Ол үшін әрбір адам өзгерістерді өзінен бастағаны дұрыс. Яғни, пара немесе заңсыз сыйақыны алмау, бермеу және ортада делдал болмау принципін ұстану қажеттігін айтады.

«Жылтыраққа қызығудың қажеттілігі жоқ деп санаймын. Мен үшін қаламсаптың барлығы бірдей, қымбат немесе арзан деп таңдамаймын. Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің саны – 3109 болса, оның нақты жұмыс жасап жатқандары – 2833. Олардың барлығы адал еңбек етсе деген тілегім бар. Өзгерістерді әрбір адам өзінен бастағаны дұрыс, сонда ғана алға қойған мақсатына жете алады. Жасыратыны жоқ, көбі өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмей жатады. Бұл ретте біздің департаментке хабарласып кеңес алуына ешқандай кедергі жоқ. Біз барлығына өзіміздің ашықтығымызды әлде қашан көрсеткенбіз және қоян-қолтық жұмыс жасауға дайынбыз», – дейді ол.

Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер тарапынан бағалы сыйлықтарды уәкілетті органға тапсыру бойынша бұл бесінші жағдай. Атап айтқанда «Vitek» радиосағаты, «Эра» жарықшамы, «Chanel» парфюмериялық суы, барсетка және т.б. жалпы сомасы 87262 теңгеге бағаланған сыйлықтардан мемлекеттік қызметшілер бас тартқан.

Жалпы ұсынылған заңсыз сыйлықтарды жоғарғы тұрған жауапты тұлғаның келісімімен арнайы мемлекеттік қордан сатып алуға болады немесе аукцион арқылы алуға шектеу жоқ.

Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 472-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне келіп түскен мүлікті уәкілетті органға толық және (немесе) уақтылы бермеу, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, әкімшілік құқықтық жауаптылық қарастырылған.

 

  David Sharpe Womens Jersey

Маңғыстау гимнастшылары биіктерді бағындырмақ

Маңғыстаулық көркем гимнастшылардың Азия, Еуропа, Әлем және төрт жылда бір келетін жазғы Олимпиада ойындарында топ жаратын күндері алыс емес. Небір биіктерді бағындыруды осы бастан мақсат еткен олардың қазіргі дайындығына мамандар жоғары баға беріп отыр.

Жақында ғана Ақтау қаласында көркем гимнастикадан 2003-2012 жылдары туған қыздар арасында ІІ халықаралық «Шағала» турнирі өз мәресіне жеткен болатын. Биылғы жылы өткен турнирдің ерекшелігі гимнастиканың халықаралық FIG ережесіне сәйкес өткізілген. Еліміздің Алматы, Оңтүстік-Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, сондай-ақ көршілес Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан және Грузиядан 200-ден астам гимнастшы қыздар өзара мықтыларды анықтаған болатын. Айта кету керек, жарыс бағдарламасы ауқымды болды, себебі турнирге қатысушылар жекелей де, топтық сындарда да өнер көрсетті.

Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясысының директоры Гүлзира Ақжігітованың айтуынша, турнирді өткізудегі мақсат – аймақта көркем гимнастиканы дамытуға күш салу және спортшылардың шеберлігін шыңдау арқылы жаңа есімдерді анықтау болды. Жекелей және топтық жарыста бақ сынаған гимнастшы қыздардың арасынан суырылып шыққандар аз емес. Көзге түскендердің бірі – Жансая Жанбуршиева. Ол көпсайыста, доп, жіп және лентамен жаттығуда үздік нәтиже көрсете білді. Болашағынан зор үміт күттіретін Жансаяның өзі болса көркем гимнастикаға келгенін мақтанышпен айтады. Болашақта өзінің халықаралық және әлемдік деңгейдегі сайыстарда топ жаратынына сенімді.

«Жарыс кезінде түрлі элементтерді орындауға тура келеді. Оңай деуге ауызым бармайды, негізінен қиын әрине. Бірақ, соған қарамастан жаттықтырушымның ақыл-кеңесіне құлақ түріп, кемшіліктерді болдырмау бойынша жұмыстандым. Жалпы жарыста жақсы өнер көрсету алдымен тыңғылықты дайындығыңа байланысты. Айтайын дегенім ең бастысы шыдамдылық керек. Иілу маңызды, әсіресе күрделі элементтерді орындау барысында көзіңе жас келгенде гимнастиканы тастап кеткің келетін сәттер көп болады, бірақ өз-өзімді жеңуге тырысамын. Енді міне нәтижесін көріп жүрмін, сәтін салса байрақты бәсекелерде атой саламын деген сенімдемін», – дейді ол.

Рас, ел біріншілігінен сүрінбей өтсе, оның болашағы жарқын екендігі сөзсіз. Көп ұзамай ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп қалуы бек мүмкін. Маңдай теріңді төгіп жаттығатын болсаң, ертелі-кеш нәтиже шығаруға болады. Бұл ретте ең маңыздысы қыздарды түрлі жарыстарға қатыстыру. Себебі өздерінен тәжірибесі мол спортшыларға қарап бой түзейді, алға деген ұмтылыс пайда болып қызығушылығы одан сайын арта түседі, бұл олардың шыңдалуына жақсы.    

Жансаяның жетістігіне анасы әрі облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясысының директоры Гүлзира Ақжігітова болашақта зор үміт күтетінін жасырмады. Өзі спортпен шұғылданып биік белестерді бағындырмаса да, спортшы қыздарға қолдау көрсетіп жүр. Өз қаражатын жұмсап, бар терген жиғанын көркем гимнастика федерациясының дамуына жұмсауда.

Оның айтуынша «Маңғыстау облысы көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ашылуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Рушания Елтизарова және «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов мұрындық болған. Сонымен қатар Мұнайлы ауданының бұрынғы әкімі Елубай Әбіловке де айтар алғысы шексіз, себебі қаржы мәселесінде айтарлық қиындықтар бұрын болмаған.

Жергілікті жерде көркем гимнастикадан тәжірибелі маман тапшы. Ал қыздардың шыңдалуы үшін еліміздің әр өңірінен, тіптен өзге елдерден де маман шақыртуға тура келеді. «Шағала» турнирі басталмай тұрып Павлодар шаһарынан Әсел Мұстафина есімді аға жаттықтырушы Ақтауға шақыртылған. Ол ел біріншілігінің жеңімпазы, кезінде Ресей мен Азия құрлығында атой салған. Бапкер өзінің тәжірибесімен бөлісу үшін Ақтауда екі апта болып кеткен. Сол сияқты көрші Өзбекстан елінен спорттық гимнастика және хореограф арнайы шақыртылған.

Қазір федерацияда 5 бапкер шәкірт тәрбиелеуде, оның екеуі хореограф. Жақын арада бесеудің қатарын тағы бір тәжірибелі бапкер толықтырмақ. Әзірге онымен ауызша келісім бар. Бес жаттықтырушының үшеуі сырттан келген, тек екеуі жергілікті. Ал көркем гимнастикамен айналысамын деушілерге ақылы да, тегін де түрі қарастырылған. Бұл спорт түрінің ерекшелігі жоқ емес, себебі аз ақшаға шетелден бапкерлердің келгісі жоқ. Сол себепті келісімшарт жасауға тура келеді. Жаңаөзен қаласында да федерацияның бөлімшесі есігін айқара ашқанына көп бола қоймаған. Жуырда ғана жаңаөзендіктер Атырауда өткен жарыста 5 алтын, 2 күміс және топтық биден қола медаль иеленген. Жасыратыны жоқ, әзірге көркем гимнастшылардың республикалық деңгейде рейтингі төмен болып тұр. Ол үшін алдымен ел біріншілігінде топ жару қажет. Қыздардың әзірге топ жара алмауына басты бірнеше себебі бар. Оның бастыларын атап айтсақ, біріншіден арнайы мамандандырылған спорт кешені және жарыс өткізуге арналған кілемнің жоқтығы, одан қалды қазіргі кезде өнер көрсетіп жүргендердің дені жасөспірімдер, ал жастар құрамында өнер көрсететін қыздар енді шығады үміт бар. Бірақ соған қарамастан 7 шәкірт спорт шеберлігіне үміткер атанған.

Тағы бір айта кететіні федерация көмекке зәру. Бүгінде қол ұшын созайын деп тұрған демеушілер табылмай тұр. Ал жас гимнастшылардың жарыстарға баруы ата-аналардың қаражатына байланысты, бірі тауып бере алса енді бірінің қалтасы көтермейді. Тіптен Ақтаудың өзінде жарыс өткізу үшін спорт кешендерін жалға алуға тура келеді. Мәселен республика Кубогын өткізу үшін шаһардағы спорт кешеннің біріне 360.000 теңге төлеуге тура келген.

Қазір федерацияның бөлімшелері Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы ауданында жұмыс жасап тұр. Болашақта қалған төрт ауданда гимнастикадан спорт мектептерін ашу жоспарда бар, атап айтқанда Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу жән Түпқараған аудандары. Бірақ, кедергі жоқ емес. Бар мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Тәжірибелі бапкерлерді де сырттан шақыруға тура келіп тұр, оның жағдайын жасайтының тағы бар, жолақысы былай тұрсын ең бастысы баспасамен қамтып, еңбек ақысын көңілден шығатын етіп төлеу қажет. Сондықтан алда өзіміздің қыздарды спорт шебері деңгейіне жеткізіп, оқытып, көркем гимнастикадан бапкерлікке баулу міндеті тұр. Қазіргі басты мақсат қыздардың шеберлігін шыңдап республикалық чемпионаттарға дайындау.

Айта кету керек, көркем гимнастика алғашында Мұнайлы ауданында үйірме ретінде Бибігүл Ерназарова жетекшілігімен жұмыс жасап тұрған еді. Қазір ол Маңғыстау облысының көркем гимнастикадан бас бапкері және қыздардың жеткен жетістігі алдымен осы кісінің еңбегі. Атап айтқанда № 5 орта мектептің спорт залында орналасқан үйірмеге Гүлзира Ақжігітова қызын көркем гимнастикаға апарған соң, оның бойындағы талантын байқаған соң шырайлы Шымкентке барып, Әлия Юсупованың мектебіне жолыққан. Мектеп басшылығымен жүздесіп қана қоймай алда өткілізетін жарыстарға Маңғыстаулық гимнастшыларды да шақыртуын өтінген. Осылайша ең алғашқы жарыс Шымкент шаһарынан бастау алып, уақыт өте келе Тараз, Қызылорда, Петропавлға жарыстарға шыға бастайды. Араға айлар салып Украинадан көркем гимнастика бойынша аға бапкер Альбина Дерюгинаның шәкірті Дарья Бондарь деген бапкерді шақыртып, оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған. Алғаш рет 5 шәкіртпен басталған федерацияда бүгінде 250-ге жуық қыздар бар. Былтыр Украинада өткен ашық турнирде жерлестеріміз 2 алтын, 1 қола медальмен оралыпты. Биыл Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен халықаралық жарыста 11 шәкірті жүлде алған. Сонымен қатар, Ташкентте өткен турнирде 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен оралғандар бар.

Федерацияның құрылғанына биыл екі жыл. Осыншама аз уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізіп үлгергенін федерация директоры мақтанышпен айтып отыр. Маңғыстау тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының кубогы Ақтауда өткізілді. Үміт күтіп отырған жеткіншектер де жоқ емес, олар 2007 жылы туған Жансая Жаңбұршиева және 2005 жылы туған Ұлжан Абдрахман түрлі жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Сондай-ақ, 2008 жылы туған Аяулым Кибасова мен Рысбике Сейбағыт, 2010 жылы туған Саида Дәуренқызы, Манарбеккызы Аққуым  Ақтаудағы турнирде 1 орынды жеңіп алған. Бұдан басқа 2011 жылы туған Дария Жекен, 2012 жылы туған Галина Иванованың болашағынан зор үміт күтуге болады.

Жалпы федерация қыздарды үш жастан қабылдайды. Басым бөлігінің аяқ алысы жаман емес, ең бастысы ұмтылыс жоғары екендігі қуантады. Алғашында қызығушылық танытып келетіндер көп болған, бірақ жарты жолдан тастап кететіндеріде аз емес. Доп, лента және тағы басқа арнаулы заттармен шебер өнер көрсете білу маңызды. Кез-келген жарыста жүлде алу оңайға соқпайды, себебі білікті төрешілер төрелік етеді.

«Биыл қызым 11 жаста. Көптеген жарыстарда бас жүлдегер атанып жүр. Әрине, ана ретінде қызымның жетістігіне сырттай қарап отырып қуанамын. Мен ешкімді бөлмеймін, барлық қыздарға үлкен үмітпен қараймын. Қол ұшын созып жүрген ата-аналар бар, мүмкіндігінше көмектескісі келеді. Ендігі жерде қыздарымыз ел біріншілігінде жеңіске жетсе, ұлттық құрама сапында өнер көрсету мүмкіндігі ие болады. Шақырған жарыстан қалмауға тырысамыз. Жас гимнастшыларды жігерлендіру үшін барынша жағдай жасауға тырысып жүрміз», – дейді Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясысының директоры Гүлзира Ақжігітова.

Жасыратыны жоқ бүгінде бокс, күрес, шығыс жекпе-жегі, футбол немесе волейбол сияқты спорт түрлеріне жастардың қызығушылық жоғары. Соңғы кездері ережесіз жекпе-жек клубтары бірінен соң бірі ашылып жатыр. Сегіз бұрышты бағындырамын деушілердің қатары болса күн санап артып келе жатқандығы баршаға белгілі. Жоғарыда айтылған бокс, күрес, ауыр атлетика залдарында нәзік жандыларды кездестірсеңіз таң қалмайтын заман қазір. Ал қыздарға үйлесімді көркем гимнастиканың спорт әлемінде алатын орны бөлек. Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына да енген спорт түрі бұл.

Көркем гимнастика демекші, қыз балаларға қажет емес деген пікір айтуышларда кездеспейді емес. Бірақ бір адамның пікірі он адамның ойын білдірмейді. «Талғамда талас жоқ» демекші, кімнің қай спорт түрімен айналысамын десе өз еркі. Спорт әлемінде көркем гимнастиканың алатын орны ерекше, талайды таңдай қақтырып жүргендер Ресей, Белорусь, Украина, Қытай, АҚШ, Еуропа елдерінен шығып жүр. Ал біздегі жағдай қалай? Неге күні бүгінге дейін олимп биігін бағындырған қазақтың қызы жоқ деген сұрақты көпті мазалап жүргені айдан анық.

Айтпақшы, еліміздегі көркем гимнастика десе әлбетте есімізге Әлия Юсупова түсетіні сөзсіз. Ол 2000 жылы Австралияның Сиднейінде өткен олимп ойындарына қатысқаны белгілі. 2004 жылы Грекияның Афина шаһарында өткен жазғы олимпиада ойындарында 4 орынға тұрақтаса, 2008 жылы Бейжің олимпиадасында 5 орынға тұрақтаған еді. Еліміздің үздік спортшысы, еңбек сіңірген спорт шебері атанды. «Құрмет» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жасыратын несі бар әзірге еліміз бойынша Әлия Юсупованың жетістігін қайталаған гимнастшы жоқ.

Алайда Әлияның спортта жүріп өткен жолын, қала берді бағындыра алмаған биіктерін бағындыратын болашақ Әлем және Олимпиада жеңімпаздарының қасиетті Маңғыстау өңірінен шығатынына Гүлзира Ақжігітова кәміл сенеді. Оның тілегіне бізде қосыламыз және Маңғыстауда көркем гимнастиканың болашағы жарқын екендігіне сеніммен қараймыз.

 

Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.

  Jalin Marshall Jersey

ШӘКӘРІМНІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ НЕДЕ?

 ШӘКӘРІМНІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ НЕДЕ?

Аңдатпа  

Дала кемеңгері Шәкәрім (азан аты – ШаҺкәрім) Құдайбердіұлының  туғанына 160 жыл. Мерейлі дата орайында азды-көпті мақалалар жазылып, жиын, конференция өтуде, рас. Өкініштісі, ғұламаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, қала берді, ұлт тарихына сіңірген еңбегі деген тар шеңберді шиырлап, осы тұрғыда ұлықтаудан аспай қалдық. Болды, бітті.

Шәкәрімнің даналық өлеңдерін зейін қоя оқып, ұғынып алуға құлықсызбыз, қолымыз да тимейді. Апыр-ай, жеңіл-желпіге, үстіден қалқуға үйір келетұғынымыз қалай? Саяз жүзетұғынымыз қалай? Тереңірек үңілуге не, уақыт әлі жетпегені ме, әлде халқымыздың ой өрісін өсіру қажетсіздік пе?

Айтып-айтпа, бүгінгі күні данышпанның данышпандығын саралау һәм оны халыққа жеткізу жағы шабан, мардымсыз (осыдан бір ай бұрын  Нұрлан Байділдә дейтін біреу «Абай не бітірді? Ештеңе де. Оны ұлықтау да керек емес!» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Келесі бір сабаз «Не бітірді?» деп Шәкәрімге бас салса, таң қалмайтын шығармын). Осы олқының орны аз да болса толса деген ниетпен қолға қалам алған жайымыз бар.

Шәкәрім кім болған?

Ұзақ жылдар жапанда, Шақпақ шоқы бөктерінде, жалғыз тамның іргесіндегі киелі Обалы биіктің басында отырып, кең сахара кемеңгері Шәкәрім адамның ғана емес, хайуанаттар мен өсімдік әлеміне дейін терең ізерлеген. Жан барына көзі кәміл жеткен жайын былайша айтқан:

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретін көз керек.

Бас көзімен сенделуге,

Бізге рұқсат жоқ, шырақ!

Міне, өстіп тапқан жан сырлары (хақиқаттар) асыл мұраның ең қымбат бөлігі. Адамзат қоғамы хақиқатқа зәру, шөліркеп отыр, қазір. Ендеше алыс-жақын жұрттарға «Шәкәрім – әлемдік деңгейдегі ой алыбымыз, көреген әулиеміз» деп паш етуге қарыздармыз.

«Адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры», «Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім». Шәкәрімнің 1931 жылы Сәбеңе (С.Мұқанов) жазған хатының соңы осы.  Қысқаша қорытындым деп Шәкәрім Сәбеңе «Иманым» жинағына топталған 30 тарта шедевр жырларын аманаттаған-ды. Олардың қай қайсы да Құдай бар, жан ажалсыз деген түп хақиқатты паш етеді. Сонымен қатар, «Дене – құл, жан – қожа. Дене – терезе, жан – иесі»  және «Өлімнен кейін де өмір бар» деген қағидаға бұлтартпас дәлел-аргумент болып табылады. Автордың «барша адам баласына пайдалы» дейтіні сол.

Шәкәрім жан, Құдай ұғымына Батыс ойшылдары секілді болмыстың «бірінші себебі» деп қарамайды. Он сегіз мың ғалам – жаратылыс Шәкәрімше Тәңірінің Бар және Бір екендігінің айнасы. Демек, ол кәдуілгі ойшыл философтар сапынан емес. Тағы Шәкәрім: «Жүз пайғамбар «мұғжиза» көрсетсе де, Сені (Тәңіріні) көрмей мұсылман бола алмаймын» дейді. Демек, ол барша дін хакімдерінен иығы озық тұр.

Кейінгі ұрпақ «Шәкәрім кім болған?» деген сұраққа жауап іздерін көре білген әулие ақын  «Мұтылғанның өмірі» һәм өзге де шығармаларында өзі туралы мол мағлұматтар берген. Соның бірі – «Көңіл» (1919 ж.) деген өлеңінде өзі жеткен ішкі жетілу, тазару деңгейі жайлы былай дейді:

Тазалыққа тағы кеттім,

Балалықты қуып жеттім.

Жоғары ғаршыдан өттім,

Осыны шындаған, көңіл!

Бұл жерде «жоғары ғаршы» – рух кеңістігі. Шәкәрім 61 жасына баладай тазарған болса, онан кейінгі 12 жыл ішінде руханият Эверестіне көтерілгені таңырқарлық жәйт емес. Оған шығармалары бұлтартпас дәлел.

Міне Шәкәрім кім болған дегенге айтарым әзірге осы. Ол – халқымыздың мақтанышы, есімі ғасырдан ғасырға асатын ой алыбы.

Кемеңгерліктің қайнары қайсы?

Көпке аян, Иасауи бабамыз пайғамбар жасында жер астына түсіп, қалған өмірін қилуетте өткізді.  Иә, «қилует» – жер астына түсу. Бірақ бұл сөз сопы монтаны құсап, сәлде үстінде қаракетсіз мүлгуді емес – зор борышты істі атқаруға жанталаса кірісу деген мағынаны білдіреді. Өстіп, түркістандық тақуа таза Құдай тағаланың жолына түсті. Бұл жайында Абай: «Осы жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» (38-сөз), – дейді. Жаңа заманда Құдай тағала жолымен жүріп өткен әулие, Абай сөзінше «толық адам», Шәкәрім екенін баршамыз да мойындауға тиістіміз деген ойдамын. Қазақ даласында араға мың жыл салғанда әулие Иасауи тәжірибесі жаңғырғанына қараңыз: Иассауидің қилуеттегі қарекетінің керемет жемісі – «Диуани хикмет» кітабы болса, Шәкәрімнің Саятқорада туылған сырлы сөздері – «Иманым» жинағы тап сондай жалпыадамзаттық құндылық. Екеуінде де болмыстың ең түпкі ақиқаттары ашықталған!

Әулие Шәкәрім нанымы: «Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас». Және: «Дененің көзі – соқыр, сеніп қалмаңыз», – дейді. Баршамыз да дүниені тек қана дененің көзімен көреміз, ал Шәкәрім кереметі – жан көзімен, көңіл көзімен көргендігі. Әлемге жан-жүрек көзімен қараған соң өзінің жан екенін, Құдай барын қолмен ұстағандай сезінген. Сол хақиқатты халыққа жеткізуге бар күш-қуатын сарқа жұмсаған. Міне Шәкәрімнің кемеңгерлігі неде деген сұрақтың жауабы осы арада демекпін.

Сөйтіп, Құдай жолына жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, сол – толық адам. Даналық шыңы тек толық адамға ғана бағынады. Ой алыбы Шәкәрімнің соңғы он жылғы пәлсапалық поэзиясы осының айғағы. Төменде оны асқан кемеңгерліктің, қазақтың қарапайым сөзінше, шынайы әулиеліктің қайнары ретінде қарастырмақпыз.

Иесіз өзім кестім кіндігімді…

Алдымен Шәкәрім өмір сүрген, даналық поэзиясы туылған саяси-әлеуметтік хәл жайлы бірер сөз. Батыс Еуропада 19-ғасырда етек алған идеалистік және материалистік таным-ілімдердің күресі соңғының жеңісімен аяқталды. 1925-26 жылдары күллі Кеңес Одағы кеңістігінде атеистік көзқарас күшіне енді. Осылайша Құдайға сену орнын идеяға сену басты. Жер-жерде «Құдайсыздар қоғамы» құрылып, мешіттер жабылды, дінбасылар аяусыз қуғындалды. Идеологиялық қатты толқын қыспағына төтей алмай – қоғамда иман әлсіреп, төменге құлдилады. Абайдың мінезді, тәлімді шәкірті Шәкәрім ғана еркін ешкімге билетпей, қоғамнан оқшауланған хәлде жалғыздан жалғыз ақыл-ой шыңына көтеріле берді. «Құдай бар!» деген иманы беки түсті. Ағынға қарсы жүзу – неткен қайсарлық, табандылық! Ноқтасыз ойлағаны үшін діндарлар «дінсіз», «кәпір» десе, былайғы жұрт «ескінің сарқыншағы», «елден безген – сопы» десіп сырт берді. «Мен өмірде де, философияда да жалғызбын». Шәкәрім 1928 жылы айтқан осы сөзді, ол күнде жас комсомол абайлық азамат С.Қасиманов өзінің естелігінде келтіреді. Сөйтіп, атеизм дәуірінің салтанат құруы  Шәкәрім Құдай жолына қадам басқан шаққа тұспа-тұс келді.

Ойшыл ақынның соңғы он жылғы өлеңдерінде автобиографиялық сыр да, сол заманның ауаны да мол. Соның бірі – «Кетермін, артымда сөз, әнім қаларда» сенімі кәміл кемеңгер:

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды опқын, қатты толқын қара түнде, –

дей келе, былайша түйін түйеді:

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Айта өтері, «иесіз өзім кестім кіндігімді» деуімен кемеңгер Құдай жолына қадам басқанын айтқан. Діни таным бойынша адам баласы екі рет туады: біріншіде – ана құрсағынан босап, фәни әлемге келеді, екіншіде – пірі (ұстазы) бар мүридтің (шәкірт) көкірек көзі ашылар уақыт жетеді. Оның белгісі – мүридтің мінезі өзгеріп, дүниені өзгеше қабылдай бастайды. Оның қайта туылғаны, яки әулиелік жолға түскені – осы мезет. Мұндай «кіндік шеше» – рухани пір, ие болмағанын,  айналасын жанына жат атеистік қоғам қоршағанын ғұлама «Иесіз өзім кестім кіндігімді» деуімен жеткізіп отыр.

Шәкәрім өзінің өмірін, рухы қалай өрлеп, әулиелік жолға қалай қадам басқанын «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы қырымды», «Өмір үйін тұрғызам деп», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Қайғылының ішінде жанар жалын», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» сияқты жырларына өзек етеді.

Әсіресе, «Иманым» жинағы – Шәкәрім жаһандық деңгейдегі хакім деуіміздің дәлелі. Жинақ атауы оның философиялық «Өмір оқулығы» екенін білдіреді, бір. Екіншіден, жиыны отызға тақау бұл  туындылар Шәкәрімнің ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің иесі – толық адам деңгейіне жеткенінің куәсі.

Осы тұста бір қызғылықты фактіге ат басын бұрайық.

1927 жылы тіршілік, жан (грекше – психика) туралы, бірақ тән көзімен, яғни материалистік тұрғыда жазылған екі оқулық кітап Шәкәрімнің қолына түседі (Семейдегі педсеминарияда оқитын баласы Ахат арқылы жетуі мүмкін).  Ойшыл ондағы таным, пайымдар өзі отыз жыл бойы талмай ізденіп тапқан хақиқаттарға кереғар екенін көреді. «Қолда қалам, көзде жас» деп өзі айтқандай, «Психология» (авторы – Кереметский) және «Ой өрісі» (авторы – Баскин) деген орысшадан қазақ тіліне аударылған қос кітапқа сыни рецензия жазуға кіріседі («Тіршілік, жан туралы». «Абай» журналы.1994, №9).

Қарт Шәкәрімнің қолына қалам алғызған – «жан жоқ» идеясы. Неге? Өйткені, жан қасиеті – махаббат. Адамгершілік те, ар-ождан да махаббаттан туады. Мінезің қиянатшыл ма – онда жарым адамсың. Тек «ақыл мен жан – мен өзім» деп білген адам ғана қиянатты аулақ серпеді. Нәпсіні ноқталауда өзге жол жоқ, осыны санаға жеткізу қамында Шәкәрім: «Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Ессізді есті, қатігезді мейірімді, өзімшіл эгоисті көпшіл қып өзгерту кілті – санада. Егер мінезің өзгерсе, тағдырың да өзгермек. «Жан жоқ» идеясы жас ұрпақты міне осы мүмкіндіктен айырып отыр.

Анығы, аталмыш кітаптар ғұламаға түрлі ой салған. Бәлкім, жаңағы «Иманым» топтамасына енген  өлеңдері дүниеге келе бастауына түрткі де болған шығар. Сондықтан ғұламаның «Тіршілік, жан туралы» деген рецензиялық құнды мақаласына және оған ілестіре қалам тербеген осы аттас ұзақ өлеңіне шағын шолу жасауды орынды санадық.

Адамның естігенін айтқаны – нанғаны емес

Мақалаға кіріспе сөзінде Шәкәрім сол заманғы «ақылмен тапқан кереметті өнерлер көп» дей келе, ойын былай қорытады: «Мұнан былай да таңырқарлық өнер табылатынана сенеміз. Бірақ осыншама білімді адамдар осы күнге шейін өзінің кім екенін анықтап білген жоқ. Жаралыстың көзге көрінбейтін қасиеттерін тауып алып, қолданған адамның өз жанын білмегені таңқаларлық іс емес пе?».

Адам мінезінің өзгеруі қиынның қиыны. Оның шарты – өзіңнің «ақыл мен жан» (Абай) екеніңді білу, түйсіну. Осы шартты аталған мақаласында Шәкәрім: «Жан қасиетін анық білсе, сонда адам түзеледі» деп атап көрсетеді. Әйтпесе жоқ.

Тағы айтайық, «Психология» оқулығының «жан жоқ» дегені адамгершілік тәрбиеге де, адамның бақыт сезіміне де кедергі, жалпы қоғам үйлесімділігін бұзады. Шәкәрімнің кітапқа сын найзасын тіктегені содан.

Мысалы кітапта адамға, мейлі, өсімдікке қатысты болсын: «…Жан бар деген ұғым 20-ғасыр адамына тым сылдыр, тым қысыр сөз» делінсе, Шәкәрім: «Бұл жан қасиетінен хабарсыз, надандықтан айтылған сөз. …Мына психологияның айтып отырған қозғалысын біз «жан» дейміз. «Жан» деп қоймай, «білімді шебер Жан» деп атаймыз. Әлемде бәрі бір мақсатпен жаралған. Оны ескермей, «жансыз, білімсіз, соқыр сезім» деген қысыр сандырақ болып шығады», – деп табиғат өздігінен өсіп-өніп жатыр деген заттық идеяны жерге жығады.  Жерге жығады дейтінім, әрі қарай тіршілікті   жан жасағанына, жан жоқ жерде тіршілік те жоқ екеніне көптеген бұлтартпас қисын, аргументтер келтіреді. Оларға тоқталуды мақала көлемі көтермейді.

Сөз жоқ, «Алла деген сөз жеңіл» (Абай) болған соң көпшілік «әрине, Құдай бар, жан бар» деп мойындайды. Құр мойындау жеткіліксіз. Шәкәрім: «Аузымен құр айтқаны – естігенін айтқаны, нанғаны емес. Шын нанса, қиянат қылмас еді» деп ескертеді. Иә, біздің қоғамға керегі – осы наным! Кемеңгердің даналық мұрасынан пайда алам десеңіз, хақиқатқа наныңыз!  Басты сабақ осы екенін ұмытпайық, ағайын.

Өлеңдегі екі қателік жайында

Енді теология алыбы Шәкәрімнің «Тіршілік, жан туралы» деген сырлы өлеңіне ауысып, сөзімізді сол бойынша өрбітейік.

Өлеңде шын сөздің егесі Шәкәрім пәншіні де (психология, философия ғылымының өкілдері деп ұғыңыз), дін иесі – діншіні де, Абайдың «Мұттакалимин, мантикин, Бекер босқа езедүр» дегені сияқты,  қатты сынға алады. Себебі, алдыңғылар: «Ерік пен талап, ой беріп, Ойыңды сөзбен сайратқан, Жан емес дейді». Ал діншілер болса, «рух» – деген ұғымды «жан» деп адасты.

Біздің мақсат – өлеңді тұтас талдау емес, ондағы текстологиялық қос қатеге жұртшылық назарын аудару ғана.

Туындының орта тұсындағы екі жол:

Ол – басқа жанда бар ма таза ақыл?

Сен осыны тұр тыңдап, –

болып басылып келеді (Шәкәрім. Шығармалары. -Алматы, 1988. -229 бет). Өзіңіз де байқаңыз, «Ол – басқа жанда бар ма таза ақыл?» деген алдыңғы жол мағынасыз. Дұрысы – «Ол – басқы Жанда бар ма таза ақыл?» болуға керек. Бұл жерде «басқы Жан» (келесі бір шумақта «бастапқы Жан») деп Шәкәрім Жаратушыны, Құдайды айтқан. Әлемді меңіреу, соқыр күш жаратқан деген «білгіштерге» қарсы уәжін әрі қарай таратады. Мысалы:

Ақылды Жанның мүлкі – әлем,

Тәртіппен өсіп таралды,

Осыны неге білмеген!

Меңіреуде мақсат бола ма?

Ақылға осы қона ма? –

дейді. Осы ретте бүгінгі оқырман көкейінде «Тәңірі я Құдай деп турасын айтпағаны несі?» деген сұрақтың тууы мүмкін. Себебі, 1920-шы жылдары ғылыми орта да, қарапайым халық та «Құдай» сөзін ауызға алуға қаймықты. Шәкәрім де қалыптасқан тарихи хәлді еріксіз ескерген, келешекте еңбегім жарық көрсе шіркін деген үкілі үмітте болған…

Өлеңнің екінші бөлігі:

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де, мейлің, бір Мән де,

Сол қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан, –

деп басталған. Бұл жерде «Мән» деген сөзде «Құдіреті күшті Алла тағала» деген мағына бар, оған ешкім де дау айта алмас.

Сөйтіп, Шәкәрім «басқы Жан», «шебер Жан», «ақылды Жан», сондай-ақ «Мән» терминдерін «Құдай» ұғымы орнына қолданғанын аңдаймыз. Осыны білсек, өлеңді дұрыс түсінуге жол ашылмақ.

Келесі айта қаларлық қателікке келейік.

«Тіршілік, жан туралы» өлеңінің жоғарыда сөз болған «Жаралыс басы – қозғалыс» деген бөлігінде мынадай шумақ бар:

Рух деген – дінсіз таза ақыл,

Мінсіздің ісі шын мақұл.

Айуандағы ақыл ол емес,

Аз ғана сөзім – аз тақыл,

Құраныңды оқы нанбасаң.

Қапы кеткендік – шумақтың алғашқы және төртінші жолында. Алғашқы жолда «дінсіз» емес, «мінсіз» сөзі тұруы керек. Бұл арада «дін» сөзінің еш қатысы жоқ. Шәкәрімге керегі – рух пен жан әлемі мінсіз, кемшіліксіз деген ойды жеткізу.

Төртінші жол тіпті бұрыс. Дұрысы – «Аз ғана сезім, аз ақыл» болуға керек. Тәңірі рухты адамзат баласына ғана дарытқан, ал айуандар рухсыз, сондықтан оларда сезім де, ақыл да аз. Міне, Шәкәрім осыны паш еткен. Абай да: «Малда да бар, жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса» демей ме. Шумақ соңында «Құраныңды оқы нанбасаң» деуімен Шәкәрім «Біз адамға ерекше ақыл силадық» деген аятты еске салып отыр. Гәп сонда, рух – жанның үстіңгі қабаты, былайша айтқанда, оның үстіне киген киімі есепті. Адамдардың бір біріне ұқсамайтын феномен сыры – жан баршада бір, бірақ рух, яки ақыл қайталанбайтындай бөлек болады.

Рух деген немене? Сенсеңіз, бұл әлемдік философия жұмбағының бірі. Адамның өзін танымақтық шарты да осы арада. Шәкәрім: «Діншілдер рух пен жанды бір деп біліп, «жаныңды жолдан қосты» деп күңкілдесе, пәншілдер «жан жоқ» деп тіпті масқара шатасты», – дейді. Адамның өзін өзі танымауы, ұға алмауы – осыдан, рух пен жанды айыра алмаудан туады.

Тоқ етері, рух пен жанды айыру – Шәкәрімнің зор жаңашылдығы, әлемдік ақыл-ойға қосқан сүбелі үлесі. Шәкәрім кітабында сөз болған екі қате сияқты ағаттықтар көп. Алдағы уақытта баспадан шығарушы азаматтар оларды түзетіп басар, ұмытпай ескерер деп сенгіміз келеді.

Қорытынды  

Көпшілік «е-е, бұл қияли арман» дерін жақсы білемін, бірақ өзіме аян ақиқатты айтпауға еріксізбін. Ислам я түркі әлемі тұра тұрсын, күллі Жер-Анада Абай, Шәкәрім – руханияттың ұшар биігіне шыққан қос кемеңгер. Жантану, иманигүл һәм кемел адам туралы ілімдерді қалыптастырған өзге данышаның қайсы? Олар адамзат ғасырлар бойы аңсаған –  арлы, рухы асқақ адам идеалы тәрбиесінің іргетасы болып қалануға сұранып-ақ тұр.

Гәп сонда, «жантану» ілімі қазіргі кезде техникалық прогресс көшінің шаңына көміліп қалды, мәселен, қай елдің де пәлсапалық оқулығы, Шәкәрім сынағандай нашар, дүниеге бас көзімен қарап жазылған (зат пен рухтың дамуы тең емес, ғаламдық үйлесімділік заңы бұзылуы соның салдары).

Айтпағым, Қазақ елі әлемдік рух пен педагогика саласына серпін беру мүмкіндігіне ие.   Біз, қазақ деген халық, неліктен танауы тесілген тайлақтай бөтенге ере, әрнеге еліктей беруге тиіспіз. Онан қашып, ай асты әлемге бір кереметті сыйласақ ше. Креативті тәрбиелік жүйе «Ар ілімін» енгізу – соған лайықты құндылық деген ойдамын. Ол «Өзін өзі тану», «Абайтану», «Дінтану», «Қоғамтану», «Психология», «Философия» сияқты ой-санаға жауапты көп пәнді көктей өтетін жүйе болуға керек. Ортақ өзек – «Жан бар, ар-ождан оның азығы» идеясына пәрменді қызмет ету болуға тиіс. Нәтижесінде адам мінезі түзелмек, қоғамдық сана гүлденбек. Сонда «Жайнар көңіл, Қайнар өмір» (Шәкәрім) дейтін ежелден аңсаған рух сауығуы мен жаңғыруы есікті қақпақшы. Соны рухани-танымдық тәрбие жүйесі ұлттық брендімізге айналары сөзсіз. Әлде хақиқат идеяны сағымға, қиял дүниесіне балап, соқыр көзбен адаса берейік пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

 Асан Омаров,

зерттеуші, филос.ғыл.кандидаты. Семей.

 

  Chris Herndon Jersey

«Пинг-понг» ханшайымы кім болады?

«Пинг-понг» ханшайымы кім болады?

(Баспасөз-баян)

27-28 тамыз ҚР үстел Федерациясының және ҚХР-дың Алматыдағы бас консулдығының қолдауымен BAURZHAN Foundation» жеке қорының ұйымдастыруымен Алматы балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінен жарыс өтеді. Бас жүлде – Қытайда болатын кәсіби жаттықтырушылардың шеберлік сыныбына жолдама.

Үздік чемпион атағы үшін Қазақстанның 14 аймағының 30 балалар үйінен 38 тәрбиеленушісі бақ сынасады. Жас спортшы қыздар 9-12 және 13-16 жас аралығында ойнайтын болады. Спорт шыңын бағындырғысы келетін қыз балаларға бұл жарыстың беретіні көп. Олар өз қабілеттерін жетілдіре түсуге және басқа да қатысушылармен жарысып, жаттығу мүмкіндігіне ие болады.

Қатарынан 2 жыл өткізгелі отырған «Пинг-понг ханшайымы» – Қазақстандағы теңдесі жоқ бірден-бір әлеуметтік жоба. Жарыстың кең етек жаю себебі ұйымдастырушылар мен қатысушылар тарапынан Қазақстан спортын жоғарғы деңгейге көтеру ынтасымен түсіндіріледі.

Таратып айтсақ, 27 тамыз күні сағат 10:00-де ҚР үстел теннисі Федерациясында кәсіби спортшылардың қатысуымен баспасөз конференциясы мен турнирдің салтанатты түрде ашылуы өтеді.

28 тамыз күні сағат 10:00-де чемпионды анықтау мақсатында жарыс ойыны өткізіледі.

Өткізілетін орны: Алматы қ., Абай даңғылы, 8/1 (Сатпаева көшесі жағынан)

Ұйымдастырушылар: «BAURZHAN Foundation» жеке қоры, ҚР үстел теннисі Федерациясы, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығы

Негізі, «Пинг-понг ханшайымы» – жас қыздардың спортқа деген қызығушылығын оятып, кабілеттерін ашуға көмектесіп, болашақта спорт әлемінде өздерінің орнын таба алатындай жағдай жасайтын әлеуметтік маңызы бар жоба.

Байланыс тел: 8 727 315 15 11 Isaac Yiadom Authentic Jersey

А.Байтұрсынов: Халықтың түзелуінің үміті – жастарда

«Жақсының хаты өлмейді» – дегендей, Алаш қайраткерлерінің баға жетпес мол мұралары бүгінде  біздің асыл қазынамызға айналып отыр. Алаштың әйгілі ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін парақтай отырып, бүгінгі қоғамдағы талай көкейкесті мәселелердің шешімін тапқандай болдық.

Ағартушы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы  Ахмет Байтұрсыновтың  еңбектерінде тіл, руханият мәселелері ерекше орын алған.

Жалпы халықаралық журналистикада өмірден өткен тұлғалардың шығармаларына сүйене отырып, олармен «сұхбаттасу» дәстүрі бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен болған «Рухани  сұхбатты»  оқырман назарына  ұсынамыз.

– Аса құрметті ұлт ұстазы, ана тіліміздің тағдыры әлі де болса қазақ қоғамын  ерекше алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі болып отыр…

–  Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді.

Өз   тілімен   сөйлескен,   өз   тілімен   жазған   жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.

Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.

Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді.

Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ – сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан.

Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тілі азбаған. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған.

Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

– Қазіргі кезеңде қазақ ұлты алдында  өз әліп-биін ауыстыру міндеті тұр. Осы мәселе жөнінде айтар ойыңыз қандай?

– Хат мәдениеті бар халыққа: бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай уақыт керек.

Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.

Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.

Және де әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді.

Жат жазудың ыңғайына қарап, тілін бұзбаған, арасына жат жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ.

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды

– Ел болашағы жастар деп жатамыз. Бүгінгі жастарға қойылар  басты талап қандай болу керек?

–  Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.

Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді.

Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.

Оқусыз халық – қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.

Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай    жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым

Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал.

– Азат елдің халқына айтар өсиетіңіз.

–  Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілік етеді ғой. Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе.

Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат.

Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі. Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі.

Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды

Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады.

Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз.

Қазақ   елінде   рушылық   дәуірі   жоқ,   бірақ   жұрнақтары бар. Ол қалған жұрнақтары қоғамның бәріне пайдалы емес, қоғам ішіндегі байлар, оның атқамінерлерінің пайдасына жұмсалады.

Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек. Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.

Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

Сұхбатты әзірлеген: Дәулет Тілеубердиев,

Семей қаласы.

  Kentavius Street Authentic Jersey